ҚИҚУСЫЗ БӘЙГЕНIҢ ДЕ БАҒАСЫ КЕМ

  • ОЙТҮРТКІ

WERСәкен СЫБАНБАЙ

Алматыда өтiп жатқан әлемдiк бокс додасында жанкүйерлер неге аз?

Кеше ғана тұсауы кесiлген жарыстың әне-мiне дегенше алғашқы аптасы да бiттi. Чемпионаттың бiрiншi айналымы аяқталып, жолы болмағандар елiне қайтып, жеңгендер келесi жекпе-жегiне дайындалуда. Турнир қожайыны ретiнде додаға екiншi айналымнан, яғни, 18 қазаннан бастап кiрген қазақ боксшылары да тұңғыш жеңiстерiне қол жеткiзiп үлгердi.

52 келi салмақ дәрежесiнде сынға түскен Iлияс Сүлейменов австралиялық Эндрю Молониден басымдығын байқатты. Iлиястың ендiгi қарсыласы – қырғыз былғары қолғап шеберi Азат Үсенәлиев.

64 келi салмақта елiмiздiң үмiтi Мерей Ақшалов та алғашқы жекпе-жегiнде Джош Тэйлорды (Шотландия) айқын жеңiп, келесi кезеңге шықты. Ендi ол Доминикан боксшысы Карлос Адамеспен жұдырықтасады.

Алайда, қынжылтатыны – жаһан жұртшылығы­ның назарын аударған жарыс өтiп жатқан Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайы трибуналарының, доданың қай күнi болсын, жартылай бос тұратыны. Әр жерде бiр шоқиып отырған жанкүйерлер, түскен тiстiң орнындай опырайған бос орындар көзге тосын көрiнiп, көңiл құлазытады. Жекпе-жектердi күллi әлемнiң спортсүйер қауымы тiкелей эфирден тамашалап отырған болар. Олардың шаршы алаң айналасында алағаттанып, әр тұста бiр шошайып отырған адамдарға қарап: «Қазақстан­дықтардың, оның iшiнде алматылықтардың боксқа қызығушылығы тым төмен екен-ау», – деген ой қорытпасына кiм кепiл?

Мұның себебi неде? Билеттер қымбат па? Бiлуiмiзше, ең арзан билеттердiң құны 500 теңгеден басталады екен. Яғни, әншi, бишi, әзiлкеш қауымның апта сайын өтер концерттерiне 3-5 мыңға билет алып баратын жұртшы­лық­тың қалтасы үшiн соншалықты ауыр тие қоймай­тындай. Әлде билеттiң көпшiлiгiн алыпсатарлар алдын-ала сатып алып, ендi ойларындағыдай бағаға өткiзе алмай жүр ме? Бәлкiм, жарыстың жарнамасы нашар болды ма екен? Бiрақ, Алматыда бокстан Әлем чемпионаты өтетiнi бүкiл БАҚ-та жан-жақты хабарланып, насихатталды емес пе? Бәйге деген делебе қоздырар у-шу, қиқуымен қызық екенi белгiлi ғой!

БАҚ демекшi, чемпионатты тiкелей эфир арқылы тек кабельдi жүйедегi «ҚазСпорт» арнасының ғана ұсынып жатқаны қазақ жанкүйерлерi арасында қатты наразылық туғызып отыр. Жақында ғана ашылған жаңа арнаны қалалық жердiң өзiнде екiнiң бiрi тамашалай алмайды. Ал кең-байтақ Қазақстандағы мыңдаған, миллиондаған жұртшылықтың тұңғыш рет өз елiмiзде өтiп жатқан аламан бәйгенi тiкелей эфирден көру құқығының бұзылуына кiм жауап бередi? Қазақтар, амал жоқ, күндiз болған жекпе-жектердiң жазып алынған нұсқасын түннiң бiр уағында ғана тамашалап жүр.

Бүкiл әлем көз тiгiп отырған дүбiрлi доданың жартылай бос залдарда өтiп жатқаны – чемпионатты ұйымдастыру шараларының әу баста дұрыстап ойластырылмағанын аңғартатындай. Жарайды, алғашқы күндерi жұртшылық­тың жарысқа қызығушылығы күткендегiдей болмай жатыр екен, демек, Алматыда Туризм және спорт академиясы бар, спорт колледждерi бар, басқа да жоғары оқу орындары бар – сол болашақ спортшыларға, басқа да студенттерге, жалпы, бокс қарағысы келетiн жұртшылыққа арзан бағамен билет үлестiрiп, тiптi, мүмкiн болған жағдайда тегiн кiргiзiп, аншлаг жасауға болар едi ғой!

Әлемдiк футбол чемпионаттарында жанкүйерлер стадионға әлем-жәлем киiнiп, әркiм өз елiнiң, өз ұлтының ерекшелiгiн көрсетiп, карнавалға қатысатындай дайындалып барады. Қайбiр жылы доп додасында бақсы бейнесiндегi африкалық жанкүйерлердi, антикалық дәуiр жауынгерлерiнiң сауыт-сайманымен сәнденген грек жiгiттерiн, бет-жүзiн тұтас ұлттық ту түсiне бояп алған итальян тиффозилерiн көрiп, таңқалғанымыз әрi риза болғанымыз рас. Бiзде мұндай жанкүйерлiк мәдениет, жанкүйерлiк қозғалыс әлi қалыптаспаған сияқты. Тiптi, бұл бағытта ұйымдастыру жұмыстары жүргiзiлмегендей.

Қазақстан – әлемдiк деңгейдегi iрi спорт жарыстарын өткiзуге құлшынысы мол мемлекет. Соның iшiнде өз инфрақұрылымымен Алматы қаласының ерекшеленетiнi де шындық. Ендеше, дүбiрлi додаларды тек ұйымдастырып қана емес, оған ұлттық нақыш, қазақы қалып, мерекелiк сипат беру жағын ойлауды да ұмытпағанымыз жөн.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *