ГЕЙМЛИХ ӘДІСІН БІЛГЕН АДАМ КӨП ҚАУІПТІҢ АЛДЫН АЛАДЫ

Біздің бұл мақаланы жазуымызға газе­тіміздің өткен нөмірінде жарияланған «Геймлих әдісін білесіз бе?» деген мақала себеп болды.

Жалпы, бұл әдісті көп адам біле бер­мейді. Геймлих әдісін білген адам көп қауіптің алдын алар еді. Бүгін біз назар­ларыңызға осы әдіс жөнінде маман кеңесін ұсынып отырмыз. Қабылдап жатқан тағам­ның бөлігі  немесе бөтен зат кеңірдекке кенеттен, абайсызда түсіп кетіп, ересек кісі немесе сәби шашалып қалатын болса, онда кеңірдек өзегі толығымен немесе жартылай бітеліп қалуы мүмкін. Осы уақытта адамның тыныс алуы нашарлай бастайды.

Кеңірдектің өзегі жартылай бітеліп қалған уақытта шашалып қалған адам өкпеге қарай біршама жеткілікті түрде тыныс алып, жөтеле бастайды, осы уақыт­та, ереже бойынша тұрып қалған тағамның бөлігі немесе бөтен зат сыртқа қарай шығып кетуі мүмкін.

Егер адам тағаммен немесе бөтен затпен шашалып қалып,  жөтелетін болса ол жақсы белгі болып есептеледі, өйткені бұл  кеңірдектің өзегі толығымен бітеліп қалғанын білдіреді.

Керісінше, егер адам тағаммен немесе бөтен затпен шашалып қалғанда жөтел пайда болмай, жарақаттанушы кеңірдегін ұстай бастаса, онда оған шұғыл түрде жәрдем көрсетуді бастау керек.

Міне, осындай кенеттен болған жағ­дайда көрсетілетін алғашқы көмек түрі Геймлих әдісі деп аталады.

Жәбірленушіге көмек көрсету реттілігі

  1. Көмек көрсетуші жәбірленушінің жауырын жағына тұрып (егер аяқтарымен тұра алатындай болса), оны екі қолмен қапсыра құшақтаңыз.
  2. Содан кейін бір қолдың саусақ­тарын жұдырықтап, оны кіндік пен қабырға доғасының арасындағы іштің айма­ғына (эпигастрий аймағы) орналас­тырыңыз.
  3. Екінші қолдың алақанын жұды­рық­талған қолдың үстіне қойып, тез итеру қимы­лымен ішті қысыңыз. Осы қимылды орындау кезінде қолдарды шынтақ буы­нында бүгіңіз, бірақ жәбірленушінің кеуде­сіне қысым жасамаңыз.
  4. Егер қажет болған жағдайда тыныс жолдары бөтен заттан босатылғанша осы қимылды бірнеше рет қайталаңыз.

Тыныс жолдары бөтен заттан босатыл­ған уақытта жәбірленуші өздігінен тыныс алып, беттің терісінің түрі  бұрынғы қалпына келе бастайды.

 

Есін жоғалтқан жағдайдағы орындалатын әрекет

Жәбірленушіні шалқасынан жатқызы­ңыз. Содан кейін сіз бетіңізді жәбірленушіге қарай бұрып, сандарының үстіне отырыңыз. Содан кейін қолдарыңызды бір-бірімен біріктіріп, төменгі  қолдың алақанын кіндік пен қабырға доғасының арасындағы іштің аймағына (эпигастрий аймағы) орналас­тырыңыз. Өзіңіздің салмағыңызды пайда­ланып, ішті көкетке (диафрагма) қарай жылдам қимылмен қысым жасаңыз. Осы уақытта жәбірленушінің басы бір бүйірге қарай бұрылып тұрмағанын қадағалаңыз. Осы әрекетті тыныс жолдары бөтен заттан босатылғанша бірнеше рет қайталаңыз.

Егер науқастың есі кіре бастамаса, онда жүрек-өкпе жандандыру (реанимация) әрекетін алгоритм бойынша  тез арада орын­дай бастаңыз. Жәбірленушінің жағдайының жақсарғанына қарамастан, шұғыл жедел жәрдем шақыртып, дәрігерге тексеру қажет.

 

Тыныс жолдары бітеліп қалғанда өздігінше көмек көрсету

Саусақтарыңызды жұдырықтап, оны төстің семсер тәрізді өсіндіден төмен эпигастрий аймағына қойыңыз. Екінші қолды жұдырықтың үстіне қойып, жылдам қозғалыспен көкетке (диафрагма) қарай жоғары бағытпен қысыңыз.

Немесе сіз төмен қарай еңкейіп, эпи­гастрий аймағын қырлары өткір емес қатты затқа қысыңыз (орындықтың арқалығы, раковина және т.б.)

 

Сәбидің  жоғарғы тыныс

жолына түсіп кеткен заттарды сыртқа шығару

1-әдіс. Сәбидің бетін төмен қаратып білегіңізге қойыңыз. Осы қолмен сәбидің  басын және мойнын саныңызға орналас­тырыңыз (бас тұлғадан төмен болуы қажет). Екінші қолдың алақанымен сәбидің жауы­рындарының  арасын бірнеше рет біршама күшпен ұрыңыз.

2-әдіс. Сәбиді шалқасынан қатты тегіс жерге жатқызып, өзіңіз оның аяқ жағына  тізерлеп отырып немесе сәбидің бетін өзіңізге қаратып тізеңізге қойыңыз.  Қолы­ңыздың ортаңғы және сұқ саусақтарын кіндік пен қабырға доғасының арасындағы іштің аймағына (эпигастрий аймағы) орналастырыңыз. Содан кейін жылдам қимылмен ішті көкетке қарай бірнеше рет қысыңыз. Бірақ осы уақытта кеудені қысып тұрмағандығыңызды байқаңыз.

3-әдіс. Нәрестені аяқтарынан ұстап, басын   төмен қарай түсіріп, аздап сілкіңіз. Өте сақ болыңыз. Жоғарыдағы  әрекеттерді тыныс жолдары бөтен заттан босатыл­ғанша қайталаңыз. Сәбидің жағдайы жақсарғанына қарамастан дәрігердің тексеруінен өтуді қамтамасыз етіңіз.

 

Ж.БАЙМҰХАМБЕТОВ,

С.Асфендияров атындағы Қазақ ҰМУ университетінің доценті.

А.ҚАНЫБЕКОВ,

профессор.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *