«ГАЗЕТ ОҚЫМАҒАН АДАМДЫ ИНТЕЛЛИГЕНТ ДЕП ЕСЕПТЕМЕЙМІН»

Қазақ газеттері қайда? «Алматы ақшамын» таба алмай жүрмін

Өткен аптада қала бойынша аудан әкімдерінің есептік кездесуі мәреге жетті. Қалай өтті, қалай өтуі керек еді деп айтуды кейінге қалдырайық. Әр аудан әкімінің кездесуі «Алматы ақшамында» жарияланды. Көтерілген мәселелер туралы мүмкіндігінше айтылып, жазылды. Әрине, мәселенің бәрін қамту мүмкін емес. Дағдымыз бойынша сол кездесулерде ел назарын аударған айрықша мәселе туралы бөлектеп алып жазатынымыз бар еді. Бұл жолы да солай.

Қали СӘРСЕНБАЙ

Алатау ауданы әкімінің Ақкенттегі №178 мектепте өткен кездесуінде «Әйгерім» ықшамауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлібек Солтанбеков мынадай мазмұнда сауал қойды.

– Әкім мырза, әрине, әлеуметтік мәселелердің орны бөлек. Дейтұрғанмен де, мені ойландыратыны ауданның рухани азықтануы. Бұдан бұрынырақта аудан бойынша ардагерлерге «Алматы ақшамына» жаздырушы еді. Қазір тоқтады. Бәрінің жазылуға қалтасы көтермейді. Бұрын дүңгіршектерден алатын едік. Оны да сыпырып тастады. Бұрын көп мәселені газет бетінен біліп отыратынбыз. Қазір одан қол үзіп қалдық. Бұлай бола берсе қалай рухани жаңғырамыз, жалпы қазақ газеттеріне қолымыз жетпей қалды. Осының бір шешімі бола ма?

Осының алдында редакцияға «Құлагер» ықшамау­данынан хабарласқан ардагер Әбділпар Жайсанов та осы мәселені көтерген еді.

Әкем марқұм «мен газет оқымаған адамды интеллигент деп есептемеймін» деуші еді. Демек, ондай адамның ештеңемен ісі болмайды, рухани өспей, мешеу қалады деген сөз ғой. Сондықтан біз газетке біреуді мәжбүрлеп жаздыр демейміз, газетке жазылудың қажеттілігін, бұл да болса бір намыстың ісі екенін айту. Сіз газетке жазылу арқылы өзіңіздің бір парызыңызды өтеген болар едіңіз. Өйткені, ұлттың мұңын мұңдайтын да, жоғын жоқтайтын да, сіздің ащы даусыңызды билікке жеткізетін де осы газет.

Р.S. Осы сауалға кездесу үстінде нақты жауап болмағанымен кеше шаһар басшысы бір жиында бұл мәселеге арнайы тоқталып, өз ойын білдірді. БАҚ – сіз бен біздің ортамыздағы алтын дәнекер. Сондықтан әкімдер өзекті мәселелерді басылымдар арқылы көтеру керек. Бұл аудиториямен, елді-мекендермен тікелей жұмыс істеудің тәсілі. Басылымдағы шыққан дүние арқылы жұрт сіздің жұмысыңызды біліп отырады, бағасын береді, не істеуге бағыт-бағдар жасалады. Жұрт соны оқу арқылы бір-бірімен пікір алмасады, талқылайды. «Е, айтып жатыр ғой» дейді. Газет қолына тимесе, оның бәрін қайдан біледі?

«Өзі білетін өгізге «өк» деу өліммен тең» демекші, естір құлақ болса, бұдан артық айта алмаспыз.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *