ГУАМ емес, ГУМ…

  • Грузия, Украина, Молдова парламенттерінің саммиті
  • Мұны кейбіреулер «Ресейге қарсы бірігу» деседі

Осы  наурыздың басында Кишиневте  Грузия, Украина және Молдова елдерінің парламентаралық: «Шығыстық әріптестік  және қазіргі қауіп-қатерлер»  деген тақырыпта  халықаралық конференциясы болып өтті. Конференцияның жұмысына аталған үш елге қоса Еуропарламент, АҚШ Конгресі, НАТО, Еуразиялық Атлантикалық кеңес орталығының өкілдері және де халықаралық сарапшылар мен саясаттанушылар келіп қатынасты.

 

Жиын қорытындысында ГУМ (Грузия, Украина және Молдова)  мемлекеттері сыртқы қатерлерге бірлесе қарсы тұру туралы қарар қабылдады. Бұл жөнінде Украина Жоғарғы Радасының төрағасы Андрей Парубий: «Біз қабылдаған мәлім­демеде сырттан төнетін жалпы қауіп-қатерлерді  белгілеп, ортақ мақсатымыз  —  Еуроодақпен  интеграцияны айқындадық. Сондықтан да  біздің бірлескен қимылда­ры­мыз мейлінше белсенді сипатта болуы тиіс» деді.

Конференцияда сондай-ақ, Еуроодақ басшыларына  Газпромның  «Солтүстік тармақ-2» деп аталатын  газ құбырының  тартылуына жол бермеу жөнінде ГУМ елдері атынан хат жазылды. Бұған қоса, мұн­дай жиынды жиі өткізіп тұру және Парламентаралық ассамблея құру  жайын­да келісілді.

Форумның ашылар сәтінде Грузия парламентінің спикері Ираклий Кобахид­зе: «Қазіргі кездегі өзгерістер мен аран­датуларға жеке дара ешкім төтеп бере алмайды. Біз ең жақын достас  елдеріміз Украина және Молдовамен бірлесіп қана  ортақ мүдделерімізді қорғап, аймақтағы демократиялық тұрақтылыққа қол жеткізе аламыз. Өз күресімізде тек қана бейбіт әдіс-әрекеттерді қолданамыз» деген пікір білдірді.

Ал конференцияның қарсаңында Молдова парламентінің төрағасы Андриан Канду: «Біз Ресеймен  ашық қақтығысқа, соғысқа бармаймыз. Бірақ та Ресей билігі­нің, әсіресе оның кейбір өкілдерінің тең дәрежедегі әріптес ретінде бізбен санасуын және екі жаққа тиімді қарым-қатынас жаса­уын талап етеміз. Еуроодақпен жақындасып, еуропалық  жанұяның бір мүшесі болуға ұмтылғанымыз үшін  бізге қарсы қолданылып жатқан санкцияларға, түрлі айыптаулар мен ғайбаттауларға бұдан әрі төзе алмаймыз»  деген болатын.

Бүгінде халықаралық саясаттанушылар мен  экономистер: «әлемнің қазіргі таңдағы мазмұны мен басты ерекшелігі – интегра­цияда, өйткені төніп отырған саяси-экономикалық, әлеуметтік қиындықтар мен ауыртпалықтарды, дағдарыстарды  ешбір мемлекет өз бетінше шеше алмайды» дегенді жиі айтады.

Осы тұрғыдан алғанда Грузия, Украи­на және Молдованың  халықаралық құқық талаптарына  қайшы келмейтіндей  қандай да бір мақсатпен бірігулеріне  құқықтары мен  еріктері бар.

Дейтұрғанмен,  ГУМ мемлекеттері  ай­мақтағы қауіпсіздік  жөнінде  парламен­т­­аралық конференция өткізбек деген хабар тараған  бойда ресейлік  саясаттанушылар: «бұл Ресейге қарсы құрылып отырған блок» деуге көшті.

Мәселен, РФ үкіметі жанындағы Қаржы университеті «Социалогия және саясаттану» факультетінің деканы Алек­сандр Шатилов: «ГУМ елдерінің конфе­ренциясы  АҚШ-тың  Ресейге  бағытталған жан-жақты қысымының  бір жоба-тармағы. Мұндағы Грузия Ресеймен қарым-қатынасын ушықтырғысы келмейді. Өйткені, ол Мәскеудің қарсы қолданатын санкциялары қандай зардап-залал әкелеті­нін жақсы біледі. Ал Батыс елдері Молдо­ваның күллі зиялы қауымын өзіне қаратып үлгер­ді. Ел президенті Игорь Додон ресейшілдік  сыңай танытқанымен, оның ешбір құзырет пен билігі  жоқ. Бар  билік батысшыл және румынияшыл элитаның қолында… Нақты­рақ айтқанда, американ­дық­тар Украинаға қоса Ресейге жақын өңірде тағы бір от-жалын ошағын құр­мақшы. Бірінші кезекте  — Таулы Қара­бақта. Сонан соң Ауғанс­тандағы экстре­мистік әрекеттерді күшейту арқылы  Орта­лық Азиядағы  жағдайды шиеленістір­мек», — дейді. Қалай айтса да  бұл оның өзінің жеке пікірі.

 

Мұнда айта кететін бір жәйт, жұрт­шылыққа таныс  ГУАМ  ұйымының — 1997 жылы Грузия, Украина, Әзербайжан және Молдова мемлекеттері құрған. Ұйымының алдына демократияны өрістету және экономикалық даму міндеті қойылған. 1999 — 2005 ж.ж. аралығында оның құрамында Өзбекстан да болған. Соған сәйкес бір­лестік ГУУАМ деп аталынған. Әу бастан-ақ ресейлік БАҚ құралдары  ГУАМ-ға «артында Ақ үй тұрған Кремльге қарсы құрыл­ған альянс»  деп  айдар таққан. Шындығында, бұл ұйым  ТМД-ға балама ретінде  және батыс пен басқа да халық­аралық құрылымдарға бағыт түзеу ниетімен құрылған-тын. Тіпті,  ГУАМ-ның мақсаты Ресейге экономикалық,  әсіресе энерге­тикалық тәуелділіктен құтылып, Азия – Кавказ – Еуропа  мұнай-газ желісін тартып, дамыту деген пікірлер де айтылған.

 

Жасыратыны жоқ,  ГУАМ құрылғалы бері жүйелі де, толыққанды жұмыс істеп келеді деп айту қиын. Оған әр түрлі жағ­дай­лар әсер еткені  белгілі. Мысалы, Өзбек­станның да  ұйым қатарынан шығуына  «о баста алға қойған мақсат пен міндеттердің өзгеруі» себеп болған. Оның үстіне  Ташкентті  «бірлестіктегі шешілмей тұрған қайшылықтарды жаңғырту, ортақ қарулы блок құру және қалыптасқан қауіпсіздік жүйелерін қайта қарау әрекеттері» секем алдырған.

2005 жылғы сәуірде ГУАМ-ның кезекті саммитіне  Румыния мен Литва бақылаушы ретінде қатынасты. Келесі 2006 жылдың мамырында Румыния оның қатарына кіруге тілек білдірді.

Осы жылдың 14 қыркүйегінде ұзақ талас-тартыстан кейін ГУАМ ұйымының бастамасы және оны АҚШ, Англия, т.б. елдердің қолдауымен  бұрынғы КСРО жеріндегі  Днестр жағалауы, Абхазия мен Оңтүстік Осетияға қатысты қайшылықты БҰҰ  Бас ассамблеясының кезекті 61-сес­сиясында Ресейдің үзілді-кесілді қарсы­лығына қарамастан талқылау жайында шешім қабылданды.

2009—2014 ж.ж. аралығында  ГУАМ ұйымының жұмысы біршама бәсеңсіп қалды. Мұны сол кездегі Молдова прези­денті Владимир Воронин: «ГУАМ-ның қызметі тиянақсыздау және болашағы бұлыңғырлау болып тұр» деп сипаттады.

2010 жылы  Украина президенті  Вик­тор Янукович «ГУАМ қазіргі күні өзінің маңызын жоғалтып алды. Себебі, соңғы бес жылда оның шеңберінде ешқандай нақты  іс атқарылған жоқ. Бәрі тек сөз жүзінде қалуда», — дегенді айтты.

Міне, осындай  тежелу мен бәсеңсуге қарамастан 2017 жылдың 27 наурызында Киевте  ұйымның кезекті бас қосуы өткі­зіліп, онда ГУАМ елдері аясында толық­қанды еркін сауда-саттықты жүргізу және  көліктік дәлізді құру  мәселесі қаралып, бұған қатысты бірқатар құжаттарға  қол қойылды.

Кейінгі кездегі  Әзербайжан-Ресей  қатынасындағы оң өзгерістер  ықпал еткен болса керек.  ГУАМ-ның Кишиневтегі кезекті саммитіне Әзербайжан шақырыл­мады. Бұл жөнінде әрқилы болжамдар айтылуда. Әйтсе де мұның себеп-сырын Әзербайжан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Хикмет Гаджиевтің: «Біз ГУАМ шеңберінде эко­номика және көлік саласындағы ықпал­дастыққа ден қоямыз» деуі аша түскендей.

Ал «Оңтүстік Кавказ» саясаттану­шылар клубының жетекшісі Ильгар Веладзенің  пікірінше: «ГУАМ бойынша  әріптестер саналатын  Грузия, Украина және Молдованың  Таулы Қарабаққа қатысты ұстанымы, яғни олардың Арме­нияны айыптамауы Әзербайжан жағының көңіліне қаяу түсіріп, ұйымға деген қызы­ғушылығын төмендеткен». Оның айтуынша  «басқыншы», «агрессор»  анықтауыштары  Таулы Қарабақты  қорғаштап отырған Арменияға да қатысты айтылуы керек еді.

Алайда, ГУАМ емес, ГУМ елдерінің  аймақтық қауіпсіздік пен Еуроинтерграция жөнінде  парламентаралық саммит өткізуі  Ресейге  ой салғандай.

 

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *