ІІ дүниежүзілік «Астана» театр фестивалінің ашылу салтанаты өтті

17 маусымда ІІ Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалі салтанатты түрде ашыл­ды. Аталған ауқымды шара Елорданың 20 жыл­дығына арналып отыр. Фестивальді «Қазақ­концерт» мемлекеттік концерттік ұйымы мен Қазақстан театрлары ассоциа­циясы ҚР Мәде­ниет және спорт министр­лігінің ұйымдас­тыруымен өткізіп отыр.

16—29 маусым аралығын қамтитын мәдени ірі жобаның салтанатты ашылу рәсімі әлем театрлары ұжымдарының өкілдері қызыл кілем үстімен өтуінен басталды. Салтанатты ашылу кезінде жедел сұхбат  ұйымдас­тырылып, ІІ Дүние­жүзілік «Астана» театр фестивалі жайлы қонақтармен әңгіме одан  әрі концерттік бағдарламамен жалғасты.

Шараға арнайы келіп сөз сөйлеген ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстан­бек Мұхамедиұлы фестивальдің театр саласын­дағы мамандардың кәсіби шебер­лігін шыңдап, театр өнерінің заманауи қалпы мен даму үрдісін жақсы түсінуге көмектесетінін айтты.

17 театрдан 18 қойылым көрсетілетін көлемді шара аясында театр сүйер көрермен тек отандық театр ұжымдарын ғана емес, сонымен қатар Италия, Ұлыбритания, Литва, Польша, Германия, Грузия, Жапония, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей елдерінен келген әлемдік театр труппаларының өнерін де тамашалай алады.

Осы кеште Холл Энергия сахнасында фестиваль бағдарламасы аясында Италияның атақты «Pіccolo Teatro dі Mіlano» театры­ның «Arlecchіno servіtore de du padronі» («Екі мырзаға бір қызметші») комедиясы сахналанды. Қойылым алғаш рет 1947 жылы қойылған. Осы уақытқа дейін қойылым 40 мемлекетте 2500 рет қойылып, Гиннес рекордтар кітабына енген.

Әлемдік театрлар мен белгілі өнер саң­лақтарын еліміздің төріне жиған ІІ Дүние­жүзілік «Астана» театр фестивалі көрер­менге ерекше әсер қалдырары сөзсіз.

 

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ.

Арнайы «Алматы ақшамы» үшін.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *