ХАЛІҢ ҚАЛАЙ, ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК?

1720«НұрОтан» партиясы Алматы қалалық филиалының мәжіліс-залында мемлекеттік және құқық қорғау органдары басшыларының қатысуы­мен Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қалалық Қоғамдық кеңестің отырысы өтіп, онда шаһар шаруа­шылығына қатысты бірқатар өзекті мәселе талқыға салынды.

Айнабай МӘДИ

Жиынды партияның қалалық филиалы жанындағы Қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары Рүстем Қайдаров жүргізіп отырды. Аталған басқосудың басты тақырыбы – Алматы қаласының қоғамдық көлік жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық әрекеттердің алдын алу жөніндегі жұмыстар жайлы болып, шаһардың қайнаған шаруашылығы қақында жан-жақты пікірталас өрбіді. Алматы қалалық Жолаушылар көлігі бас­қармасының басшысы Талғат Әбді­рах­манов жиылған қауым алдында есеп берді.

Бұдан соң шаһардың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы жемқорлыққа қарсы жұмыс жайы қаралып, басқарма басшысы Қайрат Нұрқаділовтің есебі тыңдалды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылықты жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі комиссия жұмысы жайлы сөз болды. Осы отырыста партияның Әуезов аудан­дық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің жұмысы, қалалық Денсаулық сақтау басқармасының қызметін талдау қорытындысымен жасалған қоғамдық кеңестің был­тырғы 5 желтоқсандағы қаулысын жүзеге асыру туралы айтылды.

Осы күні Алматының тыныс-тіршілігін көліксіз көз алдыға елестету әсте мүмкін емес. «Көліксіз – күнің қараң», – деген сөз де тап осы біздің шаһарға қаратыла айтылса керек. Бұрындары «қарбалас сәт» ертеңгілік пен кешкі уақытқа қатысты болса, енді бұл қалада тап-тал түсте де көлік кептелісіне кезігесіз. Ендігі әңгіме ауаны – жолаушылар тасымалдаумен тікелей айналысатын осы бір басқармадағы әкімшілік, тәртіптік сыбайлас жемқорлық құқықбұзу­шылыққа деген төзбеушілікті қалып­тастыру, оны сақтаудағы жұмыстар.

Жемқорлыққа жол беріліп, сыбай­ластық белең алған жерде аса ма­ңызды рөлге ие қалалық қоғамдық көліктердің жүйелі жұмыс істеп, алматылықтар мен қала қонақтарына сапалы қызмет көрсету мүлде мүмкін емес. Мынадай жағдайда келешектің ілкімді ісі – бірыңғай электронды билеттендіруге қалайша жедел қадам басамыз? Енді, автобус парктеріндегі кем-кетік орнына келтіріліп, «Ал­маты­электротранс» ЖШС мен «Метрополитен» КМК жұмыстарына да бақылау күшейтілуі керек.

Жолаушылар көлігі басқар­масында жеке және заңды тұлғалар­дың арыз-шағымдарын қарау мен оларды қарау мерзімінің сақтал­мауында бірқатар олқылықтар бары анықталды. Сондай-ақ, әлеуметтік маңызға ие шығынды аялдамалық кешендерге субсидия беруге мони­торинг жүргізу мен тиісті өкілетті мемлекеттік органдарға ұсыныс енгізу мәселесі – көңілге қонымды. Қоғамдық кеңес мүшелері аялдама­лық кешендерді тәртіпке келтіру, олардың тиісті стандарт пен ережеге сәйкес келуіне қатысты мәселелерді ортаға салды.

Алқалы жиында назарға алынған мәселенің бірі – қала магистральді жолдарындағы көлік ауыртпалығын азайту мен қала аумағына сырттан кіретін көліктерді қысқарту. Бас­қарма басшысы Т.Әбдірахманов қала шекарасында (солтүстік, шығыс пен батыс) 3 автобекеттің құрылысы басталып, қажетті дайындық жұмыс­тарының жүргізіліп жатқанын мәлім етті. Жиын кезінде Алматы қалалық мәслихатына шаһар жолаушылар көлігінің әлеуметтік маңызды бағыт­тарының тізімі ұсынылды.

Бұл күнгі жиында Қоғамдық кеңес мүшелері тиісті басқарма басшылығынан қаладағы қоғамдық көліктерді, соның ішінде, автобус­тардың кімдердің жүргізетінін, қалай жүргізетінін сұрады. Шыны керек, Алматы көшелерін ойқастай жүретін автобус жүргізушілерінің біразы адам тасымалдап жүргендей емес, отын тасып жүргендей әсер қалдырады. Әу баста-ақ сол жүргізушілердің алматы­лықтар еместігі аян болған. Алматы – провинциялық орталық емес, 2 млн.-дай тұрғыны бар мегаполис, әйдік шаһар. Сондықтан, жүргізуші қала жолдарын жатқа біліп, әр жолдағы қозғалыстың өзіндік ерек­шелігін жадына мұқият түюі тиіс.

Басқарма басшысы алматылық жүргізу­шілердің жалақысы аз жұ­мысқа жоламайтынын айтады. Автобус жүргізушілерінің басым бөлігі – Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан мен Алматы облысынан келетіні мәлім болды. Осы топтың арасынан Шығыс Қазақстан мен Қызылорда облысы­нан келген автобус жүргізу­шілері де қылаң береді.

Қоғамдық кеңес мүшелерін авто­парктердің байқауда (конкурс) бағыт­ты (маршрут) жеңіп алуы, байқаудың өтуі қызықтырғандай. Кеңес мүшелері техникалық мүмкін­дігі жетімсіз, жолаушыларға қызмет көрсетуі нашар, жол қозғалысы тәртібін жиі бұзатын автобус парк­терін лицензия­дан айыру қалай жүргізілетінін сұрағанда, қарсы тараптан жарытым­ды жауап болмады. Осы орайда, автобус жүргізушілерінің алдымен жеке басының мәліметі анықталып, мекен-жайы бойынша қайдан келгені нақтылануы қажет­тігі сұралды.

– Автобус жүргізетіндердің арасында қала жағдайын жақсы білетін алматылықтардың аз екені рас. Сондықтан, жан-жақтан келіп жатқан автобус жүргізушілері үлкен қаланың жол жағдайына бейімделіп, қысқа мерзімді курстан өтуі тиіс, – деді Қоғамдық кеңес мүшесі, қалалық мәслихат депутаты Құсман Шалабаев.

Өзі де кезінде автопаркте жұмыс істеп, «КаМАЗ» жүргізіп, алыс-алыс бағыттарды шарлаған Құсекең жөн айтады. Осы күні, Алматыда кім көрінген автобус жүргізетіні мәлім болған шақта, бұл ұсынысты қалай құп көрмессіз?

Білдей бір басқарманың тәртіп бұзған автобустарды тізгіндеген автопарктерге қатаң шара қолдана алмай, шарасыздық танытуын қалай түсінуге болар? Құр ескертуден аса алмаған Алматы қалалық ІІД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұрлан Алмасбеков те заңдылықтың орындалуын қадаға­лайтын құзырлы орган – прокура­тураға қарай қол сілтейді.

Алматы қалалық Жолаушылар көлігі басқармасының мәліметтеріне көз жүгіртсек, шаһар бағыттарында жолаушы мен жүк тасымалдайтын 21 тасымалдаушы бар екен. Солар­дың қарамағына 1619 автобус, 17 трамвай, 215 троллейбус пен метро вагондарының 7 құрамы кіреді. Қозғалыс құрамының үлкен бөлігін құрайтын автобустардың пайда­ланылғанына 5 жылдан аспағаны – 65 пайыз, 12 жылдан аспағаны – 19 пайыз, қалғаны – пайда­ланыл­ғанына 12 жылдан асқан автобус­тар.

КЕРЕК ДЕРЕК

  • Алматыда 123 бағыттық (маршрут) желі бар. Соның 110-ы – автобустық, 11-і – троллейбустық, 2-еуі – трамвайлық бағыт.

  • Жолаушылар көлігі басқармасында 29 қалалық, 11 қалааралық және облысаралық бағыттарға қызмет көрсету құқығы бойынша 4 байқау (конкурс) өткізілген. Байқау нәтижесінде 14 қалалық бағытпен келісім-шарт жасалған. Қалған бағыттарға қосымша байқау өткізілмек.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *