Үгіт-насихат науқаны қарқын алды

Елімізде сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жүріп жатыр. Президенттікке кандидаттар мен олардың сенім білдірген өкілдері өңір-өңірді аралап, халыққа сайлауалды тұғырнамаларын түсіндіруде.

ҚР  Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың  қоғамдық штаб мүшелері Шымкентте жастармен, тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен кездесті.

Мегаполистің  кандидатты қолдаушы жастары эстрада жұлдыздарының, блогерлердің және жастар көшбасшыларының қатысуымен ауқымды форум ұйымдастырды. Шараға  үш мыңнан астам  адам жиналды.

Жастарды қолдау – кандидаттың сайлауалды бағдарламасында белгіленген  сегіз  басым бағыттардың бірі. Республикалық штаб жетекшісі Мәулен Әшімбаевтың айтуынша,  Қасым-Жомарт Тоқаев  жас ұрпақты қолдауда  жүйеліліктің  қажеттілігіне дәйекті түрде маңыз беріп келеді.

«Прогрестің қозғаушы күші  –  жастарға сүйену»  жеке блогынан басқа, Президенттікке үміткер Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы білім беру жүйесін одан әрі дамыту және оның барлық азаматтарға қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша нақты шараларды да көздейді. Бағдарлама педагогтардың мәртебесін арттыруға, қала мен ауыл арасындағы білім  сапасындағы  алшақтықты қысқартуға, сондай-ақ  қазақ тілін дамытуға баса назар аудара отырып, үштілділікті енгізуге, инклюзивті білім беруді және Елбасының «Болашақ» бағдарламасын сапалы жалғастыруға, сондай-ақ ғылымды жүйелі қолдауға бағытталған.

— Жастар үшін барлық жағдай жасалады. Жас кәсіпкерлер үшін  «Жас кәсіпкер»  арнайы бағдарламасы жүзеге  асырылатын болады. Жас ғалымдар үшін ғылыми әзірлемелерге гранттар беріледі. Жас мемлекеттік қызметкерлер үшін «Президенттік кадрлық резерв»  бағдарламасы іске қосылады. Алдағы жылдары 650 мың қазақстандық отбасы, ең алдымен жас отбасылар өз  баспаналарына қол жеткізетін болады. Осының бәрі  біздің кандидаттың бағдарламасында  бар», – деді ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың  республикалық қоғамдық штабының жетекшісі Мәулен Әшімбаев.

 

 

ҚР  Президенттігіне  үміткер Сәдібек Түгелдің жақтастары Семейдегі  ұлы Абайдың  ескерткішіне барып, тағзым етті. Үміткердің  сайлауалды штаб мүшелері қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы халықтық тұлғаға құрмет көрсетіп, акция ұйымдастырды.

Ұлттық құндылықтарды сақтау – кандидат Сәдібек Түгелдің сайлауалды тұғырнамасының маңызды бағдары. Ол  салт-дәстүр  мен әдет-ғұрыпты сақтауға, сондай-ақ, мемлекеттік тілді дамытуға басымдық береді.

– Сәдібек Түгел Амангелді ауылында қатардағы жұмысшылар отбасында дүниеге келген. Ол әрқашан адал еңбек етті, балаларын да жақсы  тәрбиеледі. Еліміздің болашағына алаңдайды. Біз кандидатымыздың  өзінің  алдына қойып отырған мақсат-мұраттарына  ризамыз. Үміткердің  тапсырмасы бойынша  бүгін  біз Ұлы тұлға – Абайдың құрметіне тағзым еттік, ұрпақтарына баға жетпес шығармашылық мұра қалдырған Абай ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Міне, Сәдібек Түгел осы ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалуды, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуді мақсат тұтады, – деп атап өтті ҚР Президенттігіне үміткердің сенімді өкілі  Салтанат Құмарова.

Мемлекеттік тілді насихаттау –  Сәдібек Түгелдің  сайлауалды бағдарламасының  негізгі діңгегі. Өз  сайлаушыларымен кездесулерде үміткер  өзін толғандырған осы мәселе туралы   міндетті түрде қазақ тілінде сөйлейді.

ҚР Президенттігіне үміткер Сәдібек Түгелдің сайлауалды штабының баспасөз хатшысы  Базаргүл Үмбетова айтқандай,  кандидаттың  сайлауалды штабтары Қазақстанның 14 өңірінде және 3 қаласында жұмыс істейді. Жақын арада Сәдібек Түгелді қолдау іс-шаралары кандидаттың қатысуымен және қатысуынсыз Жезқазғанда, Қарағандыда, Талдықорғанда, Петропавлда өтеді. Ал Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарының бірқатар ауылдары мен аудан орталықтарында кездесулерді тағы бір рет қайталап  өткізу  жоспарлануда.

 

ҚР Кәсіподақтары федерациясынан ҚР Президенттігіне кандидат Аманкелді Таспиховтың аймақтық қоғамдық штабтары өңірлер тұрғындарымен  жүздесулерді   одан әрі белсене жалғастыруда.

Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Президенттігіне үміткер Аманкелді Таспиховтың қалалық қоғамдық штабының белсенділері «№1 автобус паркі» АҚ кәсіподақ комитетінің төрағасы – сенімді  өкіл  Биахмет Биляловтың  қолдауымен,  №10 қалалық маршруттың жолаушыларына үгіт материалдарын таратты.

Сондай-ақ, қоғамдық штабтың еріктілері ескі теміржол вокзалының аулаларына 350 үгіт материалдарын жапсырып шыққан. 28 мамырда ҚР Президенттігіне кандидаттың сенімді өкілі Юлия Будницкая Шығыс Қазақстан облысындағы  Шемонаиха ауданының білім беру қызметкерлерінің кәсіподақ активімен кездесу ұйымдастырды. Сонымен қатар, Көкшетау қаласында ҚР Президенттігіне кандидаттың сенімді өкілі, «YNTYMAQ» Ақмола салалық кәсіподағының төраға орынбасары Қайыржан Қожахметтің  «Көкшетау Жылу» ұжымымен кездесуі өтті. Сенімді өкілдер  кездесуге қатысушыларды кандидаттың өмірбаянымен және сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.

Президенттікке үміткер Аманкелді Таспихов еңбекшілердің қаржылық мәселелерін заңнамалық деңгейде шешуге ниетті. Ол Мәжіліске бюджет қызметкерлеріне жалақы есептеу тетіктерін қайта қарау ұсынысын жолдады. Сондай-ақ, кандидаттың пікірінше, ауылдағы  мұғалімдердің  коммуналдық қызметтерді төлеудегі  шығындарын ішінара өтеп отыру қажет.

– Президенттікке үміткер Аманкелді Таспихов қаржылық мәселелерді шешуге ниетті. «Біздің кандидат бірінші кезекте, кем дегенде,  ең төменгі жалақы мөлшеріндегі базалық лауазымдық жалақыны ауыстыру керек деп есептейді», – деп атап өтті ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Біржан Нұрымбетов.

 

«Ақ жол»  партиясынан ҚР Президенттігіне кандидат Дания Еспаева Солтүстік Қазақстан облысының  еңбек ұжымдарымен кездесті.  Үміткер Петропавл ауыр машина жасау зауытының ұжымын өзінің  сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.

Бұл кәсіпорын мұнай-газ саласы, қорғаныс және энергетика салалары үшін жабдықтар өндіреді. Оның тарихы өткен ғасырдың 60-жылдарынан басталады,  сол кезеңде  мұнда зымырандар, зымыран кешендері, суасты қайықтарына арналған снарядтар құрастырылған еді. Қазір зауыт профилін кеңейтіп, ҚР Қорғаныс министрлігі үшін ғана емес, сонымен қатар мұнай және темір жол компаниялары үшін де тапсырыстар  орындап келеді. Зауыт  100-ден астам өнім түрлерін шығарады. Қазіргі уақытта өндірісті жаңғырту жүргізілуде, бұл мақсатқа мемлекеттік бюджеттен 4,5 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Жоба үш жылға – 2020 жылға дейін есептелген. Жаңғырту өндіріс көлемін арттырып, жаңа өнім түрлерін игеруге  мүмкіндік береді деп күтілуде.

– Менің бағдарламамда бизнесті дамыту үшін сатып алу жүйесін, оның ашықтығын жетілдіруіміз керек деп жазылған. Бүгінде бұл зауыттың өнімі біздің шетелдік компанияларға жеткізіледі және мұнда біз ашықтықты қамтамасыз етуге тиіспіз. Маңызды мәселенің бірі – тендерге қатысу кезіндегі шарттар. Бұл жерде мерзім өте қысқа, заңнама тұрғысынан  алғанда, осындай компанияларға қалай көмектесе алатынымызды айқындап алғанымыз жөн, – деп атап өтті ҚР Президенттігіне кандидат Дания Еспаева.

Үгіт науқаны басталғалы  бері кандидат жеңілдікті несие  мен субсидиялар есебінен, басқа да бағдарлар бойынша  ШОБ пен  ірі өнеркәсіп кәсіпорындарына қолдау  көрсету қажеттігін айтып келеді.

 

ҚР Президенттігіне үміткер Төлеутай Рақымбековтың қоғамдық штаб мүшелері мен сенімді өкілдері  Ақтөбе қаласының еңбек ұжымдарымен, тұрғындарымен кездесулер өткізді.

Басқосуларда  ауылдарға көмек көрсету қажеттілігі туралы әңгіме өрбіді. Ең алдымен, ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің жалақысын арттыру қажеттігі айтылды.  – Қала мен ауылды жақындастыру керек.  Ауылдар қалалар­ды  асырау үшін  ауылдарда кәсіпкерлікті дамыту қажет, – дейді ҚР Президент­тігіне кандидат Төлеутай Рақымбековтың сенімді өкілі  Ғалым Мүсіров.

Ауыл шаруашылығы саласындағы  бір жұмыс орны  қалада 7-8  жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.  Сондықтан да Төлеутай Рақымбековтың  жақ­тас­тары  мен партияластары  ауыл инфрақұрылымын дамытуға, шекаралас ауылдарды сақтау  арқылы  оларда  ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік беретін шаралар кешенін іске асыру керектігіне басымдық беріп отыр.

– Ауылда экономиканы көтеру қажет. Біз жастарды лайықты жалақымен ынталандыруға және жас мамандарды ауыл үшін өзекті дағдыларға үйретуге тиіспіз. Ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері үшін тұрғын үй салу керек. Онда ауруханалар, спорттық және мәдени ғимараттар болуы үшін ауыл инфрақұрылымын дамытқан жөн , – дейді Жомарт Баймұхан.

Ал ҚР  Прези­денттігіне кандидат Төлеутай Рақымбековтың өзі   Батыс Қазақстан облысына  үгіт-насихат сапарын  одан әрі  жалғастыруда. Кезекте Атырау облысы мен Ақтау қаласының сайлаушыларымен кездесу тұр.

Үміткер  Facebook-тегі парақшасында  ортақ мақсат үшін бірігу қажеттігі туралы пост жариялады: «Біз жүздерге, руларға, оңтүстікке-солтүстікке жиі бөлінеміз… Бірақ  бәріміздің   ортақ қасіретіміз  бар – біздің туған ауылымыз апат шегінде тұр. Шын мәнінде, бұл біздің әрқайсымыздың үйіміз  және ол өте тозып кетті. Тек бірігу арқылы  ғана біз оны көтере аламыз, оған әл-ауқаты  мен қуатын қайтара аламыз». Төлеутай Рақымбеков  ортақ шаңырақты көтеру  үшін,  ауылды  құтқару үшін бірігуге   шақырды.

 

ҚР  Президенттігіне кандидат Жамбыл Ахметбековтың қоғамдық штаб өкілдерінің бір тобы   Талас ауданының  Қаратау қаласындағы  еңбек ұжым­дарымен, жергілікті тұрғындармен жүздесті. 

Үміткердің  Жамбыл өңіріндегі  сайлауалды штабының басшысы Жарыл­қасын Нұрәлиев бастаған  үгіт-насихат тобы  жиналғандарды  Жамбыл Ахмет­бековтың сайлауалды  бағдарламасымен таныстырды. Қаратау –  өңірдегі өнер­кәсіптік орталықтардың бірі болып табылады. Қалада 10 ірі кәсіпорын жұмыс істейді. – Біздегі  негізгі  жұмыс  –  тау-кен өндірісі.  Қазіргі таңда  біз аудан бойын­ша, кәсіпорындар бойынша натрий цианидін өндіреміз, мәрмәр өндірісімен айналысамыз. Соңғы 4 айда жалпы өндіріс көлемі 11 млрд. теңгені құрады. Өндірілген өнім экспортқа – Ресейге, көрші Қырғызстанға, жіберіледі,  Қытайға да  экспортталуда. Бұл кәсіпорындардың құрылуы қазіргі уақытта экономи­каның дамуына да оң ықпал  етуде, – деді Талас ауданы әкімінің орынбасары Серік Дадабаев.

Президенттікке үміткер Жамбыл Ахметбековтың  сенімді өкілі  сайлаушы­лардың алдында сөйлеген сөзінде  ҚКХП-ның  басты  қағидалары  –  интерна­ционализм  мен  әлеуметтік әділеттілік  туралы айтты. Жарылқасын Нұрәлиев қоғамның өркендеуі   әр түрлі ұлттар өкілдері арасындағы бейбітшілік пен келісімге байланысты екенін және ҚКХП әрдайым интернационализм қағидаттарын  ұстанатынын  атап өтті.  Кандидаттың сайлауалды тұғырна­масының девизі – «Қоғам игілігі үшін – адал еңбек!». Ж.Нұрәлиев   жұрт­шылықты үміткердің осы девиз  аясындағы сайлауалды  бағдарламасымен жан-жақты  таныстырды. Ол орта тапты  қозғамай,  табыс салығының жоғары ставкасын  үстеме табыс алушыларға ғана қолдану қажеттігін  қадап айтты.

Кездесу барысында кандидат атынан азаматтар мен мемлекеттің Қазақстанның болашағы үшін ортақ жауапкершілігі тақырыбы қозғалды. Жарылқасын  Нұрәлиев сайлаудың демократиялық құрылыстың міндетті құрамдас бөлігі ретіндегі  маңыздылығын атап өтті.

 

«Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысынан  ҚР Президенттігіне кандидат  Әміржан Қосановтың  өңірлік сайлауалды штабының мүшелері мен  сенімді өкілдері Атыраудағы «Ақжелкен» шығармашылық орталығының ұжымымен жүздесті. 

Модератор ретінде өңірлік штаб басшысы Ғалымжан Өтебаев сөз сөйледі. Штаб мүшелері үміткердің сайлауалды тұғырнамасын ұсынып, кандидаттың көзқарастарымен таныстырды. Сондай-ақ, олар қатысу­шылардың ілеспе сұрақтарына да  жауап берді. Жұмысшыларға Әміржан Қосановтың сайлауалды бағдарламасы түсіндірілді.

– Біз Әміржан Қосановтың тұғырнамасын егжей-тегжейлі талқыладық. Кандидат белгілеген ережелер туралы көптеген идеялар айтылды. Осы  айтылған идеяларды, тұжырымдар  мен ұсыныстарды басқа адамдар да естуге тиіс деп есептеймін,  – деді Атырау қаласының тұрғыны Нұрберген Дәулетов.

Тұрғындар өздерінің азаматтық белсенділігін көрсетіп, сайлауға қатысуға ниеттерін білдірді.

– Қазақстан халқы бұл сайлауды өте күтеді және әрине, әркім оған белгілі бір үміт артады. Еліміз одан әрі қалай дамиды? Бізді қандай өзгерістер күтіп тұр? Мұның бәрі өте қызықты. Сондықтан кандидаттардың  бағдарламаларымен жан-жақты танысып, мұқият зерделегеніміз абзал. Тоғызыншы маусымда мен сайлау учаскесіне барып, өзімнің азаматтық  таңдауымды жасаймын, – деді кездесуге қатысушы Серік Сапанов.

Үміткердің сайлауалды штабының мүшелері  мен сенімді өкілдері еліміздің барлық өңірлерінде үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырып,  өз үміткерін қолдауға шақырған  үнпарақшаларын  таратуда, кездесулер өткізуде. Әміржан Қосановтың  сайлауалды штабының өкілдері облыс және аудан орталықтарымен шектелмей, әрбір елді-мекенге, тіпті ең шағын ауылдарға да  жетуге мүдделілік танытып отыр.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *