Үгіт-насихат науқаны қарқын алды

Елімізде сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары қарқын алды. Президенттікке кандидаттар мен олардың сенім білдірілген өкілдері өңір-өңірді аралап, халыққа сайлауалды тұғырнамаларын түсіндіруде.

МЕТАЛЛУРГТЕРМЕН, КЕНШІЛЕРМЕН ЖҮЗДЕСТІ. «Nur Otan» партиясының атынан президенттік сайлауға ұсынылған кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды штабы өкілдері бұл жолы Қарағанды облысына барды. Жүздесулер барысында металлургтер мен кеншілер «Nur Otan» партиясының кандидатын бірауыздан қолдайтындарын білдірді.

Штаб басшысы, «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев бастаған аталған республикалық қоғамдық штабтың құрамында мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі кәсіпкерлер, мәдениет және спорт жұлдыздары және тағы басқа белсенді азаматтар бар.

Бұған қоса, аймақтарда кандидаттың сенім білдірілген өкілдері арқылы сайлаушылардың ұсыныстары мен тілектерін жинауға сеп болатын жалпыұлттық «BІRGE» акциясы басталды.

«ҰЛЫ ДАЛА ҚЫРАНДАРЫ». Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жетісу» саябағында «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысынан президенттікке кандидат Сәдібек Түгелдің сайлауалды штабы экологиялық акция өткізді. Бұл шараға мектеп оқушылары мен республикалық каратэ федерациясының жас спортшылары жиналды. Олар «Ұлы дала қырандары» қозғалысының кандидатына қолдау көрсетіп, саябақтардағы тасталған қоқыстарды жинап, акцияға белсенді қатысты. Осылайша жас ұрпақ адамның санасы тазармай, қаласы тазармайтынын сезініп, экологиялық іс-шарадан ерекше әсер алды.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мен ұрпақ тәрбиесін алға қоятын С.Түгел осы шараның алдында елордадағы түнгі клубтарды аралап, жасөспірімдерді жат қылықтардан бойын аулақ ұстауға шақырды.

ЕҢБЕККЕРЛЕР ҚҰҚЫҒЫ НАЗАРДА. Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясынан кандидат Амангелді Таспиховтың республикалық қоғамдық штабының сенімді өкілдері Нұр-Сұлтан қаласындағы Онкологиялық ауруханада еңбек ұжымымен кездесті. Штабтың тең төрағасы С.Дәулеталин кандидаттың еңбек жолы мен адамгершілік тұлғасын баяндап, сайлауалды тұғырнамасымен таныстырды.

Сондай-ақ, президенттіктен үміткердің Маңғыстау облысы бойынша сайлауалды штабы Жаңаөзен қаласының еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Онда жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейту, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қамтамасыз ету, қауіпсіз еңбек жағдайлары, лайықты еңбекақы және еңбек көші-қонын реттеу сияқты мәселелер кандидат А.Таспиховтың алға қойған мақсаттары екені айтылды.

КӘСІПКЕРЛЕРДЕ ДЕ САУАЛ КӨП. «Ақ жол» партиясынан кандидат Дания Еспаева партия төрағасы Азат Перуашев бастаған республикалық штаб өкілдерімен бірге Алматы базарында жұмыс істейтін кәсіпкерлермен кездесті. «Жібек жолы» базарында жұмыс істейтін жұртшылық кандидаттан Қазақстандағы шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері жөнінде сұрады.

Сонымен қатар, үміткер Д.Еспаева Алматыдағы «Темірбетон-1» ЖШС ұжымымен кездесті. Бұдан кейін партияның республикалық штабы үгіт-насихат жұмысын Талдықорғанда жалғастырып, онда еліміздегі ірі аккумлятор зауыты – «Қайнар» ЖШС жұмысшыларымен кездесті.

АУЫЛДЫ ӨРКЕНДЕТУ КІЛТІ. «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының атынан президенттікке кандидат Төлеутай Рақымбековтің сайлауалды бағдарламасымен таныстыру мақсатында Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде сайлаушылармен кездесу өтті.

«Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев кандидат Төлеутай Рақымбековтің сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, партияның қазіргі жұмыстарына тоқталды. Сайлауалды бағдарламада айтылған Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамыту – халықтың әл-ауқатын арттырудың кілті, ауылдар мен қалалардың әлеуметтік теңдігі – қоғамның өзекті мәселелерін шешу мүмкіндігі, дәстүрлі және рухани құндылықтарды сақтау – ел дамуының сенімді негізі және ауылдағы жастар саясатының тиімді моделі – ауылды өркендетудің құралы сынды мәселелер де кеңінен талқыланды.

ХАЛЫҚПЕН БІРГЕ. Қазақстан Коммунистік халық партиясынан президенттікке кандидат Жамбыл Ахметбековтің республикалық сайлауалды штабының өкілдері Ақмола облыстық аурухана қызметкерлерімен кездесті. Жиында «Халық коммунистері» фракциясының депутаты Владислав Косарев пен ұйымның Ақмола облыстық комитетінің бірінші хатшысы Бейсенбай Мәжитов сөз сөйледі.

В.Косарев Парламент Мәжілісіндегі «Халық коммунистері» фракциясының 7 депутаты үнемі қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қатысты бастамаларға ұйытқы болатынын тілге тиек етті. Ал өз кезегінде Б.Мәжитов медицина қызметкерлерінің жалақысын көбейту өзекті мәселе екенін және бұл сұрақ коммунистердің назарында тұратынын атап өтті.

ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮРЛЕРДІ ДАМЫТУ. «Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысы атынан президенттікке кандидат Әміржан Қосановтың сайлауалды штабы Солтүстік Қазақстан облысының Бәйтерек ауылына келді. Халықпен кездесуде Ә.Қосанов сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарын атап өтіп, тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап берді.

Сонымен қатар, Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет үйінде Ә.Қосановты қолдауға арналған «дөңгелек үстел» жиыны өтті. Облыстық сайлау штабының үйлестірушісі Жүкел Хамай кандидаттың сайлауалды тұғырнамасында көрсетілген «Ұлттық дәстүрлерді дамыту және дәстүрлі құндылықтарды сақтау» тақырыбында сөз сөйледі.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *