«Қилы сапар кешкендей – қияметтің кешінде…»

2304ХХ ғ. сексенінші жылдарының аяғы, тоқсаныншы жылдарының басында қазақ әдебиетінде ерекше серпіліс туып, еркін ойланып, еркін жазатын толқын лап қойды. Толқын емес-ау, талай жыл тас тоғанда тосылып, тар шатқалға байланған, тереңдегі ызадан жиналып, биіктігі мұздықтар тамшысынан күш алып, тас бөгетті тас-талқан етіп жарып шыққан тасқын су сарқырай селдетіп, жосыла жөңкіліп, жағаны жуып-шайып, талай жыл сартап болған кір мен ласты тазалап, жолындағыны жаңартып келе жатты. 

Әдебиетке идеологияның бағдарламасына бағынбайтын, цензурадан сескенбейтін, сесті де кекті буын жігерлене келді. Бұлардың бағына тамыры әбден шіріп біткен, діңі ғана әзер-әзер шайқалып тұрған кеңестік жүйенің қыңқ деп дыбыс шығаруға шамасы да келмей, құлап қалды. Өйткені, өздері жоғарыдан жасап берген қайта құрудың қарқыны бұл жүйенің өзін құрдымға қарай құлдыратып бара жатты. Оған қарама-қарсы қапаста болған рух пен намыс селт етіп оянып, биікке шарықтай бастады. Сонау заңғар көкте жарық жұлдыздай жарқ ете қалған Алаш арыстары азаттыққа әрең қол жеткізген қайран қазағының арманшыл, аршыл дарынды жастарына ұлы рух биігінен дем беріп, шабыттандырып жіберді.

Басым бөлігі усойқыланған әдебиет аңызына тың түрен түсті. Жусан мен бетеге исі аңқи бастады. Тақырып, стиль, құрылым, жанр түгел өзгеріп сала берді. Мазаққа айналған діл мен дін, ұлттық намыс пен тарлан тарихқа деген көзқарас қалып түзді. Жалған көсемдер мен жарамсақ шешендерді ұлттық рухымыздың ұлы тұлғаларына айналған ұлағатты да ұлық кемеңгерлер ауыстыра бастады. Олар өміршең өлеңдерімен, қастерлі қара сөздерімен, қасиетті істерімен, ерен еңбектерімен елінің жүрегінде жатталып, қобдишасында сақталып жатқан арыстар еді. Бір таңқаларлығы: ақ жүрек, адал пейілдерімен осы асылдарды аршып алуға ғұмырын сарп еткен шынайы да өресі биік топқа кезінде бұларға күйе мен батпақты баттастыра жағып, жарыққа шығуына жанталаса қарсы болған екіжүзді топ жармаса келді. Осы ұлылардың жоқтаушысы, мұрасын жалғастырушы боп келді, ұрлағандарын үйреніп едім, жамандағандарын арашалап едім деп айғайлап келді.

Рухани даму үшін, жан азығы үшін том-том кітап шығарған кейбір ағалары мен апаларынан түк таппаған біз айтып отырған буын басқа бір әлемнің – Алаш әлемінің бетін ашып келді. Солармен рухтанды, солармен жігерленді. Бұрын бұлар пір тұтқан, бұлар бас иген, бұлар үйренген аз ғана топ бар еді, енді ол топ көбейді, іріленді, тұлғаланды. “Зар заманның зарлауық ақындары – заңғар ақындар екен. Құдай мен құранды жырлаудан аспайтын дүмше, діндар, молда ақындар – данагөй ақындар екен. Алаш деп ұрандап «адасып, халық жауы болғандар» – Ұлт көсемдері екен.” Міне, соларды таныған, соларға еліктеген, соны тақырыппен келген қайта құру кезеңіндегі жас ақын-жазушылар қайта түлеп, қайта оқып, қайта жаңғырып шықты.

Осы топтың арасында биыл ердің жасы елуді еңсеріп отырған танымал ақын, драматург Болат Жетекбай бар еді.

 

Ақиқат тегі –

Алланың нұры, оттан-дүр.

Күннен – Жер және Көк түрік…

Қоздаған мұңым жүректі қыздыр, шоқтандыр.

Қалса бір ұшқын –

Тектілік!

 

Күйресін дүние,

Күл-тозаң көшсін көзімнен,

Күңірен, Абыл күйлері!

Бекетке қонған бақиғы пейіш-сезімнен

Жыр келіп жетсін күймелі, –

 

деп Аллаға сыйынып, Көк Түрікті пір тұта келген Болат дарын Абыл күйлерімен рухтанып, пір Бекет жатқан Маңғыстау даласына жыр бората келді. Басында өзі сол қиырда жатқан Үш Қияннан Алматыға арман қуып, аңсары ауып келген қиялшыл бозбала еді. Енді атамекенге деген сағынышы жыр болып төгіліп тұр. Болат жанындағы атамекенді аңсау сезімі жөргекте қалыптасты ма, құрсақта құралды ма?! Ел басына күн туған зобалаң тұста ата жұрттан ауа көшкен есіл елдің есеңгіреген есін енді жия бастаған тұста ертеңге деген үмітін, болашаққа деген сенімін селт еткізіп, жат жерде дүниеге келген шарана сәбилердің ішінен даусы ерекше шырқырай шығып, атамекенге қол созған, талпынған, дарынды ұл мен қыздың бірі болды. Иә, бұл аңсау мен сағыну құрсақта жатқанда-ақ жүрегін құрсаулап, ер-азамат болғанда өршіл өлең болып өріліп жатуы заңды құбылыс екен.

 

Төтен бір істі Тәңірім салды, біз көндік,

Қаңбақша безіп, қиырдан нәсіп іздендік.

Жұлдызды түнде аспанға қарап, аңқайып,

Құс жолын көрдік – шаңдатқан сүргін із көрдік.

 

немесе

 

Қайтпады бірақ қыр асып кеткен қалың ел,

Қанша жыл жатты қамығып соған сары бел.

Орныңды сенің баспады неге білмеймін,

Ойласаң, мына жаһанда Жердің – бәрі жер.

 

«Ештен де кеш жақсы» деп замана зауалынан дүрліккен ел, содыр саясаттан үріккен ел атамекенге қайта бет түзеді. Батыс пен шығыстан, оңтүстік пен солтүстіктен лек-лек болып көшкен ел атамекен топырағының бұйыртқан жерінен қоныс алып, топ болып, ауыл болып орналасып жатты. Сонау 50-жылдардың соңында басталған Ұлы көш әлі тоқталған жоқ. Алдыңғы келгендер елдің өсіп-өркендеуіне, әл-ауқаты мен мәдениетіне етене араласып өз үлестерін қосып жатыр.

Болат ақын да өз ортасында өсіп-жетілді, тәтті жырлары татымды мақалаларымен, тарау-тарау киносценарийлермен жалғасын тапты. Ақын Болат, журналист Болат, кинодраматург Болат қазақтың рухани өмірінің бел ортасына бел шеше араласып кетті. Түбі бір Түркімен еліндегі аудандық газетте тұсауы кесілген, от ауыз, орақ тілден сөз мәйегін ағызған аға тұтқан, ақылшы ұстаздарынан бата алып, Алматыға келді. Жол тапты. Жолы тар жол, тайғақ кешумен басталса да, мойымады, қайта ширап, жігерлене түсті. «Көппен көрген – ұлы той». Сол кездегі Алматыға арман қуып келген қазақ жастарының тіркеуге тұра алмай, бірден қызмет таба алмай, баспанадан зарығатын күйін Болат та кешті.

 

Отаным бар,

Осал емес… үйім жоқ.

Сұрағанға: «Орташалау күйім» – деп;

Күлімдеймін.

Ал, әйтпесе, пәтерін

Жалға берген орысқа да сыйым жоқ.

 

«Жетім бұрыш». Есім дұрыс әзірге.

«Үйі барға күз деген не, жазың не?»

Көптен бері шақырмаған екенбіз

Достарды да дастархандық мәзірге.

 

Үйсіз-күйсіз жүрсе де, достарын қонақ қылып күткісі келіп жүрген қазақы мінез, дала жомарттық қой, шіркін! Болат жырларын жаңбырдай нөсерлетіп, қардай боратпады. Сан кітап шығарып, әрбір баспасөзде көрініп қалуды мақсат тұтпады. Аз да болса, саз жазып, әдеби ортаға танылды, сол ортадан орын тепті. «Қазақ әдебиеті» газетіне қызметке кірді. Өзін өзгеге таныта бастаған ақын өзіне көңілі толмағандай күй де кешті. Қалаға асық боп келген қыр баласы көп ұзамай ауылын аңсап, көк бөрідей қиян далаға қарап, қиялға шомып, көктегі ай, жұлдызға қарап ұлу қасиеті көп ақынның қанына сіңіп, жырымен қайта лықсып шығып жатады. Бұл аңсау, бұл торығу Болатта да бар.

 

«Дерттеніп, демін жұтып нән қаланың,

Мен қалай шыдап жүрмін?!

Таң қаламын.

Сусыған сол ғұмырдың сәулесіндей

Сағымы емес пе едім сар даланың?!

 

Басқа ғой бұл тірлікте адам жөні,

«Бетсіз» деп айтпаса екен далам мені.

Сағым деймін…

Жаралған туған жерде

Жалғыз түп жусан болсам, жаман ба еді?!»

(«Мен қалай шыдап жүрмін»)

 

Қай дәуір, қай заманның ақынын ашып қалсаң да, өміріне де, өзіне де көңілі толмай жүргенін байқаймыз. Заманның зауалына, адамның арам айласына, күйбең тірліктегі пендешіліктерге нали отырып, соған өзін кінәлап, өзін жазғырады. Өшін өлеңнен алып, қағазды төмпештейді. Мұндай өлеңдерді жүрегінің сәулесі бар адам оқып түсінер, ләззаттанар, ләззаттанбаса да тәлім алар. Көкірегінде сәулесі жоқ пенде не алсын? Мына шумақтардан ақынның көңіл-күйін түсіне аламыз ба?!

 

Күңгірттеніп бара жатыр күндерім,

Кілгірттеніп бара жатыр түндерім.

Күлкісі жоқ, көкірегінің оты жоқ,

Кімге айналып кеткенімді білмедім.

(«Не беремін»)

немесе

Мен бүгін жылап отырмын

Сағыныштан.

Сардаланы ойладым сағымы ұшқан,

Балалықты аңсадым алып ұшқан.

Тағдырыма налыдым жаңылысқан,

Мен бүгін қалдым оңаша,

Елестермен…

(Жылап отырмын)

 

Мұның бәрі Болат ақын шығарма­шылығының, оның ішінде жырларының бір қыры ғана. Адамға талант, дарын Тәңірден, бір құдыретті күштен қонады деп түсінетін, соған шексіз иланатын тақуа ақынның бірі тағы осы Болат. Оның жыр жинағының бірі «Аян» атануы жайдан жай емес.

Алладан аян ба бұл – сәулелі өлең?

Арбалып сезімдерге әуреленем…

Бір қонып, бір ұшады жан-бозторғай.

Тиянақ таппаған ғой ол да менен?

Осы сияқты «Ақырзаман», «Пәктік орын алғанда пейілімнен», «Мен жоқ едім… бар болдым – Адам болдым», «Құдай жалғыз», «Хақ дәлелі – біз бармыз», т.б. өлеңдерін оқып отырып, Шәді, Тұрмағанбет, Молда Мұса, Шәкәрім сарын­дарының жалғасын көреміз. Имани тақырып, Ұлық дінге бас ұрып, жыр арнау жетпіс жыл жерге тығылып жатып, Болат келген буынмен бірге бусанып қайта көктеді. Кейінгі жас буын ақындарда да бұл тақырып жиі ұшырасып жүр. Бұл буын тарихты да басқаша таразылады. Төбемізден тоқылдатып тұрып жаттатқан тақпақтар мен құлағымызды созып ұғындырған тарихи тұлғалар сол құлақта сақталып қалса да, жүректен орын ала қоймапты. Атын өшіруге тырысса да, ұмытылмаған ардақтылар мен солардың аманатын оқи отырып, көзіміз қайта ашылғаны жалған емес.

 

«Аярдың алып өлген жағасынан,

Қазағым ар көкірек о басынан.

Еділ мен Шыңғыс хандай қаһандары,

Бастаған әділ жорық даласынан!..»

 

«… Тектіден текті таңдап, қырды, жойды,

Басына қарашаның құлды қойды.

Есіл ер,

Енді іздесең табарсың ба –

Алданып, арандатқан білдік ойды!»

(«Ұлт наласы»)

 

Бұл бір Болаттың ойы емес, бар қазақтың наласы, «әттеңі» мен «айқабы». Осылай тарихи тақырыптарға жыр толғаған ақын тарихи тұлғаларға арнап деректі фильмдерге сценарий­лер жазды. «Мұхаммед Хайдар Дулати», «Бек­зат», «Соғыстың соңғы солдат­тары», «Гене­рал Ертаев» кинофильмдері «Қазақ­фильм» киносту­диясының редакторы Болат Жетекбай­дың өндіре жазған өнімді еңбектерінің көрінісі. Драматургия жанрындағы жемісі. Өткен дәуір қаһармандары мен тарихи тұлғаларының шынайы бейнесі өз замандастарымыз Бекзат пен генерал Ертаевтың ерлік жолдары көрер­менін ұлтжандылық, отаншылдық рухқа жете­леп, көкірегіне мақтаныш сезімін ұялатады. Жасам­паз елдің жас ұрпағы үлгі-өнеге алар­лықтай татымды да тартымды туындылар болып шыққан.

Ақын-драматург Болат Жетекбай аудар­машы ретінде де өз талантының сан қырлы екенін дәлелдеп жүр. Несимиді, түрікмен ақындары Қасымғұлы Құрбанов, Дүрлі Артықова, Атрек Реджепов, Қара Оразов, Аға Дүрдиев, Халбай Емутбаевтарды сәтті аударып, оқыр­манға ұсынды. Әдебиет сыншылары мен әріптес­терінен лайықты бағасын алды.

Ердің жасы елуге толып отырған Болат Жетекбайдың біз көрсетіп отырған еңбектері бүгіні ғана, ал ертеңі…

Желкенімді көтеріп телегейдің төсінде,

Қилы сапар кешкендей – қияметтің кешінде,

Қиялымның қонысын жеті қаттан өткізіп,

Құдайыма жақындап барғаным да есімде.. – деп жырлаған ақынның жыр кемесі ашық теңізге енді шықты. Телегей теңізде тулаған толқындай тізбекті ойлар – түрлі жанрлар, тынымсыз жоспарлар ақын жанын толқыта берсе, қаншама туындылар тоғытыла бермек, жыр желкені керіле бермек. Телегейдің төсінде тоғыз балдық толқыннан аман сақтайтын, қалың тұман, қара түнектен адастырмайтын жарық бағдаршамы – ақ Ары, хаққа құлдық ұрған әзіз жүрегі бар. Оған оқырманы сенеді.

 

Аспандияр ӘДЕНҰЛЫ, жазушы.

14 қараша күні сағат 16.00-де Қазақстан Жазушылар одағының мәжі­ліс залында ақын Болат Жетек­байдың «Күндіз аққан жұлдыз­дар» атты жыр кеші өтеді. Келем деушілерге есік ашық!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *