Халқымыз үшін үлкен берекенің бастауы болмақ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік баста­масы» атты Үндеуін халыққа насихаттау мақсатында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Омархан Нұртайұлы Өксік­баев Алматыға келді. Қалалық мәсли­хаттың хатшысы Қалдыбай Қазанбаев төрағалық еткен жиынға «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы­ның баспасөз хатшысы Қайым-Мұнар Табеев, Қазақ қатынас жолдары уни­верситетінің ректоры Амангелді Омаров және аталған оқу орнының оқытушы­лары мен студент-жастары қатысты.  Әуезов ауданында орналасқан Қазақ қатынас жолдары университетінің мәжіліс залында өткен жиында халық қалаулысы үндеуде айтылған бес басым бағыттың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, кең көлемде түсінік берді.

–       Баянды болашаққа тың серпін беретін бұл игі бастамалар мемлекеттік бағдарламалардың жарқын жалғасы деп қабылдаймыз. Жарияланған «Бес әлеу­меттік бастаманың» әрқайсысы біздің халқымыз үшін үлкен берекенің бас­тауы болмақ. Әрбір отбасының баспа­налы болуына бар мүмкіндікті жасауға мән берілген бірінші бастамасында, ендігі кезекте үй алу үшін несие өсімі­нің мөлшерлемесі қазіргідей 14–16 пайыз емес, «7—20—25» бағдарламасы бойынша ипотекалық несиенің жылдық мөлшері 7 пайыздық мөлшерден аспайтын болады. Мұндай маңызды міндеттерді жүзеге асыру үшін Ұлттық Банктің, екінші деңгейлі банктер мен қор нарығының мүмкін­діктерін іске қосу керектігін Елбасы түсінікті болатындай етіп бағамдады, – деді Омархан Нұр­тайұлы.

– Ал еңбекақысы төмен қазақстан­дықтарға едәуір қолдау көрсету жағы екінші басымдықта айтылды. Бұл да жағымды жаңалық. 2019 жылдан бастап азаматтардың еңбек жалақысының салық жүктемесі 10 есе азайтылуы, ай сайын бір пайыздық мөлшерде салық төлеуі ұсынылды.

Білім алуға қолжетімділікті арттыру бағытында ел үшін жақсы жаңалық үшінші басымдықта жария етілді. 2018-2019 оқу жылында студенттерге арнал­ған гранттардың өзі адам капиталы сала­сына елеулі серпін беретініне сенім­діміз. Екі жыл аралығында қазіргі жыл сайын бөлінетін 54 мың гранттың үстіне 20 мың грант қосылғалы отыр. Оның 11 мыңы жаңа экономикаға қажетті тех­никалық мамандар бойынша бакалавр­лық білім беруге тиесілі. 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемін­де 75 мың орындық жатақхана салуды тапсырды. Осылайша жатақхана тапшы­лығы мәселесі біржола шешілмек. Түптеп келгенде, бұл маңызды шешім бәсекеге қабілетті мамандарды даяр­лауға жол ашады, – деп жалғастырды сөзін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.

Жиын соңында Қазақ қатынас жолдары университетінің ректоры Амангелді Омаров адамның өмір сапасын жақсартуға арналған Елбасы­ның Үндеуін халыққа, оның ішінде студент-жастарға насихаттап келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Омархан Нұртайұлы Өксікбаевқа елдің атынан алғыс айтты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close