Халықаралық деңгейде мойындалған марафон

14 мыңнан астам желаяқты қамтыды

Нұрлан СҮЙІН

 

22 сәуір күні Орталық Азиядағы ең ауқымды әуесқой спорт мерекесі – Халық­аралық қайырымдылық «Алматы марафоны» жетінші рет өтті. Ауқымды  салауат­тылық іс-шарасын Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек ашық деп жариялап, 14 мыңнан астам  әуесқой марафон жолына шықты. Халықаралық қайырымдылық марафонына  38 елден келген әуесқой желаяқтар қатысты.

 «Алматы марафонының» негізін қалау­шы, «Бірінші болуға батылдық» қоры қам­қоршылық кеңесінің төрағасы Ғалымжан Есенов: «Бүгін біз бірге жаңа жолды сынақ­тан өткіземіз», – деді мыңдаған қатысушыларға алғыс айтып.

Сонымен қоса, шараның салтанатты ашылуына Бас серіктестер – «Kaspі банк» Директорлар кеңсесінің төрағасы Вячеслав Константинович Ким, басқарма  төрағасы Миxаил Ломтадзе қатысты.

Дәстүр бойынша трасса 3 шақырым (10–14 жас аралығындағы балалар), 10 шақырым, 21,1 шақырым (жартылай марафон) және 42,2 (марафон) мен скандинавиялық жүруден 10 шақырым қашықтықтарына бөлінді.

– Қаланың спорттық шараларына деген қызығушылық арта түсуде. Биылғы қатысушылардың қатары өткен жылғымен салыстырғанда бір жарым мыңға көп. Тіптен, біз қатысуға ниет білдірушілерді тір­кеуді ерте аяқтауға мәжбүр болдық. Қаты­сушылар шегі тіркеудің ресми жабылуына бір жарым күн қалғанда толды. Біз көпші­лікті маусымдық старттарда да  көруге қуаныштымыз және спортшыларды тір­кеуді соңына дейін қалдырмауға шақы­рамыз, – дейді «Алматы марафонының» директоры Салтанат Қазыбаева.

Биыл бастапқы жарна балалар онкологиялық хосписіне және дамуында ерекшеліктері бар балаларға арналған екі мектепке беріледі. Осы бастапқа жарнадан түскен ақшаға спорт алаңдары тұрғы­зылып, спорт жабдықтары сатып алынады. Бұған қоса, қайырымдылық жарналарына серіктестер бөлетін қаржы да қосылады. Алматы марафонының ресми суы – A’SU бренді жүгіруден ең ауқымды шараға қатысушыларға пластик ыдыстар үшін арнайы жәшіктер дайындап қойды, барлық пластиктер қайта өңдеуге жібері­леді. Биыл әр бөтелкеден түскен 1 теңге ағымдағы қайырымдылық мақсатта­рына бағыт­талады.

Жарысқа спортшылар, үй шаруасын­дағы әйелдер, кеңсе қызметкерлері, сту­денттер, бизнесмендер, шоу-бизнес жұл­дыздары, топ-менеджерлер, күллі отбасы мүшелері мен корпорациялар қатысты. Алматы марафоны тек спорт сүйер қауым үшін ғана емес, бүкіл бір ұйымдар үшін де көптен күткен елеулі оқиға болып отыр. Экиден командалық эстафетасына биыл рекордтық 99 команда қатысты. Тек Sulpak компаниясының бір өзі 6 командасын қатыс­тырды. Компания жетекшілері де қалыс қалмай, өз әріптестерімен бірге жүгірді.

Марафонның басталуында сөйлеген сөзінде «Санофи Қазақстан» басқарма төр­ағасы Ранга Веларатне (Ranga Welaratne) былай деді: «Санофи үшін Алматы мара­фонына қолдау көрсету дәс­түрге айналды. Біз үшін бұл тек маңызды әлеуметтік жоба ғана емес, сонымен бірге үшінші жыл қатарынан қайырымдылық миссиясына үлес қосуымызға берілген мүмкіндік. Биыл Санофи жүгіру коман­дасы 80 адамнан тұрады және олар Empowerіng Lіfe деген ұранмен жарысқа қатысады. Бұл ұран компанияның өмірге ынталандыру, өмірге күш беру философия­сымен сәйкес келеді әрі Алматы марафо­нының жеңістер мен салауатты өмір сал­тына ынталандыру деген басты идеясымен үндес».

Жарыс мәресі мен марапаттау рәсімі Республика алаңындағы арнайы дайын­далған «Сөре-мәре қалашығында» өтті.

«Алматы марафонында» Марафон қашықтығын (42,2 км.) бағындырудан Михаил Красилов және Дана Айдосова абсолюттік чемпиондар атанып, 400 мың теңге көлемінде ақшалай жүлде алды.

Марафонның барлық қатысушыларына естелік медальдар табысталып, жеңімпаз­дарға медаль, дипломдар және серіктес­тердің атынан сыйлықтар берілді. Марапат­таушылар арасында Алматы марафонына ғана емес, барлық маусымдық жүгіру сайыстарына қолдау көрсетіп келе жатқан Орифлейм компаниясы, сонымен бірге «Under Armour» спорттық киімдер бренді және т.б. болды.

Керек дерек

Марафон серіктесі АSU  бренді 40 тонна сумен қамта­масыз етті.

«Алматы марафоны» Халық­­аралық марафондар мен жүгі­рулер Ассоциа­ция­сында (АІМS) тіркеліп, халықаралық мара­фондар күнтізбесіне енген.

Қайырымдылық марафо­ны­нан түскен қаржы Алматыдағы балалар мекемелеріне аудары­лады.

Аида АБДУЛЛАЕВА,

банк қызметкері:

Салауаттылық бағдарламаларынан қалмаймыз

21 сәуір – менің туған күнім. «Алматы марафонымен» сәйкес келген жеке мерекеме өзіме салауатты сыйлық жасадым, 21,1 шақырымға жүгірдім.

Халықаралық марафонға алғашқы рет қатыссам да, мәреге топтың орта­сында жетіп, медалімен марапатталдым.

Бұдан былай дәстүрлі «Алматы марафонына» отбасымызбен қатыссақ деген ойдамыз.

Алматылық жас отбасы ретінде мегаполис әкімдігінің салауаттылық бастамаларына қолдау көрсетіп, қаладағы спорттық іс-шараларға қатыссақ дейміз. Осы мақсатта жолдасым Досәли екеуміз велосипед те сатып алғанбыз. Енді дәстүрлі велошеруге де тұрақты қатыссақ жақсы болар еді.

Кішкентай ұлымыз Сұлтанәлиді де осы бағытта тәрбиелейміз деп ойлаймын.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close