ХХI ғасыр – түркi халықтарының бiрiгу дәуiрi болмақ

Бiлiм және ғылым министрлiгi, Түркi халықтарының мәдени қоры, А. Байтұрсынұлы атындағы Тiл бiлiмi институты мен Қазақ мемлекеттiк қыздар педагогикалық университетiнiң ұйымдастыруымен «Қазiргi заманғы түркiтану: даму бағыттары мен көкейтестi мәселелерi» атты халықаралық ғылыми-тәжiрибелiк конференция болып өттi. Алқалы жиынды құттықтау сөз сөйлеп ашқан Қазақ мемлекеттiк қыздар педагогикалық университетiнiң ректоры Ш. Беркiмбаева елiмiздегi Тәуелсiздiк тағылымы және түркi әлемiнiң бүгiнгi жай-күйi туралы ойын бiлдiрдi:

– Қазақ елiнiң Тәуелсiздiгiн таныған әлемдегi алғашқы ел – Түркия мемлекетi болып табылады. Сол Тәуелсiздi­гiмiздiң алғашқы жылдары Стамбұл қаласында өткен Түркi халықтарының алғашқы құрылтайына қатысу бақытына ие болғаным бар. Дүниежүзiлiк ауқымдағы жиынның биiк  шатырлы ғимаратта өтуi де келешекте түркiтiлдес халық­тардың бiр шаңырақтың астына жиналарын сездiргендей едi. Сол кезде Түрiк мемлекетiнiң Әнұраны орындалған сәтте халқының бойын ерекше сезiм билейтiнiнiң де куәсi болдым. Түркия мемлекетiнiң президентi Тұрғұт Өзал мен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөздерiнен түркi халықтары жақындасуының жаңа дәуiрi басталғанын жүрегiммен сезiнген едiм. Ол форум халықаралық саяси деңгейдегi жиын болғанымен, түркi халықтарының достық қарым-қатынасын нығайтуда ерекше маңызға ие болды. Содан берi екi ел арасындағы туысқандық жақындық жылдан-жылға артып келедi. Қазақстанда қазақ-түрiк университеттерi мен колледждерi ашылды. Бiздiң Қазақ мемлекеттiк қыздар педагогикалық университетiнде профессор Әбжан Құрышжанұлы атындағы Түрiктану және тiл тарихы кабинетi жұмыс iстеп келедi. Көптеген жастарымыз түрiк тiлiн үйренiп жатыр. Негiзi түркi халықтарының жарқын келешегi де осы жастарымызға тiкелей байланысты.

Бұдан кейiн құттықтау сөз алған Түркi халықтары мәдени қорының жетекшiсi Ахмет Дағдуран да екi ел арасындағы достық қарым-қатынастың жылдан-жылға нығайып келе жатқанына тоқталды:

– Қазақстанға алғаш келгенде қазақтардың қызметте де, үйде де орыс тiлiнде сөйлегенiн естiп, таңырқап қалған едiм. Сiздердiң елдерiңiзде ресми тiлдiң ықпалы зор екен. Түрiк тiлiн меңгеру арқылы көп халықтардың тiлiн түсiнуге   жол ашылады. Бiздiң ертедегi тарихымыз да, тiлiмiз де, дiнiмiз де бiр болғандықтан халықтардың етене жақындасуына мүмкiндiк мол. Екi ел басшыларының қазiргi ұстанып отырған көрегендiк саясатының арқасында бiздер жақын араласып келемiз. Жаңа ғасыр, өкiнiшке орай, мұсылманша болмай отыр. Бiрақ, ХХI ғасыр түркi халықтары бiрiгуiнiң жаңа кезеңi болары анық.

«Қазiргi заманғы түркiтану: даму бағыттары мен кө­кейтестi мәселелерi» атты халықаралық ғылыми-тәжi­рибелiк конференцияның пленарлық мәжiлiсiнде фило­логия ғылымдарының докторы, профессор Е.Жампейiсов «Көрнектi түрколог Әбжан Құрышжан­ұлының ғылыми шығармашылық жолы», Түркия Республикасы елшiлiгiнiң ақпараттық кеңесшiсi Зекеруа Солмаз «Түркi дүниесiндегi келiсiмдер», ҚХР Шыңжаң университетi Гуманитарлық институты қазақ тiлi мен әдебиетi кафедрасының доцентi Ә.Әбiл­қазыұлы «Қазақ тiлiнiң Қытайдағы зерттелу жағ­дайы», Қ.Тыныстанов атындағы  мемлекеттiк универси­тетiнiң профессоры Ү.Асаналиев «Қырғыз түркологтары­ның iзденiстерi туралы», Түркиядағы Мимар Синан уни­вер­ситетiнiң профессоры Ахмет Тазагiл «Шығыс Қазақ­стандағы көне ру-тайпалардың стратегиялық рөлi», филология ғылымдарының докторы Т.Ермекова «Қымбат iстiң шеберi» тақырыбында баяндама жасады.

Екi күнге созылған конференцияда түркiтiлдес республикалар мен елiмiздiң   түрколог ғалымдары «Қазiргi түркi тiлдерi мен әдебиеттанудың өзектi мәселелерi», «Түркi халықтарының тарихи-мәдени байланысы» және «Түркология мен жекелеген түркi тiлдерiн оқыту iсiндегi ортақ мәселелер» секцияларында күн тәртiбiндегi тақырыпта баяндамалар жасап, өзара пiкiр алмасты. Түркi халықтарының мәдени қоры өкiлдерiмен, А.Байтұрсынұлы атындағы Тiл бiлiмi институты ғалымдарымен кездесу ұйымдастырылды. «Таңбалы тас» шатқалына саяхатқа шығып, «Ақтұмар» мұражайын аралап көрдi, өзге де мәдени бағдарламаны тамашалады. Бауырлас елдер ғалымдары түркiтанудың негiзгi бағыттары мен көкейтестi мәселелерiн кеңiнен сөз етiп, ортақ мәмiлеге келдi.

Ө. ӨТЕУЛIҰЛЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *