Имамдарға діни дастандарды жаттату керек

Әсел ДАҒЖАН

Алматыдағы бүкіл мешіт имамдары арасында өткен «Елтаным» қалалық байқауы имамдардың дін мен дәстүр, ұлттық құндылықтардан білімі мен білігін саралап, олардың арасынан ең үздіктерін анықтады.

Бірнеше кезеңге созылған бәйгенің өтуіне қалалық Дін істері жөніндегі басқармасы мұрындық болды. Ал имамдардың арасында осылай бәйге өткізу жайлы бастама-ұсыныс мемлекеттік тіл жанашыры, «Үш байлық» қоғамдық бірлестігінің басшысы Оразкүл Асанғазыға тиесілі.

Имамдардың ұлттық құндылықтарды қаншалықты меңгергенін, салт-дәстүр мен ұлы тұлғалардың дін жайындағы еңбектеріне қатысты білімдерін сарапқа салған байқауға алғашында 40 имам қатысқан болатын. Іріктеле келе олардың жиырмасы екінші турға өтсе, ақтық сынға қаладағы сегіз ауданның сегіз имамы жолдама алды.

Өзіміз көрермені болған ақтық байқау үш кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде ұлттық салт-дәстүр мен ислам діні қағидаттарының үндестігіне байланысты қатысушылар білімі бағаланса, екіншісінде имамдардың қазақ даласына ислам дінін таратушы ұлы тұлғалардың еңбектерін білу деңгейі анықталды, үшінші кезеңде көркем тілмен уағыз айту талабы қойылды. Ал әділқазылар алқасы сайыскер тілінің әдеби нормаға сай тазалығын таразылады.

Осынау игі шараны өткізуге ықылас танытып, шаһар басшысы Бауыржан Байбекке ұсыныспен кірген Оразкүл Асанғазыға қала әкімдігі бірден қолдау танытқан. Байқау басталмай тұрып Оразкүл Асанғазықызымен тілдескен едік.

— Дін бізге бүгін ғана келген жоқ. Бізге дейін де ұлылар таныған, білген, сенген, оның құндылықтарын айтып кеткен. Бүгінгі имамдарымыз сол дінді зерттеген, зерделеген ғалымдарымыз бен ақындарымызға сүйеніп уағыз айтса, жағымды болар еді, ол халыққа жетер еді. Біз ұлттық кодымызды осындай жауһарлардан, өзіміздің өткен тарихымыздан іздеуіміз керек. Ұлттық код дегеніміз не? Ол біздің терең тарихымыз, салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз. Ол біздің тіліміз бен дініміз, ол біздің біліміміз бен ғылымымыз, ешкімге ұқсамайтын өзіндік болмысымыз. Әрбір ұлт өзінің терең тарихынан нәр алмаса, адасады. Бізді 300 жыл патша өкіметі, 70 жыл бойы кеңес өкіметі адастырды. Бізді тектілікке, ұлылыққа бағыттайтын салт-дәстүрімізді өзімізге қарсы қойды. Текті жерден қыз алған қазақты қалыңмал деген дүниемен құртуға тырысты. Өйткені, қазақ даласында қабылданған тұңғыш заң – Қалыңмал жайлы болды. Осынау ұлан-ғайыр даланы бабаларымыз ақ найзаның ұшы, ақ білектің күшімен ғана емес, ақыл-парасатымен, кәміл иманымен қорғап қалды. Өйткені, қазақ әу бастан Алланы таныған, бір Аллаға сыйынған. Тәуелсіздіктің 27 жылында Елбасы экономика ғана емес, имандылық пен руханиятты да алдыңғы қатарға шығаруда. Неге? Өйткені, қазақ кеше ғана мұсылман болған жоқ. Өткен тарихымызда ислам дінін таныған, исламды бойынан өткізген, оны өзінен өлең қылып өрген бабаларымыз көп. Жұрт алдында уағыз айтатын имамдарымыздың айтқандары  өзіміздің салт-дәстүрмен өрбіп жатса, қандай ғанибет, – деді Оразкүл Асанғазы.

Жалпы, жүлде қоры 1 миллион теңге болған байқау ұйымдастырылу әрі өткізілу жағынан көрермен көңілінен шыққандай болды. Танымдық деңгейі жоғары мәдени байқау арасында Абайдың «Сегіз аяқ» әнін тыңдаған көпшілік жұрт ықыласпен қол соғып, жауабы ұтқыр әрі зерек шыққан сайыскерлерге демеу білдіріп отырды.

Имамдардың ішіндегі озық шыққандарын бәйгеге салған байқаудың қазылар алқасында қалалық Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Есенбеков те болды. Өз кезегінде қысқа да нұсқа сөйлеген басқарма басшысы іс-шараның маңыздылығын атап өтті.

— Бүгінгі шараның идеологиясы өте маңызды деп білемін. Біз әлі де имамдардың арасында салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа сауаттылық бойынша жетпей тұрған тұстарын толықтыруымыз керек. Бүгінгі шарамыздың соған қосар үлесі зор деп білемін. Қазақтың сан ғасырдан бері келе жатқан салт-дәстүрін жоққа шығарып, діннің атын жамылып жүрген адамдар бар қоғамда. Соларға қарсы шептің алдыңғы қатарында тұратын ол – біздің имамдар. Жат ағымдардың идеологиясына осы қазақ даласында өткен Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп Көпеев сияқты ұлы тұлғалардың идеясын қарсы қоя білуіміз керек, – деген Айдар Рахымжанұлы «Елтаным» жобасы дәстүрлі жалғасын табады деп көпшілікті қуантып қойды.

Айта кетейік, имамдардың білімі мен салт-дәстүрге зеректігін сынаған бәйге «Нұр-Мүбәрак» египет ислам мәдениеті университетінде өткен еді. Орайлы сәтте біз университет проректоры Қайрат Құрманбаевтан дін төңірегіндегі проблеманың неден екенін сұрап, пікірін білген едік.

— Дін мен қазақ руханияты жанының астасып, қабысып жатқаны белгілі. Салт-дәстүріміз, бітім-болмысымыздан ислам құндылықтарының ізі айқын көрінетіндігін ақын-жазушы, жырауларымыздың жыр-дастан, өлеңдерінен оқи аламыз. Бүгінгі іс-шараның маңыздылығы – дін мамандарының қазақ руханиятының контексінде дінімізді жұртқа, көпшілікке түсіндіре білуі. Қазіргі діни проблемалардың барлығы дінді түсіну мен түсінбеу мәселесінде жатыр. Яғни бұл – діни интерпретация. Интерпретация дегеніміз дінді түсіну және түсінбеу. Заманның талабына, қоғамның сұранысына сай діни интерпретация біздің ислами нәрмен сусындаған қазақ руханиятының контексінде болса, біздің көп жетістікке жетеріміз сөзсіз. Қазіргі діни радикализмнің алдын алуда бұндай шараның маңыздылығы өте жоғары. Біздің имамдарға салт-дәстүрді білмейді деген біраз сындар айтылып қалады. Бірақ оны жалпақ жұрттың өзі де біле бермейді. Сондықтан өткен бабаларымыздың еңбегін тірілтіп, осылай көпшілікке жеткізуіміз керек, – деді университет проректоры Қайрат Құрманбаев.

Қазақы салт-дәстүр мен ислам құндылықтарынан сыр шерткен байқау кезінде бізді толғантқан бір-екі сұрақ – қазақтың бұрынғы имамдарының образы қандай еді, дәстүрлі ислам дегенді бүгінгі жастар қалай түсінген абзал? Байқаудың әділқазылар алқасында қазылық еткен абайтанушы, Омар Жәлелден сұрап көрдік.

— Халық өз тілінде жанына жақын сөйлемеген молданы қабылдамайды. Сондықтан қазақтың молдалары Ер Тарғын, Қозы Көрпеш – Баян Сұлу, Қобыланды батыр сияқты түрлі батырлар жыры, салт-дәстүр, қисса-дастандардың бәрін жатқа білген. Өйткені, біздегі дін бізге қисса-дастандар, діни дастандар арқылы кірді. Дін деген идея. Оған кіру үшін міндетті түрде идеология керек. Сол идеология ретінде діни дастандар дүниеге келген. Оны қазақтың молдалары жатқа білетін де, түнді-түнге ұрып айтатын болған. Міне, қазақтың молдаларының образы осындай болған. Қазір, өкінішке орай, біздің қазақтың молдалары, имамдары бұдан жұрдай. Бірақ бұл олардың кінәсі емес. Себебі, ондай жыр-дастандарды еш жерде оқытпайды. Халықтың имамдарды қабылдамау себебі сол. Бүгінгі жасалып жатқан іс-шара сол бөгетті бұзуға жасалып жатқан алғашқы қадам. Қазақтың өткен тарихына жетік адам қазақтың діни дүниетанымының өте мықты екенін біледі. Бала кезімізде ертегі оқып өстік. Міне, сол ертегі жайлы қазақ «Сөз атасы ертегі, Құраннан сыр шертеді» дейді. Сол заманның жеткізушілері әрбір аудиторияның таным-түсінігіне сай дінді жеткізе білген. Ал дәстүрлі ислам дегенде дінтанушы Кеңшілік Тышханның пікірі менің көңіліме қонады. Яғни дәстүрлі ислам емес, қазақтың исламға деген дәстүрлі көзқарасы деген дұрыс болады дейді. Өйткені, ислам классикалық, дәстүрлі ислам деп бөлінбейді. Ислам біреу-ақ. Оған әр халықтың көзқарасы ғана әр түрлі. Өйткені, әр халық исламды өзінің салт-дәстүріне сәйкес қабылдайды. Пайғамбарымыз (с.а.с) кез-келген халықтың салт-дәстүрі шариғатқа қайшы болмаса, оған тиіспеңдер, оны бұзбаңдар деген. Міне, соның негізінде мазхабтар қалыптасқан. Әбу Ханифа мазхабы қазақтың бұрынғы ұстанып келген салт-дәстүрінің біреуіне тиіспей, бәрін сақтап қалған. Мысалы, біздің келіндер әлі күнге дейін отқа май құяды. Ол исламда жоқ нәрсе. Шариғатқа қайшы болмаған соң оған тыйым салынбаған. Ол қазақтың салт-дәстүрі. Ол жерде кейбір жастардың айтып жүргеніндей Аллаға серік қосу деген жоқ. Өйткені, Алла жаратқан нәрсе Аллаға серік бола алмайды. Исламға дейін қазақ Ұмай анаға табынған. Соған құрбандық ретінде отқа май құятын болған. Ол ошақтың киесі, ошақтың жылуын сақтап қалатын киелі ұғым деп есептеген. Жаңа көтеріліп жатқан ошақтың оты қызу болсын, оты үзілмесін деген ырым. Жастар оттай ыстық болсын, бір-біріне жылу болсын, үйден жылу кетпесін деген жақсы ниетпен жасалатын ырым. Мұның астарынан қылмыс, күпірлік іздеудің қажеті жоқ. Ислам қазаққа сопылық жол арқылы келген. Президентіміз «Сындарлы 10 жыл» еңбегінде: қазақ халқы исламды Қожа Ахмет Яссауи салған сопылық жол арқылы қабылдады дейді. Бұл сопылық жолда міндетті түрде ұстаз бен шәкірттің арасында байланыс болған. Қызмет деген сөзді біз қазір мемлекеттік қызмет деген тіркеске қолданамыз. Бұл негізі сопылық термин. Оны шәкірттің ұстазға қызмет етуі арқылы оқу кезінде алынбайтын нәзік мәселелерді бойына сіңіруі, – деген абайтанушы, «Харекет», «Жақсы» кітаптарының авторы Омар Жәлел сөзінің соңында «болашақта имамдарға діни дастандарды жаттату керек» деген ұсынысын да айтып қалды.

Үш сағатқа созылған байқаудың нәтижесінде Бас жүлдені Алатау ауданындағы Д.Қонаев мешітінің бас имамы Мейіржан Кулсумаков жеңіп алып, 300 мың теңгені иеленді. Ал бірінші орынды Жетісу ауданы Сұлтан-Қорған мешітінің азаншысы Мирас Касимов иеленіп, 200 мың теңгені қанжығасына байлады. Бостандық ауданы «Орбита-3» мешітінің наиб имамы Ернар Мәжен екінші орын иеленіп, 150 мың теңге ұтып алды. Ал Наурызбай ауданы Қарағайлы мешітінің наиб имамы Темірбек Пернебекұлына үшінші орын бұйырып, 100 мың теңге алды. Арнайы номинация бойынша 75 мың теңгенің сертификатын  Орталық мешіттің наиб имамы Қасым Ашимов, Әуезов ауданы Ақсай мешітінің наиб имамы Қуаныш Абишев иеленсе, ерекше көрсеткіші үшін Бекет ата мешітінің наиб имамы Бақытжан Сабралиев пен Самат Рахимбаев марапатталып, 50 мың теңгенің сертификаты табысталды.

Абайтанушы Омар Жәлелдің айтқан сөзімен ойымызды тәмамдасақ, қазақтың дәстүрлі діни дүниетанымы жайлы білгіңіз келсе, «Бабалар сөзі» деген 100 томдық жинақты қарап шығыңыз. Соның бірнеше томы діни дастандарға арналған. Бүкіл еңбек дайын тұр. Мәшһүр Жүсіп Көпеев кезінде «менің дастандарымның бәрі Құран мен хадис» деп айтып кеткен. Міне, қазақтың әу бастан ұстанып келе жатқан исламын білгіңіз келсе, Мәшһүрдің еңбегін ашып көріңіз.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *