Үгіт-насихат науқаны қарқын алды

Елімізде сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары қарқын алды. Президенттікке кандидаттар мен олардың сенім білдірген өкілдері өңір-өңірді аралап, халыққа сайлауалды тұғырнамаларын түсіндіруде.

 

«Nur Otan»  партиясынан  ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабының мүшелері  Қостанай облысындағы  Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік  бірлестігінің және  «Баян сұлу»   фабрикасының ұжымымен  жүздесті.

Бірлестік қызметкерлерімен кездесуде  қоғамдық  штаб  басшысы  Мәулен Әшімбаев отандық өндіріс пен  әлеуметтік бағдарларды қолдау жөніндегі  қолданыстағы  бағдарламалар  міндетті түрде   сақталуы тиістігін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының мәні мен мақсаты да осында екендігін  қадап айтты. Басқосу барысында  штаб мүшелері  экономика  өсімінің жоғарғы қарқынын  сақтау қажеттігіне, оның тиімділігін әрбір қазақстандықтың сезінуі тиістігіне  мән берді.

– Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында  180 мемлекеттің ішінде   өмір сапасы мен басқа да  көрсеткіштер бойынша  барлық рейтингтерде біз  соңғы орындарда едік. Қазір біз  әлемнің аса дамыған 50 елінің санатындамыз.Дамудың алдағы сатыларында біз  осы бағдарды жалғастыруымыз керек, – деді «Nur Otan» партиясының мүшесі  Кенжеғали Сағадиев.

 

ҚР Президенттігіне кандидат Сәдібек Түгел   астаналықтармен  кездесті. «Дөңгелек үстел» форматында, «Ұлттық құндылықтарды ұлықтайық!» тақырыбында  өткен кездесуде  ғылыми сала  өкілдері, журналистер, басқа да шақырылған қонақтар бас қосты.

Сәдібек Түгел  аудитория назарын  өзінің сайлауалды бағдарламасының өзекті деген ережелеріне аударды. Қазақстандық қоғам үшін  рухани-адамгершілік  құндылықтарды сақтаудың, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтерудің, жастарды қолдау мен  жемқорлықты жоюдың маңыздылығын  атап өтті.

– Біздің міндетіміз  –  жас ұрпаққа  ата-бабаларымыздан бері сақталып келе жатқан рухани құндылықтарымызды, ұлттық салт-дәс­тү­рімізді аманат  етіп қалдыру,  еліміздегі  бейбіт өмір мен  тұрақтылықты, бірлік пен ынтымақты  сақтап қалуға күш салу. Біз бүгінгі жастарды қалай тәрбиелесек, еліміздің болашақ тағдыры  да солай болады, деп атап өтті  Президенттікке кандидат.

Сәдібек Түгел сонымен бірге   ауыл жағдайы туралы да мәселе көтерді. «Алтын бесігіміз – ауылды  қайта жаңғырту, оған бұрынғы мәртебесін беру, ауылға жастарды қайтару үшін онда  өндірісті  игеру қажеттігін» атап өтті. «Сол кезде  жастар ауылға барып,  ауылда жақсы өмір сүріп, лайықты еңбек ететінін» айтты.  «Дөңгелек үстелге» қатысушылар  өздерін толғантқан мәселелерді көтеріп, ұлттық құндылықтарды насихаттау бойынша ұсыныс-пікірлер талқыланды.

 

ҚР Президенттігіне кандидат Амангелді Таспихов пен оның сенімді өкілдері  Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарында кездесулер өткізді.

Шаралар барысында  өңірлік штабтардың  мүшелері  мен сенімді өкілдері   жиналған қауымды  кандидаттың сайлауалды бағдарла­масымен таныстырды. Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысында  кандидаттың сенімді өкілдері   білім мен ғылым қызмет­керлерінің  VІІ облыстық Спартакиадасына қатысты. Ақмола облысында Амангелді Таспиховтың сенімді өкілдерімен және  өңір жұртшылығымен  бірқатар кездесулері  өтті.

Кәсіподақтар үйінде  37 сенімді өкіл  жиналып, ҚР  Кәсіподағы федерациясы ұсынған кандидатпен  және оның  сайлауалды бағдар­­ламасымен танысты. Сонымен қатар,  Бурабай ауданында  «Бурабай курорты»  теміржол стансасы мен «Щучинск» санато­рийі­нің  еңбек ұжымдарымен жүздесті. Ал 19 мамырда кандидат  Өскеменде болып, өзінің  өңірлік сайлауалды штабының мүшелерімен, сенімді өкілдерімен  және  Шығыс өңірдегі сайлаушылармен  кездесті. А.Таспихов қатарына жас жұмысшылар  мен  студенттерді  біріктіретін «Келешек»  жастар кеңесі  Ертіс өзенінің жағалауында  ұйымдастырған  «Бір толқында»  флэш-мобына қатысты.

 

Қостанай облысына  ҚР Президенттігіне «Ақ жол»   партиясынан кандидат Дания Еспаева да барды. Сапар  барысында Дания Еспаева  Алтынсарин ауданындағы  «Олжа Беляевка» серіктестігінің аграрийлерімен кездесті. Жергілікті Силантьевск  мектебінде, «СарыарқаАвтоПром» ЖШС мен «Агромашхолдинг» ұжымдарымен кездесті. Қостанайдағы М.Горький атындағы мектеп-гимназиядағы  жүздесу  шарасына  қатысты.

Кездесуге қатысушылар   еліміз  тарихында  Президенттікке  кандидат тұңғыш  әйелдің  сайлауалды бағдарламасымен танысты. Үміткер  сайлаушылардың  зейнеткерлік жас, жинақталған зейнетақы қаражаты, азық-түлік тағамдарының бағасы, коммуналдық төлемдер, жұмысқа орналасу, ауылдағы  шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан қамқорлық, білім жүйесі, тұрғын үймен қамтамасыз ету  туралы және басқа да  көптеген сауалдарына  орай ой бөлісіп,  түрлі сұрақтарға жауап берді.

– Бүгінде Қазақстан тұрғындарының 43%-ы  ауылды жерлерде тұрады. Сондықтан  бірінші кезекте  кандидаттармен, олардың сайлауалды бағдарламаларымен ауылдағылар танысуы тиіс, – деді Дания Еспаева.

«Ақ жол» партиясынан Президенттікке кандидаттың  үгіт  кампаниясын жүргізу жұмыстары одан әрі жалғасуда.

 

ҚР Президенттігіне кандидат Төлеутай Рақымбековтің штабы  шымкенттіктер үшін   мерекелік концерт ұйымдастырды.

Шара барысында кандидаттың  сенімді өкілі Қанатбек Досалиев  жиналғандарды  Төлеутай Рақымбековтің сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Қоғамдық штабтың демалыс күні ұйымдастырған бұл шарасы   қалалықтарға жақсы көңіл-күй  мен  ұмытылмас естеліктер  сыйлады.

Штаб өкілдері, сондай-ақ,  Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы  ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлерімен кездесті.  Олар сайлаушыларға кандидаттың сайлауалды бағдарламасы жөнінде мағлұмат беріп, оларды толғантқан сауалдарға жауап берді.

– Біз ауыл болашағына бей-жай қарай алмаймыз. Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай,  ауыл шаруашылығы –  экономикамыздың драйвері.  Осы салаға өзіміздің бүкіл  тағдырымызды арнаған адамдар ретінде, біздер, Елбасы тұжырымымен толық келісеміз, – деді  институт бас директорының міндетін атқарушы  Бақытжан Дүйсенбеков.

Сайлаушылармен басқосуда  Төлеутай Рақымбековтің  сайлауалды штабының өкілдері  қазақстандықтардың 7 миллионнан астамы  ауылда тұратынын, сондықтан  да ауыл мен  ауыл шаруашылығын  белсенді дамыту қажеттігін қадап айтты. Мұның өзі  бүкіл еліміздің экономикасын көтеруге қомақты үлес қосатыны тұжырымдалды.

 

Ел астанасында «Халықтық коммунистер»  фракциясы  депутаттарының   облыстық штабтармен кеңейтілген  кеңесі өтті.

Нұр-Сұлтан  қаласында, Президенттікке кандидат  Жамбыл Ахметбековтың  республикалық сайлауалды қоғамдық штабында   оның басшысы Айқын Қоңыровтың  және «Халықтық коммунистер»  фракциясы депутаттарының   партияның үгіт топтары облыстық штабтарымен   кеңейтілген отырысы болды. Басқосу  видеоконференц-байланыс форматында ұйымдастырылды.  Оған қатысушылар  үгіт жүргізу тәртібін, ережелерін  және қолданыстағы заңдылықты  қатаң сақтау мәселелерін талқыға салып, ой бөлісті. Кандидаттың өңірлерде сайлаушылармен кездесуі жөнінде  ақпарат берілді. Штаб басшысы  А.Қоңыров  ағымдағы жағдай мен  штаб жұмысы туралы әңгімеледі.

Ол   барлық шаралар  белгіленген мерзімінде және жоспар бойынша өткізіліп келе жатқандығын тілге тиек етті.  БАҚ-тар  арқылы   кандидатты жарнамалық қолдау шарасы басталды, жарнамалық  құрылғыларға  кандидаттың сайлауалды  билбордтары ілінді, әлеуметтік желілерде де  осы бағытта   нәтижелі жұмыстар жүргізілуде.  Сонымен қатар,  қалалық, облыстық  комитеттердің бірінші хатшыларының  кезеңаралық есептері тыңдалды.

 

ҚР Президенттігіне кандидат Әміржан Қосановтың  белсенділері  Өскеменде  экологиялық акция ұйымдастырды.

«Жасыл қала» акциясы  барысында облыс орталығының  дамып келе жатқан аудандарының бірінде  көшеттер отырғызылды.

Шара аясында   облыстық штаб басшысы қала тұрғындарына үміткер  Әміржан Қосановтың сайлауалды бағдарламасы туралы  әңгімелеп, тұрғындардың түрлі сауалдарына жауап берді.

Сонымен қатар, Әміржан Қосановтың   сайлауалды штабы  Қазақстанның  бірқатар қалаларында  да  сайлаушылармен кездесулер өткізуде.  Мәселен, Семейде  тұрғындар  арасында   үгіт жұмысы қызу  басталып кетті. 19 мамыр күні  облыстық штабтың үгіт тобы   қалалық Мәдениет үйінде, Жеңіс сквері мен  М.Әуезов  алаңында  тұрғындармен бірнеше жүздесулерге қатысты.

Кездесулерге қатысушылар үшін  кандидаттың сайлауалды бағдарламасының таныстырылымы болды.  Осы күні  штаб мүшелері  ел астанасында да  үгіт шараларын өткізді.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *