Ғибратнама

Зынданнан құтқарған 5 дәрі

 

Бір хан уәзіріне ашуланып, оны зынданға отырғызып, тек қана қара нан су берілуін әмір етеді. Күндер ұзап бара жатқанға қарамастан, уәзірдің шағымданбай, мойынсұнып отырғанын байқаған хан зынданға барып уәзірді алдына алып келуді бұйырады. 

Жегені тек қара нан, ішкені қара су болса да, уәзірдің наразылық көрсетпей қалайша сабыр сақтай алғанын білгісі келеді:

– Мәртебелім, менің бес дәрім бар, соларды ішіп жүрмін.

Падишах «қара наннан басқа ешнәрсе берілмесін» деген әмірін көмекшілері орында­мағанына қатты ашуланады. Уәзірге:

– Қайда ол дәрілер? Көрсет маған! – деп дүрсе қоя береді. Сонда Уәзір:

– Бірінші дәрім – тәуекел! Яғни Аллаға иман етіп, істерімді Оған тапсырдым.

Екінші дәрім – тағдырға ризашы­лық.  «Жаз­мыштан озмыш жоқ». Маңдайыма жазылған­дардың бәріне көніп, еш шағымданбаймын.

Үшінші дәрім – сабыр.

Төртінші дәрім – қанағат! Жағдайы менікінен де жаман болғандарды ойлаймын да, шүкір етемін.

Бесінші дәрім – үміт! Қайткен күнде де бір күні бұл зынданнан шығатыныма үміттімін», – деп бес дәрісін айтып, ханды таңқалдырған екен.

 

 

Мына үш адам Ақыретте қатты өкінеді

 

Ескендір Зұлқарнайын әскерімен түн ішінде жолда келе жатып: «Аяқтарыңа ілінген нәрселерді жинай жүріңдер», – деп әмір береді.

Әскерлердің бір бөлігі: «Көп жүрдік, қатты шаршадық. Түн ішіндеміз, оған қоса аяғымызға ілінген нәрселерді жинап, өзімізді қинап қай­теміз?» деген шешімге келіп, еш нәрсе жинамайды.

Екінші бөлігі: «Қолбасшымыз бұйырған екен, әміріне бағынайық, аз ғана болса да жинайық. Өйткені, Қолбасшыға қашан да мойынсұну керек», – деп аз ғана жинайды.

Үшінші топ болса: «Қолбасшымыз еш нәрсені бекерге әмір етпейді. Міндетті түрде бір нәрсені біліп айтқан болу керек, әмірін орындаймыз», – деп бүкіл қаптарын бетіне дейін толтырады.

Таң атқан кезде бүкіл әскер түнде алтын қой­науынан өткендерін түсінеді. Аяқтарына тиген нәрселердің алтын екенін ешкім аңғармаған екен. Сонда әмірді тыңдамай еш нәрсе алмаған бірінші топ:

– Қап неге алмадық! Қолбасшымыздың сөзін неге тыңдамадық. Ең болмағанда біреуін алғанымызда ғой.., – деп өкініп қалады.

Екінші топ болса өз-өздерін сөге бастайды:

– Қап, біраз тағы алуымыз керек еді. Қалта­ларымызды, қаптарымызды аузына дейін толтырып алуымыз керек еді…

Үшінші топ та өкініп:

– Керексіз, пайдасыз заттарымызды тастағанда бұдан да көп етіп жинайтын едік, – дейді.

Бұл мысалды біз не үшін айтып отырмыз? Осы мысалдағы секілді, Ақыретте де барлық адамдар өкінеді. Кәпір болған адам:

– Неге иман етпедім? Сенгенімде ең болмаса жаһаннамға түссем де, иманымның арқасында соңында бәрібір Жәннатқа кірер едім. Мәңгілік тозақтан құтылар едім, – дейді.

Мұсылман болғанымен сауабы аз болған кісі:

– Бұдан да көп сауапты істер жасауым керек еді. Бұдан да көп нығметке қауышар едім, – дейді.

Мұсылман болып, сауабы көп болған кісі болса:

– Қап, бұдан да үлкен дәрежелерге көтеретін көбірек ғибадат жасауым керек еді, көбірек садақа беріп, көбірек ораза тұтып, көбірек сауап жинайтын амалдар жасауым керек еді, – деп өкінеді.

 

Тесік шелек

 

Ертеде су тасығыш бір кісі екі шелек алып, иін ағашпен су таситын болса керек. Алайда, екі шелектің біреуі тесік екен. Бүтін шелек өзіне кұйылған суды қожайынның үйіне сол күйі шашау шығармай жеткізеді екен де, ал тесік шелек болса, толтырып қүйылған судың үйге жеткенше жол бойы сыздықтатып отырып, әрең дегенде жартысын ғана апаратын көрінеді. Бұл жағдай дәл осылай тұп-тура екі жыл бойы жалғасыпты. Су тасушы күн сайын қожайынының үйіне толықтай екі шелек емес, бір жарым шелек қана су жеткізіп жүріпті. Сау шелек өзінің қалтқысыз қызметін мақтаныш көрген сайын, тесік шелек байғұстың іштей мұңайғаны сонша, жерге кіріп кете жаздап ұялып, өзін қатты ыңғайсыз сезінеді екен.

Екі жыл өтіп, бір күні әдеттегідей өзен жаға­сына тағы барғанда, шыдамаған тесік шелек су тасушыға кысыла-қымтырыла: «Сізден кешірім сұрасам деп едім, білсеңіз ылғи алдыңызда ұяттан өртене жаздаймын» депті назарын төмен салған күйі. Таңқалған су тасушы:

«Неге?» деп сұрапты.

Шелек: «Өйткені менің бір бүйірім тесік бол­ған­дықтан ылғи да сіз толтырып құйған судың жар­тысын ғана жеткізіп, өзіме жүктелген міндетті толық орындай алмай жүргеніме іштей катты қысы­лам. Менің кесірімнен сіз де өзіңізге тиесілі төлем­ақыңызды толықтай ала алмай келесіз» дегенде, су тасушы: «Оған бола қайғыратын түк те жоқ. Одан да қожайынның үйіне баратын жолдың сен жағындағы гүлдерін бір байқашы», — депті жәй ғана.

Тесік шелек байқаса, қожайынның үйіне жеткенше жолдың өзі жағы, шындығында, жапы­рағы жайқалған, иісі аңқыған небір гүлдерге толы екен. Тіпті, әлгі гүлдерге қызуы жақсы түсіп тұрған күнді де байқапты. Сонда су тасушы: «Көрдің бе? деп сұрапты: – Бұл сендегі кемшілікті менің бай­қағандығым әрі оны жөнін тауып, орайластыр­уымның жемісі, – деп сөзін жалғас­тырыпты.

Жолдың сен жағына әдейілеп гүлдер ектім, ал сен болсаң, күн сайын біз өзеннен су алып қайтқанда оларды суғарып тұрдың. Екі жылдан бері осы әдемі гүлдермен қожайынды таңқалдырып келдім. Егер сен тесік болмағаныңда қожайы­нымыздың үйінде мұндай әдемілік болмас еді», – деп түсіндірген екен.

Пенде болған соң тесік шелек секілді әркімнің де өзіне мәлім кемшіліктерінің болары сөзсіз. Алайда, кемшіліктен қуыстанып, қорқа беру де жөн емес. Қайта сол кемшіліктен де адам өзіне кажетті үлгі ала білсе, оның да басқалардың қуанышына жарамасына кім кепіл?!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *