Гүл өсіретін дәрігер

Нұржамал ӘЛІШЕВА
ЛЕЗГИЕВ Башир – талай жанға қуаныш сыйлап жүрген дәрігер отандасымыз. Өзбекстан жерінде қарапайым отбасында дүниеге келген күрд баласының денсаулық саласына келмей тұрып, жас күнінде-ақ бірнеше адамды ажалдан аман алып қалғаны бар.
Арыққа түсіп кетіп, ағып бара жатқан кішкентай баланы, электр тогымен балық аулаған балықшыны, көлік қағып кеткен кейуананы, бұзықтардың қолынан таяққа жығылып қан-жоса болған жігітті, эпилепсиямен ауыратын мектеп оқушысын тамаққа түйіліп қалып, өліп бара жатқан жерінен аман алып қалған осы Башир Мардоевич. Ал оның кәсіби білім алып келіп, маманданған дәрігер ретінде кейін сан мың адамға өмір сыйлағаны тізіп жатпасақ та түсінікті.
***
БЕЙБІТ күннің батыры Башир Лезгиевтің нағашы атасы Кеңес Одағының батыры болған екен. Соғыс ардагері қан майданда Закавказье әскери округінде жүргенде талай ұлттың баласы тізе біріктірген бөлімшеде қызмет еткен.
Ал дәрігерлік мамандыққа қызығушылығы өз әжесінен дарыған сияқты. Күрд әжей атағы алты айшылық жерге жеткен белгілі халық емшісі болыпты. Әкесі фельдшер болып еңбек еткен. Соның да әсері болар, Башир ойланбастан медицина саласын таңдады.
Орта мектепті бітіре сала, әскери борышын өтеп келіп, ауылдағы учаскелік ауруханада дизинфектор болып еңбекке араласып кетеді. Одан ары қарай Ташкент медицина институтына түсіп, оның емдеу факультетін ойдағыдай тәмамдап шығады. Ресейдің Воронеж облысының ауруханасында психиатр-нарколог интернатурасынан өтеді. Осы бағытта бірнеше жыл жұмыс істейді.
***
ҚАЗАҚСТАНДА 1989 жылдан бері тұрып келеді. 60 этностың өкілдері тұратын Еңбекшіқазақ ауданында (Алматы облысы) дипломы бар білімді азаматқа жұмыс бірден табыла кетті. Еңбекшіқазақ аудандық орталық ауруханасында нарколог-психиатр, одан кейін республикалық психиатрлық ауруханасында дәрігер-психиатр, сосын Алматыдағы интернат-үйі директорының емдеу-сауықтыру жұмыстары жөніндегі орынбасары болады.
Кейін жедел медициналық қызмет көрсету курсынан өтіп, бүгінде Талғар аудандық орталық ауруханасында жедел жәрдем бригадасының дәрігері. Кәсіби әрі жүрегі үлкен маманға қашанда жақсы жерден бір кісілік орын бар.
Міне, оның дәрігер болып адамның тәнін де, жанын да емдеп жүргеніне 30 жылдан асыпты.
Олар бір кіндіктен тоғыз, оның ішінде 4-еуі медицина саласының маманы. Бәріне де денсаулық саласындағы алғашқы күндерінен бастап-ақ ата-анасы адам денсаулығына үстірт қарамауды, мейірімді де адал болуды және сырқат жанды жылы сөзбен де емдей білуді қатаң тапсырған болатын. Бүгінде өзінің отбасы да медицина мамандарынан тұрады. Зайыбы – санитар-дәрігер, ұлы мединститутқа түсті. Қызы да осы жолды таңдап жүрген көрінеді.
***
– АУРУХАНАДА бөлім меңгерушісі, бас дәрігер бола жүріп, әріптестерімнен біліктілікпен қоса жауапкершілікті, үлкен жүректілікті талап еттім. «Алдыңа келіп отырған науқасқа оның діні мен тіліне, ұлтына қарамай, өзімнің туысым деп қарауға тиіссің». Менің жас күнімнен серік еткен өмірлік ұраным осындай еді. Қазір де солай. Біздің әулеттің келіндері – әр этнос өкілдері, яғни көп ұлтты отбасымыз. Сондықтан 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі біз үшін айтулы күн. Оған біз ерекше дайындаламыз. Биыл 90 жасқа келетін анамыз әлі күнге осы береке-бірліктеріңнен ажырамаңдар деп тілеуімізді тілеп отырады. Бейбітшілік бесігінде тербелген Қазақстан – біздің мақтанышымыз. Атыс-шабыссыз, соғыс-қарусыз тыныш мемлекетте өмір сүріп жатқаныма шүкіршілік етемін, – дейді отбасылық дәрігер, психиатр-нарколог Башир Мардоевич.
***
ДӘРІГЕРДІҢ қолы қалт еткендегі ермегі – гүл өсіру, бау-бақша баптау. Өзі Алматыда көп қабатты үйде тұратынына қарамастан, далаға, пәтерінің терезесінің алдына құлпынай, таңқурай егіп тастапты. Күннің көзіне ұмтылған қызғалдақтары жайқалып тұр. Сол үйдің маңайына, айналаға, әлемге жылылық беріп тұрғандай. Өзі де сол ісінен ләззат алатындай. Біз ол кісіні сол гүлзар бағын, шағын бау-бақшасын суарып жүрген жерінен ұшырастырдық. Жасыл желекті жақсы көретін адамның жаны нәзік, мейірімді деген сөз. Біз Башир ағайдың өз мамандығын таңдауда еш қателеспегенін осыдан-ақ түсіндік.
– Қазақстанның ауасын жұтып, суын ішіп отырған кез-келген этнос өкілдері өздерінің тарихын, тілін, мәдениетін, өткенін дәріптеп, ұлықтай алады. Ешбір құндылыққа шектеу жоқ. Бұл дегеніңіз – үлкен бақыт! Бір-бірімізді құрметтеу, бірін артық, бірін кем көрмей бағалай білу – біздің өмір сүру салтымыз, – деді күрд азаматы.
Біз де өз кезегімізде жақсы сөзді құптадық. Және адамға да, нәзік гүлдерге де өмір сыйлап жүрген жаны жайсаң кейіпкерге сәттіліктер тіледік.