ИМАМ БОЛ, ИВАН!

Анасы – православ, әкесі – католик. Өзі әлхәмдулиллә, мұсылман!

 Лисс Иван Андрейұлы 1986 жылы наурыздың 3-і күні Қарқаралы өңірінде дүниеге келген. Жалпы, мұндай жағдай сирек кездесетін құбылыс. Және де мұндай жандардың Алланың хақ дінімен қауышуы кімді болсын қызықтырады. Бізді де қызықтырғаны рас… Сол себепті Иванның өзімен әңгімелестік.

 – Иван, өзіңіз жайында аз-кем әңгімелеп өтсеңіз…

– Аты-жөнім – Лисс Иван Андрейұлы. Қарқаралы өңірінде дүниеге келдім. Сол жерде өстім. 2003 жылы Қарағандыға көшіп келдім. Анам – православ. Әкем – католик. Ал өзім ешқан­­дай дінге сенбедім, ешқайсысын қабыл­дамадым. Не әкемнің, не шешемнің ұстанған сенімдеріне жүрегім де, бүйрегім де бұрған емес. Бірақ, жүрегім әрдайым бір ақиқатты іздейтін еді. Жаным жай таппайтын. Көңілім барлығына жауап таба алатын дінді іздейтін.

– Іздегеніңізді енді тапқан секілдісіз, солай ма?

– Жүрек тыныштығын сыйлайтын, дертіме шипа болатын дінді іздедім. Әлемдегі діндерді зерттеумен болдым. Көп оқыдым, көп іздендім. Аллаға шүкір, Жаратушымыз маған Тұңғыш­беков Мадияр Санатұлын жолықтырды. Мадиярды Алла Тағаланың маған жіберген сыйы деп білемін. Ислам жайлы көптеген мағлұмат­тарды сол кісіден естіп, сол кісіден алатынмын. Мадиярдың себебінен Исламның хақ, ақиқат дін екенін түсіндім. Ислам көкейімдегі барлық сұрақтың жауабын берді.

– Көкейіңіздегі сұрақтарды ата-анаңызға қойып көрмедіңіз бе?

– Оларға да ішкі сезімімді білдірдім. Көкейдегі сұрағымды қойдым. Әкем мен анам өз діндері жайлы мәліметтер берді. Барынша өздерінің сенімдерін насихаттады. Бірақ, менің қойған сұрақтарыма мардымды жауап бере алмайтын. Жаным қалағанындай қанағаттана алмадым. Ақыры, бұл сұрақтардың жауабын Исламнан таптым. Алла тура жолды көрсетті. Толассыз ізденістердің арқасында ақиқатқа көз жеткізіп, Исламды өз еркіммен қабылдадым.

– Исламды қабылдағаннан кейін өміріңізде қандай да бір өзгерістер болды ма?

– Өмірімде көп нәрсе өзгерді. Мәселен, 2011 жылы дәрігерлер маған «айықпас дертке душар болдың» деп айтқан еді. Бірақ, меңдеген дерттің тамырын дөп басып айта алмады. Қандай ауру, қайдан пайда болды, оны да біле алмадық. Әр үш ай сайын ауруханада жататын болдым. «Белсізсің, бала болмайды, жазылмайсың» деп кесіп айтқандар да болды. Тіпті, «үш жылдық қана өмірің қалды» деп болжап қойғандар да кездесті. Сол жылдары Исламды таңдап, қабылдадым. Мешітке барып, ілімімді жетілдіріп жүре бердім. Бір күні кезекті медициналық тексеруден өттім. Сонда таңғалғаным, дәрігер­лерім «бойыңда ешқандай ауру қалмапты дегенде сене алмадым. Расымен де, Алланың құдыреті-ау дедім. Барлық аурудың шипасын жаратқан Аллаға сансыз шүкірлер айттым. Осыдан кейін Алланың құдыреті шексіз екеніне қалай сенбейсің?!.

– Өзге ұлт өкілдерінің мұсылман болып жатқаны кейде қызық көрініп қалып жатады. Алғаш мешітке келіп жүргеніңізде сондай жағдайлармен ұшырастыңыз ба?

– Алғаш ислам дінін қабылдап, мешітке келіп жүргенімде барлығы маған «мынау басқа ұлттың өкілі ғой» деп жақтыртпай қарайтындай сезінетін­мін. Бірақ, ол сезімімді «мен оларға емес, Алланың үйіне келіп отырмын ғой» деп жеңдіретінмін.

– Рахмет, Иван!

Иванның әйелі де қазақ. Есімі – Рахима. Баласы – Шыңғыс ханафи мазњабын ұста­нады. Алла қаласа, білімге деген ниеті зор. Алла сол ниетіне жеткізсін дейміз! Имам бол, Иван!

 

Қарағанды облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close