Генетика заңдылықтары қазақтан шыққан ба?

(Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын оқығаннан кейінгі ой)

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын көпшілік жылы қабылдап, тарих тереңіне көз жүгіртуде. Қазақ халқы, оның мәдениеті мен эволюциясы тақыр жерде пайда бола қалған жоғын дәлелдеп, әлем жұртын шындыққа жақындатты. Енді сол айтылған фактілер мен мысалдарды дәлелдеп, өркениетті елдігімізді көрсете білуіміз керек. Түркі әлемінің жауһар тарихын, оның мәдениеті мен салт-дәстүрін түбегейлі зерттеп, шет елдердің  мұражайлары мен кітапханаларында іздеушісін  күтіп жатқаны шындық. Барды бағалай білу де, түсіне білсек, ерлікпен тең дүние.

Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарла­малық мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деп атап өткен болатын. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын оқи отырып, тағы бір мәселе ойға келеді. Дәрігер ретінде Қазақтың ертеден сақталып келе жатқан салт-дәстүрінен мен халық медицинасы мен генетика іліміне негізделген «жеті атаңа дейін, яғни туысқаныңмен некеге тұруға болмайды» деген тұжырымды ерекше атап өтер едім. Соңғы аталған ұлттық заңдылық қай дәуірде енгізілгенін ешкім басып айта алмайды, бірақ оның дұрыстығын қазіргі белгілі ғалымдар мойындап отыр. Тек деген сөзде үлкен қасиет бар екенін ата-бабамыз жақсы білген. Қыз алысып, қыз беріскенде қазақ текті жермен құда болуға тырысқан. Енді мұның ғылыми негізіне үңілсек, болашақ ұрпақтың денінің сау болуы – сол тегіне байланысты. Тұқымға тартқан деген сөзге мән берсек, баланың жүріс-тұрысына, мінез-құлқына қарап, тегі, тұқымы жақсы деп жатамыз. Олай болса, біз қаншама дәуірлеп, жаһанданып кетсек те, жеті атамыздың тегін ажырата білу дәстүрімізден ажырамағанымыз жөн.

Дәрігер болғандықтан болар, «Қазір жеті атадан асып кеттік деп қыз алып, қыз берісіп жатқан ағайындарымыз бар емес пе?» деген сұрақ бізге жиі қойылады. Ондайда жастардың бүлдіріп қойған дүниесін білдіргіміз келмей, бүтіндеп, өзімізді-өзіміз алдаусырату әрекеті ғана болмаса, тек, түп-тұқымы бір емес пе, деген ой көмекейімізге тіреліп қалады. Көзі ашық, көкірегі ояу адам бұл айтқандары­мызды түсінер деп ойлаймын. Қазақта «жеті атасын білмеген – жетесіз» дейді. Жалпы, жоғарыда айтылғандай, қазақ атамыз жеті атаға дейін қыз алыспау қағи­дасын қатаң сақтаған халық. Бұрынғы кезде бұндай туыстық некеге жол беріл­меген, бірді-екілі кездескен жағдайда оларды қатаң жазалап отырған. Бұндай қатаң заңдылық әлемнің еш елінде болма­ған. Ал қазіргі жағдайда бұл заңды­лық бірте-бірте бұзылып келеді деп айтуға болады. Өйткені, бірін-бірі сүйген жастар жеті атасын сұрамақ түгілі, өздерінің қай жүз, қай рудан шыққанын да білмейді. Міне, бұл бүгінгі күннің үлкен қасіреті екенін мойындауымыз керек. Өйткені, бүгінгі таңда бір атаның ішінде жеті атаға толмай-ақ қыз алысып, қыз берісіп жат­қандар да бар. Өкініштісі де сол. Олардың ұрпағы, қаны бұзылып, балалары кемтар, әлжуаз, аурушаң болып тууы медицина­лық-генетикалық тұрғыдан әбден мүмкін. Сондықтан келер ұрпағымызға немкет­тілікпен, бей-жай қарау үлкен қателік. Генетика заңдылықтарына көз жүгіртсек, туысаралық неке міндетті түрде келер ұр­паққа кері әсер етеді: туабіткен генетика­лық ауруларға (олигофрения – слабоумие, Даун ауруы және т.б.) ұшыра­тып, қанның бұзылуына, ұрпақтың майдалануына, әл­жуаздыққа, әлсіздігіне алып баратынын білеміз.

Қазақтың неке туралы бұл заңдылы­ғын, тіпті, АҚШ, Жапония, Еуропа ел­дерінің генетик-ғалымдарын таңғалды­рып отыр. Арнайы келіп, зерттеу жұмысын жүргізгендері де баршылық. Біздің бұл ұлттық тұжырымның өте орынды екенін түсінген көрші Өзбекстан, Тәжікстан және де басқа мемлекеттер «Неке туралы» қабылдаған соңғы заңдары­на оны енгізді. Сөйтіп, біздің сонау ерте заманнан ата-бабамыздан ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан неке заңдылығы басқа халық­тарға да өнеге болып отыр. Ойды ой қуып, қазақ генетика заңдылығын қашан және қалай білген деп таңғаласың. Бұл – ата-бабаларымыздың тектілігінің тағы бір айғағы. Тек пен талант – қанмен келетін қасиет. Ғалымдарымыз әсіресе, халық денсаулығына, адам ұрпағын өрбітуге жауапты ғалымдар, генетиктер осы бағыт­тағы ізденістерге көңіл аударғаны жөн.

Елбасының аталған мақаласы тек Қазақстанда ғана емес, жалпы Түркі әле­міне, Ұлы даладан тамыр тартқан халықтар үшін маңызы зор екенін қадап айтқанымыз жөн. «Біз басқа халықтардың рөлін төмен­детіп, өзіміздің ұлылығымызды көрсетейін деп отырғанымыз жоқ. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз» деп Нұр­сұлтан Назарбаев айтқан­дай, барлық мәселе оңды бағаланып, тарихи шындыққа жанасқаны орынды.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы әрбір қазақстандықтың көкейінен орын алды.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина ғылымының докторы, профессор.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *