«Халқым менен де биік»

деген қазақтың көрнекті ғалымы, Ұлттық Ғылым академиясының негізін қалаған академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына — 115 жыл, өмірден өткеніне — 50 жыл толды190

Ғылым ордасы» респуб­ликалық мемлекеттік кәсіпорны мен Қ.И.Сәт­­­баев мемо­риалдық му­зейі бірігіп, көрнекті қазақ ғалымы,  қоғам қайраткері, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевты  еске алу кешін өткізді. Іс-ша­ра Қ.И. Сәтбаевтың туылғанына — 115 жыл, өмірден өткеніне — 50 жыл толуына   бай­­­­ланысты ұйымдастырылды. Кешке    ұлы  тұлғаның   туғандары мен жақындары, шә­кірт­­тері, көзін көрген замандастары және Ұлттық Ғылым академиясының ғалымдары  мен академиктері   қатысты. Жиналғандар  ға­­лымның өмір жолы мен қызметі жайлы әңгіме шертіп, оның  адами қасиеттерін еске алды.

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

Алғашқы сөз кезегін алған Ұлттық Ғылым академиясының академигі Әбді­мәлік Нысанбаев: «Қаныш Имантайұлы туралы  әңгіме айту әрі  қиын, әрі оңай.  Қиын болатын  себебі — ол ғұлама тұлға.  Оңай дейтін себебім — ол кісі жайлы талай кітаптар жазылды.  Кезінде Қазақ КСР Ғылым академиясының негізін қалаған Қаныш Сәтбаев болды.  Сондықтан біздің Ұлттық Ғылым академиясын   Сәтбаев ака­демиясы деп айтсақ болады.  Қазіргімен салыстырғанда 60-жылдары кітапхана­ларда білімге құштар жастардың көптігі­нен орын болмайтын. Сондықтан болар, сол кезеңде көп ғалымдар шықты. Жас ға­лымдар буынының қалыптасуына  Қаныш Сәтбаевтың  қолдауы тікелей ықпал етті. Ол кісі халқының шын жанашыры  болды. Англияға  барған сапарында У. Чер­чилльдің: «Сіздің елде қазақтардың бәрі сіздей биік пе?» деген сауалына: «Ол не дегеніңіз, халқым менен де биік»  деп жауап берген екен. Жалпы, ұлы адамдар бір ғана ғы­лыммен  шектеліп қалмай, әр саланы зерт­теген.  Қаныш Сәтбаев геология сала­сынан да басқа ғылымдарда өз  ізін қал­дырған ғалым болды.   1948 жылы «Қазақ­стан астанасын  Ақмола қаласына  көшіру керек» деген тұжырым жасап, оның жан-жақты тиімділігін дәлелдеді.  Қорқыт баба­мыз: «Өлмейтін адам, сынбайтын темір бол­майды, сондықтан адам артына өшпейтін із қалдыруы керек» деген екен. Қаныш аға­мыз да  халқына  жасаған  қызметі арқы­лы артына   өшпейтін із қалдырды.

Ұлттық Ғылым академиясының акаде­мигі Назарбай Қадірұлы: «Қаныш Сәт­баев­тың Қазақстанға сіңірген еңбегі зор. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде кеңес еліндегі зауыт-фабрикалар немістердің қолында қалды. Жағдайдың аса  ауыр­лығына қарамастан Қаныш Сәтбаев бас­таған қа­зақ ғалымдары кен өндіру ісін бастап кетті. Осындай қиын жағдайда ұйымдастыру жұмысына басшылық етіп, бел шеше араласуы ұлыларға тән көреген­діктің белгісі еді. Жалпы, Қаныш Сәтбаев­тың  үлгісі сол кездегі жас қазақ  ғалымда­рына  өшпес өнеге болды» деп атап өтті.

Ұлттық Ғылым академиясының ака­демигі Жолдымұрат Оралбаев: «Ол кісіні 1957 жылдан бері білемін. Сол жылдары фи­зика институтына түскен едік. Жатақ­ханадан орын тимей, Қаныш ағаға бардым. Ол кісі кабинетінде орнынан тұрып аман­дасып, хал-жағдайымды сұрады. Жатақ­хана ісімен айналысатын кісіге хабарла­сып, орын алып берді. Көп ұзамай физика-математика институтының студенттерін Мәскеудегі ядролық физикалық зерттеу институтына жіберді. Осылайша ол кісінің арқасында Мәскеуге оқуға аттандық. Сол кезде қазақтың жас ғалымдары ғалым ағаның үлгісімен үлкен жетістікке жетеміз деген сенімде болды».

Еске алу кешінде Ұлттық өнер акаде­миясының студенттері өнерлерін көрсетті. Қ.И.Сәтбаев атындағы Ұлттық универ­ситет­тің студенттері өздерінде «Сәтбаев тану» пәні өтетінін мақтанышпен  жеткізді. Ұлттық Ғылым академиясының академигі Назарбай Блиев, Қ.И.Сәтбаевтың немересі, филология ғылымдарының кандидаты Нұр­лан Жарма­ғанбетов, Қ.И.Сәтбаев мемориалдық музейінің директоры Бақыт­жамал Айтмұ­хам­бетова естелік айтып, мәдени шараның мазмұнды да, тартымды өтуіне атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *