ГРУЗИЯНЫҢ ЖАҢА ПРЕЗИДЕНТІ

Саломе Зурабишвили ханым Францияда туған

Көзіқарақты жұрт кейінгі он бес жыл көлемінде Грузияның өкімет билігінде қандай күрестер мен саяси өзгерістер болып жатқанынан хабардар болса керек.

Еске сала кетсек, 2003 жылғы 2 қарашадағы парламенттік сайлау әділетсіз өтті, елді сыбайлас жемқорлық жайлады, халық кедейшілік күйге ұшырады деген айыптар тағылып, қолдарына раушан гүлдерін ұстаған оппозициялық блоктың талап етуімен 23 қарашада Кеңес Одағынан бері келе жатқан әккі де тәжірибелі саясаткер Эдуард Шеварднадзе президент қызметінен кетті.

Әшірбек АМАНГЕЛДІ, «Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Жалпыхалықтың сайлау нәтижесінде 2004 жылдың қаңтарында Грузия прези­денті болып батыстың демократиялық мектебінде тәлім-тәрбие алған 37 жастағы жаңа буынның өкілі Михайл Саакашвили сайланды. Ол реформаторлық және жаңашылдық іскерлігімен көпшіліктің көңілінен шығып, президенттік сайлауда екі рет жеңіске жетіп, 2004–2007 ж.ж. және 2008–2013 ж.ж. аралығында Грузия Рес­публикасын басқарды. Әділін айту керек, Саакашвили экономикада айтарлықтай ілгерілеу жасай алмағанымен, грузин жұртында жеңу еш мүмкін емес сияқты көрінген жемқорлық пен тамыр-таныс­тықтың тамырына балта шауып, елде тәртіп орнатты. Құқық қорғау органдарының жұмы­сын жолға қойып, сонысымен елдің есінде қалды. Жұрт оның бұл істерін аңыз айтатын болды.

Әйтсе де, «жұрттың бәрінің бабын табу мүмкін емес» дейтіндей жаңашыл рефор­матор М.Саакашвилидің аяғынан шалу­шылар, тіпті оған қарсы шығып, тақтан тайдырғысы келетіндер де табылды.

Міне, сондай пиғылдағы ішкі оппози­цияшыл тарап пен сыртқы күштердің қолдап-қуаттауымен «Грузин арманы» партиясын құрған Ресейде жүрген атақты миллиардер кәсіпкер Бидзина Иванаш­вили 2012 жылдың қазанында параламент­тік сайлауда көпшілік орынға ие болып, премьер-министрлік тізгінді қолына алды. Көп өтпей президент М.Саакашвилиге өз еркімен қызметтен кету талабын қойып, ақырында кетірді.

Дейтұрғанмен, өзі айтқандай үкіметті (25.10.2012 – 20.11.2013 ж.ж.) небәрі бір жыл ғана басқарып, премьерлікке Ираклий Гари­башвили, президенттікке Георгий Маргвелашвили секілді өз адамдарын отырғызып кетті. Мұнан әрі де бес жылдың ішінде атқарушы билік үш рет ауысып, үшеуінде үкіметті (И.Гарибашвили – Г.Квиркашвили – М.Бахтадзе) «Грузин арманы» партиясы ұсынған үміткерлер, яғни Б.Иванашвилидің сенімді адамдары басқарды. Ал 2013 жылдың 27 қазанынан бері президенттік қызметті атқарып келе жатқан Георгий Маргвелашвилидің өкілет­тілігі осы жылдың 16 желтоқсанында аяқталады.

Кей саясаттанушылар таңқалатындай-ақ, Г.Маргвелашвили Ресейдің ығына жығылмай, оған қатысты сыни көзқарас ұстанды. 2015 жылдың көктемінде оның Ресей президенті Владимир Путинмен болады деп жоспарланған кездесуі түрлі себептерге байланысты болмай қалды. Маргвелашвили: «Грузия жерінің біраз бөлігін басып алу мен милитаризациялау аймақтың тұрақтылығына нұқсан келтіріп отыр», – дейді. Оның пайымдауынша, Оңтүстік Кавказ бен Қара теңіз жағалауы үшін қауіп-қатер Ресейден ғана төнуі ықтимал. Сондықтан да Украина, Молдова және Грузияға Ресейден сырт айналып, батыспен жақындасудан басқа амал қалмаған.

Кейбіреулер Кремльдің ықпалындағы саясаткер санайтын Б.Иванашвили де Еуроодақпен ынтымақтастықты нығайтуды жақтайды. Және таяу жылдарда Грузия НАТО-ның құрамына кіреді деген үмітте. Сондай-ақ, Ресей-Грузия қатынасын тезірек қалпына келтіру, әсіресе сауда-саттық пен гуманитарлық-мәдени саладағы байланыстарды жандандыру керек деп есептейді. Оның түсінігінше, грузин кәсіпкерлері Еуропа мен АҚШ-қа тауарлар шығаруға әлі дайын емес. Сол үшін эко­номика мен ауыл шаруашылығына маңыз­ды саналатын Ресей рыногына қайта шық­қандары дұрыс. Грузияның территориялық тұтастығын қалайды. «2008 жылғы тамыз­дағы Ресеймен арадағы қақтығыс Михаил Саакашвилидің арандатушылық әрекеті­нен болған» деген пікірде.

Көптеген БАҚ құралдары және интер­неттік желілер жазып үлгергеніндей, 2018 жылдың 28 қарашасында Грузияда прези­денттік сайлаудың екінші кезеңі өткізіліп, онда Бидзина Иванашвилидің жетекші­лігіндегі «Грузин арманы» партиясы ұсынған Саломе Зурабишвили 59,52 пайыз дауыс жинап, жеңіске жетті. Бұған қарсылас ретінде М.Саакашвилидің «Бір­тұ­тас ұлттық қозғалыс» партиясы үкілеп қосқан үміткер Григол Вашадзе небәрі 40,48 пайыз дауысқа ие болып, қалып қойды.

Сайлау нәтижесі белгілі болысымен Голландияда жүріп, жұртшылықты Вашад­зеге дауыс беруге үгіттеген М.Саакашвили: «лас олигарх конституцияны, демократия­ны және сайлауды аяққа таптады» деп Вашадзені қолдаушыларды наразылық шеруіне шығуға шақырды. Өз кезегінде Г.Вашадзе Тбилисидің концерттік залына жиналған жақтастарының алдында сөз сөйлеп, сайлауда бұрмалаушылыққа, дауыс­тарды сатып алуға, үркітіп-қорқы­туға жол берілгенін айтып, «Грузияда ел президенті емес, Бидзина Иванашвилидің президенті сайланды»,– деген пікір білдірді.

Оппозициялық тараптың мәлімдеуінше, сайлауға он күн қалғанда Иванашвилидің бақылауындағы қайырымдылық қоры Грузия бойынша 600 мың адамның мерзімі өтіп кеткен қарыздарын жабу үшін 560 млн. қаржы бөлетінін жариялаған. Бұл сайлаушылардың 17 пайызы деседі. Еуро­одақ бақылаушылары өкілдігінің басшысы Лайма Андрикиененің пікірінше, мұндай жарылқаудың дауыстың көбеюіне әсер еткен болуы ықтимал. Өйткені, бірінші турға қарағанда екінші турда С.Зурабиш­вили 20 пайыз, яғни 530 мың дауыс артық жинаған.

Саломе Зурабишвилиге басты бәсеке­лес болған 60 жастағы Григол Вашадзенің кәсіпкерлікпен де айналысқан, диплома­тиялық қызмет баспалдақтарынан өткен, М.Саакашвилидің тұсында Мәдениет пен спорт, Сыртқы істер министрі қызметтерін атқарған тәжірибелі саясаткер екенін айта кеткен абзал.

Айта берсе, сайлау барысында орын алған кемшіліктер жетерлік. Базбір сарап­шылар «Зурабишвилидің жеңіске жетуінде үкіметтің араласуы мен байшыкеш Ива­нашвилидің жұмсаған қаржы-қаражаты шешуші рөл атқарды» дегенді айтады. Тбилиси университетінің саясаттанушы ұстазы Корнелий Какачияның сөзімен айтқанда: «Саяси элита әкімшілік ресурс­тың көмегімен сайлаушыларды жаппай қатысуға жұмылдыра білді. Мұны кейбіреу­лер дауыстар сатып алынды деген бағалау­да». Оның байқауынша, екінші жағынан Вашадзені жақтаушылардың үгіт жүргізу­дегі дөрекі әрекеттері жұрт шошындырып, керісінше қарсы дауыс беруге итермелеген.

Дегенмен, жалпы алғанда гүржі елінде сайлау өтті деп бағаланды. Сонымен, Грузияның тарихында тұңғыш рет мемлекет басшысы тағына 66 жастағы әйел саясаткер Саломе Зурабишвили ханым отыратын болды.

Саясатта ойламаған оқиғалар бола береді. Қызық болғанда, 2004 жылдың наурызында Франция президенті Жак Ширакка «Грузия тарихында мұндай деңгейдегі дипломат болған емес» дегенді айтып, көндіріп, француз елінің Грузия­дағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарып жүрген Саломе Зурабишвилиді Сыртқы істер министрі қызметіне тағайын­даған Михаил Саакашвили болатын. Бірақ та 2005 жылдың күзінде парламент спикері Нино Бурджанадзенің жамандауына еріп, қызметінен босатқан.

Әлдебіреулердің көкейінде: «Михаил Саакашвили неліктен шет елде бас сау­ғалап жүр?» деген сауалдың жүруі кәдік. Себебі, биліктің нұсқауымен Грузия­ның Бас прокуратурасы тарапынан оған: 2005 жылғы шілдеде парламент депутаты Вале­рий Гелашвилиді қасақана ұрып-соқтыр­ды. 2007 жылғы қарашада бейбіт шеруші­лерге күш қолданды, 2008 жылы Ішкі істер министрлігінің төрт лауазымды қызмет­керіне заңсыз рахымшылық жасап, түрме­ден босатты, президенттік қызметті атқар­ған тұсында бюджеттік қаржы-қаражатты талан-таражға салды деген сияқты бірнеше айыптар тағылған.

Осындай айыптаулардың негізінде Грузияның экс-президенті М.Саакашвили сырттай 2018 жылғы 5 қаңтардағы Тбилиси қалалық сотының үкімімен қызмет бабын пайдаланып, жоғарыда аталған ІІМ төрт басшы қызметкерін мерзімінен бұрын босатқаны үшін үш жылға, 2018 жылғы 28 маусымдағы тағы да сол Тбилиси қалалық сотының үкімімен парламент депутаты В.Гелашвилиге шабуыл жасатқаны үшін 6 жылға сотталды.

Бірқатар сарапшылар мен саясаттану­шылардың болжамынша грузин ментали­тетінен алшақтау Саломе Зурабишвили халықтың шынайы құрметіне бөленетіндей көшбасшы болуы екіталай. Өйткені, оның бойынан менмендік, бәріне Париждің ақсүйек деңгейінен қарау әдеті байқалады.

Жеңілген жақ қарап қалсын ба? Кешегі 2 желтоқсанда Тбилисидегі орталық алаңда Григол Вашадзенің мыңдаған тілеулестері наразылық акциясына шығып, көптеген заңсыздықтарға жол берілгендіктен билікке президенттік сайлауды қайта өткізу талабын қойды.

Қызметке кірісіп үлгермей жатып, Гру­зияның су жаңа президенті Саломе Зура­бишвили әзірше Ресеймен қарым-қатынас жасамайтынын жариялады. Айтуынша, оның әлі уақыты келген жоқ. Дәлірегі, Еуро­па елдері Мәскеуге жылы қабақ танытып, бет бұрғанда ғана сондай қадамға баруға болады.

«Ақшамның» анықтамасы

Саломе Левановна Зурабишвили – 1952 жылы 18 нау­рызда Париждегі грузин отбасында дүниеге келген. Аталары Қазан төңкерісі мен азамат соғыстың зобалаңынан Францияға қоныс аударған. Атасы Иванэ Зурабишвили 1918–1921 ж.ж. мень­ше­виктік грузин үкіметінің мүшесі болған. Шешесі жағынан атақты грузин ағартушысы, ХІХ ғасырдағы ұлт-азат­тық қозғалыстың жетекшілерінің бірі Нико Николадзенің шөбересі. Саломе 1972 жылы Париждегі саяси ғылымдар инсти­тутын, 1973 жылы АҚШ-тағы Колумбия университетін бітірген. Француз, грузин, орыс, неміс және итальян тілдерін меңгерген. Дипломаттық қызметін 1974 жылы Францияның Сыртқы істер министрлігінде бастаған. 1980–1988 ж.ж. аралығында Италияда, АҚШ-та елшілікте үшінші, екінші және бірінші хатшылық қызметтерін атқарған. 1992 жылдан НАТО, Еуроодақ сияқты халықаралық ұйымдардағы өкілдіктерде жұмыс істеген. 2001 жылы Франция ұлттық қорғанысы Бас хатшылығын басқарған. 2003 жылы Францияның өзінің тарихи Отаны Грузиядағы елшісі қызметіне тағайындалып, прези­дент Э.Шеварднадзеге сенім грамотасын тапсырған сәтте, ерекше толқып, өзінің бала күннен бергі арманының орын­далғанын жеткізген. 2004-2005 ж.ж. Грузия Сыртқы істер министрі қызметін атқарған тұста шет елдердегі барлық елші­лерге салтанатты шара­ларда грузиннің ұлттық киімін кию тәртібін енгізген. Оның батыл талабымен Грузин жеріндегі Ресейдің әскери база­лары шығарылған. Мемлекеттік қыз­меттен шеттетілген соң саяси партия құрған. 2010 жылы демо­кратия жоқ, оппози­цияға күн бермейтін елде жұмыс істеу мүмкін емес екенін айтып, саясаттан кететінін мәлім­деген. 2013 жылы еліне қай­та оралып, тәуелсіз кандидат болып президенттік сайлауға түскісі келгенде, бір басында екі елдің азаматтығы болуына байланысты оны тіркемей қойған. 2016 жылы Грузия парла­мен­тіне сайланды. 2018 жылдың 8 қазанында тәуелсіз көпші­ліктің қолдауына ие болған үміткер ретінде президенттік сайлауға түсіп, 44,42 пайыз дауыс жинап екінші кезеңге өтті. 28 қарашадағы екінші кезеңде 59,52 пайыз дауысқа ие болып, Грузия Республикасының жаңа президенті атанды.

Саломе Зурабишвили Кеңес Одағы кезінде саяси көз­қарасы үшін шет елге қуылған диссидент журналист Жанри Кашияға тұрмысқа шыққан. Теймураз дейтін ұлы, Кетевани атты қызы бар. Немере сіңлісі Эллен Каррер-д`Анкосс (Зура­биш­вили) Франция Ғылым академиясының тұрақты хатшысы. Ұлы Түркияда, қызы АҚШ-та тұрады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *