Ильхам иілетін емес

Әзербайжанның су жаңа президенті Ильхам Әлиев тағы да Таулы Қарабақ мәселесін көтеріп, біз бұл мәселемен түбегейлі шешілгенше айналыса береміз деді.

– Біздің аумағымызда екінші армян мемлекетінің үстемдік еткенін қаламаймыз. Біздің саясатымыз өзгеріссіз қалады, – деді уәдесіне берік Әлиев.

Сонымен қатар, ол әлемде Таулы Қарабақтың тәуелсіздігін ешбір мемлекет мойындамайтынына сенімді.

Сондай-ақ, Арменияның Сыртқы істер министрлігі Әзербайжан Президентін расист деп айыптады. «Бұл Армения үшін жаңалық емес. Өздерінің бірнеше мәрте қабылданған құжаттарымен олар армяндарды дүние жүзіне бірінші жауы етіп, билеуші Баку режимін танытуда», – дейді Армения Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Т.Балаян.

Алайда, көршілердің бұл құқайына Ильхам әзірге иілетін емес.

Байшыкештің бәйбішесі байып қалды

 

Лондон соты Ресей байшыкеші Фархад Ахмедовтің 492 млн. доллар тұратын яхтасын ажырасуына байланысты жұбайы Т.Ахмедованың жекеменшігіне аудару жөнінде шешім шығарды.

Қазіргі кезде яхта Дубайда тұр. Онда екі тікұшақ қонатын алаң, 20 метрлік бассейн, сегіз кішігірім қайық бар. Бұған дейін Лондонның жоғарғы соты Ахмедоваға 646 млн. доллар көлемінде өтемақы өндіріп берген болатын.

Сөйтіп, байшыкештің бәйбішесі байып қалды.

Орденнен бас тартты

 

Сирия Президенті Башар Асад Францияның 2001 жылы берген Үлкен Крест орденінен бас тартты. Бұл жөнінде Президент кеңсесінің Твиттер парақшасында жазылған.

Мұндай шешім қабылдауына Францияның 14 сәуірде АҚШ, Ұлыбританиямен бірігіп Сирияны атқылауы себеп болған. Орденді қазір Франция­ның Сирия аумағындағы міндетін уақытша атқарушы Дамаскідегі Румыния елшілігіне тапсырған деген де дерек бар.

Шенеунік халықтан кешірім сұрады

 

Эстонияның мемлекеттік басқару министрі Яак ААБ баспасөз мәслихатында арақ ішіп көлік жүргізгені үшін отставкаға кететінін мәлімдеді. Полиция қызметкерлері шенеунікті тексеру кезінде оның қан құрамынан бір литрге шаққанда 0,14 миллиграмм алкоголь мөлшерін тапқан. Шенеунік үнемі алкогольді ішімдікті тұтынған жағдай­да ертеңгі күні көлік жүргізуі дұрыс көрмейтін. Алайда, бұл жолы Тартудан үйіне жолаушылап шыққан өзінің жақсы көңіл-күйіне сенгенімен, артынан оның алдамшы екеніне іші өртеніп өкінеді. Сондай-ақ, ол жылдамдықты да арттырып жіберген. Сондықтан ол өзінің бұл қателігін ештеңемен ақтауға болмайтынын айтып, Эстония халқынан және әріптестерінен кешірім сұрады.

Шіркін, не деген мәдениет десейші! Ішкен-ішпегені белгісіз шенеуніктің кешірім сұрауы біздің «кеудесі көк тіреген» бастықтарға қашан үлгі болар екен?!

Өлімді есіңе салатын кафе

 

Алла сақтасын, естімеген елде көп деген. Тайландта табытта демалатын сұмдық кафе ашылыпты. Алайда, оның аты үрейлі болғанмен, пәлса­палық мәні терең деседі. Банкгогтегі «Өлімді сезін» атты мекеме қызметкерлері келушілерге өмірінің соңғы күні, сондай-ақ, өмірдің бір-ақ рет берілетіні, оны рахаттанып өткізу керектігі жөнінде пікірталастар өрбітетін көрінеді. Келушілерді үстелде ырсиып тұрған скелет күтіп алады. Барда «Өлім» және «Қорлау» атты коктейл сатылады. Содан атаулы ішімдікке бөгіп алып, табытқа кіріп өлім жайында ойға беріліп, бірнеше минут тапжылмай жатасыз. Кім мұндай батыл қадамға барса ішімдік мәселесінде жеңілдік беріледі. Бұл жерде негізінен буддистер тұрады. Кафенің иесі В.Ройнапрапаның айтуын­ша, кафенің ашылуындағы мақсаты – өлімнен ешкім де қашып құтыла алмайды, сондықтан қолда барда оның қадірін біл дегенді еске алып тұруға саяды.

 

Қ.ИМАН.   

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *