Үгіт-насихат науқаны қарқын алды

Елімізде сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары қарқын алды. Президенттікке кандидаттар мен олардың сенім білдірген өкілдері өңір-өңірді аралап, халыққа сайлауалды тұғырнамаларын түсіндіруде.

ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды үгіт-насихат науқанының аралық кезеңін қорытындылаған брифинг өтті.

«Nur Otan» партиясының Алматы қалалық филиалында өткен бұл шарада кандидаттың Алматыдағы қоғамдық штабының жетекшісі, қалалық мәслихат депутаты Рахман Алшанов аралық кезеңде атқарылған жұмыстар жөнінде әңгімеледі: «Алматы – бизнестің, ғылым мен мәдениеттің ордасы. Сайлаушылардың үштен бірі жастар. Сол себепті, осы салалардағы топтармен жұмыс істеуге басымдық берілуде. Жастардың заманауи білім алуына, жатақханалар мен тұрғын үйлердің салынуына, жаңадан жұмыс орындарының көптеп ашылуына ерекше назар аударамыз».

Ол қоғамдық қабылдау бөлімдерінде 500-дей азаматтар қабылданғанын, қоғамдық штаб­тың 170 мүшесі және бір жарым мыңдай сенімді өкілдер мен жас белсенділер екі апта ішінде еңбек ұжымдарында 200-ге жуық іс-шара ұйымдастырғанын, оларға әр саланың қырық мыңнан астам өкілдері қатысқанын атап өтті. Тұрғындарға кандидаттың сайлауалды бағдарламасы таныстырылған. «Есіктен есікке» акциясы аясында штаб мүшелері 30 мыңдай отбасымен кездесіп, түрлі саладағы азаматтардың талап-тілектері мен ұсыныстарын тіркеген.

ҚР Президенттігіне кандидат Сәдібек Түгелдің өңірлердегі штабтарының өкілдері мен сенім білдірілген адамдары үгіт-насихат жұмыстарын қарқынды қолға алды.

«Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысы ұсынған президенттікке кандидат Сәдібек Түгел сайлау науқаны басталғалы бері сайлауалды үгіт-насихат шараларын тек қазақша өткізіп келеді. Ол Алматыдағы кездесуде мектеп бағдарламасына 4 мың жылдық тарихы бар, әлемнің 30 елінде танымал тоғызқұмалақ ойынын пән ретінде енгізуді, 1-сыныптан бастап балаларға тоғызқұмалақтан дәріс беруді ұсынды. Өйткені, бұл ұлттық интеллектуалдық спорттық өнер түрі балалардың ой-өресін жетілдіреді, математикалық алғырлығын қалыптастырады, басқа да жақсы адами, рухани қасиеттерге тәрбиелейді. Осы арқылы ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға жол ашылады деген пікірде.

Үміткер үгіт-насихат жұмыстарының аясында Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылған «Жерұйық» саябағында өткен концертке қатысты. Өнер кешінде сөз алған Сәдібек Түгел кезінде осы саябақтың атын қоярда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Жерұйық» атауын өзі ұсынғанын айтты. Сайлауалды тұғырнамасының басты бағдарларымен таныстырды. Бұл жолы кандидаттың Жамбыл облыстық қоғамдық штабының өкілдері белсенділік танытты. Олар Тараз қаласында, сондай-ақ, Т.Рысқұлов, Меркі, Сарысу, Талас, Байзақ, Қордай және Жуалы аудандарында тұрғындармен жүздесіп, Сәдібек Түгелдің сайлауалды бағдарламасын таныстырды, азаматтарды толғандырған сауалдарға жауап берді.

Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Аманкелді Таспихов Қостанай облысындағы сайлаушылармен бірқатар кездесулер өткізді.

Солардың бірі – TEDx форматында өткен өңір кәсіподағы активінің «Мүмкіндіктер алаңы» конференциясы. Сондай-ақ, кандидаттың сенімді өкілдері үміткердің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарымен Батыс Қазақстан облысын аралады.

Осы облыстың Сырым ауданында олар «Кәсіподақ ұйымы және оның қоғамдық бақылауды жүзеге асырудағы рөлі» тақырыбында «дөңгелек үстел» ұйымдастырды. Басқосуға облыстық білім басқармасының қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы М.Даупаев және өңірлік штаб өкілдері Г.Құрманғазиева мен Г.Хаирлиева қатысып, жиналғандарды кандидаттың сайлауалды тұғырнамасымен таныстырды.

Амангелді Таспиховтың сайлауалды бағдарламасында баяндалған еңбек адамына жан-жақты қолдау көрсету, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бағдары туралы әңгімелеген М.Даупаев Сырым аудандық білім саласының кәсіподақ мүшелері ұйымының жұмыс барысы жөнінде және «Еңбек шартын жаса!» акциясының жүргізілуі хақында да баяндады. Алдағы сайлауға белсене қатысатындарын, үміткерге қолдау білдіретіндіктерін айтты.

ҚР Президенттігіне «Ақ жол» демократиялық партиясынан кандидат Дания Еспаева өзінің қоғамдық штабы өкілдерімен бірге Ақмола облысындағы Шортанды ауданына барды.

Үміткер Шортанды ауданындағы кәсіпкерлермен және бюджет саласының қызметкерлерімен кездесті. Өңірде шағын және орта бизнес саласында 1300-дей адам жұмыс істесе, олардың 40 пайызы – әйелдер. Дания Еспаева А.Бараев атындағы бидай шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығының, Ақмола вагон жөндеу зауытының ұжымдарымен де жүздесті.

Ал Оралда кандидаттың өңірлік штабы «Бұл біздің таңдауымыз» атты флешмоб ұйымдас­тырды. Басқосуға «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, кандидаттың республикалық қоғамдық штабының жетекшісі Азат Перуашев, Парламент Мәжілісінің депутаттары Берік Дүйсембинов пен Кеңес Әбсәтіров, партия филиалының төрағасы Асқар Смағұлов қатысты. Қоғамдық штаб мүшелері зауыт жұмысшыларына Д.Еспаеваның сайлауалды бағдарламасын таныстырып, отандық кәсіпорындарды қолдау бағытындағы бағдарларын баяндап берді.

«Ақ жол» партиясының атынан ҚР Президенттігіне кандидат Дания Еспаеваның қоғамдық штабы сайлауалды үгіт-насихат науқаны барысында еліміздегі басқа да ірі өнеркәсіп орындарында кездесулер өткізуді жоспарлап отыр.

«Ауыл» ХДПП атынан Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Төлеутай Рақымбеков Шығыс Қазақстан облысына барды.

Ол өндіріске жаңа технологияларды енгізуге, ауылдарда заманауи ауылшаруашылығы кешендерін салуға, ұлттық тағам өндірісін дамытуға бейіл жастардың ауылды тастап кеткенін қаламайды. Ол үшін жас мамандарды лайықты жалақымен, жайлы шаңырақпен қамтамасыз еткен жөн.

Сапар аясында кандидат, өзі атап өткендей, ауыл шаруашылығы мәселелерімен жақынырақ танысып, тұрғындармен етене араласпақ ниетте және олармен пікір алмасып, еңбеккерлерді толғандырған сауалдарға көзбе-көз жауап бермек.

Кандидаттың алғашқы сапары тауарлы сүт фермасынан басталды. Фермадағы үш мың бас малдың жартысына жуығы – сауын сиырлар.

– Шаруа қожалығы тек 2018 жылдың өзінде ғылымға 385 млн. теңге салыпты, ал бюджеттің үлесі – 15 млн. теңге. Бұл – ғылымның, білімнің және агроөндірістің тығыз интеграциясының жарқын мысалы. Бұл – ғылыми зерттеулерге жеке инвестиция салудың пайдалы екендігінің нақты көрінісі. Әрбір ауылда осылай болуы керек. Сол кезде ауыл тұрғындарының болашаққа деген құлшынысы артады. Мен, президенттіктен үміткер тұлға ретінде оған қалай қол жеткізуге болатынын анық білемін, – деді ҚР Президенттігіне кандидат Төлеутай Рақымбеков.

ҚР Президенттігіне Коммунистік халық партиясы атынан кандидат Жамбыл Ахметбековтің Шымкент қаласындағы сайлауалды қоғамдық штабының өкілдері жергілікті белсенді жастармен кездесті.

Қаладағы Индустриялық-техникалық колледжде өткен басқосуда Шымкент қалалық сайлауалды штаб жетекшісі Н.Қадырқұлов студенттерге Президенттікке ұсынылған кандидат Жамбыл Ахметбековтың сайлауалды бағдарламасын жан-жақты таныстырды. Штаб басшысы маркстік-лениндік ұстанымдардың маңыздылығына тоқталып, коммунистік тәрбиенің негізгі тетіктерін атап өтті.

Оның айтуынша, бүгінде жастардың мемлекеттің тағдырына алаңдаушылығы бәсең, олар түрлі оқиғаларға бейжай қарайды. Кандидаттың сенімді өкілдері, сондай-ақ, жастар тәрбиесі, интернет әлемінің жастар психологиясына әсері жөнінде де әңгіме қозғады.

Кездесу аясында сенімді өкілдер жастарды мазалаған сауалдарға жауап берді, саламатты өмір салтын қалыптастыру, шәкіртақы көлемін көбейту, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағдарлары төңірегінде де жан-жақты келелі әңгіме өрбіді.

ҚР Президенттігіне «Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысынан кандидат Әміржан Қосанов Қостанай облыстық сайлауалды штабының өкілдерімен кездесті.

Әміржан Қосанов сайлауалды бағдарламасының басым бағдарларына орай қоғамдық мәселелерге қатысты өз көзқарасы мен ұстанымын кеңінен таныстырды. Штаб мүшелері науқандық жұмыс барысын баяндап, іс-шаралар жоспарлары талқыланды. Сонымен бірге, штабтың конференц-залында кандидаттың қала тұрғындарымен кездесуі ұйымдастырылды. Тұрғындар Әміржан Қосановтың сайлауалды тұғырнамасымен танысып, алдағы жоспарларына, нақтылы бастамаларына қолдау білдірді.

Үміткер штаб өкілдерімен бірге облыста бидай, рапс, сұлы, арпа және басқа да дәнді дақылдардың құнды тұқымдарын өсірумен айналысатын «Заречное» ауылшаруашылық тәжірибе стансасы» ЖШС еңбек ұжымымен кездесуге қатысты. Серіктестік қызметкерлерімен жүздесуде Әміржан Қосанов сайлауалды бағдарламасының негізгі бағдарлары туралы әңгімелеп берді.

Жиында сайлау науқанына қатысты сұрақ-жауап өрбіп, түрлі қоғамдық мәселелер талқыланып, ұжым мүшелері өздерін мазалаған сауалдарға орай пікір алмасты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *