ГОНКОНГ ХАЛҚЫ НЕГЕ БАС КӨТЕРДІ?

Олар Қытайдың үстемдігіне көнгісі келмейді

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

 

Қытайдың  арнаулы  автономиялық  ауданы Гонконг екі апта бойы  мазасыз күй кешті. Мұнда 12 маусымда 1 млн. адам көшеге шығып наразылық білдірген болса, олардың саны жексенбі 16 маусым күні  екі миллионға жетті. Бұл жеті миллионнан астам  ел халқының үштен бірі. Сарапшылардың айтуларынша, көтерілістің тууына  парламентке  «Күдікке ілінген адамдарды Қытайға  экстрадициялау туралы» заң жобасының ұсынылуы түрткі болған.

Жобаны жақтаушылардың түсіндірулерінше, қабылданған жағдайда ол заң тек Қытай жерінде қылмыс жасап, Гонконгта бой тасалап жүргендер үшін ғана қолданылады. Ал бұған қарсы болып отырған көп­шіліктің алаңдауынша, ондай заң арқылы қылмыскер­лермен қатар, жазықсыз жандар, Қытайдың саясатын қолдамайтын,  оның күдігіне іліккен кез-келген  азамат жауапқа тартылып, жапа шегуі ықтимал. Олай болмасына  ешкім  кепілдік бере алмайды.

Сірә, Гонконг әкімшілігі  оқиғаның бұлай ауқымды  сипат алатынын күтпеген болса керек. Басында  олар жұртты: «заң жобасы  белгілі бір уақытқа дейін тоқта­тылды» деп алдаусыртты.  Алайда, оған сенбеген жұрт наразылық акциясын  17 маусым – дүйсенбі күні де жалғастырды.

Демонстранттардың негізгі дені – жастар.

Тіпті, олар «заң жобасы біржолата парламенттен қайтарып алынсын», «Гонконг ААА (Арнаулы автоно­миялық аудан) басшысы Кэрри Лам қызметінен кетсін!» деген тәрізді қатаң  талаптар қоюға көшті. Көтеріліске студенттер мен мектеп оқушылары да белсене қатынасты. БАҚ құралдарында жазылғанындай, гонконгтықтарды қолдаушылар әлемнің әр  түкпірінен табылып,  Нью-Йорк пен Вашингтонда, Еуропаның бірқатар қала­ларында  демонстрациялар  өткізілді.

Еске сала кетсек, Гонконг (Сянган) – Қытай Халық Республикасының қарамағындағы арнайы әкімшілік аудан. Бұл өңірді 1842 жылы ағылшындар басып алып, күні кешеге дейін Британияның қарауында болып келді.  1984 жылы  Ұлыбритания мен Қытай арасында келісім-шартқа қол қойылып, соның  негізінде 1997 жылдан бастап  Сянган ҚХР иелігіне өтті. Бірлескен қытай-ағылшын декларациясында және Гонконгтың Конститу­ция  дәрежесіндегі Негізгі заңында: «мұнда 2047 жылға дейін кең автономиялық құқықтары сақталады»  деп  нақты көрсетілді.

Дәлірек айтқанда, Гонконгтың қорғанысы мен сыртқы саясатын ҚХР жүргізеді, қалған: заңнама, полиция, қаржы-қаражат, алым-салық, көші-қон сияқты мәселелерді сянгандықтардың өздері шешеді. Халықаралық ұйымдардағы өкілдіктерін сақтайды, әлемдік деңгейдегі іс-шараларға қалауларынша қатыса алады. Әйтсе де, кейінгі кездері  ағылшындардың қарауында емін-еркін, демократиялық сипатта өмір сүріп үйреніп қалған гонконгтықтар Пекиннің елдің ішкі істеріне  шектен тыс араласып, үстемдігінің  күшейіп келе жатқанына наразылық  таныта  бастаған.

Көтерілісті көріп, куә болған журналистердің  бағамдауынша,  наразылық  шарасы  біртіндеп  сабасына түсуі мүмкін еді. Бірақ та акция  барынша қызып тұрған шақта бір ай қамауда болған Demosіsto қозғалысын құрушы, жергілікті  22 жастағы батыл оппозицияшыл күрескер Джошуа Вонг  абақтыдан босап шығып, сол бойда  шерушілер қатарына  барып қосылған.  Және де жұртшылық алдында: «Мен Кэрри Ламның  орнынан босауын, парламенттен  экстрадициялау туралы заң жобасының  қайтарылып алынуын және полицияның  бейбіт халыққа  резиналық оқ пен көз ашытқыш газды қолданғаны үшін  кешірім сұрауын талап етемін», – деп сөйлеген. Оның  революцияшыл рухтағы бұл сөздері бықсыған отқа май құйғандай, көпшіліктің қанын қыздырып,   бұрынғыдан да қоздырып жіберген.

Шерушілердің «отырып»
бейбіт қарсылық көрсетуі.

Жағдайдың күрделеніп бара жатқанын  байқаған Кэрри Лам өз әкімшілігі қызметкерлерінің  заң жобасын тұрғындарға жеткілікті түрде түсіндірмей кемшілік жібергенін мойындады. Ол үшін халықтан кешірім сұрады. Сөйте тұра  қызметінен кетпейтінін  аңғартты.

Осы орайда Гонконгтағы Қытай университеті зерттеу орталығының  саясатанушы маманы Уилли Лам: «Сөзсіз, көтерілісшілер  экстрадициялау туралы заң жобасын талқылаудан біржолата  алып тастамай тынбайды. Десе де, Керри Ламды  қызметінен кетіру қиынға соғады. Әзірше  оны ауыстыра қоятындай дайын  кандидат жоқ. Оған деген сенімдері  селкеу тартса да  Қытай басшылығы оны мерзімі біткенше  «маймақ үйрек» сияқты ұстай тұрады. Бұл Гонконгтың  қайшылығын  одан сайын  шиеленістіре түседі», – дегенді айтады.

Бір ескерте кететіні, Гонконг Британия қарауында болған тұста қабылданған заңда: «елде жаппай тәртіп­сіздік тудыруға тікелей мұрындық болған адам он жылға дейін бас бостандығынан айырылады» деп көрсетілген.

Дейтұрғанмен, полиция комиссары Стивен Ло БАҚ құралдары арқылы: «көтеріліске  қатысушылардың бәрі бірдей емес, олардың ішінен  тәртіп сақшыларына  арматура мен кірпіш лақтырағандар ғана  ұсталып, жауапқа тартылатынын» айтты.

Алайда,  шеруге қатысқандардың айтуынша,  12 мау­сым күні  полицияның  бейбіт  халыққа  резеңке  оқтар және көз ашытқыш газ қолдануы көпшіліктің  ашу-ызасын тудырған.

Британия парламентінде сөз сөйлеген елдің Сыртқы істер министрі Джереми Хант  Гонконгта  полицейлердің демонстранттарға қарсы күш қолдануын айыптап, мұның мұқият тексерілуін талап еткен. Сондай-ақ,  алдағы уақытта  гонконгтық полицияға қажетті сақтану киімдері мен құрал-жабдықтардың жеткізілуі  осы істің анық-қанық зерттелуіне байланысты  болатынын ескерткен.

Қытай төрағасы Си Цзиньпинның тасасында тұрған
Гонконг басшысы Кэрри Лам.

Ресейлік  «Коммерсантъ» газетінде  жазылғанындай, Қы­тайда және Гонконгта жұмыс істейтін SBF Group фир­масымен әріптес сарапшы  Павел Бажановтың бажай­лауынша, экстрадициялау жөніндегі заң жобасы гонконг­тықтардың  жанды жеріне тиген. Өйткені, ол бойынша біріншіден, Қытайдан қашқан  қылмыскерлер ғана емес, жергілікті тұрғындар да жауапқа тартылуы мүмкін. Екіншіден, қытайлық соттың талабына сәйкес,  күдікке ілінген  адамның дүние-мүлкі тәркіленеді. Үшіншіден, тұрғындарды  экстрадициялауға  жататын  қылмыстық істердің тізімі  секем алдырады. Ол тізімге: жасырын жол­мен ақшаны жылыстатып алу, бөтеннің мүлкін иемдену, сыбайлас  жемқорлық, парақорлық, контрабанда, алаяқтық секілді  экономикалық қылмыстар  қатары енгізілген.  Әрі десеңіз,  Гонконгтың белсенді де іскер қауы­мы  Қытай сотының  тәуелсіздігі мен бей­тарап­тығына, әділеттілігіне күмәнмен қарайды.

Әйтпесе, Гонконг әкімшілігі қылмыскерлерді ұстап беріп, экстрадициялау жөнінде әлемнің жиырма елімен, оның ішінде АҚШ және Англиямен  келісім-шарт  жасасқан.

Дегенмен,   алдымен бір миллион кейіннен  екі мил­лион адамның көшеге шығып,  наразылық білдіруі  ашық  күнгі  найзағайдай  жарқ еткен,  әлем назарын аударған елеулі оқиға.  Бұл жайбарақат, қамсыз отырған Гонконг әкімшілігін әбігерге салды.  Қытай үкіметінің алдына дилемма қойып, тұйыққа тіреді. Пекин көтерілісші гонконгтықтарға күш қолданып, басатын болса ұтылатынын жақсы біледі. Себебі, олай еткен жағдайда  әлемнің ірі  қаржы орталығы болып отырған Гонконгтан капитал басқа елдерге  ауып,  зор экономикалық шығын мен зиян келетіні айдан анық. Өйтпейін десе, қарсылық пен наразылық белең алып, оның ақыры күтпеген  жағдайға, тіпті біржолата бөлінуге апарып соқтыруы мүмкін. Оның үстіне 1989 жылғы Пекиндегі Тяньаньмэнь алаңында студенттерге қарсы қару қолданып  «аузы күйіп», содан сабақ алған Қытай үкіметі көтеріліс жасаушыларға мейлінше  күш қолданбауға  тырысады.

Көтерілісшілердің көптігінен көз талады.

Гонконг «оқиғасына» әркім әрқалай баға беруде. Біреулер мұны: «халықтың бір заңға қарсы сәт лап етіп  тұтанған  наразылығы», – десе, екінші біреулер: «Қытай­дың біртіндеп күшейіп келе жатқан үстемдігіне гонконгтық жұртшылықтың  көрсеткен қарсылығының көрінісі», – дейді.

Әдеттегідей  Қытай билігі: «мұның артында АҚШ тұр, себебі оған  бізбен сауда-экономикалық  «соғыс» өршіп тұрған  кезеңде  біздің іштен іріп, бей-берекетсіздіктің белең алғаны керек» деп есептейді.

Сол үшін де Пекин  Гонконг тұрғындарын  арандатуға иланып, ермеуге, «АҚШ пен Қытайдың сауда соғысында қолжаулық болмауға» шақырады.  Қытай  парламен­тіндегі  Гонконгтың жалғыз өкілі Тань Яоцзунның ойын­ша  толқу мен тәртіпсіздіктің бой көрсетуіне  сырт­қы күштердің дөректі түрде араласуы,  67 мемлекеттің мәлімдемесі де  себеп болған сыңайлы.

Бұл ретте  Ресей ҒА  Әлем экономикасы және ха­лықаралық қатынастар институтының аға ғылыми қыз­меткері Александр Ломанов  «Новая газета» басылы­мында: «Қытайда шетелдік күштердің арандатуы мен Американың араласуы туралы болжам таратылуда. Рас, Трампқа өздерінің  демонстрацияға еш қатысы жоқ екенін, өз агенттерін онда түрлі-түсті төңкеріс ұйымдас­тыруға жібермегенін дәлелдеу қиын-ақ. Сондықтан Си Цзиньпин оқиғаны басқа арнаға бұрып, Трампты сауда және технологиялық соғысқа қоса, Қытайдың тұрақты­лығын шайқалтуға әрекеттенуде деп айыптауы ықтимал. Шындығында Гонконгтағы көтерілістен Трампқа  келіп-кетер пайда жоқтың қасы» деген пікір білдірген.

АҚШ-ты ақтап, қорғаудан  аулақпыз. Әйтсе де,  Ақ үйдің  кез-келген елмен қарым-қатынаста  адам құқығы мәселесін алға тартып, бірінші  орынға қоятыны баршаға аян. Сол себепті де Мемлекеттік хатшы Майкл Пампео: «Дональд Трамп биылғы маусымның 28-29 күндері Жапонияның Осака қаласында  болатын  үлкен  G20-тың  жиынында  сәті түсіп, Си Цзиньпинмен кездесіп жатса, «сауда-саттық» дауына қоса Солтүстік Корея мәселесін және  «Гонконг оқиғасын» қозғайды», – деген болатын.

Сондай-ақ, американдық Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының директоры Бонни Глэйзер: «ҚХР төрағасы қытай-американ келіссөздерінің аясында  ондай бөтен тақырыптың қозғалмауына  күш салып бағады», – дегендей жоралмал жасаған.

Иә, алдын-ала белгілі болғанындай, Осакада Дональд Трамп пен Си Цзиньпин  кездесуі өтті.  БАҚ құрал­дарында қысқа ғана ақпарат берілгеніне қарағанда  кез­десуде әлемдік және аймақтық саясаттың өзекті мәселелері қызу талқылана қоймаған. Ақ үй қожайыны  Қытай тауарларына алым-салықты көтеруді тоқтата тұратынын айтып, екі басшы сауда-экономикалық қаты­нас туралы келіссөздерді өзара тиімділік пен сыйластық жағдайында одан әрі жалғастыруға уағдаласқан.  Ендеше, Вашингтон мен Пекиннің «сауда соғысы»  тоқтады деуге әлі ерте.

Бір қызығы, басқалар айтпағанымен, Қытайдың әйгілі Синьхуа агенттігі  Трамп – Цзиньпин диалогында Тайвань аралы мен Корей түбегінің  сөз болғанын сыналап болса да  жеткізді. Шамасы, Құрама  Штаттар Тайваньды қолдауын тоқтатса, Корей түбегіндегі жағдайдың оңалатыны айтылған сияқты.

«Бәрін айта та бірін айт» демекші,  қалай дегенмен де екі миллион Гонконг тұрғындарының  көшеге шығып, наразылық танытуы  Қытай  билігін  селт еткізіп, ой салғаны анық. Сондықтан Си Цзиньпиннің  үміт пен сенімді ақтай алмаған  Кэрри Ламды  бұдан әрі Гонконг әкімшілігінің басшысы етіп ұстауы екіталай. Ендігі жерде Гонконгқа қатысты  саясатына да  түзету енгізілуі ықтимал. Өйтпесе, бүгінгідей  құбылмалы да алмағайып заманда халықтың толқуынан  бәрін күтуге болады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *