ХАС ТҰЛПАРДЫҢ ТҰЯҒЫ, АЛТЫН ЖАМБЫНЫҢ СЫНЫҒЫ

(тоқсан жастағы Өміртай қарттың әңгімесі)

Жеңіс ШЫНЫБЕКОВ, Қазақстанның Құрметті жаурналисі

– Отағасы, ояусыз ба? – деді есікті жартылай ашқан Айман апа, – немере, шөберелерің, жиен­деріңіз сізге сәлем береміз деп келіп тұр.

Шал шарт кетті.

– Неменеге есіктен сығалап, келіншек кезіңдегідей сызылып тұрсың. Рұқсат сұрап кіретін мені дой бастық деп пе едің?

– Ұйықтап жатса ұйқысын бұзбасын деп едім…

– Мен құсұйқылы болғалы не заман, кіргіз бәрін, – деді қарт бойын түзеп.

– Ассалаумағалейкүм, – деп дабырласты бөлмеге енген оншақты жігіт.

– Саламатсыңдар ма, балалар, ауыл-аймақ, отбасы, бала-шағаларың аман ба? – деп қарсы тұрып қарсы алды.

Тоқсанға келген жасына қарамай Өміртай көкенің қапсағай денесі тіп-тік, белі бүгілмеген, қимылы ширақ. Бес жастағы баланың білегіндей салалы саусақтары кәрі бүркіттің тұяғындай әлі қуатты екен. Өмір жиенінің қолын қасақана қысып-қысып жіберді.

Қылқа мойнына қылғындырып «қарғыбау» тағып алған ақ көйлекті шенеунік жиеннің көзінен бырш-бырш жас шығып кетті.

– Менде өшіңіз бар ма, қара көке, – деді жиен ұйып қалған саусақтарын сілкілеп.

– Шетіңнен шипайы, әлжуазсыңдар, – деді қарт қарқ-қарқ күліп, – біздің заманның жігіттері кең иықты, апай төс, сом білекті, қайратты болып келуші еді. Сендерге қарасам алпыс тоғыздың жұтынан қалт-құлт етіп әзер шыққан көтерем қара тоқтылар көзіме елестейді.

Бірақ сендерге не өкпе бар? Біз сияқты қыста қымыран, жазда қымыз ішіп, қазы-қартаны кертіп жеген жоқсыңдар. Біз сияқты жеті жасыңда тай бас білдіріп, бәйгеге шауып, көкпар тартқан жоқсыңдар. Жейтіндерің ақ сандықта мұзға қатырған, қай уақытта сойылғаны белгісіз малдың жасық еті. Ішетіндерің әйелдердің жүн бояйтын бояуы қосылған түрлі-түсті нәрсіз, құнарсыз сулар! Сендерге де өкпе жоқ.

Қонақтар төрде жайылған құрақ көрпеге оты­рып болған соң, осы үйдің кіші келіні шай жасау қамына кірісті.

– Әй, Айман, мына балалардың ішінде жиен­дер де бар екен, олар «тырнақ астынан кір іздей­тін» жаулар ғой, нағашымыз дұрыс күтпеді деп өкпелеп кетер. Жақсылап қазан көтерт.

– Көбіңнің түсіңе қарап танып, кім екеніңді біліп отырмын, – деді.

Отағасы қуана күлімсіреп, – бірақ ана төрде тізесі бүгілмей шынтақтап жатқан жігітті жыға танымай отырмын.

– Оның шынтақтап жатқан себебі, ол малдас құрып отыра алмайды. Биік үстелге отырып үй­реніп қалған тікаяқ, – деді Құрман құрдасын қағы­та күліп, – бұл өзіңіз білетін жылқышы Шын­тастың Алматыда жұмыс істейтін ұлы – Жекен­тай. Танымауыңыз орынды, өйткені «өз болып-толған қыз төркінін танымайды» дегендей, бұл туған ауылына жылдап ат ізін салмайды. Мен ар­найы хабар жіберсем де бұл сіздің тоқсан жылдық тойыңызға келген жоқ. Ана жыртық пакетіне бір шапан салып алып, ұялмай енді келіп тұр.

– Мәселе шапанда емес, көңілде, онысына да рахмет, – деді қарт шын көңілімен. – Өзің не қыз­мет істейсің?

– Бұл ма, бұл, – деді Құрман сөзді іліп әке­тіп, – онша мықты болмаса да, ілініп-салынып көштен қалмай, әупірімдеп ілесіп келе жатқан ортақол жазушы, әрі әжептеуір жорналшы. Өзі бөскелбай, мақтаншақ. Жазушымын деп кеудесін соққанда бұдан басқа жазушы жоқ екен деп қаласың.

Отырғандар ду-ду күлісті.

– Е-е, жазушы де. Жөн, жөн. Онысы рас, ана Дүйсенбінің Пернебайы мен мұғалім Қошқардың баласынан басқа бұл ауылдан шыққан жазушы жоқ. Мақтанса мақтанатындай бар екен. Сен Алматыда тұрсаң осы ауылдың баласы, бүгінде ата жасына жеткен Әбдіғали Бұралқиевты танисың ба, – деді қарт тасбиғын тарта отырып,  терең ойға шомғандай.

– Білемін, – деді Жекентай, – отбасымызбен араласып тұрамыз. Әрдайым кездесіп әңгіме-дүкен құрамыз.

– Оларың дұрыс екен. «Байқадам» совхозында директор қызметінде ауылға жиі келіп сәлем беріп тұрушы еді. Зейнетке шыққан соң Алматыға көшіп кетті деп естідім. Әбдіғали да, әйелі Ақсұлу келін де текті жерден шыққан жандар. Мен сендерге Әбдіғалидың аталары туралы көзіммен көрген оқиғаларды айтып берейін.

***

Әбдіғалидың аталары Отыншы, Сушы, Өлке, Бұралқы бүкіл Сарыарқа өңіріне, Шу бойына аты мәшһүр «Атымтай жомарт» адамдар болған. Бұл ағайындыларға он бес мың жылқы, жүздеген түйе, он мыңдаған қой біткен. Олар байлығымен ғана емес, елге жасаған қамқорлығымен де құр­метке, алғысқа бөленген. Жүздеген адамдарға жұмыс беріп асыраған. Ешкімді ішіп-жемнен тарықтырмаған. Әрбір отбасы мал иелерінен рұқ­сат сұрамай-ақ қыстық соғымын, жаздық сойысын алып отырған. Малшылар малды өз меншігіндей сатып, азық-түлік, киім-кешектерін алған.

– Отыншы әжі ұрпағының халықтың есінде қалған жақсылықтары көп. Олар Сарыарқаның сайын даласын жайлап, Бетпақдаланы қыстап көшіп-қонып жүрген сауатсыз елге жаңаша білім нәрін септі. Жиырмасыншы жылдың соңына таман Шеркеш Алшын ауылдарына халық батыры Бауыржан Момышұлы мұғалім болып келді. Хакім Абай айтқандай, жарқын болашақ білімде екенін түсінген. Отыншы әжі Шу өзенінің бойындағы орыс ұсталары соққан атақты «Қызыл үйінің» қасынан үлкен мектеп және балалар жататын интернат үйін соғып берді. Бауыржаннан бастап мектеп қызметкерлеріне тұрақты жалақы төлеп тұрды. Өзі қандай тамақ ішсе, шәкірт балалар да сондай тамақ ішті.

Арқадағы «Өлкенің қарабидайығы» деген жайлауда балалар жазда оқитын мектеп салдыр­ды. Сөйтіп, шәкірттер қысы-жазы бірдей үзіліссіз оқыды. Кедей балаларын өз балаларындай таза киіндірді. Бауыржанмен ақылдасып, Омбы, Қазан, Қараөткелге арнайы керуен шығарып, ол жақтан қағаз, қалам, кітап алдырды. Отыншы әулеті, оның ішінде Өлке Омбы, Ақмола қалаларында ондаған дүкен-ләпкелер ашқан. Бірақ ол бұл дүкендерден бір тиын да пайда көрмеген. Өлке көмек сұрап келгендерге, кедей-кепшікке дүкендегі азық-түлік, басқа да тауарларды тегін таратып жібереді екен. Отыншы, Сушы «мұның қалай?» демейді.

Оның ісіне риза болған Ақмола уезінің аға сұлтаны Ерден байдың: «Оны Өлке дегенше, өзен десеңші» деген сөзі осы уақытқа дейін халық аузында жүр.

Отыншы әжі қартайған шағында барлық билікті көзі ашық сауаты бар, еті тірі, пысық ұлы Бұралқыға берген. Бұралқы жаңа заманның адамы еді. Ол Абыз Ықыласпен үзеңгілес, бірге жүріп өнерді, әсемдікті сүйген. Арнайы ұстахана ашып, Арқаның «он саусағынан өнері тамған ұсталарын, Бұхара, Хиуадан ағаш, темір соғатын шеберлер шақырып, әбдіре, асадал, кебеже, жүкаяқ, кереует жасатқан. Сәукеле, сырға, алқа, білезік, жүзік соқтырып, қыздың жасауын жасатқан. Сол шеберлердің өнерін ауыл жас­тарына үйреткен. Сол шеберханадан өнер үйренген Сәбденбек, Байлы деген жігіттер кейін аты аңызға айналған ұсталар болды. Бұлар сексенінші жылдарға дейін өмір сүріп, білгендерін жастарға үйретіп кетті.

***

– Қазақ елін дүр сілкіндірген ақ патша «жарлығы» шыққан аумалы-төкпелі аласа­пыран заман орнаған күндердің бірінде Сарысу өзенін жайлап отырған ауылға атақты Кейкі мерген бастаған қарулы бір топ жігіттер келді, – дейді қарт алысты оймен шолып. Олар бірден Отыншы әжінің он екі қанат ақ ордасына ат басын тіреді. Кейкі қарсы алған ауыл адамдары­мен төс қағыс­тырып амандасып болғаннан кейін күл­білтелемей бірден сөзге кірісті.

–       Отыншы аға, біз­дер Амангелді ба­тыр­дың сарбаздары­мыз. Батыр бастап Торғай өңірінің барлық аза­маты атқа қонып, ақ патшаға қарсы шай­қасып жатыр. Патша­ның «бұратана қазақ­тарға қару бермейміз, оларға окоп және өл­гендерге көр қаздыра­мыз» деген сөзі ха­лықтың намысына тиді. Бүкіл қазақ бұл қор­лыққа шыдай алмай намыстан өртеніп отыр. Жетісуда көтеріліс басшысы Бекболат батырды қарақшы деп «ағаш аттың басына» ілді. Қайран ерге ит қорлық көрсетіп дарға асты. Бұл қазақтың сағын сындырып, жігерін жасытудың әрекеті. Бірақ біз өз мақсатымызға жету үшін аяғына дейін барамыз. Не ақ патшаны жер жастандырмай, не өзіміз шаһит болмай тоқтамаймыз. Сондықтан патша бермеген қаруды өзіміз тауып қолға алып, оның тағын талқандауға бел будық.

Әжі аға, сіздің Сарыарқаға белгілі беделді, дуалы ауыз, халықтың жоғын жоқтайтын ақберен адал адам екендігіңізді батыр да, оның сарбаздары да жақсы біледі. Зеңбірекпен, бесатар бентов­камен, алмас қылышпен қаруланған патша әскері мен оның жақтастары жан-жақтан қыспаққа алып келеді. Оларға қарсы тұру аса қиын болып тұр. Қайткенде де өліспей беріспейміз. Бізге көмек керек, – деді Кейкі мерген қызулана сөйлеп.

…Арада бір апта өткенде халық жиналып үйір-үйір жылқы айдап келді. Отыншы әжінің өзі екі жүздей сәйгүлік ат-айғырды сарбаздардың алдына салып берді. Біздің керуен басы Әбдіқадыр әулеті де қарап қалған жоқ, елуден аса ат беріп, елу түйе жетектетті.

Намысқа күйген жігіттер жанығып жүр. Жиырма шақты жігіт көтеріліске қатысамыз деп шиті мылтықтарын, атадан қалған тот басқан қайқы қылыштарын асынып, сойыл, шоқпар­ларын тақымға басып Кейкімен бірге аттанды.

Мен ол кезде он үш жастағы бала жігіт едім. Майданға аттанған жігіттерге еліктеп, қаным қызып торы төбел құнаныма ер салдым. Бірақ «сен әлі буыны қатпаған жассың. Боқ басында өліп қаласың» деп анам тізгініме жабысып жібермей қойды.

Кейкі менің осы ниетіме риза болды-ау деймін, атынан түсіп келіп маңдайымнан сүйді. Қалың мұрты шеңгелдей сояу-сояу, темір тарақтай қатты екен…

Анау Әбдіғали деген қара бала ел мақтаған жігіт атанып жүр. Ол әжінің немересі Амангел­діден туған. Амангелді алғыр, айтқан уәдесінде тұратын мәрт жігіт еді. «Өзі менімен қатар болатын. Қызды ауылдардың иттерін шулатып, жігіттік шағымызды бірге өткіздік. «Өткір қанжар қап түбінде жатпайды». Отыншы әулетінің атын ескіртпей шығарып жүрген де сол жігіт. «Халық айтса – қалт айтпайды». Ол «хас тұлпардың тұяғы, алтын жамбының сынығы» ғой. Әманда жолы болсын!

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *