ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖИЫНДАР АЛАҢЫ

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Елордамыз  өткен жиырма жылдың ішінде  әлемдік деңгейдегі  саясат пен эконо­мика, руханият саласындағы аса көкейтесті мәселелерді  талқылап, олар бойынша маңызды ұсыныстар жасап, шешімдер қабылдайтын халықаралық саммиттер мен конференциялардың, басқа да  басқосулардың алаңына айналды.

Қазақстанға кӨрсетілген құрмет пен сенім

Сөзімізді дәлелді болуы үшін еске түсіріп көрейік. 2010 жылы посткеңестік елдердің ішінен тұңғыш рет Қазақстанға ЕЫҚҰ (Еуропадағы  қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына)  төрағалық ету міндеті бұйырды. Бұл биік беделге ие айтулы ұйымының  елімізге көрсеткен құрметі мен сенімі болатын.

Осындай үлкен міндетті атқаруды өз жауапкершілігіне алған Қазақстан Респуб­ликасы  осы жылдың  1-2 желтоқсанында бұдан бұрынғы Стамбулда өткен конфе­рен­циядан он бір жылдан  кейін Астанада  ұйымның кезекті  саммитін  шақырды.

Астана саммитіне  38 елдің  мемлекет және үкімет басшылары, бір вице-прези­дент, жеті үкімет басшыларының орынба­сарлары, он төрт министр, т.б. лауазымды  адам­дар  мен өзге халықаралық және ай­мақ­­­тық ұйымдардың өкілдері келіп қатынасты.

Мәртебелі меймандар арасында ЕЫҚҰ-ның Бас Хатшысы Марк Перрен де Бришам­бо,  БҰҰ-ның  Бас Хатшысы Пан Ги Мун, Ресей Федерациясының Прези­денті Дмитрий Медведев, АҚШ мемле­кеттік хатшысы Хиллари Клинтон, Герма­ния Федеральдық Канцлері Ангела Мер­кель, Италия Премьер-министрі Cильвио Берлускони,  т.б. болды

Бас қосудың күн тәртібінде Еуро-атлантикалық және Еуразиялық кеңістік­тегі  тұрақты қауіпсіздік,  Ауғанстан жайы, адамзат қоғамы алдындағы бірқатар қайшылық-жанжалдарды шешу мәселесі  қаралды.

Саммит қорытындысында Астана дек­ла­рациясы қабылданып,  ЕҚЫҰ-ның Хель­синки актісінде және Жаңа Еуропаға арналған Париж хартиясында, Ұйымның өзге де құжаттарында бекітілген міндет­темелер, қағидаттар мен құндылықтар қуатталды.

Сондай-ақ, ЕҚЫҰ-нда белгіленген үш өлшем бойынша жұмысты жалғастыру,  ұйымға мүше мемлекеттер аймағында орын алып отырған қақтығыстарды реттеуге жұмсалатын күш-жігерді арттыру, адам  құқықтарын қорғау мен заңның үстемдігін қамтамасыз ету, жаңа қатерлерге лайықты түрде қарсы тұру  жолында Ұйым жұмысын жаңаша жолға қою  міндеттері белгіленді.

 

Әлемнің әр түкпірінен келген қатысу­шылар  Астана Саммитіне жоғары баға берді. Мәселен, ЕЫҚҰ-ның Бас Хатшысы Марк Перрен де Бришамбо Қазақстан елордасында қабылданған шешімдер ортақ қауіп-қатерлерге қарсы тұрудың біртұтас стратегиясын жасауға ықпал етеді десе, БҰҰ Бас Хатшысы Пан Ги Мун ЕҚЫҰ-дағы Қазақстан төрағалығының мейлінше табысты болғанын атап айтты. Ал АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон: «ЕҚЫҰ Саммиті Қазақстанның халықаралық қоғамдастықта айтарлықтай рөл атқаратынының айғағы» деді.

 

Осылайша  Астана  саммит  ЕҚЫҰ-ның  ұйымының  дамуындағы елеулі бір белес болып, оның жұмысын жаңа сапалық деңгейге көтерді. Саясаттанушылардың тілімен айтқанда: «еуропалық ортақ үйді» жаңадан жабдықтауға жол ашты.

2010 жылдың аяғында  Австрияның астанасы Венада ЕЫҚҰ-дағы төрағалық  ету кезегі Қазақстаннан  – Литва Респуб­ли­касына берілді. Осыған арналған салта­натты жиында Литваның ЕЫҚҰ жанын­дағы тұрақты өкілі Ренатас Норукас: «Қа­зақ­станның  төрағалық ету бізге жұмыс­ты қалай ашық жүргізу жөнінде көп нәрсе үйретті. Табысты түрде Саммит өткізілді. Онда қабылданған Декларация  алда атқарылатын жұмыстарға бағыт-бағдар берді», – деп  ағынан жарылды..

танымал тұлғалар тарапынан қызу қолдау  тапқан құрылтай

 

Осы сияқты кейінгі он бес жылдың көлемінде  Астанада  әрбір үш жыл сайын әлемдік және дәстүрлі дін басшыларының  съезі өткізіліп келеді. Ең алғашқы құрыл­тай жиын 2003 жылдың 23-24 қыркүйегінде өткізіліп, оның жұмысына  төрткүл дүние­нің әр елінен ислам, христиандық, иуда­изм, синтоизм, индуизм және буддизм діндерінің  беделді өкілдері қатынасты. 

Құрылтайдың ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде  Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мұндай жиынды өткізудің мақсаты: «дін көшбасшыла­ры­ның арасында  ашық та сенімді диалог­тар жүргізу, пікірлер алмасу арқылы халық­ара­лық ынтымақтастыққа  кең мүм­кіндіктер ашу, бүгінгі адамзат қоға­мындағы күш көрсету, экстремизм мен тер­роризм сияқты келеңсіз көріністерді болдыр­мауға  ықпал ету», –  деген түсінік берді.

Қазақстанда дін басшыларының  съе­зін өткізіп тұру идеясы сол тұста әлем­нің К.Аннан, Дж.Буш, М.Тэтчер, Цзянь Цземинь, Н.Манделла, Ж.д’Эстен секілді танымал тұлғалары тарапынан қызу қолдау  тапты. 

Съезге қатысушылар қазіргі таңдағы әлемдегі діннің рөлі мен кез-келген діннің негізгі моральдық құндылықтарының жал­пы­­адамзаттық сипаты төңірегінде ашық пікірлер алмасып, нәтижесінде  келешекте әлемнің үйлесімді негізі ретінде адамзат үшін бейбітшілік пен өрлеуді қам­тамасыз ету және барлық қоғамда тұрақ­ты­лықты сақтау бағытындағы бірлескен іс-әрекеттері туралы бірлескен декларация жарияланды.

Мұнан кейінгі бас қосулар да ІІ съезд – 2006 жылы 12-13 қыркүйекте,  ІІІ съезд – 2009 жылы 1-2 шілдеде,  ІV cъезд – 2012 жылғы 30-31 мамырда, V съезд – 2015 жылғы 10-11 маусымда – тағы да Аста­нада  өткізіліп, олардың әрқайсысында  бейбіт­шілік пен тыныштыққа, дінаралық татулық пен түсіністікке қатысты өзекті тақырып­тар талқыланып, тиісті құжаттар мақұл­данды.

Өткізілген  съездердің бәрі әлемдегі  барлық діндердің міндеті қазіргі замандағы міндеттердің:  рухани  бос қуысты және адамзаттың моральдық-адамгершілік құндылықтары дағдарысының қатерін еңсеру, кез-келген қоғамның еңбексүй­гіштік, адалдық және әділеттілік құнды­лықтары іспеттес жасампаздық бастаула­рын нығайту деген тәрізді ортақ арнада тоғысатындығын  байқатты. Және де діннің бітімгершілік күші кез-келген қоғам­дағы жанжал-қақтығыс­тардың, төзімсіздік пен радикализмнің алдын алуға мүмкіндік жасау екендігін  аңғартты.

Мысалы,  соңғы   V cъезде  пікірал­масулар «Бейбітшілік пен даму жолындағы диалог» тақырыбы төңірегінде өрбіп, дін көшбасшыларының адамзат алдындағы  жауапкершілігі, діннің жастарға ықпал, дін мен саясаттың  байланысы секілді мәселе­лер талқыланды. Соңында барлық дін басшы­лары мен саясат қайраткерлерін  ХХІ ғасырдың қауіп-қатерлерін  еңсеруге шақырған  Декларация қабылданды.

ықпалды халық­аралық алаңдардың бірі

 

Бұл айтылғандарға қоса, жыл сайын өткізіліп,  жаһандық мәселелерді талқы­лауға және шешуге арналатын  Астана экономикалық форумын да  халықаралық деңгейдегі  маңызды іс-шаралар қатарына жатқызуға болады

Бүкіл Еуразия кеңістігінде теңдесі жоқ бірегей бұл жиын әлемдік көшбасшы­лардың, халықаралық сарапшылардың, ғалымдардың, саяси және қоғам қайрат­керлерінің, түрлі қаржы институттары мен бизнес-қоғамдастықтар өкілдерінің басын қосып отырады.

Форум әлемнің 120 елінің ғалымдары мен практиктерін, әлем ойшылдарын, саясаткерлерді, халықаралық ұйымдарды, ғылыми-зерттеу орталықтары басшыларын және іскерлік орта өкілдерін біріктіреді.

Алғаш рет  2008 жылы өткен Астана фору­мы дүниежүзілік экономика мен қар­жы жүйесін оңалту және дамыту  мәселе­лерін талқылауға арналған ықпалды халық­аралық алаңдардың бірі мәртебесін иеленіп үлгерді.

Өткен уақыт аралығында Форумға 150 елден 43 мыңнан астам делегат қатысты. Жалпы көлемі 17,8 млрд. доллардан астам қаражат болатын 280 меморандум мен келі­сімге қол қойылды, Еуразиялық іскерлік конгресі, дүниежүзілік МЖК орталығы және Нобель сыйлығы лауреаттарының  Астаналық клубы құрылды.

 

Астана экономикалық форумында қабылданған ұсыныстар 2012 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының Пленарлық сессия­сында таныстырылды және БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның, БҰҰ Бас Ассам­блеясының 66-сессиясының Прези­денті Ан-Насердің, т.б. жоғары бағасына  ие болды.

 

Қазақстан Республикасының халық­аралық ұйымдармен бірлесіп бастама­шылық еткен және БҰҰ Бас Ассамблея­сының қолдауымен  өткен І Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференция 2013 жылғы VІ Астана экономикалық форумы­ның жалғасы іспеттес. Қорытынды оты­рыста Астана декларациясы және БҰҰ-ға мүше мемлекеттерге арналған Әлемдік Дағдарысқа қарсы Жоспар Жобасының негізгі бағыттары белгіленді.

ІІ Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференция 2014 жылы VІІ Астана экономикалық форумы аясында БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің қаржы, экономика ми­нистрлері мен орталық банктері басшы­ла­рының деңгейінде өтті. Форумның ая­ғында БҰҰ-ға мүше мемлекеттерге арнал­ған Әлемдік Дағдарысқа қарсы Жоспар Тұжырымдамасы бекітілді.

Бұдан кейінгі «Инфрақұрылым: эконо­ми­каның орнықты өсімінің драйвері» тақырыбына арналған сегізінші Астана экономикалық форумының жұмысы 2015 жылғы 22 мамырда өткізілді. Оған 3 мыңнан астам делегат қатысты.

 

әлемді таңдай қақтырған

маңызды оқиға

 

Жұртшылық әлі әсерінен арыла қойма­ған 2017 жылдың  10 маусым – 10 қыр­күйегі аралығында Астанада өткізілген  «Болашақ­тың энергиясы» тақырыбына арналған  халықаралық  ЕХРО-2017 көр­месі де  әлемді таңдай қақтырған маңызды оқиғалардың санатына жатады.  Көрмеге 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйымдар қатынасып,  қойылған экспонаттарды 3 млн. адам тамашалап  көрді.

Тақырыбына сай  EХРО-2017 көрме­сінде  әлемдегі ең үздік энергия сақтау тех­но­­ло­гиясына, күн, жел, теңіз, мұхит және термалды су тәрізді бүгінде бар баламалы энергия көздерін пайдаланудағы жаңа әзірлемелер мен жобаларға ден қойылды.  Көрме  өндірістік қуат пен ғылы­ми базаны технологиялық жағынан жаңғыртуға экономиканы жүйелі әрта­раптандыруға қуатты серпін берді.

Халықаралық EХРО-2017  көрмесі өткізілген үш айдың ішінде  еліміздің бас қаласы әлемнің түкпір-түкпірінен келген түрлі мәдениеттер үніне толып, күн сайын концерттер, шоу, ұлттық күндер және өзге де ойын-сауық іс-шаралары ұйымдас­тырылды. Шет елдерден келген қонақтар  аз уақыт ішінде бой көтеріп, сәулетті де сәнді қалаға айналған Астанаға сүйсінді.

 

сең бұзылып,

тоңның беті жібіді

 

Қазіргі таңда Сириядағы қанды қақты­ғыс пен дау-жанжалдың тезірек аяқталып, тыныштық пен тұрақтылықтың  орнауы бү­кіл бейбітшіл, прогресшіл адамзат  ал­дын­дағы маңызды  міндет  екені баршаға аян. 

Бұл іске Астананың  да  қосып отырған үлес айтарлықтай. Ол өзінің қонақжай төріне  кепіл болушы Ресей, Түркия және Иран мемлекеттерінің,  БҰҰ-ның өкілдерін,  Сирия билігі мен оппозициялық тарапты шақырып, келіссөздердің  қолайлы  өтуіне   барлық  жағдайларды  жасады.

Осының айғағындай өткен бір (2017) жылдың  ішінде Сирия  жанжалын реттеу бағытында Астанада сегіз  рет  (2017 жылдың 23-24 қаңтар, 15-16 ақпан, 14-15 наурыз, 3-4 мамыр, 4-5 шілде, 14-15 қыр­күйек, 30-31 қазан және 21-22 желтоқсан)  келіссөздер өткізілді.  Келіспеушілік пен қайшылық біржолата шешілмегенімен  іс біршама ілгері жылжыды.

Бұл орайда   сириялық журналист Басел Хадж Джасемнің:  «Астанада бір жылдан аз уақыттың ішінде  Женевада төрт жылда  жасалмаған іс атқарылды. Әзірше атыс толықтай тоқтатылды деп айтуға  болмас. Бірақ ахуал едәуір түзелді, қауіп­сіздік аймағында әскери қақтығыс бәсеңсіді», – деп айтқаны  көңілге қонады.

Өйткені, Астанада 2014 жылдан бері үш жыл бойына жүз көріспеген араз ағайын алғаш рет үстел басына отырды. Олардың  дау-дамайдың күш көрсету, яғни  қарумен емес, диалог, ымыра-келісім арқылы шешілетініне көздері жетті.

Әлемдік геосаясаттағы осынау бір қиын да күрделі түйінді шешу үшін келіссөздер алаңы ретінде Астананың таңдалуын тектен-тек емес еді.  Бұған көптеген халық­аралық мәселелердегі  әділетті де бейтарап ұстанымы­мыз,  соның алдында ғана  Ресей мен Түркия жанжалын реттеудегі ара­ағайындық жемісті әрекетіміз және де БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайлануымыздың  ықпал еткені   айдан анық.

Астанадағы келіссөздер барысында мәселе түбегейлі шешілмегенімен  сең бұзылып, тоңның беті жібіді. Кепіл болушы үш тарап: Ресей, Түркия және Иран  ортақ мә­лімдемеге қол қойып, Сирия Араб Рес­пуб­ликасының егемендігі мен біртұ­тастығы туралы идеяны мойындап, мақұл­дады. Жауласушы жақтардың атысты тоқ­та­тып, келіссөздерді жал­­ғас­тыруына, сөйтіп мә­міле  мен ымыраға келуілеріне ниет таны­тып, оны бақылаудың үш жақты меха­низмін құру жайында шешім қабыл­дады.

БҰҰ-ның Қауіпсіздік  кеңесі Аста­надағы Сирия келіссөздерін оң бағалап, халықаралық деңгейдегі көптеген саясат­танушылар мен сарапшылар  бейбітшілікке бағытталған  ілгері қадам және қазақстан­дық дипломатияның  жетістігі деп  атады

Бір ерекшелігі, Женевада Еуропаның ықпа­лы­мен Башар Асад билігіне қарсы­лық пен саяси талаптар күн тәртібіне қойылса, ал Астанада қарулы қақтығыс­тарды уақытша не түбегейлі тоқтатуы мәселесі қаралып, талқыланды.

Бірқатар қиындық, кедергілермен болса да, келіссөздер барысында Ресейдің бастамасымен  кепіл болушы: Ресей, Түр­кия және Иран  арасында Сирия жеріндегі оппозициялық қарулы топтардың қол астындағы: Идлиб, Алеппо, Латакия және Хомсте төрт қауіпсіздік аймағын құру жөнінде меморандумға қол қойылды. Осы құжаттың негізінде  бұл аталған аймақтар­да атыс пен қарулы қақтығыстар тоқ­таты­лып, гуманитарлық көмек, дәрі-дәрмектің жеткізілуіне, соғыстан бүлінген инфрақұ­ры­лымдарды  қалпына келтіруге мүмкіндік берілді. Тұтқындар алмастырылып, босқын­дар ерікті түрде  қайтару жайы қарасты­рылды.

Сирия келіссөздерінің сегізінші раун­дында төрт дэскалациялық (қауіпсіздік) аймағының жұмыс істеу деңгейі  қаралып,  кепіл болушы тараптар: Ресей, Түркия және Иран  ұсталған­дар мен тұтқындарды босату, қайтыс болған­дардың денесін беру, із-түзсіз жоғалғандарды іздестірумен айна­лысатын  жұмысшы тобы туралы  ережені бекітті, сондай-ақ,  бүкіл Сирия жерін, оның ішінде  ЮНЕСКО тізіміне енген  мәдени ескерткіштерді  миналардан тазар­тып, залалсыздандыру жөнінде  бірлескен мәлімдеме  жасалды.

 

Кезекті тоғызыншы раунд  биылғы 2018 жылдың 14-15 мамырында  әдеттегідей Астанада жалғасты. Кездесудің аяғында БҰҰ-ның Сирия бойынша арнаулы өкілі: «Біз Астанада қауіпсіздік аймағы  жөніндегі  тоғызыншы  пайдалы  кездесуді  өткіздік» дегенді айтып, кепіл болушы елдер Ресей, Түркия және Иранның  Сирия Конституция­сын  қарайтын комиссияны ұйымдастыру  әрекеттерін құптайтындығын мәлімдеді. Келесі кездесу Сочиде өткізілетін болып келісілді. Алайда, келіссөздер алаңы ретінде  Астананың маңызы  әлі де  жойылмайтындығы айтылды.

 

Орны бӨлек Астана

 

Енді бір айта кететіні, Ислам әлемі, күллі мұсылман мемлекеттері үшін де Астананың орны бөлек. Олай дейтініміз, Қазақстан Ислам конференциясы ұйымына 1995 жылы толық мүше болып қабылданған болса, 2011 жылдың 28-30 маусымында  Астанада  осы ұйымға мүше елдер Сыртқы істер министрлерінің  кезекті 38 сессиясы өтті. Мұнда болған ерекше  тарихи оқиға: ИКҰ (Ислам конферен­циясы ұйымы)  – ИЫҰ (Ислам ынтымақ­тастығы  ұйымы)  болып өзгертілді. Ұйым­ның құрылымында адам құқықтары жөнін­де тұрақты жұмыс істейтін комиссия құрылды. Алғаш рет ИЫҰ-ның Орталық Азиямен ынтымақтастық жөнін­дегі іс-әрекет жоспары жасалынды.

Астана сессиясына қатысушылар ислам­дық ұйым қағидаттарын жақтайты­нын тағы да қуаттап, оның алдағы жаңа даму жолдарын айқындап бекітті. Сонымен қатар, олар Қазақ­станға ЕҚЫҰ саммитін табысты өткізуге мүмкіндік берген айрық­ша жасампаз Астана рухы Сыртқы істер министрлері кеңесінің (СІМК) сессия­сында да ұйымды жаңарту үшін қолайлы ахуал қалыптастыр­ғаны туралы ортақ пікір түйінделді.

Қазақстан ИЫҰ СІМК төрағалығының 2011-2012 ж.ж. арналған тұжырымдамасы мен бағдарламасында көрініс тапқан басымдық­тарды біртіндеп және жүйелі түрде жүзеге асырылды. Оған қоса, ұйымға мүше мемле­кеттермен, ИЫҰ Бас хатшылы­ғымен және ин­ституттарымен бірлесе отырып, 2011 жылы VІІ Бүкіләлемдік Ислам экономикалық фору­мында және ИЫҰ СІМК 38-ші сессия­сында көтерілген өзара азық-түлікпен жәрдем­десу жүй­е­сін құру, шағын және орта бизнесті қолдау тетігін қалыптастыру, ИЫҰ өкілдерінің G20 және өзге де саммиттерге қаты­­суын қам­та­масыз ету жөніндегі Қазақ­станның баста­ма­ларын жүзеге асыру жұмыстары жүргі­зілді.

Қорыта айтқанда, осынау мәні мен маңызы зор халықаралық конференциялар мен кеңестер  арқылы  дүние жүзі Астана­ны ғана емес,  Қазақ­станды танып білді. Мұндай жиындар мен бас­қосулардың  әлі де талайы  болып,  Елорда­мыз­дың  мәрте­бесі мен абыройы асқақтай түсері хақ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *