Халыққа ең көп қызмет көрсететін орган
Әділет органдары цифрландыру бағдарламасын ерекше жүзеге асырып келеді

Серік ЖҰМАБАЕВ
Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Мемлекеттік қызметті құқықтық қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі негізгі басымдықтар» тақырыбында баспасөз конференциясы болып өтті. Оған Алматы қаласы Әділет департаментінің басшысы Гүлнар Ахметжанқызы, оның орынбасары Берікбол Аманұллаұлы, департаменттің ұйымдастыру-талдау жұмысы бөлімінің басшысы Наурыз Ташенов, Ауыртпалықтарды тіркеу және мұрағаттау бөлімінің басшысы Жарқын Өтегеновтер қатысып, аталмыш мекеменің атқарып отырған жұмыстары төңірегінде әңгіме өрбітті.
Айта кетейік, барлық мемлекеттік органдардың ішінде алғашқылардың бірі болып Әділет органдары мемлекеттік қызмет көрсетуді автоматтандыра бастады. Осының арқасында бұрынғы әкімшілік кедергілер барынша азайды, қызмет көрсету рәсімдері, олардың қолжетімділігі және ашықтығы айтарлықтай ықшамдалды, азаматтардың шенеуніктермен тікелей қарым-қатынасын азайту есебінен мемлекеттік органдардың қызметінде сыбайлас жемқорлық жағдайлары мейлінше азайды. Нақты дерекке сүйенетін болсақ, соңғы бір жылда қалалық Әділет департаменті қызметкерлерінің ешқайсысы сыбайлас жемқорлықпен жауапкершілікке тартылмаған. Бұл – өте қуантарлық жағдай. Оны осы баспасөз мәслихатында бізге Алматы қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары Берікбол Аманұллаұлы жеткізді.
– Біз қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлыққа қатысты үгіт-насихат жұмыстарын ұдайы жүргізіп тұрамыз. Апта сайын, тіпті күнделікті әрбір қызметкермен семинар сабақтар жүргіземіз. Сондықтан Алматы қаласы бойынша Әділет органдарында бірде-бір қызметкер сыбайлас жемқорлыққа қатысты жауапкершілікке тартылған жоқ, – деді ол.
Негізі, Әділет министрлігі халыққа ең көп мемлекеттік қызмет көрсететін мемлекеттік органдардың қатарына жатады. Аумақтық әділет органдары 19 мемлекеттік қызметті көрсетуде. 2017 жылы әділет органдары 15,5 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсеткен. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда, 28 пайызға артық. Көрсетілген қызметтердің ішінде қызметтердің басым бөлігін – 250 889 қызметті Алматы қаласы Әділет департаменті көрсеткен.
Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру – мемлекеттік қызметті дамытудың басты басымдықтарының бірі болып табылады. Олардың бір бөлігін азаматтар қазірдің өзінде электрондық форматта, тағы бір бөлігін – алдағы жылдардың ішінде ала алады. Бұл бағыттағы жұмыс ҚР Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» (2017 жылғы 31 қаңтардағы) Жолдауын орындау мақсатында жүргізілуде. Сонымен қатар, бұл туралы Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері» (2018 жылғы 10 қаңтардағы) Жолдауында да айтылған.
– Жуырдағы Жолдауында Елбасымыз Қазақстанның алдына қойылған 10 маңызды міндет туралы айтқан болатын. Мемлекеттік басқарудың тиімділігін жақсарту, әр түрлі құжаттарды (еңбек кітапшаларына дейін) алуды цифрлау және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін біріктіру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген. Осылайша жеке тұлғалар мемлекеттік қызметтерді үйден шықпай-ақ ала алады. Ал заңды тұлғалар көптеген ведомстволарға бару қажеттігінен құтылып, қажетті құжаттарды «бір терезе» және «бір өтініш» принципі бойынша алу мүмкіндігіне ие болды, – деді Алматы қаласы Әділет департаментінің басшысы Гүлнар Ахметжанқызы.
Алдағы уақытта аумақтық әділет органдары ұсынатын тағы 10 мемлекеттік қызмет автоматтандырылуы мүмкін. Олардың ішінде 10 мемлекеттік қызмет – заңды тұлғалар желісі, ал 6 мемлекеттік қызмет – заңды тұлғаларды ұйымдастыру желісі бойынша автоматтандырылмақ.