ГҮЛГЕ ҒАШЫҚ ЖАН ЕДІ…

Аяулы жеңгеміз Нұрбибі Баратқызы Сағымбекованың дүниеден озғанына да жыл толыпты

Гүл сыйлау арқылы таныстық

Ару Алматы, әсем Алматы, бар қазақты бауырына басқан мейірімді Алматы еліміздің түкпір-түкпірінен келген талай тағдырды табыстырды, бірін-бірі мүлде білмейтін, танымайтын талай жанның құшағын қауыштырды. Мен де Алатау баурайындағы осы арман қалаға қадам басқалы қаншама жақсы адамдарға кез­дес­тім, ізгі жан­дармен таныстым. Ақ жүректі ағаларға қамқор пейілді жеңге­лерге жолықтым, қаншама дос таптым, бауыр таптым. Бір шаңырақ астынан өрбімесек те, бір анадан тумасақ та, сөзімізді үйлестіріп, көңілімізді жарасты­рып, бірге туғандай жақындастырып, соншама сыйлас, пікірлес, тілеулес тауып берген құдіреті күшті Алла-Тағалаға мың да бір шүкір айтып, разылығымды білдіріп жүремін.

Жомарт Алматыда жолықтырған сондай қимас та қымбат жандардың бірі – дүниеден озғанына жыл толып отыр­ған аяулы жеңешем Нұрбибі Барат­қызы бола­тын. Ісімен де, сөзімен де, ізгіліктен өрілген бүкіл болмыс-біті­мімен де жүрегіңнен орын алып, жаны бір жақыныңа айналған адам туралы өткен шақта сөз қозғау қандай ауыр, қандай өкінішті еді… Асыл жеңе­шем жайында әңгіме өрбігенде ол кісімен қалай танысып, аралас-құралас­тығымыздың қалай басталғаны көз алдымнан кино лентасындай тізбектеліп өте береді.

Нұрбибі жеңгемнің өмірлік серігі – «Алматытелеком» өңірлік телекомму­ни­­кация дирекциясының бас директоры Шерхан Раздықовпен осыдан он жылдай бұрын Шымкентте тұратын Шерхан ағаның әріптес, іні-досы Үсенхан Әубәкіров бауырым таныстырған бола­тын. Сол алғашқы таныс­тық-білістік­тен-ақ арамыз­да алғаусыз ағалық-інілік тығыз қарым-қатынас орнаған-ды.

Бірде Алматыдағы Республика сара­йында «Шәй ішіп кетсең қайтеді» атты шығармашылық кешімді өткізген болатынмын. Ән-кешімнің жоғарғы деңгейде өтуіне қазақтың абзал жанды аза­маты Шерхан Пертайұлымен, оның жақын досы –  Бақыт Біртұяқұлының жәрдемі аз болмады. Шерхан ағам мен жеңгем екеуіне арнайы шақыру билет бер­генмін, алайда қат-қабат қарбаласпен жүріп келген-келмегенін аңғара алма­дым. Алдыңғы қатарларды көзбен әрі-бері шолып өткенімде де, назарыма іліге қоймады.

Концерттік бағдарламаның соңына қарай жүргізушілер кеш иесін, яғни мені сахнаға шақырды. Көрермен қау­ымға ризашылығымды білдіріп, сөз сөй­леп бола берген кезде алдыңғы қатар­да отырған бір келісті келіншек орнынан тұрып, маған жақындады да, қолындағы үлкен гүл шоғын ұсынды. Рахметімді айтып, сыйды қабыл алғаным­мен, ол кісінің кім екенін біле алмадым. Кон­церттен кейінгі шағын дастархан басын­да әлгі әйел арнайы сөз алып: «Қалдыбек бауырым! Кешің керемет өтті, құттық­тай­мын! Мен Шерхан Раздықов ағаңның үйіндегі Нұрбибі жеңешеңмін ғой, ағаң бүгін қауырт жұмыстан босай алмады. Өнерің өрлей берсін!» – деп, аз ғана сөзге көп мағына сыйдырып, ізгі тілегін де білдірді, өзін де таныстырып өтті.

Мен ол кісінің қарапайымдығына таң қалдым. Жасыратыны жоқ, көп­теген лауазымды қызметтегі кісілердің әйелдері күйеулерінің қоғамдағы сол орнына сай болуға тырысып, паң да тәкаппар кейіпке көше қояды. Олар «өзі бірінші келіп амандассын» дегендей боп анадай жерде маңғазданып тұрады, сәлеміңді де сірескен ресми сипатта қабыл алады, сөзге тартпақ болған әрекетіңе мән бермейді де. Ал мына кісі… өзі келіп сәлемдеседі, өзі келіп танысады, емен-жарқын әңгімесін айтады. Қандай қарапайым адам!

 

КӨпшіл де қонақжай болатын…

 

Шыны керек, елдік ұран көтеріп, жұрт алдында беделі биік көрінетін кей ағалардың босағасын аттап көрген емеспіз. Жолығатын кезде тек мейрам­ханалар мен дәмханалардың дастарха­нында бас қосып, тарқаймыз. Осыдан-ақ отбасында ақырғы сөздің иесі кім екенін аңғарғандай боласыз. Ал Шерхан Раздықов ағаның үйі – ағайын-туыс, дос-жаран, сыйлас жандар­дың бас қосып, сырласар, шүйіркелесер орда­сын­дай берекелі шаңырақ болды. Мұның өзі Нұрбибі жеңешемнің көп­шіл, қонақжай, ақ жарқын болмысынан хабар берсе керек. Қашан барсаң да, тамағы дайын, қабағы ашық жеңгеміздің мейман­достығының арқасында ол үйден кісі үзілмеуші еді.

Өйткені, Нұрбибі Баратқызы Сағым­­бекованың өзі кішкентайынан қонақжай ортада өсіпті. 1956 жылдың 23 қаңтарын­да Жамбыл облысы, Жуалы ауданында көпбалалы отбасында дүниеге келген оның көпшіл де жомарт болмауы мүмкін емес-ті. Шаңырақтағы 12 бала­ның ортаншысы болып бой жеткен жеңгеміз дүниеден ерте өткен әкесі мен ағаларының орнын жоқтат­пай, анасына сүйеу, бауырларына қам­қор бола білді. Үлкен әулеттің ұйыт­қысы болған бауырмал ару кейін келін боп түскен жерінің де жекжат-жұраға­тын, дос-жаранын, көрші-қолаңын бөле-жармай жақындастырып, бәрінің де жақсы көретін «өз адамына» айналды.

Алматыдағы Энергетика және байла­ныс институтын тәмамдаған Нұрбибі Баратқызы Шерхан ағамызбен тату-тәтті ғұмыр кешкен 37 жыл ішінде ағайын-туыс арасындағы да «байланыс­шы», «дәнекер» қызметін адал атқарды. Отағасы екеуі алтын асықтай төрт перзент – екі қыз (Ақмарал, Айнұр), екі ұл (Қайсар, Еркебұ­лан) сүйді. Бала­ларының әрқайсысы өмірде өз орнын тауып, бір-бір мамандық иесі болды.

Бұл отбасымен сыйластығымыз той-томалаққа да ұласып жатты. Қайсар үйленер кезде оның тойын ұйымдас­тыруға шама-шарқымша атсалысқаным бар. Перзентіне тек жақсылық тілейтін кез-келген ата-ана секілді Шерхан ағамыз бен Нұрбибі жеңгеміз де ешбір тойға ұқсамай­тындай ерекше думан ұйымдастыруға талпынды. Қазақы салт-дәстүрге сай етіп жасауға барын салды. Той Алматы сана­торийінің аумағындағы көкорай жасыл алаңқайда өткізілді. «Жұрт фонограммадан жалықты ғой» деп, жанды дауыспен ән айтатын вокалды-аспапты ансамбль («Достар») шақыртты. Қайдан тапқанын қайдам, баяғы Шыңғыс хан заманын­дағыдай аппақ шатырлар алдырды. Рас, осының бәрін есептей келгенде той шығы­ны өсе түскен де шығар, бірақ есесіне, естен кетпес ерекше думан, жадыңда мәңгі қалар жарасымды қуаныш болды.

Бұл тойға Қазақстанның түкпір-түкпірінен қонақтар келді. Раздық әулеті зиялы қауыммен де, саяси элита­мен де, өнер, спорт жұлдыздарымен де жақсы араласатын. Сосын байқағаным: базбір отбасылар секілді емес, бұл шаңырақтың достары еш өзгермейді, ауыспайды. Тізімге жаңа достар қосыла түсуі мүмкін, бірақ ескі сыйлас-ниет­тес­тері ешқашан айны­майды. Себебі, бұл әулет адамдарының өзі достыққа адал болатын.

 

«Қимағанменен

не шара…»

 

Нұрбибі Баратқызы – ештеңеге мойы­май­тын, кез-келген қиындыққа Алланың пендесіне жіберер кезекті бір сынағы ретінде қарайтын, мінез-құлқы, пейіл-көңілі еш өзгермейтін жан еді. Кейде үйіне беймезгіл уақытта барып қалған кезімізде де еш реніш білдір­мейтін, арнайы шақы­рылған мейманды қалай күтсе, құдайы қонақты да солай күліп қарсы алатын. Тіпті, кешкі авто­бустан қалып қойып, ауылына қайта алмай қалған адамдарды, танысын-танымасын, үйіне ертіп әкеліп, ас-суын беріп, қондырып, ертесіне шығарып салатынын ауылдағы ағайын әлі күнге аңыз қылып айтып отырады.

Қайбір жылы елу жасқа толғанымды арнайы атап өтер алдында шақыру билетімді алып, үйлеріне бардым. Екеуі де қуанып, «жақсы, барамыз, қуаны­шыңа ортақтасамыз» десті. Сол кезде-ақ жеңгей ауырып жүрген екен. Бірақ сыр білдірген жоқ. Тура менің тойым болатын күні таңертең қатты мазасыз­данып жедел-жәрдем шақыртып ем-дом алғанына қарамастан әрі Шерхан ағаның: «Ауырып тұрсың ғой,  тойға бар­май-ақ қойсаң қайтеді», – дегеніне, Нұрбибі жеңешем: «Жоқ, ештеңе етпес, барайын, Қалдыбек бауы­рымның тойы үнемі керемет өтеді, көңілді бола­ды, кілең зиялы қауым өкілдері мен мәдениет, өнер жұлдыздары қаты­сады, ол бізді күтіп отыр, іздейді, сұрай­ды ғой», – депті. Сөйтіп, тойыма екеуі жұп жазбай келді. Жеңгейдің соңғы барған тойы сол менің қуанышым екенін ол кезде қайдан білейін…

Жеңгеміз дүние салғанда, жерлеу рәсімінен кейінгі қаралы асты жүргізу маған жүктелді. Қимас та қымбат адамыңнан айырылғанда, тіліңді қанша безесең де, жүрекке жетер қажет сөзді тауып айту оңай емес. Көңіл жұбатар лебіздерді көпшілікке кезегімен ұсы­нып, ара-арасында Нұрбибі жеңгеміз туралы жылы естеліктер айтып қоямын. Сонда бір қағаберісте Шерхан аға: «Қалдыбек, жеңгең туралы тағы кішке­не айта түсші», – деп сыбыр етті. Тұла бойым дір етіп, жүрегім езіліп кетті. Қай­ран ағам өз ішінде сайрап тұрған, бірақ қазақы қалыпқа сыймағандықтан ашып айта алмай тұрған ыстық ықыла­сын мен арқылы жеткізгісі келген екен-ау…

Нұрбибі Баратқызы дүниеден озған­нан кейін бірнеше айдан соң менің Шәріпбек ағам қайтыс болды. Арада көп уақыт өтпей Пәрімбек ағам көз жұмды. Екі ағама арнап Алматыда үлкен ас бердім. Оған Шерхан Раздықов ағам да келді. Ол кісі сырттан кіріп келе жатқанда: «Жеңешем қайда, оны неге ертіп келмедіңіз?» – деп сұрап қала жаз­дап, дер кезінде тілімді тістеп үлгердім. «Апыр-ай, Нұрбибі жеңешем бақилық болғалы біраз уақыт өтсе де, сонда да көңіл құрғыр сенбейді екен ғой» дедім іштей.

Ол кісінің қолынан гүл түспеуші еді. Баяғы алғаш танысқан кешімнен кейін де талай концертіме келіп жүрді. Келген сайын көз қызықтырар бір құшақ гүл ала келеді. Кейін білсем, жеңгейдің өзі гүл де өсіреді екен. Жаны нәзік, жүрегі жұмсақ адам ғана гүлге ғашық бола алады. Нұрбибі жеңешемнің жүзінен үнемі нұр төгіліп, жылы жымиып, көзі­нен мейірім есіп тұратыны содан шығар…

Тәңірдің өзі айрықша етіп жаратқан аяулы жан туралы естелігімді менің әніме жазылған мына бір өлең жолда­рымен түйіндегім келеді:

 

…Көркейту жерді – гүлдердің мәні,

Кеңиді гүлмен тынысың.

Жоғала ма ерте асылдың бәрі,

Заңдылық мұндай құрысын.

 

Шарасыздықтан түнеріп қалды-ау,

Жұпарын жұтқан босаға.

Қуаныш құзға тіреліп қалды-ау,

Қимағанменен не шара…

 

Ғашық едің-ау гүлдерге көптен,

Өкінішті өмір сүйер ме беттен?

Бір суық қол кеп түсті де көктен,

Жетелеп кетті-ау арадан, әттең.

Әттең-ай, әттең!

 

Қалдыбек ҚҰРМАНӘЛІ,

композитор, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты,

«Құрмет» орденінің иегері.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

1 пікір

  1. Алматы қаласының əкімі Байбек мырзаға аялдамадағы дүңгіршектер мен қоршауларды алып тастатқызғаны үшін дəн ризамын. Керемет! Алла Тағала разы болсын!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *