ГРУЗИЯ «МІНЕЗ» КӨРСЕТТІ

Бұл туралы түрлі пікірлер айтылып жүр

Гүржілер  ар-намысын таптатпайтын халық

 Бүгінгідей  ақпараттар заманында қайсыбір жаңалықты немесе орын алған келеңсіз оқиғаны бүгіп қалу қиын. Сірә, Грузиядағы тбилисиліктердің парламент үйі алдындағы өре көтерілген наразылығы жайында жұртшылықтың хабардар болып үлгергеніне күмәніміз жоқ. Бәлкім, біреулер: «Оның несі таңсық? Ондай наразылық шарасы әлемнің  әр бұрышында болып жатқан жоқ па?» деуі мүмкін.  Бірақ та  «біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді» демекші, көтерілістің, де көтерілісі және  әр түрлі себептері бар.  Сол айтқандай, грузиндердің бұл жолғы бас көтеруі – саясат пен экономикадан тыс,  ұлттың  ар-намысы мен абырой-беделінен туындаған тәрізді.

 

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Естімегендер үшін еске сала кетсек, кешегі өткен 20 мау­сымда Тбилисидегі  парламент үйінде православие Парламентаралық ассамблеясының  кезекті 26-сессиясы ашылған. Онда осы ұйымның төрағасы Ресей Мемлекеттік Думасының  депутаты Сергей Гаврилов  Грузия парламенті  спикерінің орынтағында отырып, орысша құттықтау сөз бастаған. Бөтен елдің депутатының  бұлай  төрге тайраңдап шығып,  еркінси сөйлеуі оппозициялық бағыттағы: «Біртұтас ұлттық қозғалыс» және «Еуропалық Грузия» партияларынан сайланған  грузин депутаттарының намысына тиген. Осыған ызаланған олар залға басып кіріп,  Сергей Гаври­ловты қоршап сөзін тоқтатып, жиын төрінен кетуін талап еткен. Жағдайдың  ушығып кетерін сезген ресейлік делегация шұғыл залды тастап шығуға мәжбүр болған.

Осындай жайсыз оқиғаны естіген жеті мыңдай тбилисилік парламент  ғимаратының алдына жи­нал­ған. Қолдарына: «Ресей – басқыншы!»,  «Ресей, тоқта!», «Бұл менің елім!» деген  жазулы  плакат­тар ұстап,  алаңда Ресей жалауын отқа жағып, өр­теген. Олар бірауыздан осындай дипломатиялық  әдепсіздіктің жол берілуіне байланысты Ресей деле­гациясының дереу елден шығарылуы,  парла­мент төрағасы Ираклий Кобахид­зенің, Ішкі істер министрі  Георгий Гахарияның және  Мемлекет қауіпсіздігі қызметінің бастығы  Вахтанг Гоме­лауридің қызметтерінен кетуі  талабын қойған.

Кешке қарай көтерілісшілер саны 20 мың адамға жетіп, наразылықтың арты қоқыс жә­шіктерін  лақтыру сияқты бұзақылыққа ұласқан. Тәртіпсіздікті  тоқтату мақсатында полиция оларға қарсы  көзді ашытатын қалампыр газ, шоқпар мен резина оқтар қолданған. Полицияның бұл әрекеті демонстранттарды онан сайын ызаландыра түскен. Қақтығыс түннің бір уағына дейін  жалғасып, нәти­жесінде 240 шеруші және 80 полиция  қызметкері  жараланған.

Орын алған оқиғаға байланысты Грузия пре­зиденті  Саломе Зурабишвили  көтерілісшілерді қолдап,  өзінің Фейсбуктегі парақшасында  ашық түрде: «Ресей – біздің жауымыз және басқыншы. Ол басқарып отырған іштегі «бесінші колонна»  ашық агрессиядан да қауіпті. Мен мынаны атап өткім келеді. Ел мен қоғамның жік-жікке бөлініп, бір-бірімен   алауыз болуы   Ресейден басқа ешкім­ге керек емес. Бұл оның ең тиімді де қолайлы қаруы», – деп жазған.

Ал премьер-министрі  Мамука Бахтадзе ұлт­тық телеарна арқылы елге үн қатып, Ресей Мем­лекеттік Думасының депутаты Сергей Гавриловты  парламент төріне шығарудың елеулі саяси қателік болғанын мойындап, полицияның бейбіт шеру­шілерге қарсы  күш қолданғанын айыптаған. Оның ойынша  наразылық акциясын әдейі тәртіпсіздік пен бұзақылыққа ұластырып, арандатқан – БҰҚ («Біртұтас ұлттық қозғалыс») партиясы. «Оның құ­рамында  бұрыңғы президент Михаил Саакаш­ви­лиді қолдаушылар көп. Олар келесі 2020 жылғы пар­­ламенттік сайлауда басымдыққа ие болып, қазір көшбасшы болып отырған «Грузин арманы – Демократиялық Грузия»  партиясы мен оның жетекшісі Бидзина Иванашвилиді  ығыстыр­мақшы», – дейді.

Келесі 21 маусым күні кейбіреулер сияқты креслоға таңылып қалмай, өзін-өзі сыйлайтын саясаткер ретінде жұртшылықтың талабына құлақ асқан Грузия парламентінің төрағасы Ираклий Кобахидзе  өзінің қызметтен кететінін  хабарлады.

Дейтұрғанмен,  бірқатар зиялы қауым өкілдері де тбилисиліктердің бас көтеруіне қолдау білдірді. Кезінде жұрт қызыға  тамашалаған «Мимино» және «Кин-дза-дза» кинофильмдерінің музыкасын жазған әйгілі композитор Гия Канчели: «Егер денсаулығым жарап, жүре алған болсам, сөзсіз Шота Руставели алаңына барып, көтерілісші жастардың қатарынан табылар едім», – деген  көрінеді.

Мұндай қолдаудан өз ұлтының шынайы патриоты, атақты  өнер тарланы: режиссер, әртіс, әнші  Вахтанг Кикабидзе де қалыс қалмай, BBC News-тің орыс редакциясына берген интервьюінде Ресей билігін  басқыншылығы үшін айыптап: «Грузияда русофобия жоқ, мұны осында келген делегация арсыздықпен айтып отыр. Грузин жерінің 20 пайызын Кремльдің жаулап алғаны ащы шындық», – деп ашына сөйлеген.

Ақиқаттан алшақ кетпеу үшін мынаны да айта кеткен жөн. 2001–2008 ж.ж. Грузия парламентін басқарған белгілі  саясаткер  Нино Бурджаназде:  «Наразылық акциясын ұйымдарушы – Саакашви­лидің жақтастары, ал оны түрлі  үкіметтік емес ұйымдар арқылы ақша аударып, қаржылай  қолдап отырған Америка. Оларға Грузияның  Ресейден  мейлінше аулақ кетіп, онымен қатынасты  үзгені  керек», – деген пікір білдірген.

Наразылықтың тууына себепші болған  ресейлік депутат Сергей Гаврилов  «Коммерсанть» басылымына берген сұхбатында: «Маған парламенттегі  спикердің орнын ұсынып, белгіле­ген өздері… Мен Грузияны, грузин халқын, грузин мәдениетін сыйлаймын. Менің атам Грузияда жерленген. Мен  осындай арандатудың кесірінен  атамның басына барып, тағзым ете алмадым. Дегенмен, келешекте қарым-қатынасы­мыз жақсарады деген үміттемін», – деп ақталған.

Бір айта кетерлігі, демонстранттар және басқа да жергілікті тұрғындар  Тбилисиде жүрген ресейлік туристерге ешқандай  дөрекілік не қарсылық әрекеттер танытпаған.  Керісінше  жылы ілтипат танытып, қолдан келер көмектерін аямаған. Осыған қарағанда, саяси сарапшылардың пайымдауынша: «Ресейлік депутат Сергей Гаври­ловтың  әрекетіне наразылық жәй «сыныққа сыл­тау». Мұның түп-тамырында орыс халқына емес,  Кремльдің Грузияға қатысты саясатына қарсылық жатыр. Өйткені,  көпшіліктің көкейінен 2008 жылғы тамыздағы  Абхазия мен Оңтүстік Осетия үшін  Ресеймен арадағы  қарулы қақтығыс, осыған байланысты екі елдің қарым-қатынасының  шиеленісуі   шыға қойған жоқ».

Алдын-ала  сақтық жасағаны болар, Ресей пре­зиденті В.Путин  биылғы  8 шілдеден бастап Мәс­кеу мен Тбилиси арасындағы  әуе қатынасын тоқ­тату туралы жарлық шығарды. Тиісті орындар та­рапынан ресейлік туристік компанияларға   Гру­зияға  жолдамалар сатуды тоқтатып, өз бетін­ше баратын жолаушыларға  да кідіре  тұруға  кеңес берілді.

Сөз жоқ, мүндайда  Ресей билігінің ықпалын­дағы БАҚ-тың  қалыс қалмайтыны, шұ­ғыл ақпараттық шабуылды үдететіні хақ.   Мәсе­­лен, «Взгляд» газетінде (29.06.2016) РФ Мемле­кет­тік Думасы 6-шақырылымының депу­таты  Андрей Колесниктің «Как нас обманывает «дружбой народов» деген  және «Завтра» басылы­мында  (30.06.2019)  Александр Хирургтың: «Гру­зия, твой оккупант – Америка!» деп аталатын мақаласы жарияланды. Мұның  біріншісінде «біз орысқа тән ақкөңіл және аңғалдықпен  пост­кеңестік рес­публикаларды «бауырлас халық» ретінде  басы­мыз­ға шығарып алдық» десе, екінші мақалада  «Грузияны  Ресейге  арандатып, айдап салып отыр­ған  АҚШ» деген ой айтылады. Айт­пақшы, алғаш­қысында  «Қазақстан большевиктер­дің ұлттық саясатының арқасында республика атанып, жазу-сызуына ие болып еді, соған қарамастан олар енді латын алфавитіне көшпекші» деп бізді  де  сын жебесімен  түйреп өткен.

Бұрынғы депутат Андрей  Колесниктің таң­дана­­тыны,  бір кезде түріктің  басқыншылы­ғынан орыстар құтқарған  Болгария,  КСРО тұсында одақтас болған Польша, І Петр Швециядан сауғаға алған Балтық жағалауы республикалары, славян­дық туыс Украина, тілі бөлек болғанмен діні бір Грузия – бәрі  русофобиялық көзқараста, Ресейге жаулық ниетте. «Біз халықтар достығы, бауырлас халық деген  ұранмен  өзімізді-өзіміз алдап келдік. Ендігі жерде ІІІ Александр айтқандай,  бізге одақтас болып  армиямыз мен флотымыз ғана қалды», – деп күйінеді.

Мойындау керек. Гүржілер (грузиндер) қызу­қанды, өзгеше болмыс-бітімді, ар-намысын өзгеге таптатпайтын өр мінезді халық. Осы орайда  жоға­рыда аталған Кикабидзеге қатысты бір жәйт еске түседі. Көзіқарақты оқырман біледі.  2008 жылдың шілдесінде, яғни  Абхазия мен Осетия үшін болған орыс-грузин қақтығысының қар­саңында, сол тұстағы Ресей президенті Д.Медведев әйгілі актер және әнші Вахтанг Кикабидзені 70 жылдық мерейтойымен арнайы құттықтап: «Тамаша музыкалық талант пен актерлік шеберлігіңіз, сирек кездесетін адами қасиет пен жан-дүниеңіздегі дархандық сізді бүкіл халықтың сүйіспеншілігіне бөледі. Кинодағы сіз сомдаған бейнелер аңызға айналды, танымалды­ғыңыз кеңінен жайылды…» дегендей асқақ сөздерді арнап, «Халықтар достығы» орденімен марапат­таған. Өкінішке қарай, артынша екі ел арасындағы соғыс басталып кетті.  Мұны нәзік жүрегімен ауыр қабылдаған Вахтанг Кикабидзе Ресей орденін алудан бас тартты. Осындай қарсылық әрекетімен өзінің Грузиясын қолдайтынын көрсетті. Мұндай қадамының сырына үңілмек болып, сұхбат алған ресейлік журналистке: «Қалай дегенмен де, мен кішкентай болса да Грузия деген елдің азама­тымын. Менің түсінігім­ше, қазір менің Отанымды жаулау жүріп жатыр. Сондықтан Ресей мемлекеті­нен орден алу менің арыма сын, табиғатыма жат…», — деп жауап берді.

Сонан соң, әншейінде маза бермейтін орыс достарының үнсіз қалғанын, тіпті, соққан қоңырауына да жауап бермей ұялы телефон­дарын сөндіріп тастағандарын өкпе-ренішпен жеткізді. «Алдағы қазанда Мәскеуде Кремльдегі сарайда жеке концертім болушы еді. Мына оқи­ғадан кейін оны да қоя тұруға тура келеді», – деді.

Ұлттық намыс немесе грузин мінезі деген мәселе көңіл түкпірінде   жатқан тағы бір қоламтаны қозғайды. Елдің есінде болар, кезінде «Мольба», «Древо желания» және «Покаяние» секілді терең филосо­фиялық ой тастайтын кинотуынды­ларын дүниеге әкелген Тенгиз Абу­ладзе дейтін талантты грузин кинорежиссері болды. Әсіресе, оның көпшілік экранға үлкен қиындық кедергілермен жол тартқан «Покая­ние» фильмі қайта құру кезеңінің алдында кеңестік идеологияға қатал сын айтуымен жұртшылықтың санасында зор қозғалыс пен сілкініс тудырды. Тенгиз Абуладзені бұл фильм қаһарман етіп, жалпақ әлемге танытты.

Фильмнің қысқаша фабу­ласы былай-тын: «Күн сәулелі Грузияда беделді де ықпалды жергілікті «көсем» Варлам Аравидзені көз жұмған соң, барлық жөн-жорал­ғысымен жер қойнына тапсырады. Ал ер­теңіне ертемен біреулер оның сүйегін көрден қазып алып, баласы Авелдің үйінің алдына әкеліп тастайды. Оқиға осылай бірнеше рет қайталанады. Қаскөй  ұсталып, тұтқын­далып, сотқа тартылғанда, ол өзінің отбасы бастан кешкен жантүршігерлік оқиғаны баян­дап береді. Сөйтсе, әлгі көсем мұның сегіз жасар күнінде әкесін түрмеге жаптырып, шешесін зорлап, көңілдесі еткісі келген екен. Сот бұған мән бермегендей сыңай танытады. Өйткені, билік тағы да зорлық­шының баласының қолында еді. Кенет, сотта ойламаған жерден Варлам көсемнің немересі орнынан атып тұрып, өзін де кейін біреулер көрден қазып, мазаламас үшін арсыз атасының бүкіл күнәсін өз мойнына алатынын, бұл дүниеден күнәсіз, адал адам болып өткісі келетінін айтады…».

Ел естімеген мұндай сұмдық оқи­ғаны баяндаған кинофильм кезінде талайларды тебірентіп, көздеріне жас үйірді. Ұстанған саясаты мен идео­логиясын тас-талқан етсе де кеңестік билік қоғамдық пікірдің ықпалымен 1988 жылы «Покаяние» кинофи­льміне ең жоғары марапат Лениндік сыйлық беруге мәжбүр болды. Сол кезде мұны күтпеген Тенгиз Абулад­зе: «Құдайым-ау! Бұл неткен намыс­сыз ел еді!? Мен бұлардың көсемі Ленинді көрден шығарып тастап отырмын. Ал бұлар маған Лениндік сыйлықты беріп отыр!» – деп қын­жылған. Қас қылғандай 1989 жыл­дың сәуірінде Тбилисиде халықтық толқу болып, онда әскер кіргізілді. Міне, осыған қарсылық ретінде Тенгиз Абуладзе өзінің Кеңес өкіметінің биік марапаты Лениндік сыйлықтан бас тартатынын айтты. Сөйтіп, жеке басының пайдасынан гөрі  елінің мүддесі мен ар-намысын жоғары  қоя білді.

Жалпы, гүржі жұртының ұлттық ерекшелігі туралы ұзақ әңгіме айтып, талай мысал келтіруге болады. Ащы да болса шындық. 1980 жылы  Ілияс Есенберлиннің  «Көшпенділер» рома­ны мен  Нодар Думбадзенің  «Закон вечности» шығармасы  Кеңес Ода­ғының ең жоғары марапаты Ленин­дік сыйлыққа қатар ұсыныл­ды. Анық-қанығын қайдам? Біле­тіндер біздің қаламгерлер  Мәскеуге  арыз-шағымды қарша боратып жатқанда, грузиндер тайлы-таяғы­мен сонда барып,  ұлттың мерейі үшін сый­лықты алып берген деседі.

Бұл айтылғандардан көңілге түйе­тініміз, бәлкім, әр халықтың  өз бол­мысын жоғалтпай, өсіп-өркендеуі үшін жұмылған жұдырықтай  бірлік пен ынтымаққа қоса,  халқымыздың біртуар перзенті, Алаш көсемі Әли­хан Бөкейханов айтқандай  «ұлттық мінез» де  керек шығар.

Мұндайда  «Бір кем дүние!» деуші ме еді…

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *