ХХІ ҒАСЫР – ІСКЕРЛІК ЖУРНАЛИСТИКА ҒАСЫРЫ

ОНЫҢ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАР МЕН ИННОВАЦИЯЛАР ЗАМАНЫНДА ҚАЛЫПТАСУЫ ЗАҢДЫЛЫҚ ӘРІ УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Журналистика – сөз өнерінің ішіндегі көпсалалы мамандықтардың бірі. Бұл мамандық иелерінің араласпайтын саласы, қамтымайтын тақырыбы жоқ. Журналист бірде дәрігердің тілінде сөйлесе, енді бірде көкке самғар ұшқыштың, енді бір кезекте кен байлығын іздеген кеншілердің тілінде сөйлеп, сол саланың қыр-сырын оқырмандары мен тыңдармандарына, көрермендеріне жеткізеді. Журналистиканың бағыттары әр алуан. Заман өзгерген сайын уақыт талабына сай жаңарып, тың тақырыптарға, жаңа салаға түрен салады. Сондай тың саланың бірі – еліміздің өміріне енген нарық заманы, оның экономикалық өзгерістері әкелген «іскерлік журналистика».

Іскерлер аудиториясы және кәсіби бағдар

Бүгінгі экономикамыз орта және шағын бизнеске арқа сүйеп, қаржы-экономикалық саясатымыз жаңа өркениеттің бағытында тұрғанда, іскерлік журналистиканың қалыптасуы заңдылық әрі уақыт талабы.

Іскерлік журналистиканың қалыптасуы мен дамуы ХХ ғасырдан бастау алады. Атауының өзі айтып тұрғандай, ол қоғамдағы іскерлік ортаға бағытталған аудиториясымен, мақсаттық бағытымен және тақырыптық аясы бойынша ерекшеленеді.

Іскер орта жаңа экономикалық үдерістерге жақын. Жаңа экономикалық өзгерістер мен бизнес саласындағы жаңалықтарға құштар   жандар іскерлік журналистика жарияланымдарын қызыға оқиды. Оқырманды баулу осы бағдардағы журналистерге тікелей байланысты. Олар еліміздің қазіргі кезеңдегі экономикалық саясаты мен оның бағыт-бағдарын жақсы білуі керек. Сонда ғана іскерлік журналистиканың төл оқырманы, өз аудиториясы қалыптасады.

Кәсіпкерлер мен бизнес өкілдері экономикалық жаңалықтарды жақсы көретін, білетін, іздеп жүріп оқитын, өздері басқарып отырған салада жетістікке ие адамдар. ХХІ ғасыр – іскерлер мен іскерлік журналистика ғасыры. Жаңа технологиялар мен инновациялар заманы болғандықтан, экономикалық ақпараттарды, сараптамалар мен экономикалық даму бойынша жаңа болжамдарды білгісі келетін кез-келген адам осы бағыттағы басылымды іздері хақ. Іскерлік тақырыбын қозғайтын журналистер оқырмандарды көбіне қандай тақырыптар қызықтыратынын саралап , зерделей білуі, іскер орта талап ететін ақпаратты жинақы әрі түсінікті тілде оқырманның өзіндік шешім қабылдауына ықпал ететіндей жаза білуі   тиіс.  Себебі, қай басылымның болсын, өміршең болуы журналистердің кәсіби шеберліктері мен білім-біліктілеріне тікелей байланысты. Сондықтан іскерлік журналистикада мақалалардың басым бөлігі қаржы құрылғылары, өнімдер мен кәсіпкерлік бағытындағы тың идеялар мен бастамалар турасындағы ақпараттарды көбірек қамтитындықтан журналистің экономикалық сауатттылығы мен біліктілігі болуы шарт.

Іскерлік журналистиканы аналитикалық-анықтамалық және коммерциялық деп екіге бөліп қарастыруға болады. Бірініші бағыт экономика саласындағы қаржылық сауаттылық пен өнім өндіру жолындағы түрлі технологиялар мен инновациялық бағыттарды қамтиды. Онда шағын және орта кәсіп иелері мен өндіріс орындары, кәсіпорындар туралы, отандық өнімдердің сапасы, оның бәсекеге қабілеттілігі мен қаншалықты сұранысқа ие екендігі жайлы әңгіме қозғалады. Ал, коммерциялық бағыт шығарылған өнімдерді жарнамалауға, оның менеджменті мен мониторингін қалыптастыруға, шығарылатын өнім түрлеріне жарнамалық, стратегиялық шолуға бағдарланады.

Бұл, ең алдымен, бизнеске, экономикалық жаңалықтарға, қаржы саясатына қатысты ақпараттар мен мәселелерді қамтитын сала. Дерек көздерімен жұмыс істеу – іскерлік журналистиканың басты ұстанымы. Бұл бағыттағы журналистер экономикалық мағлұматтар мен ақпараттарды талдап,  билік өкілдеріне де, қоғамдық ортаға да ой салып, іскер топтардың, бизнес саласында жүрген адамдардың жаңа жоспар жасап, жаңа бағыт ұстануларына, жалпы аймақтық, халықаралық жағдайларды дер кезінде саралай білулеріне мүмкіндік беруі тиісті. Бизнестің дамуына септігін тигізіп, жаңаша өркендеуіне қозғау салатын да, кәсіпкерліктің деңгейіне баға беретін де осы сала.

Экономикалық жаңғыру мен нарық ғасыры

 Экономикалық тақырыпты жазу кез-келген журналистің қолынан келе бермейді, сол себептен болар қазақ журналистикасында экономика тақырыбына терең талдаулар мен сарапатамалар жасайтын журналистер сирек. Ашығын айтқан жөн, бүгінде экономика тақырыбына қалам тартып жүрген әріптестерімнің арасында экономикалық сараптама жасауға қалыптасқан журналистердің саны аз. Іскерлік журналистика саласы жаңадан қанаттанып келе жатыр, оның болашағы алда.

Жалпы, іскерлік журналистиканың өркендеуіне үлес қосып, өзінің қолтаңбасын кеңінен танытып жүрген журналистердің қатарында «Алматы ақшамы» газетінің экономикалық шолушысы ретінде танылған белгілі журналист Өмірзақ Мұқайдың, сондай-ақ журналистердің экономика саласындағы білімі мен біліктіліктерін арттыру мақсатында шеберлік сыныптарын өткізіп, әріптестерімен өмірлік тәжірибелерімен бөлісу арқылы қазақ журналистикасындағы   жас сала – «іскерлік журналистиканың» дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқан Бақытжан Жұмалиевтің есімдерін айырықша атауға болады. Төлеген Асқаровтың жетекшілігіндегі «Biz Media» іскерлік журналистика орталығы да қаржы-экономикалық тақырыпта қалам тартып жүрген журналистердің кәсіби шеберліктерін шыңдайтын үлкен мектептердің бірі.

«Қазақ басылымдарының беттерінде экономика тақырыбына қалам тартып жүрген журналистер бар ма?» деген сауалға жауап іздесек, белгілі журналистер Қайнар Олжайдың, Серік Рәсіловтың, зейнеткер журналист Көлбай Адырбековтың, «Жас қазақ» газетінің   бас редакторы, бүгінде халықтың әлеуметтік-тұрмыстық,экономикалық жағдайларын терең зерттеп, жазып жүрген Срайыл Смайылдың, «Айқын» газетінің тілшісі Гүлнар Нұрмолдақызының және экономикалық тақырыпқа тыңнан түрен салып жүрген Гүлзат Нұрмолдақызының есімдерін де ерекше атап өтуге болады.

Іскерлік журналистика – қазақ журналистикасының жас, яғни кенже саласы десек, оның бүгінгі бағытына қарай отырып, болашақта аудиториясының кеңейе түсетіндігіне, осы тақырып бойынша көш ілгері, озық келе жатқан өзге тілді басылымдармен бәскелесе алатындығына сенім мол. Өйткені ХХІ ғасыр – экономикалық жаңғыру мен нарық ғасыры. Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру»атты бағдарламалық мақаласында айтып өткендей, «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекеге қабілеттілігімен айқындалады. Сондықтан әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек».

Елбасының бұл талабы іскерлік журналистика саласында жүрген журналистеріміздің бойынан табылатындығына және олардың ХХІ ғасыр журналистикасының көшбасшысы болатындығына сенім мол.

 

Назерке ИМАНАЛЫ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *