Германия – әлем чемпионы

Germany v Argentina: 2014 FIFA World Cup Brazil FinalБразилиядағы әлемдік доп додасы да аяқ­талды. Финалда Германия футболшылары Арген­тина құрамасынан 1:0 есебімен басым түсті.

Бұл – неміс футболының тарихындағы төртінші табыс. Олар бұған дейін 1954, 1974 және 1990 жылдары әлем чемпионы атанған еді. Және олар сегізінші рет финалда ойнап, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Бір қызығы, Германия мен Аргентина – финалда үш рет кездескен бірден-бір жұп. 1986 жылы аргентиналықтар ұтса (3:2), 1990 жылы немістер жеңімпаз атанған болатын (1:0).

Рио-де-Жанейродағы «Маракана» ста­дионында өткен кешегі финалдың нәтижесі әділ болды. Аргентиналықтар допқа небәрі 36-ақ пайыз уақыт иелік етті, қарсы қақпаға бірде-бір дәл соққы бағыттай алған жоқ. Рас, Гонсало Игуаин, Лионель Месси және Род­риго Паласио гол соғатын тамаша мүмкін­діктерді құр жіберіп алды. Ал немістер бүкіл финал бойына басым ойнады. Тіпті, жалпы Бразилия жасыл алаңдарында Германиядай жақсы ойнаған команда болған жоқ десек те, артық болмас. Ақыры сол қанаттан Андре Шюррле берген пасты шебер пайдаланған 22 жастағы дара дарын Марио Гетце жеңіс голын соқты. Оны алаңға жіберер алдында неміс бапкері Йоахим Лев жас жігіттің құлағына: «Сен Мессиден де мықтысың! Бар да, соны дәлелде!» – деп сыбырлаған екен.

Үздік қақпашы Мануэль Нойер (Герма­ния), үздік футболшы Лионель Месси (Арген­тина) болды. Германия құрамасы Оңтүстік Америка жерінде чемпион болған тұңғыш еуропалық команда атанды. Жалпы кейінгі үш чемпионатта тек Қарт құрлық құрамалары табысқа жетіп келеді: 2006 жылы – Италия, 2010 жылы – Испания, 2014 жылы – Германия…

Ойын нәтижелері:

3-орын үшін ойын. Бразилия – Голландия – 0:3 (Ван Перси, 3, пенальтиден, Блинд, 17, Вайнлдум, 90+1)

Финал. Германия – Аргентина – 1:0, қосымша уақытта (Гетце, 113)

Келесі ХХІ Әлемдік доп додасы 2018 жылы Ресейде өтеді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close