Х ҒАСЫРДА ҚАЛА ДӘРЕЖЕСІНЕ ЖЕТКЕН АЛМАТЫ

59_wide1

 

Бар  қазаққа  арман болған Алматыға 1000 жыл толып отыр. Қалалар тарихы, негізінен, орта ғасырлардан басталады. Зерттеушілер алғашқы адамдардың тұрақтары – үңгірлер, пайдаланған заттары тас құралдар, яғни  заманы – тас дәуірі  болғанын әлдеқашан  дәлелдеп берген.  Қазір Жетісу өңіріне де  адамдар тас дәуірінің өзінде-ақ қоныстанғаны  белгілі болып отыр.

 

Ермек  ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

 

Алматы аймағында алғашқы адамдар  мустьер зама­нында, яғни, осыдан 50 мың жылдан астам уақыт бұрын пайда болыпты. Оны дәлелдеп отырған – Майбұлақ, Қастек айналасы. Бұл  бізге белгілісі ғана. Ал, қаншама археоло­гия­лық тың деректер әлі де жер астында  сыр бүгіп жатыр.

Демек, Алматының жасына қатысты  зерттеулер  одан әрі  жетілдіре түсуді қажет етеді.  Ата-бабаларымыздың   ақыл-ойымен тұрғызылған жүздеген қазақ  қаласының жер бетінен жойылып кетуі – қазақтың көшпенді өмір сүру салтының   ықпалынан болған сыңайлы. Қуанарлығы – қала жойылғанмен, оның жер бетіндегі  бастапқы орнының табылғандығы болып отыр.  Оны  дәлелдейтін айғақты  заттардың сақталып қалған­дығы да тарихымызға оралуға ықпал етуде. Оны көркейткен, сәулеттендірген зергерлердің, шеберлердің қолымен жасалған алтын, күміс, қола, мыс, қыш бұйымдарының бізге аман-есен жеткендігі. Зерттеушілер, міне, осыларға қарап, ұланбайтақ өлкеміздің қай жерінде, қай кезде қандай кент, қандай қала болғанын тауып, танып алатындай жағдайға жетті.

Біздің екі мың жылдығымыздың басында іргетасы қаланып, көркейіп, өркендеп, Шығыс пен Батысты жалғастырып  отырған қалалардың бірі – осы Алматы.

Алматы аты  ескі кітаптарда көп кездеседі.  Мәселен, атақты ғұлама Шараф ад-дин Иезди еңбегінде 1390 жылы Әмір Темірдің Моғолстанға жасаған жорығы, Темір әскерінің Ыстықкөлден өтіп, одан тау жолы арқылы Арджату мен Алматыға соққаны  айшықты жазылған.

Ұлы жиһангез ғалым, ақын, Үндістан түбегін билеуші мемлекет қайраткері Захир ад-дин Мұхаммед Бабыр өзінің «Бабырнамасында» «Сегіз жүз тоқсан тоғызыншы жылғы оқиға» деген тарауында «Ферғана бесінші ықылымдағы уәлаят, егіншілікпен айналысатын өлкелермен шекаралас жатыр. Күншығысында Қашқар, күнбатысында Самарқанд, түстігінде Бадахшан шекарасындағы таулармен шектеседі. Ал оның солтүстігінде Алмалық, Алмату, сондай-ақ, кітаптарда Отырар аталып жүрген Янги секілді қалалары болғанымен моғол мен өзбектердің шапқыншылығынан кейін бұл шаһарлар жермен жексен болып, тіпті, жұртында елді мекен де қалмаған», – деп  жазады. Оған  сенбеске амалың қалмайды.

Сондай-ақ, қазақ ғалымы, белгілі археолог Карл Байпақов өзінің “Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудағы ортағасырлық қала мәдениеті» атты енбегінде орта ғасырда қазіргі Алматы орнында қала мәдениеті күшті дамығанын қазба жұмыстары арқылы анықтай келіп, оның біздің дәуіріміздің ІX ғасырында толық дәрежесіндегі шаһарға айналғанын нақты дәлелдермен айтады.

Бүгінгі таңда санамызда жатталып қалған «Алатау», «Алматы» деп жүрген тау, қала аттарының бұрынғы тарихи атаулары «Алматы тауы», «Алмалы тау» болғанын, оларды әр елден келген жиһангез, саяхатшылардың, сондай-ақ, жаулап алып, уақытша  билік  құрғандардың өз тілдеріне бейімдеп немесе өз  ықпалына  қарай әдейі өзгеріске түсіргенін түсіну  қиын емес. Жетісуды уақытша басып алған жоңғарлардың өзі осы өңірде аз уақыт қоныстанса да Алматыны “Әлімті” деп атаған кездері болған.

Ұлы саяхатшы Шоқан Уәлиханов Алматы қаласы жайында мынадай қызықты мәлімет келтіреді. «Жоңғария очеркінде» төрт қаланың аты аталады. «Алмалық (қазіргі Түркістан қыстағы), Хонақай (Ханоқай), Қайнақ (Қойлық) және Алмату ( Верный бекінісі) қалаларының сауда-саттықпен аты шыққан әрі Генуя көпестерінің қытайға, қыпшақ елшілерінің ұлы қаһанға барар жолының торабындағы аялдайтын жері болған» деп көрсетеді. Бұған біз Алматы қаласы Ұлы Жібек жолының бір тармағының бойында керуен тоқтайтын, сауда-саттық барысында орта ғасырдағы бірнеше қалалармен қарым-қатынас жүргізіп отырған қала болғанын  байқаймыз.

Мәдениеті мен өнеркәсібі, сауда айырбасы дамып, өркендеп, сауда-саттықтың айырбас құралы ретінде  теңгенің пайда болғанын ескерсек, онда металдан теңге құйылғаннан  бұрын  бұл жерде қала орнағанын пайымдау қиын емес. Олай болса, «Алмату» деген жазуы бар күміс ақша бұдан 1000 жыл бұрын соғылса, Алматы қаласының одан бірнеше жүз жыл бұрын пайда болғанына  көңіл қойғанымыз орнықты болар. «Алматы аумағындағы тіршіліктің келесі кезеңі VІІІ – Х ғасырлар», – дейді К. Байпақов. Ғалымның айтуынша, осы кезеңде қала мәдениеті дамудың жоғары сатысына көтерілген. Оның  гүлденуі халықаралық Ұлы Жібек сауда-саттық  жолының дамитын кезеңіне дәл келіпті.  2004 жылы  тарих ғылымдарының докторы Тамара Савельева екеуінің авторлығымен жарық көрген «Алматы мен Жетісудың көне қазыналары» атты кітабында  Алматының мың жылдан астам тарихы барын  ғылы­ми тұрғыда жан-жақты  дәлелдеп берулерінің өзі қаламыздың жасына байланысты күмәнді ойларға берілген соңғы  жауап десе де болады. Бұл  туралы  белгілі  жазушы Жолдасбай  Тұрлыбайұлы өз әңгімесінде  осы жолдардың авторына жан-жақты айтып берген болатын.

Еуразия кеңістігінде тұрмыс тіршілігі көшпелі өмір салтына негізделген елдердің өнері мен мәдениетінің дамуы көне дәуірлерден бастау алады. Оны тарих қойнауынан жеткен хал­қымыздың мәдени мұрасы, ғалым мамандардың қазақ дала­сынан тапқан археологиялық және этнология­лық ескерткіш­тері, керамикалық және сүйектен жасалған бұйымдар, мыс, мырыш, қола мен алтыннан жасалған заттар нақты дәлелдейді. Қола мен алтыннан жасалған әшекейлер ежелгі замандарда-ақ қазақ жерінен тысқары өлкелерге де белгілі болған. Антикалық авторлардың атасы Геродоттың жазбаларында «Қиырдағы елдерде бізде аз кездесетін және қымбат бағалы заттар көп болады» деп, қазіргі Қазақстан жерін тамсана суреттегені бар. Бұған заттай  айғақ керек болса, 1979 жылы Алматының бұрынғы шекара училищесінің маңайынан табылған күміс тиындарды алыңыз. 1900 жылы табылған «Бұл дирхам Алматуда басылған» деген жазуы бар ХІІІ ғасырдың көне теңгесі тағы бар.

Бұл өңірде көптеп кездесетін көне дәуірдің тағы бір белгісі – ежелгі ру, тайпа және әскербасылар жерленген орынға тұрғызылатын ескерткіш қорғандар. Олар бір жағынан байтақ далада кімдердің, қандай халықтың өмір сүргендігінің, олардың бастан кешкен оқиғаларының куәсі болса, екінші жағынан халықтың сол тарихи кезеңдегі қол жеткізген жетістіктерінің, мәдениетінің, тұрмыс-салтының асыл қоймасы. Бүгінгі ұрпаққа қалдырған өлмес, өшпес мұрасы.

Бүгінгі Алматы қаласы орналасқан жердегі біздің дәуірімізге дейінгі X ғасырда пайда болған отырықшы ауыл, қыстақ, кент орта ғасырдың басында көрнекті, көп салалы кәсіпті қалаға айналғаны да белгілі болып отыр. Ол ХІІІ–ХІV ғасырға дейін өмір сүріп, дамуын тежемей, өркендеді. Одан кейінгі кезеңдерде адам қолымен ғасырлап жасалған игіліктер қиратылыпты. Шапқыншылардың қатыгездігі небір сәулет өнерінің шедеврлерін, сәнді шаһарларды жер бетінен жойып жіберді. Солардың қатарында Алматы да бар. Алтын адам мүсіні, оны жасырып, сақтаған қорғандар, обалар, асыл бұйымдар, ыдыс-аяқтар, қазан-ошақтар, қолөнер құрал-саймандары қалды. Олар көмулі қойма күйінде бізге жетті. Алматы жер бетінен жоғалып кетпей  қайтадан түлеп,  еліміздің Тәуелсіздігінің  туын көтеріп, өркен жайды.

Терең тарихымызға үңілсек, жүздеген жылдар бұрын да қазақ даласында  қалалар  болған. Жартылай отырықшы, жар­тылай көшпелі өмір салтын ұстанған байырғы түрік­тердің іргелі қалалары мен қорғандары, жаз жайлаулары мен қыстаулары болған, олар егін егіп, түрлі кәсіппен шұғылданған.

Ислам діні келгеннен кейін бұл үрдіс тіпті, күшейе түскен. Мәдениет деген сөз араб тілінде «қала» деген ұғымды береді. Қазақ жерінде Қарахан мемлекеті салтанат құрған тұста көптеген қалалар бой көтерді. Бүгінде біздің мақтанышымызға айналған мәдени, рухани,  әдеби, ғылыми жетістіктеріміздің көбі осы тұста  дүниеге келген. Қала мәдениетіне сүйенген бұл өркениеттің құлдырауына Шыңғыс хан жорығы кері әсерін тигізген. Жарты әлемді  күйреткен  құдыретті қағанды айтпағанда, бертіндегі Алтын Орда хандығының өзінен бізге мұра ретінде бір қала да қалмапты. Сол Алтын Орда мемлекеті тұсында Фараби, Иассауи, Қашқари, Баласағұни, Сайрам сияқты  қалалар  неге шықпады?

Тарихи зерттеулер бойынша Алматының Алматы болға­нына арысы 9 мың жылдан, берісі 3 мың жылдан асып кеткен  көрінеді. Бұл – көктен алынған  дәйексөз  емес. Бұл  туралы «Қазақ кеңес энциклопедиясында» былай делінген: «Алматыны адам ерте заманнан бері мекендеген. Біздің эрамыздан бұрын VІІ –ІІІ ғасырларда Сақ тайпалары қоныстанған. Сақ-Алмату және Янғы тәрізді қалалар болғанымен, оларды моңғолдар қиратып-талқандаған, қазір ол жерлерде елді мекен атымен жоқ».  Кезінде Мұхаммед Хайдар Дулати да «Тарих и Рашиди» еңбегінде, зерттеуші ғалымдар Бартольд, Бернштам да  ескі замандағы Алматының тарихын жазыпты. Ол деректерде Алматының аты – Алмату, Алемту,  Алмалық атауларымен  аталғанымен, бәрінің түбірінде «алма» сөзі болған. Шоқан Уәлиханов 1850 жылы Қашқардан Семейге өтерде бұл жерді «Алматы стансасы» деп жазады.

Көне Шығыстың көзімен қарасақ, шаһар атану үшін сауда мен мәдениеттен хабар беретін үш айрықша белгісі — цитадель, шахристан және рабат болуы тиіс  екен. Бұл үшеуі де ескі Алматының орнында бар.

Жалпы, Ұлы Жібек жолы бойындағы Алматының ескі заманда мәдени, саяси, әкімшілік орталығы  болғанын  дәлел­дейтін қазба  орындары  жетерлік. Қазіргі алып мегаполистің орнынан табылған ІХ-ХІІІ ғасырлардағы саздан жасалған заттарды, ХІ-ХІІ ғасырдағы ұсталардың шеберханасының қалдығын қайда қоямыз?  Алматыдағы Ботаникалық бақ аумағынан X – ХІІ ғасырлардағы керамикалық заттар қазылып алынды. Тағы екі көне қалашықтың орны – Алматының солтүстігіндегі Тереңқара мен Үлкен Алматы шатқалы маңынан табылды. Осыған қарап-ақ, Алматы қаласының іргетасы ІX – XІ ғасырларда қаланғанын, бұл жерде сауда мен ұсталық өнердің ертерек дамығанын айтуға болады.

Алматы Х – ХІ ғасырларда қарахандықтар, кейін Шағатай мемлекетінің әкімшілік орталығы болған.               Қала маңында  сақ көсемдерінің 47 қорғаны сақталуы­ның өзі оның жасының ежелгі  тарихтан бастау алатынын  көрсетеді.

Ендігі бір мәселе – Алматыны туристік қалаға айналдыру. «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық бағы мен «Алматыға — 1000 жыл» атты Боралдай маңында ашық аспан астындағы мұражай кешенін құру жөніндегі басталған жұмыстарды жетілдіре түсу  қажеттігі  сұранып-ақ тұр. Қазірдің өзінде  ол –  Қазақстан емес, бүкіл ТМД-дағы ең үлкен аспан астындағы мұражай  саналады. «Алматыға — 1000 жыл» аспанасты мұражай-кешенін салу негізінде қаламызда туристік инфрақұрылым өрістеп, олар халықаралық туризм жүйесіне қосылатын болады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *