ХАЛЫҚ ТАЛҚЫСЫНА САЛУ КЕРЕК

Соңғы жылдары сөз жоқ, Алматыда халқымыздың белгілі тұлғаларына ескерт­кіш қойылуы аса құптарлық іс. Өйткені, тарихты тобыр емес, тұлға жасайды деген түсінікке иланған халық­пыз. Дейтұрғанмен де, ел есінде мәңгі­лікке қалуы үшін сол тұлғаларға қойыл­ған ескерткіштің ел талғамына, таны­мына сай болуы да ең басты ескерерлік жай деп ойлаймын.

Әдетте біздің бейнелеу өнерінде соңғы жылдары іргелі ізденістер байқал­­ғанымен, әлі де болса сол ескі сарыннан, стильден арыла алмай жүр­геніміз анық байқалып тұрады. Мәсе­лен, ханның не батырдың ескерткішін орнататын болсақ, оны міндетті түрде атқа отырғызамыз. Қолына қылыш немесе найза, қалқан ұстатып қоямыз. Ал атақты жырау, ақындардың қолына домбыра ұстатып қоятынымыз және бар. Кейінгі кезде Алматыда қойыл­ған  ескерткіштердегі ізденістерді жоққа шығара қоюға болмас, алайда арқалығы ұзын орындықтарға не жерге отырғызып бедерлеу белең алып барады. Бұл ретте Шәкен Аймановқа қойылған ескерт­кіш­тің шығармашылық жағынан орын­далуы сәтті шыққан деуге болады. Тұрған жері де дұрыс таңдалған. Шәкен ағаның табаны­ның ізі қалған, фильм­дерін түсірген жері. Мені бір тәнті еткені — «Алматы ақшамында» осы ескерт­кіштер туралы жазыла келіп, оның орналастырылатын жері туралы да қисынды ойлар айтуы. Мәселен, «Қыз Жібек» көркем фильмі осы Алма­тыда алғаш рет «Целинный» кино­театрында көрсетіліпті. Ендігі жерде алдағы уақытта қойылмақшы «Қыз Жібек» ескерткіші осы кинотеатрдың алдынан қоныс тепсе, бұл өте үйлесімді жасалған, зиялы қауымның пікіріне құлақ асқан тірлік болар еді.

Ендігі жердегі айтпағым, ұлы тұлға­лардың болмысын бедерлегенде жоға­рыдағы айтқанымдай, бір-бірінен аумай­тын ұқсастықтардан арылсақ деймін. Кейінгі кезде тұлғаларды орындыққа отырғызып, яғни жерге түсіріп бедер­леудің аса сәтті шыққаны болмаса, қайталау болып шығар еді. Оның үстіне біздің халықтың оны қабылдау мәде­ниеті де аса жетіліп кеткен жоқ. Сондай-ақ, оны үнемі бақылап, қадаға­лап отыратын күзетші де бар деп ойла­маймын. Сондықтан осындай ұқсастық, қайталаулардан аулақ болсақ деймін. Мысалы, Токиода Хатико деген итке қойылған ескерткішті Нұр-Сұлтанда қай­талағаннан не ұттық? Егер сол қай­талаулар сәтті шығып жатса бірсәрі. Таяуда келешекте Шәмшіге қойылатын ескерткіштің бір нұсқасына көзім түсті. Шәкен аға сияқты бұл кісі де темекісін тартып жердегі орындықта отыр. Шәмші орындықтың бір шетінде, бір шетінде домбыра тұр. Дұрыс қой, дом­быраға қарсылық жоқ. Алайда, Шәмші, өмірбақи мандолина тартқан адам екенін көпшілік біледі. Әнді мандолина, пианиномен шығарған. Демек, қисын жоқ. Айтпағым, ескерт­кіш шынайы шығуы үшін алдымен жүйелі түрде зерттеу жұмыстары жүргізілгені абзал немесе халық талқысына салу керек.

Қ.ӘДІЛ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *