Халыққа қандай әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілуде?

Әсел ДАҒЖАН
Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Рахат Шимашева кеңінен мәлімет берді.
– Алматы қаласы аумағында төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты қала халқының осал топтарына жан-жақты әлеуметтік көмек көрсету жұмыстары жалғасуда. Арнайы қаражат республикалық және жергілікті бюджеттен, сонымен қоса «Birgemiz» және «Жаңа Алатау» қоғамдық қорларының есебінен бөлінуде. Бұларға қоса аудан әкімдіктерінде ірі кәсіпкерлер де қолдау көрсетуде. Бір айдан бері біздің басқармада арнайы call-орталық жұмыс істеуде. Карантин басталғалы оған 11 мыңнан аса қоңырау түскен. Яғни мүмкіндігі шектеулі адамдардан – 4420, көпбалалы аналардан – 1390 сұрақ, зейнеткерлерден – 3324 сауал түссе, 2080 сұрақ әртүрлі топтағы тұрғындардан қабылдадық, – деді басқарма басшысы.
Осы уақыт ішінде Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының байланыс орталығына 5825 сұрақ келіп түскен. Олардың басым көпшілігі, яғни 50-60 пайызы – азық-түлік себетіне қатысты болса, қалған 30 пайызы 42500 теңгені қалай аламын деген мәселеге тиесілі.
Сонымен қатар, Open Almaty орталығына – 5193 сауал түссе, «Nur Otan» партиясы 196 сұрақ қабылдаған.
Айта кетейік, «Жаңа Алатау» қоры мен «Nur Otan» партиясының демеушілік қаражаты есебінен мұқтаж адамдарға азық-түлік себеттері мен санитарлық-гигиеналық қоржын түрінде де әлеуметтік көмек көрсетілуде.
Бүгінгі күні 5,5 мыңға жуық адам осындай себеттер мен жиынтықтарды алып үлгерген. Олардың қатарында үйіне барып қызмет көрсетуге мұқтаж жалғызбасты зейнеткерлер, 2019 жылдың аяғынан АӘК алушы, бірақ 2020 жылдың жаңа талаптарына сәйкес келмейтін азаматтар, сонымен қатар, сенім телефонына хабарласқан басқа да мұқтаж жандар бар.
Айта кету керек, бұл көмек нақты мұқтаж адамдарға Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша қалалық іс-шаралар жоспарының 23-тармағына сәйкес көрсетіледі.
Елбасының бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоғамдық қоры халықтың әлеуметтік осал тобына жататын 23 мыңнан астам адамға 50 мың теңгеден төлеуге шамамен 1,2 миллиард теңге бөлуді жоспарлап отыр.
Осылайша, 1-топтағы мүгедектер, мүгедек баланы күтумен айналысатын ата-аналар сияқты көмекке зәру жандар «Birgemiz» қорынан және 2 АЕК мөлшеріндегі төлемдер секілді әлеуметтік көмектің бірнеше түрін алады.
Төтенше жағдай кезінде жекелеген санаттағы адамдарды әлеуметтік қамсыздандыру тәртібі бекітілген болатын. Бүгінгі күні оларға кемінде 2 АЕК түрінде әлеуметтік көмек көрсетілді.
Республикалық бюджет қаражатынан 43,8 мың адамға 244,1 млн.теңге төленген.
Еңбек министрінің бұйрығына өзгертулер енгізілуіне байланысты ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген 3-топтағы мүгедектерге қосымша 140 млн. теңгеге 2 АЕК мөлшерінде төлем төлеу жоспарлануда.
Төтенше жағдайдың енгізілуімен кірісін жоғалтқандарға әлеуметтік төлем төлеу туралы Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында құжаттар қабылдау, сондай-ақ түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Табысынан айырылған 6 мыңнан астам қала тұрғыны Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 1 ЕТЖ мөлшерінде (42,5 мың теңге) әлеуметтік көмек алды.
Жалпы, осы жәрдемақыны алу үшін бүгінгі күні 67 мыңнан астам өтініш келіп түскен, қамтылған адамдардың саны – 83 мың.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *