«ХАЛЫҚ ЗАҢДЫ КӨП БІЛМЕЙДІ ТЕРЕҢДЕП, ЖАЙ ЕҢБЕКПЕН КҮН КӨРЕДІ ӘРЕҢДЕП»

Ортақ тарихи тағдыр біріктірген қазақ халқы ежелгі қазақ жерінде мемлекет құрды. Еркіндік, теңдік, татулықты мұрат етіп, осыдан 17 жыл бұрын 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда Қазақстан Республикасының Негізгі Заңы –  Конституциясын қабылдады. ҚР Конституциясында әрбір азаматтардың құқықтары мен міндеттері белгіленіп, егеменді еліміздің даму болашағын айқындайтын қағидалар қарастырылған. Көптеген зерттеушілердің пікірінше, Қазақстанның Конституциясы әлемдегі жалпы адамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 конституцияның бірі болып саналады екен. Бұның өзі Ата заңымыздың үлкен әлеуетін білдірсе керек. Тәуелсіз ел болғанымызға 20 жылдан асып, Ата заңымыздың барына 17 жыл болса да, халықымыздың көпшілігінің құқықтық сауаттылығы әлі де төмен. Елімізде адам құқықтарының бұзылатыны да қарапайым халықтың өз құқықтарын білмеуінен туындайды. Ал біз өз құқығымызды білеміз бе? Білетін сияқты кейіп танытамыз. Ал шындығына келгенде ше?

Көшеге шығып, халыққа Конституция туралы сұрақтар қойылған. Сұралғандардың 80%-ы Конституцияның неше баптан, неше бөлімнен тұратынын және қай жылы Конституция қабылданғанын білмейтін болып шықты. Заңды білу – заман талабы. Әрбір адамның өз құқығын бес саусағындай жақсы білуі, қоғамда болып жатқан әрекеттердің заңға қарама-қайшылығын немесе сәйкестігін сараптай алуы оның құқықтық сауаттылығымен тікелей байланысты. Халықаралық және отандық сарапшылар құқықтық мәдениет деңгейін көтеру жолдарын қарастыруда. «Құқықты дамыту орталығы» қоғамдық қоры еліміз ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен жылы құқықтық мәдениетті көтеру бағытында белсенді шаралар ұйымдастырылған. Алайда, халықтың құқықтық сауаттылығы жоғары деңгейде болмағандықтан, елімізде адам құқығының тапталу оқиғалары жиі тіркеледі.

Биылғы жылдың мамыр айында Қазақстанның адам құқығы саласында халықаралық ұйымдар алдында алған міндеттемелерін орындау мәселесіне арналған конференция болды. Астанада өткен жиында елдің 2009 – 2012 жылдарға арналған адам құқықтары саласындағы ұлттық іс-қимыл жоспарының орындалуы талқыланды. 2010 жылдан бері тәуелсіз бақылаушылар жоспарда жазылған міндеттерді Қазақстан қаншалықты орындағанын қарады. Қазақстан екі жылдың ішінде ұлттық жоспарда жазылған міндеттердің тек 17 пайызын ғана орындағанын жариялады. Сарапшылар «жоспарда белгіленген шаралар – тиімсіз, адам құқығын жақсартпайтын өнімсіз әрекеттер» екенін де айтты. Тіпті, белгіленген ұсыныстардың жартысы орындалды дегеннің өзінде бұл «адам құқығының жағдайы біршама жақсарды» дегенді білдірмейді. Іс жүзінде адам құқығының жағдайы жақсарған жоқ. Бұдан шығатын қорытынды – адам құқығы саласындағы ұлттық жоспар тиімді емес екен. Халықаралық құқық қорғау орталығы адам құқығы бұзылу оқиғаларының азаймай отырғанына алаңдаулы. Адам құқығының сақталуына мүдделі мемлекеттер саны жетерлік. Алайда, бірде-бір мемлекетте түгелімен адам құқығы сақталған жағдай тіркелмеген. Мұның себебі, адамдардың өз құқығын жете білмеуі, білуге қызығушылық танытпауы.

Елімізде 2009-2012 жылдарға арналған жобалар аясында адам құқықтары мен бостандықтары саласындағы мәселелерді шешуде ұлттық іс-шаралар кеңінен насихатталып жатыр. Бірақ, бұл теңізге құйған тамшыдай. Мәселені шешудің төркіні әрбір адамның құқықтық білімін арттыруға келіп тіреледі.

Конституцияның бірінші бабы бойынша, Қазақстан Республикасы өзін, демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде, орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Бұл – демократиялық ашық қоғамда өмірдегі барлық құндылықтардың ішінде адам құқықтары мен бостандықтары ғана ең маңызды болып саналатындығын білдіреді.

Заман ағымына сай заңдар жүйесіне де өзгерістер енгізіліп тұрады. Адамдар да осы ағымнан қалмай, қатар жүруге үйренуі тиіс. Себебі, біздің өз құқығымыз бен заңды жетік білуімізден жауапкершілігіміз туындайды. Әрине, барлық адамның заң баптарын жаңылмай айта алуы шарт емес. Десек те, адамның өмірі мен қызметіне қатысты құқықтық-заңдық сауаттылығының тым төмен болуы оны талай бас ауыртар мәселемен бетпе-бет жүздестіруі мүмкін.

Құқықтық білімнің керек емес жері жоқ. Қайда барсаң да алдыңнан құқық саласына қатысты мәселе көлденең шығады. Халықты құжаттандыруда да, жылжымайтын мүлікті мемлекеттік тіркеу немесе зияткерлік меншік құқығын қорғауда да осы заңдар аясында жұмыстар атқарылады.

Халықтың еңбек және зейнеткерлік саласындағы құқықтық сауаттылығын анықтау мақсатында сауалнама жүргізілді. Зерттеу қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасында сұралғандардың жартысы – 46,9% — жұмысшының еңбек құқықтарымен өте жақсы таныс екендерін және қалған 43,1% – ол туралы жалпы көрініс бар екендігі туралы сендірді (1-кесте). Сөйтіп, Қазақстан халқының 90% (!) мәселе олардың өз еңбек құқықтарына келгенде өздерін сауатсыз емес деп санайды. Сұралғандардың 89,4% азаматтар ортақ дәрежеде жұмысшының еңбек міндеттерімен де таныс деп санайтындарын атай кету керек, бұл жұмысшылардың ұстанымы жұмыс берушілерге және олардың алдындағы жауапкершіліктерге қатысты «көрпені өзіне қарай тарту» ғана болып келмейтінін дәлелдейді. Сөйте тұра, өз құқықтары туралы білу оны қорғай білу болып саналмайды! Ал өз еңбек құқықтарын қорғау мүмкіндіктері туралы азаматтар біраз аздау біледі (82,9%). Мөлшермен халықтың осындай пайызы жұмыс берушінің құқығы туралы және оның жұмысшыға қатысты міндеттері туралы қандай да болмасын дәрежеде ақпараттанған (82,7% және 83,1% сәйкесінше).

Әлеуметтік жағдайы төмен жандар жалдамалы жұмыс іздеп жүріп, белгісіз мердігерлердің арандатушылығына тап болады. Сондай-ақ, жұмыс берушілер арасында адамдар құқығын бұзу, яғни, жынысына, жасына қарай шектеулердің жиі кездесетіні өтірік емес. Тіптен, еліміздегі кейбір шет ел компаниялары жұмысшылардың айлығын зейнетақы қорына көрсетілген мөлшерде емес, өз білгендерімен беріп келгендігі анықталған болатын.

Сонымен қатар, әсіресе, саудаласу кезінде тұтынушылар құқықтық сауаттылығының кем болуынан бармақтарын тістеп жатады. Саудаласу үшін де құқықтық сауаттылықтың маңызы жоғары. Тұтынушылар құқығын қорғау бірлестіктерінің жүргізген сауалнамасы бойынша халықтың 73 пайызының отандық сауда-саттық саласы қызметіне көңілдері толмайды екен.

Банктен несие алу кезінде де осы сауатсыздық көпшілік алданып қалады.. Халықтың құқықтық сауаттылығының төмендігін пайдаланып, тұтынушыларға жалған жарнамалық ақпарат беретін банктер де бар. Кейбіреулері несие беруде жалған шарт жасасып жатады. Шартта басқа пайыздық үстемені көрсетіп, тұтынушы несиесін төлеу кезінде мүлдем басқа, одан жоғары пайыздық төлемді беруге мәжбүр болады.

Өз құқығымызды білу үшін міндетті түрде заңгердің оқуын оқудың қажеті жоқ. Бар болғаны өз еліңіздің заңдарын күнделікті оқып-біліп жүру. Мемлекеттің басты заңы – Конституцияға сүйену.

Конституция күнін елімізде жайдан-жай атап өтпейді. Конституция жай ғана құжат емес. Бұл – мемлекетіміздің құқықтық жүйесінің негізгі құжаты. Қазақстан Республикасының әр азаматының құқықтары мен міндеттері айқын көрсетілген заң. Сондықтан, әрбір азамат елінің Конституциясын білуге міндетті. Әр үйде «Қазақстан Республикасының Конституциясы» деген кітап міндетті түрде болу керек. Оған қоса, сала бойынша кодекстерді қарап шыққан жөн. Салық төлеуде кейбір қиындықтар туындаса, ҚР Салық кодексін алып оқыңыз. Егер қаржылық салада құқықтық сауатыңызды көтергіңіз келсе, ҚР Қаржы Кодексіне назар салыңыз. Ал жұмыста сіздің құқығыңыз аяқасты етілсе, ҚР Еңбек Кодексіне жүгінгеніңіз жөн. Сол сияқты әр салада кодекстердің заңдар жинағы болады. Білім беруде ҚР Білім беру заңы бар, денсаулық сақтау саласында ҚР азаматтардың денсаулығын сақтау туралы заңы бар. Қазақстан Республикасының заңдары, Конституция, Кодекстер барлығы кез-келген кітап дүкендерінен алуға болады. Қазір ақпараттық технологиялар дамыған дәуір кез-келген заңдардың кодекстің мәтінін қазақ тілінде де, орыс тілінде де интернеттен тауып алуға болады.

А. БАЗИЛОВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің заң факультетінің

қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу

 және криминалистика кафедрасының оқытушысы,

Л.БИСЕНҒАЛИ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің заң факультетінің

қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу

 және криминалистика кафедрасының оқытушысы.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *