Халал сөзі тек азық-түлікке қатысты қолданылады

Бүгінде Алматы көшелерінен жиі көзге түсетін жазудың бірі – Халал сөзі. Халал асха­на, халал самса, халал ет, тіпті ара-тұра халал монша мен халал такси дегенді де көріп жүрміз. Халал ет дегенімен келі­суге болатын шығар, бірақ халал моншасы несі деп сұрақ-жауабы аралас оймен сіз де оқып өте шыққан шығарсыз? Осы мәселенің мәнін ашып, тарқату үшін біз бүгін Қазақ­стан Мұсылмандары діни басқармасы «Халал даму» ЖШС директорының орынбасары Әнуар Елжановпен телефон арқылы сөйлескен едік.

Халал – рұқсат етілген деген мағынаға ие. Бұл сөздің ауқымы өте кең. Егер халал сөзін етке қатысты айтар болсақ, қасапшы адам мұсылман, христиан не еврей дін өкілінен болуы керек. Осы үш дін өкілінен өзге адамдардың сойған малының етін жеуге шариғат рұқсат етпейді. Ол өлек­сенің үкімінде болады. Құран аяттарына көз жүгірсек, «Мәида» сүресінің 3-аятында: «Сендерге: өлексе, аққан қан, доңыз еті және Алладан басқаның атымен бауыздалған мал харам қылынды» делінген.

Бірақ тағы бір ескерерлігі, қасапшы «Бісміллә», «Аллаху әкбар» деген сөзді айтқанымен, ол өзі атеист немесе жоғарыда айтқан үш дін өкілінен болмаса, оның сойған малы өлексемен бірдей. Сондықтан ет өнімдерін аларда Қазақстан мұсылман­дары Діни басқармасы деген жасыл түсті мөр басылған сертификат сұраған абзал.

Ал халал монша деген тіркес діни тұрғыда мүлде дұрыс емес. Халал сөзі тек азық-түлік өнімдеріне ғана қолданылатын атау, оны моншаға, ақша айырбастау пунктіне, таксиге телу өрескел қате. Ал шариғат талаптарына сай қызмет ететін монша десе дұрыс. Бұл жағдайда оның өзін­дік талаптары бар. Мәселен, ер-азаматтар моншасында жуынатын ер-азаматтардың кіндік асты мен тізе астына дейін әурет жерлері жабық болуы тиіс. Одан бөлек, ол моншаның ішінде темекі тартылмайды, ішімдік мүлде сатылмайды. Осындай қоғам­дық моншаларға мұсылман әйел кісілердің баруы дұрыс емес. Себебі, исламда әйел баласы өте құрметтелген. Сондықтан мұсылман әйелдің әурет жерлеріне мұсылман емес әйелдің қарауы бөтен еркектің қарауымен бірдей үкім беріледі. Егер ол қоғамдық монша шариғат талаптарына сай қызмет ететін монша болса, ол жерге мұсылман әйел кісілерден басқа әйелдер кірмейтін болса, сол жағдайда ғана баруға болады. Халал қонақ­үй емес, шариғат талаптарына сай қызмет көрсететін қонақүй деген тіркес дұрыс. Ондай қонақүйде құбыла бағытын нұсқай­тын белгі болуы керек, әр бөлмеде жайнамазы, Құраны, дәрет алатын аспаптары болуы шарт.

Мәселен, бір асхана халал деген жазу іліп қойды делік. Бірақ ол талаптарға сай емес. Бұл жағдайда сол асханадан тамақ ішкен адамдардың обал-сауабын сол асхана қожайыны көтереді. Сондықтан қандай кәсіппен айналыссақ та адал болғанымыз өзімізге екі дүниеде де абырой болмақ.

Тағы айта өтерлігі, кішкентай балалар йогуртты жақсы көріп жейді. Егер йогурт­тардың құрамында Е120 деген қоспа болса, оны тұтынуға болмайды. Өйткені, ол жәндіктерден алынатын қан. Сондықтан ол йогуртқа күлгін түс береді. Шариғи тұрғыда қан халал емес. Желатин қосылатын тамақтар да бар. Желатин малдан алынуы мүмкін, химиялық жолмен алынатын да желатин бар немесе оны алмастырғыш болады. Малдан алынатын желатиннің ең көбі доңыздан алынады. Себебі, алыну жолы жеңіл әрі арзан. Сондықтан дүкенге барғанда өнімнің құрамына көз жүгіртіп, сақтық танытса­ңыз, балаларыңыз бен денсаулығыңыз үшін сақтық танытқан болар едіңіз.

Сөзімізге тұздық болсын, Алла елшісі (с.а.с) түр-әлпеті лас бір кісінің қолын жайып: «Уа, Раббым! Уа, Раббым!» деп дұға етіп отырғанын көреді. Сол кезде: «Бұл кісінің жегені – арам, ішкені – арам, кигені – арам, араммен қоректеніп жүр. Енді мұның дұғасы қайдан қабыл болсын?»  деген. Пайғамбарымыз (с.а.с): «Дұғала­рыңның қабыл болғанын қаласаңдар, адал аспен қоректеніңдер. Кейбіреулер харам жейді, харам киеді. Сонан соң көкке қолын жайып дұға етеді. Мұндай кісінің дұғасы қалай қабыл болсын?» деген екен.

Айта кетейік, Алматыда халал стандар­тына сәйкес қызмет көрсететін 80 өндіріс орны бар.

Біз бүгін ҚМДБ «Халал даму» ЖШС-ның сараптамасынан өткен шұжық өнімдерінің тізімін беріп отырмыз.

«Халал ет» ЖШС – сауда белгісі «Халал сұлтан», «Ақ-Ниет» ШҚ – сауда белгісі «Ақ ниет», «Ансар халал» ЖШС – сауда белгісі «Ансар Халал», «АРАЙ – EAST FOOD» ЖШС, «ПИР» ЖК – сауда белгісі «Рамазан», «AL’BA Foods Company» ЖШС – сауда белгісі Ал-Хан, ИП «БАТЫР­ХАН», «Талғар-Ет» ЖК – сауда белгісі «ASAD», «Алатау-құс» АҚ, «Тандем W» ЖШС, «Сұлтан» ЖК, «САПАЕВА ШОИРА» ЖК, «NS» шұжығы,  «Қарқын-2030» ЖШС және «Мұрагер» ЖК.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *