Халық бірлігі – басты құндылық  

Әрбір халық өзінің этникалық мәдени кеңістігін, экономикалық саласын барынша үйлесімді етуге ұмтылып жатқан кезеңде Қазақстан да өзінің нақты стра­тегиялық бағдарларын анықтау үстінде. Рухани жаңғыру жолына түскен Қазақстан заманауи сын-қатерлерге қарсы тұрудың кілтін тапқандай. Еліміз өзінің бола­шаққа қадам жасаудың іргетасы ретінде халықтың бірлігін, біртұ­тастығын басты бағдар етеді. Бұ­рын ондаған жылдар бойға созы­латын тарихи уақыттың, тарихи үрдістің қазіргі таңда барын­ша үдемелі, сығымдалған, жинақтал­ған түрі көрініс беруде. Жаһан­дану заманының дүниеге алып келген ерекше келбеті де осында. Оның үстіне сапалы өзгерістердің маңызы әлеуметтік ортада барын­ша арта түсуде. Сондықтан ғылым мен білім­нің өндіріске, жеке адамның тіршілі­гіне жақындай түсетін, оған көме­гін тигізетін уақыты келді. Мәде­ниет пен дін, ғылым мен білім халықтарды бір-біріне жақында­татын рухани факторларға айнал­ғаны абзал.

Көптеген жылдар бойы осы салалардың бір-бірінен біршама алшақта болуы қоғамымыздың көптеген өзекті мәселелерін оңтай­лы кейіпте шешіп отыруына кедергі жасап келгені де белгілі. Енді осы мәселені алдымызда барынша маңыздандыра түсу қажеттілігі күтіп тұр. Қазақстан халқы қазіргі тарихи кезеңде өзінің көпэтностық әлемін барынша шығармашылықпен дамы­тып, қоғамды инновация­лық жолмен өркендетіп отырудың жолдарын іздеу үстінде. Қазіргі өзгер­мелі және бәсекелестікке толы заман бізді әрқайсымызды белсенді болуға итермелейді, праг­матизм ұстанымы алға шығып отыр. Тек өркениетті елдердегі прагматизмді көшірме жасай салуға да болмайды. Бұл бағыт­та әрбір ұлттың өзіндік ерекшелігі ескерілуі тиіс.

Әрдайым өзінің жаңа қыры­нан танылатын әлем, күнделікті өмірде тіршілік  ағымына  көпте­ген түзетпе­лер енгізіп жатады. Міне, осындай жағдайда барлық қазақстандықтар­дың басын бірік­ті­ріп отыратын,  қоға­мымызда ұлт­аралық келісімді орнықтыра­тын ұлттық идеяның маңызы зор. Ал енді экономикадағы, иннова­циялық дамудағы, әлеуметтік-мәдени іс-шаралар мен ғылыми ізденістерде басқаларға үлгі болу­ға тиісті Астана, Алматы, Шым­кент және Ақтөбе сияқты қала­лардың өркендеуіне арнайы тоқ­талып өткен жөн. Шын мәнінде осындай үлкен қалалар әр  түрлі аймақтардағы инно­ва­циялық дамудың, пәрменді қадам­дардың басты ошақтарына айна­луы тиіс. Үлкен қалалардағы көлік мәсе­лесі, әлеуметтік жағда­йы төмен жан­дарды қорғау, олар­ға қамқор­лық көрсету қарқынды даму жолына түскен ел үшін міндетті нәрсе.

Ежелден қазақ жетімі мен жесірін қорғауды өзіне парыз деп санаған. Онсыз «Мәңгілік Ел» идеясы өзінің діттеген межелеріне жете алмайды. Баршамыз жұ­мы­ла көтеретін жүк – Үкіметіміздің айғақтаған маңызды құндылық­та­рын, концептуалды бағдарла­рын әрбір азаматтың өз бойы­на сіңіре білу, әлеуметтік практи­када, кәсіби салада шынайы түрде қадамдар жасауға ұмты­луды насихаттау болып табылады. «Бірлік бар жерде тірлік бар» дейді дана халқымыз. Демек, барлық тіршілік­тің бастауы адамның дү­ниеге қаты­насына тікелей байла­нысты. Жар­қын болашаққа деген нақты сенім орныққан және рухани құндылық­тарын дәріп­теген қауымдастық қана басқа­лардың алдында қадірлі бола­ды. Міне, осындай жағдайда бір кеме­де келе жатқан тағдырлас жан­дар­дай ғұмыр кешу шындығы бар. Бүгінгі күннің ақиқаты осы деп түсінеміз.

Халық бірлігі мерекесі күні ел азаматтары ұлт пен ұлыстың өткен кезеңдегі тарихы мен оның сабақ­та­рын дәріптеп, әлемдік қауым­дас­тық тарапынан жоғары баға­ланған қазақстандық татулық пен келісімді әлемге паш етеді. Елі­міздің басты рухани құндылығы – қоғамдық келісім мен этносара­лық үйлесімді сақтау – Қазақ елі­нің алдында тұрған басты міндет. Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең маңызды рухани байлығы­мыз. Оны баға­лау, болашақ ұрпақтар үшін сақтау жолында аянбай еңбек ету әрбір Қазақстан азаматының қасиетті парызы болып табылады.

 

Серік НҰРМҰРАТОВ,

 ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты директорының орынбасары, философия ғылымының докторы, профессор.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *