ГАЛКИН КӨШ БАСТАП ТҰР

Таяуда табысы жоғары Ресей артистерінің рейтингі жарияланды. Соның ішінде Максим Галкин көш бастап, қара үзіп тұр. Оның бір сәттік өнерінің өзі 55 мың доллар шамасында, яғни 3,5 млн. рубль екен. Оның айтуын­ша, бұл аса жоғары кәсіби шеберліктің арқасы көрінеді.

– Мен өте ерте бастадым. Ол кезде өнерге деген талап, сапа өте күшті болатын. Соның арқасында мен үлкен мектептен өтіп, биік деңгейге жеттім, – дейді ол.

Сондай табысы аса жоғары әншіге қай жерде өнер көрсету маңызды емес екен. Үлкен мерекелік сахналарда, тегін концерттерде болсын бәрібір. Тек таза, дұрыс өнер көрсетуді мақсат етеді.

Галкиннен кейін Александр Ревва, одан соң Юлия Михалкова көш бастап тұр.

 

Бір күнде 71 адам

Украина президенті Владимир Зелен­­ский бір күнде аудандарды, облыс­тарды қосқанда 71 әкім-қараларды қызметтен босатып жіберді. Оның басты себебі, осы елдің бесінші прези­денті Петр Порошенконың прези­денттік өкілеттігінің аяқталуы екен.

Әу баста үкіметпен келісе отырып облыстың басым көпшілігінің басшы­ларын босатып, өз өкімімен қоя баста­ған еді. Алайда, кейбір ақылмандар байқау негізінде әділ өткізуді қалаға­нымен ол көп уақыт алатын болып шықты. Сондай-ақ, Зеленский тәуелсіз­дік күнін тойлау биылғы жылы жаңа форматта өтетінін мәлімдеді. Әскери шерудің орнына әскери қызметкерлерге сыйақы ретінде 300 млн. гривен бөлуді ұйғарыпты. Оның айтуынша, әскери шеру құр босқа ақша шашу екен. Расын­да 2018 жылы 4,5 мың әскери қыз­меткер, 250 әскери техника қатысқан шеруге қанша ақша кеткенін еш шенеу­нік нақты білмейтін болып шықты.

 

Кедей-кепшіктерді жарылқады

Мексика президенті Андрес Ма­нуэль Лопес Обрадор Касумель аралын­дағы мемлекет басшылары тынығатын зәулім ғимаратты сатуға ұйғарым жаса­ды. Одан түскен қаржыны Кантана-Роо штатындағы кедей-кеп­шіктерге таратып беруді шешті. Таяуда бұл елде есірткі сататындардың үйлері аукционға шыға­рылды. Соның ішінде нашақорлардың көсемдерінің 27 резиденциясы сатылды. Одан қазынаға 56,5 млн. песо (3 млн. дол­лар) түсті. Бұл қаржының басым бөлігі күн көрісі төмен отбасыларына беріледі.

Бұл жолы түскен қаржы Герреро штатына бөлініп берілмекші. Сөйтіп, президент кедей-кепшіктерді жарылқап жатыр.

 

Келешектің мейрамханасы

2020 жылға қарай Жапонияда Open Meals дизайн студиясы футуристік суши-мейрамхана ашуды жоспарлап отыр. Бұл мейрамханадағы ас мәзірі адамдардың қанынан алынған (ДНК) анализдің қорытындысына қарай дайындалады.

– ДНК-ның нәтижесі бойынша адамдарға арнайы салауатты рацион жасалады. Әр адамда тағамның жеке идентификациялық нөмірі болады,– дейді студия қызметкерлері.

Бұл мейрамханадан тамақтанатындар алдын-ала үстелін белгілеп қана қой­май, екі апта бұрын кіші дәретінің қоры­тындысы туралы анықтама да тапсырып қоюы міндетті. Өз кезегінде ол анықтамалар арнайы зертханаға жіберіледі. Соның қорытындысына орай сізге ас мәзірі дайындалады. Сон­дай-ақ, ас мәзірінде тек жапон тағам­дары ғана көрсетілмейді және жапон аспаздары ғана айналыспайды. Тағам әркімнің анализінің нәтижесіне қарай арнайы іD аппаратында дайындалады.

 

Ленин Нобель сыйлығына ұсынылған ба?

Ленинді Нобель сыйлығына ұсын­ғаны рас па? Рас. Екі рет ұсынылған. 1917 жылы қараша айының соңында норвегиялық социал-демократиялық партия оның еңбегін жоғары бағалай келе, «Ол бар жан-тәнімен бейбітші­лікті ғана насихаттап жүрген жоқ. Соған жету үшін нақты істермен айналысып жүр» деп жазды партия өкілдері.

Екінші мәрте 1918 жылы Константи­нополь университетінің студенттері мен профессорлар құрамы бастама көтерді.

Алайда, бұл жылы атақты сыйлық комитетте талқыланбады. Нобель комитеті Лениннің кандидатурасын келесі жылы талқылауға шешім қабыл­дады. «Олар, орыс үкіметі елде бейбіт­шілік пен тыныштық орнатуға мүмкін­дік туғыза ала ма, күтейік» деген қоры­тындыға келген. Ал 1919 жылы Ресейде бәрібір тыныштық болған жоқ.

 

Енді шар ұшырмайды

Кейбіреулерді мерекелерде аспанға ұшырған шарлардың одан арғы тағдыры кәдімгідей ойландырады екен. Эколог­тар­дың қоятын талабы түсінікті. Мұн­дай қоқыстар табиғатты бүлдіреді. Шарлар төрт жылға дейін жатады екен. Ол әсіресе, жануарлардың жиі өлуіне себепкер болады. Бұл ретте аспанға шар жіберуге қарсылық білдіретіндердің бары қуантады. Мәселен, Орал (Ресей) аймақтық университетінің студенттері түлектер кешінде бұл дәстүрден бас тарту жөнінде үндеу қабылдады. Осы­лайша қоршаған ортаны қорғауға шақырды. Санкт-Петербург және Петрозаводск билігі де бұл шақырудан тыс қалмай оған тыйым салуға және қолдауға шақырды.

 

Су қан қысымын түсіреді

Медиктердің халықаралық тобы кәдімгі судың гипертонияға пайдасы зор екенін айтады.

Кісі ағзаға қажетті суды пайда­лан­баған жағдайда денеде натрий көбейіп кетеді. Бұл элементтің де пайдасы зор бол­ғанымен, оның көптігінен қан қысы­мы көтеріледі. Ал судың жетіспеуші­лігінен қан тамырлары ұйып, қысым болады. Сондықтан оған жол бермес үшін күніне 8–10 стақан мөлшерінде су ішіп тұрған дұрыс. Сондай-ақ, суды шектен тыс пайдалану да зиян. Ол бүйрекке және ас қорыту жүйесіне едәуір салмақ түсіруі де мүмкін. Ал қан қысымы, қант диабеті, күйзеліс кезінде бүйрекке көп салмақ түседі. Сондықтан бұл мәселеде емдеуші дәрігермен кеңес­кен жөн.

 

Қ.ИМАН.

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *