Hello, Эксетер!

%d0%be%d0%ba%d0%b8%d1%82%d1%8b%d0%bd-%d1%83%d0%bd%d0%b8%d0%b2%d0%b5%d1%80%d0%b8

Роза ӘРЕН,

Эксетер қаласы.

 

Англияға келгеніме көп бола қойған жоқ. Мен мұнда елдің оңтүстік-баты­сында орналасқан Эксетер деген қалада алты айлық тіл курсын оқуға келдім. Эксетер – 120 мыңдай тұрғыны мен өзіне тән мамыражай тіршілігі бар шағын қала. Эксетердің солтүстігін Бристоль, ал оңтүстік жағалауын Ла-Манш бұғазы шайып жатыр. Ла-Манш, Ла-Манш! Иә, мектепте география пәнінен сан қайталап оқыған таныс атау. Аты ерекше болған соң ба, есімде сақта­лып қалыпты. Қысқасы, «Ақшамның» оқырмандарына Ла-Манш жағалауынан ыстық сәлем жолдаймын!

 

Плиз, айдалаға тастамаңыз мені!

 

Эксетерге алғаш келген уақытта үйренісе алмай, аздап қиналғаным рас. Оған менің бұл қалаға беймезгіл уақыт­та, түнде келуім себеп болды. Оның алдында Лондонда Паддингтон бекеті­нен өзімнің пойызымнан жарты сағат бұрын жүретін пойызға мініп кетіп, біраз әуреге түстім. Бәсе, ойымда ештеңе жоқ, алшаң басып барып, 65-орынға отырып алғанмын. Ал орындық­тың арқалығында Арнольд деп жазы­лып тұр. «Арнольді несі, мен Розамын ғой» деп, мән-жайды түсініңкіремей біраз отырдым. Содан жанымда отырған қызды түртіп, «мен өзі қандай пойызда отырмын?» деп сұрадым. Қыз жалма-жан құлаққабын шешіп, менің биле­тімді тексерді. Содан соң: «сен ертерек қамданыпсың. Өз пойызың жарты сағаттан соң келеді. Қазір Рединг қаласынан түсіп қал да, соны күт», – деді күлімсіреп. Құдды бір бұрыннан сыр­ласып жүрген құрбым сияқты іштартып сөйлейді. Содан әлгі қызға алғысымды жаудырып, Редингтен түсіп қалдым. Вокзал ішіне кірсем, пойызым­нан көз жазып қалам ба деп, жарты сағат перронда қақиып тұрдым. Қолым­да екі шабадан, рюкзак және ноутбугым бар, әбден шаршадым. Қарным да ашты. Өкінішке қарай, Эксетерде мені қарсы алатын адам болмады. Әйтіп-бүйтіп пойыздан түссем, дала тас қараңғы, жаңбыр құйып тұр екен. Дереу такси іздедім. Үндіс пе, араб па, әлдебір кісіге баратын мекен-жайым­ды айтып ем, бір ауыз сөзге келместен, сөмкемді көтере жөнелді. Сөйтсем, менің жатақ­ханам вокзалдан жаяу-ақ келетін жер екен. Бірақ қолымда сонша затым бар, оның үстіне 12 сағат ұшқаным бар, жаяу жүргенге қайдан шамам жетсін? Басында бәрі дұп-дұрыс еді. Такси мені жатақ­­ханамнан алыстау жерге тастап кетпегенде… Далада жан адам жоқ, айналам тас түнек. Әлгі кісі «мен сенің мекен-жайыңды дұрыс біл­меймін» деп иығын қиқаң еткізіп кетіп бара жатыр. Көңілім нілдей бұзы­лып, жаңбырмен қосыла жылағым келді. Көлігін оталдырып жатқанда, «плиз, айдалаға тастамаңыз мені! Менде тіпті біреуге хабарласатын ағылшын нөмірі де (sіm-card) жоқ» деп жанұшы­ра айғайладым. Содан ол қайта түсіп, менің жатақха­нама өз телефоны­мен хабар­ласты. Сөйтті де, «5–7 минут жаяу жүрсең, жетесің. Жатақханаң анау жерде тұр» деп жөн сілтеді. Шаба­данымды сүйре­тіп, бір кезде жеттім-ау кампусыма. Өзім қалағандай бір адамдық аядай ғана бөлме екен. Бірақ көптен жылу жүйесін қоспағандықтан бөлме сұп-суық. Үстіме бар қалың киімімді қабат­тап киіп ұйықтадым. Бірден ұйық­тағам жоқ, алдымен жылап алдым. Құ­дай-ау, мұнда қайдан жүрмін? Бөтен жерге қалай тез үйренемін? Осы секілді сұрақтарға бас қатырып жатып ұйықтап кетіппін.

 

Біз, екі қазақ студент – белсендіміз

 

Алғаш келгендегідей емес, қазір біраз үйреністім. Біздің тобымызда кәріс, қытай, араб студенттері және 2 қазақ бармыз. Жалпы саны – 13 студент. Біз сабаққа белсенді түрде қатысамыз. Ал мұғалімдер, неге екенін білмеймін, көбіне үндемей отыратын кәріс және қытай студенттерге акцент қояды. Көбірек сөйлесін, ашылсын дей ме екен? Курсымыз «Academіc englіsh» деп аталатындықтан, оқытушылар бізді магистратурада оқуға көбірек дайын­дайды. Қазір«Іntegrated language skіlls (for academіc purposes): readіng and wrіtіng, lіstenіng and speakіng», «Enga­gement and Communіcatіve Language skіlls», «Exam skіlls», «Research skіlls Module» секілді сабақтар оқып жатыр­мыз. Мұғалімдердің сабақ беру әдісі басқаша. Ол жағына кейін толығырақ тоқтала жатармын.

Біз Duryard деп аталатын ғимаратта оқимыз. Бұл – XVІІ–XVІІІ ғасыр­лар­да салынған өте көне үй. Талай қиын-қыс­тау кезеңдерге куә болған, тіпті соғыс жылдарында да талқандал­май, аман қалған, тарихи орын деуге болады. Ағылшындар мұны көзінің қарашығын­дай сақтап отыр.

 

Жаңбырлы қаланың қысы суық, жері ылғал

 

Эксетерде қазір ауа-райы шамамен +5-10 градус аралығында. Дала жап-жасыл, жайқалып тұр. Дегенмен, қысы суық, жер ылғал. Ең қызығы, Біріккен Араб әмірліктерінен келген қыздар үнемі ыстықтайды да жүреді. Сабақ кезінде терезелерді ашып тастауға құмар. Ал біз, Астананың қақаған аязынан келген екі қазақ, қайта-қайта терезені жауып әлек боламыз. Оны көрген араб қыздар ішек-сілесі қатып күледі. Ми қайнатар ыстық жерден келіп, мына елде қалай тоңбай жүрген­деріне таңым бар. Өзім келе сала қолша­тыр мен  су өтпейтін аяқ киім сатып алдым. Онсыз далаға шығу мүмкін емес, өйткені. Жаңбыр жиі жауады. Бір қарағаныңда, күн күлімдеп тұрса, енді бір қарағаныңда аспан жылап жатады.

 

Студенттің көңіл-күйі бірінші орында

 

Аз күн ішінде аңғарып үлгерген нәр­селерімді жүйесіз қорытып, осындағы жұрттың мінез-құлқына қатысты асы­ғыс шешім қабылдамай-ақ қояйын. Дегенмен, ағылшындардың асқан сыпа­йылығы, танымайтын адамға жөн сілтеп жіберуге дайын тұратыны маған майдай жақты. Ребекка деген ұстазымыз «біз Қа­зақ­станнан келетін студенттерді жақсы көреміз. Олар өте білімді бола­ды» деп өте жылы қарсы алды. Қай­сыгүні тест тапсырғанымызда қасым­дағы студенттің көңіл-күйі болмай, тестті толық аяқтай алмады. Сонда Ребек­ка «ендеше, осы жерден тоқтата ғой. Кейін тапсырарсың, ештеңе етпейді» деп арқасынан қағып шығарып салды. Ол өте маңызды тест болатын. Таң­қалып қалдым. Мұнда бірінші кезекте адамға жағдай жасалатын сияқты…

 

Бөлмеме Қазақстанның жалауын іліп қойдым

 

Ал шет елден келген студенттер ісін үйлестіруші маман Александра көрген сәттен-ақ ұнады. Алғаш келген кезде құжаттарымды жинауға көп көмектесті. Риза болғаным сондай, оған жылы лебізім жазылған ашық хат пен «Қазақ­стан» шоколадын апарып бергенмін. Соны сыйлағанда Александраның балаша қуанғанын көрсеңіз! Келесі жолы барсам, мен берген ашық хатты қабырғаға әдемілеп іліп қойыпты. Кейін бір кездескенде «сыйлығыңа рахмет!» деп тағы да алғыс айтты.

Ел ішінде жүргенде байқамайды екенбіз. Отанның қандай ыстық бола­тынын, туған үйдің тамағының қандай дәмді екенін, туған жердің, тілдің орны бөлек болатынын… Осының бәрін Қазақстан шекарасынан асқанда сезіне бастадым. Қайсыгүні Ерлан Рысқали­дың орындауындағы «Маңмаңгерді» тыңдаған ем, сағынышымды тіпті үдетіп жіберді. «Келгенім кеше ғана, мұным қалай?» десем де, өзімді түсіне алар емес­пін. Бөлмеме Қазақстанның жалауын іліп қойдым. Күн сайын сабаққа қазақша әшекейлерімді тағып барамын. Наурызда кием деп арнайы сатып алған ұлттық көйлегім тағы бар.

 

Армандар орындалады!

 

Қысқасы, қымбатты оқырман, бұл менің Англиядағы күнделігімнің бет­ашары болсын. Естеріңізде болса, осыдан 4 жыл бұрын Польшаға оқуға барған кезімде де газетке осындай жол­сапар күнделіктерін жазған болатын­мын. Солардың бірінде «…бұйырған деген осы, бір барғанда төрт бірдей мемлекетті аралап келдім. Әлемде өзің тұратын елден басқа да елдер бар екенін көзіңмен көріп, өзіңді тек қазақ деген ұлттың өкілі ғана емес, мынау үлкен ғалам­шардың бір тұрғыны ретінде сезінудің ғажап сезім екендігіне көз жеткіздім. Енді шет мемлекеттерге жиірек барып, халқының өмір салтымен танысу үшін тіл білімімді одан әрі шың­дауға міндеттімін. Қазірдің өзінде қиялымда бірнеше мемлекетті шарлап жүргенімді жасырмаймын» деп жазған екенмін.

Армандар орындалады!..

 

%d1%80%d0%be%d0%b7%d0%b0-%d0%b0%d1%80%d0%b5%d0%bd

 

Роза ӘРЕН – еңбек жолын «Алматы ақшамынан» бастаған жас журналист, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Бүгінде ол «Болашақ» бағдарламасының стипендиясымен Ұлыбританияда оқып жүр. «Арай» студент-жастар бетін 2010—2014 жылдар аралығында осы Роза жүргізген болатын. Енді ол өзінің сүйікті «Арайына» шет елде көрген-білгендерін жазып тұрмақшы.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *