Гүл – мерекенің сәні

Әдемі гүл шоғы кез-келген әйел затын қуанышқа бөлейді. Сондықтан ай мен күнге һәм гүлге теңейтін нәзікжандыларға мерекеде ғана емес, күнде гүл сыйлау артықтық етпейді. Алайда, сыйлықтың бұл түрін ұсынудың да өзіндік ережелері бар. Ендеше, кімге қандай гүл сыйлау керектігін біле жүріңіз.
Арнайы құтыға егілген, бөлме гүлдерін тек жақын-туыстарға сыйлайды.
Раушан гүлі махаббаттың белгісі болып қала бермек. Бұл гүлді жақсы көретін қызыңызға немесе жұбайыңызға тарту ете аласыз. Сондай-ақ, фиалка гүлдері мәңгілік, кіршіксіз сезімнің белгісі болып саналатынын ұмытпаңыз.
Сүйген қызына сирен гүлін сыйлаған жігіт өз махаббаттын өзге ешкіммен бөліскісі келмейтіндігін білдіреді екен.
Әппақ калла гүлін тарту ету – жаңадан отау тіккен жас жұбайлардың той салтанатында «некелерің мызғымас берік болсын, мәңгілік бақыт сыйлаймын» деген тілектің белгісі.
Гладиолус гүлі сән-салтанаттың белгісі. Оны әсіресе алыс сапардан келе жатқан ағайын-туыс, дос-жаранды қарсы алғанда, перзентханада келіншегін шығарып алар кезде тарту еткен орынды. Әдетте ұл босанған әйелге қызыл гладиолус, ал қыз босанған келіншекке түрлі-түсті немесе аққа болар-болмас қызыл рең түскен гладиолус тарту етеді.
Театрға, киноға, кафе-мейрамханаларға баратын болсаңыз, қыз-келіншектерге хризантеманың бір данасын ұсынуға болады.
Лотос – ақ түсті болғандықтан тазалықтың, пәктіктің, адалдықтың белгісі ретінде тарту етіледі.
Сіз құрмет көрсетіп отырған жанға денсаулық тілесеңіз, онда оған пион гүлін тарту еткен жөн. Ол денсаулықпен қатар тәкаппарлықтың да белгісі болып саналады. Ал қызғалдақ гүлі нәзіктікті білдіреді.
біле жүріңіз!
Жалпы, сыйға тартылатын гүлдердің саны тақ болуы керек. Демек, үш, бес, жеті данадан тұратын гүлдер шоғырынан әдемі букет жасауға болады.
Гүлді ұсынудың да өз тәртібі бар. Яғни гүлді сол қолыңызға ұстап, оң қолыңызбен тарту жасағалы отырған жанның қолын алып, құттықтайсыз, гүлді сол қолмен ұсынасыз.