Футболда талай қызық бар

Тура екі айдан соң Бразилияда футболдан кезекті – ХХ әлем чемпионаты басталады. «Алматы ақшамы» қашанғы дәстүрі бойынша дүниедегі ең танымал спорт мерекесінің өткеніне үңіліп, тарихын таразылауды бастамақ. Бұл жолы біз әлемдік доп додаларындағы ең тосын, ең оқыс, ең қызық оқиғаларды шолып өтпекпіз. Алғашқы баянымыз екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі – ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы чемпионаттарды қамтиды.

World Cup Final, 1930. Montevideo, Uruguay. Uruguay 4 v Argentina 2. Uruguay's veteran captain Jose Nasazzi and Argentine captain Manuel Ferreira lead their teams out to take part in the first ever World Cup Final.

1930 жыл. Қолы жоқ, голы бар футболшы

1930 жыл. Финалда Уругвай мен Аргентина ойнады.

Әлемдік чемпионаттардың тұңғыш голын француз шабуылшысы Люсьен Лоран Франция – Мексика матчының 19-минутында соқты. Бұл тарихи сәт 1930 жылдың 13 шілдесі күні жергілікті уақыт 15.12-де Монтевидеоның «Поситос» стадионында болған. Қапы қалған қақпашының аты-жөні – Оскар Бонфильо.

Атын спорт жылнамасында мәңгі қалдырған маңызды сәт жайында Л.Лоранның өзі кейін былай деген екен: «Ойынның алғашқы минуттарында қос команданың шабуылшылары да алғашқы допты соғуға ұмтылып, алаөкпе боп көп жүгірді. Бірақ, бәрінен де менің жолым болды. Біздің қорғаушылар өрістеткен бір шабуылда сол қапталдан әуелетіп берілген допты секіріп тоқтаттым да, қақпашының оң жағынан зу еткіздім. Ол кезде доп соққандарды қазіргідей қуып жүріп құттықтау дәстүрге айналмаған-ды. Бір-екі командаласым арқамнан қақты да қойды…».

World Cup  Semi-Final, 1934. Rome, Italy. 3rd June, 1934. Czechoslovakia 3 v Germany 1.   German captain Szepan shakes hands with Czech captain Planicka before the match.Әлем чемпионаттары тарихындағы тұңғыш 11 метрлік Чили – Франция матчында белгіленді.

1934 жыл. Финал басталар алдында.

Қызық болғанда, чилилік Гильермо Сааведраның соққысын француз қақпашысы Алекс Тепо нысанаға дарытпады. Ал Аргентина – Мексика кездесуінде қарсыластар қақпасына қатарынан үш пенальти белгіленді. Аргентиналық Фернандо Патерностердің соққысына қақпашы О.Бонфильо тосқауыл бола білсе, мексикалық Мануэль Росас 42-минуттағы пенальтиді дөп соқты, ал 65-минутта оның 11 метрлік нүктеден тепкен добын Анхель Боссио қайтара алды. Бірақ М.Росас кері серпілген допты торға қайта бағыттады. Айтпақшы, тап осы 19 жастағы мексикалық футболшы – әлемдік доп додасы тарихындағы алғашқы автоголдың да авторы. Чилилік шабуылшы Гильермо Субиабренің соққысына кедергі болам деп жан ұшыра ұмтылған ол абайсызда өз қақпасына гол соғып алды.

Уругвай мен Перу кездесуінде ойын тағдырын уругвайлықтардың… бір қолы жоқ (!) шабуылшысы Эктор Кастро енгізген жалғыз доп шешті. Ал Перудің Румыниямен ойынында тұңғыш рет футболшы (перулік Галиндо) алаңнан қуылды. Бірақ ол… түк болмағандай келесі бәсекеге де қатысты. Өйткені, алаңнан қуылған ойыншыны ендігі матчқа қатыспайтындай етіп жазалауды ол кезде әлі ешкім ойлап тапқан жоқ еді. Осы ойында тағы бір таң қаларлық оқиға болды. ФИФА-ның әлем чемпионаттарында матч барысында ойыншы алмастыруға ресми түрде тек 1970 жылы ғана рұқсат бергені белгілі. Ал Румыния – Перу матчының 80-минутында жеңіл жарақат алған перулік Луис Феррейраның орнына Лисандро Родригес шықты. Бірақ Халықаралық федерация латынамерикалықтарды бұл заңсыз әрекеті үшін жазалай алмады, өйткені, чемпионат регламентіне «матч барысында ойыншы алмастыруға болмайды» деп жазуды… өздері де ұмытып кетіпті!

 

1934 жыл. Италия не үшін пара берді?

Тарихта бірінші және тұңғыш рет чемпионатты өткізуші ел (Италия) іріктеу сынына қатысты. Одан бері 80 жыл өтті, әлі күнге алаң иелері іріктеу жарысына қатыспайды, финалдық турнирге бірден жолдама алады. Құдай оңдап, Италия құрамасы гректерді ұтты (4:0, ал қарымта матч ойналған жоқ).

Football. 19th June 1938.  World Cup Finals.  Paris, France.  Final.  Italy 4 v Hungary 2.  Action in the Hungary goalmouth as an Italian forward hits for goal during the match.

1938 жыл. Финалдан (Италия – Венгрия – 4:2) көрiнiс

Айтпақшы, дерек көздеріндегі «қарымта матч ойналған жоқ» деген мәліметті оқығанда, ең әуелі ойымызға «е, алғашқы ойында ойсырай ұтылған гректер жеңістен үмітін үзіп, өздері ойнаудан бас тартқан шығар» деген уәждің оралғаны рас. Алайда мәселенің мәнісі тым әріде жатыр екен. Футбол тарихы мен статистикасы халықаралық федерациясының (ФТСХФ) мамандары анықтаған мәліметке жүгінсек, қарымта матчтан бас тарту үшін италиялықтар гректерге… пара беріпті! Ол кезде Грекия футбол федерациясы қуықтай ғана лашықта отырса керек. Ал Италия жағы оларға Афинаның тап орталығындағы Филис көшесінде орналасқан №1 екі қабатты зәулім үйді алып беруге уәде еткен. «Арада сонша уақыт өткенде бұл ақпарат қайдан шықты?» десек, 1997 жылы зерттеу жүргізген ФТСХФ мамандары баяғы грек командасының ойыншыларын тауып алыпты. Сөйтсе, олардың бірнешеуі ХХ ғасырдың соңына дейін өмір сүріпті. Осыдан 17 жыл бұрын 90-ға толған Аристидес Хризафопулостың айтуынша, ұлттық федерация басшылары Миландағы бірінші іріктеу ойыны біте салысымен-ақ «қарымта кездесу болмайды» деп мәлімдеген. Оның командаласы Леонидас Андрианопулос италиялықтардың берген парасының мөлшерін де ұмытпапты: грек ақшасымен 700 000 драхма болатын бұл сома қазіргі бағаммен есептегенде 4 миллион АҚШ долларына парапар! Ал Ахилеас Грамматикопулос: «Алғашқы матчтан соң италиялықтардың өкілі ақшаны команда капитаны ретінде маған берді. Мен оны өз федерациямыздың басшысына әкеп тапсырдым», – дейді. Бір қызығы, Грекия футбол федерациясы параға сатып алынған сол ғимаратта 1980 жылға дейін отырыпты!

«Сонда қалай, италиялықтар қарымта матчта гректерден ұтылып қаламыз деп қорыққан ба? Пара беруге оларды не мәжбүр еткен?» деген сауалдардың тууы заңды. Рас, ол кезде Италия құрамасының қазіргідей атақ-даңқы жоқ еді. Бірақ, соның өзінде олардың Грекиядан қорқатын жөні жоқ-тұғын. Олар қорыққан да емес, өз алаңында қалай айқын басымдықпен ұтса, Афинада да солай жеңіске жетері әбден мүмкін еді. Тек онсыз да нәтижесі белгілі ойынға бола кемемен немесе пойызбен (Римнен Грекияға ұшатын ұшақ жоқ-ты) пәленбай күн жол жүріп, әуре болғысы келмеген. Себебі, финалдық турнирдің басталуына бар-жоғы бір-ақ ай қалған-ды. Оның орнына «Скуадра адзурра» («көгілдір эскадра» – Италия құрамасының лақап аты) өз базасынан жылжымастан, додаға емін-еркін дайындалуды құп көрген.

Әрине, бұл ақпарат мәлім болған кезде «Италияның 1934 жылғы алтын жүлдесін тартып алып, оны финалда ойнаған Чехословакияға беру керек» деген әңгімелер де айтылды, бірақ оған ешкім мән берген жоқ. Өйткені, тарих доңғалағын бәрібір кері айналдыру мүмкін емес. Бұл «Америка құрлығының атын енді Колумбия деп атайық» дегенге ұқсас сандырақ қой…

Австрия – Франция (3:2) ойыны – берілген 90 минут жеңімпазды анықтай алмаған соң белгіленген тұңғыш рет қосымша уақыт (30 минут) белгіленді. Кездесудің 5-минутында қарсыласы Йозеф Смистикпен қатты соқтыққан француз шабуылшысы Жан Николяның миы шайқалыпты. Мұны ет қызуымен байқамаған ол ойынды жалғастырып, 18-минутта есеп ашып та үлгеріпті. Содан кейін басының ауырғанына шыдамай, алаңнан кетуге мәжбүр болған. Бір қызығы, матч аяқталған соң шабуылшы өзінің гол соққанын есіне түсіре алмай, әріптестерінің әңгімесіне еш сенбей қойыпты.

Финалда Италия – Чехословакия (2:1) кездесті. Чехтардың есеп ашуының өзі қызық еді. 71-минутта Антонин Пучты италиялық Аттилио Феррарис алаң ортасында шалып жықты. Жарақат алған шабуылшыны алаң жиегіне шығарған соң, оның ауырған жеріне ем жасаудың орнына бас бапкер Карел Петру оған… мүсәтір иіскетіпті. Сөйтсе, Чехословакияның делегациясында не дәрігер, не массажист жоқ екен. Олардың міндетін жаттықтырушының өзі атқарған көрінеді. Бір қызығы, жарақатын ауырсынып, тұралап жатқан Пуч мүсәтірді иіскеген соң дереу есін жиып, еңсесін тіктепті де, ойынға қосылып, келесі шабуылда гол соғыпты!

 

1938 жыл. Шешуші сәтте дамбал шешіліп кетті

Бұл турнирде тартысты да қызықты матчтар өте көп болды. Футбол жылнамашылары әсіресе Бразилия – Польша кездесуі туралы тәптіштеп баяндайды. Бірінші тайм поляктардың үстемдігімен аяқталса (3:1), кездесудің екінші бөлігінде тура сондай есеппен бразилиялықтар басым түсті (негізгі 90 минуттың қорытынды есебі 4:4). Қосымша уақытта қарсыластарынан бір доп артық соққан (жалпы есеп 6:5) теңбіл доптың теңдессіз шеберлері ширек финалға шықты. Бұл ойында поляк шабуылшысы Эрнест Виллимовски қақпаға төрт доп енгізіп, покер жасады. Кешеге дейін жылнамашылар «бразилиялық Леонидас та төрт гол соқты» деп жазып келген еді, кейінгі жылдары итальян телевизияшылары шын мәнінде даңқты «қара жауһарға» телініп жүрген голдардың бірін Перасионың енгізгенін дәлелдеді. Яғни, бұл ойында Леонидас «небәрі» үш голдың авторы атанған. Оның бірін шабуылшы өзінен асыра шалқалай теуіп енгізсе (Бразилияда бұл тәсілді «бисиклета», яғни, «белесебет» деп атайды), тағы бірін тіпті… жалаңаяқ соғыпты: өйткені, ойын барысында Бразилияның бірнеше футболшысының бутсысы жыртылып, киюге жарамай қалғандықтан (жаңбыр құйып тұрған болатын), төреші оларға жалаңаяқ ойнай беруге рұқсат еткен-ді.

Ал Марсельде өткен Италия – Бразилия матчының өзінен гөрі оның айналасындағы оқиғалар қызық болды. Бразилиялықтар өздерінің жеңісіне өте сенімді болғаны соншалық, финалдық матч ойналатын Парижге алдын ала… авиабилеттер сатып алып қойыпты! Сөйтсе, ел астанасына ұшатын бұл рейс жалғыз ғана екен. Ұтылған команда үшінші орын үшін ойынды Бордода өткізеді. Ал жартылай финалда Италия ұтып кетсе ше? «Ұшақ билеттеріне қайсымыз ұтсақ, сонымыз ие болайық» деген өтінішпен бразилиялықтардың орналасқан жеріне барған итальян командасының бас бапкері Витторио Поццомен ешкімнің сөйлескісі де келмейді.

– Мені ешқайсысы менсінбеген де сияқты, – деп еске алыпты кейін әйгілі жаттықтырушы. – Тек аудармашы Воланте ғана менің сұрақтарыма жауап беруге уақыт тапты. Екеуміздің диалогымыз тіпті қызық болды: «Билеттер қалтамызда, біз ұтамыз!» дейді ол. «Кім біледі, егер ғайыптан тайып біз ұтып кетсек, билеттерді бізге бересіздер ме?» десем, «жоқ» дейді. «Неге?». «Өйткені, біз ұтамыз!». «Ойлап көріңізші, әлі ойын өткен жоқ, доп домалақ, алдын-ала болжау қиын, алда-жалда ұтылып қалсаңыздар, сіздерге мына билеттердің керегі болмайды ғой, өйткені, 3-орын үшін ойын Парижде емес, Бордода өтеді емес пе?» – десем, ол қолын жайып күледі: «Жаңа айттым ғой сізге, біз міндетті түрде ұтамыз! Жеңілу туралы тіпті ойлағымыз да келмейді!».

Қайтып оралған соң, бас бапкер қарсы жақ шебіндегі әлгіндей көңіл-күйді футболшыларға сөзбе-сөз айтып береді. Бразилиялықтардың өздерін қарсылас құрлы көрмей отырғанын білген ойыншылардың намысы қозып, «менменсіген немелердің әуселесін көріп алайық!» деп ширығып шыға келеді. Нәтиже белгілі. Тас-түйін боп жұмылған италиялықтар өте ұйымшыл да мазмұнды ойын көрсетіп, қарсы­ластар қақпасына қатарынан екі гол соқты. Матч бітуге үш минут қалғанда ғана Ромео бір қарымта доп енгізді. Қызық болғанда, пенальти тебер жауапты сәтте Джузеппе Меаццаның шолақ дамбалының бауы үзіліп кетіпті. Сонда да саспаған италиялық аңыз-адам сол қолымен киімін түсірмей ұстап тұрып, оң қолымен допты 11 метрлік нүктеге қояды да, гол соғады!

Сөйтіп, Лопе де Веганың «шөп қорыған иті» секілді бразилиялықтар Парижге не өздері ұшқан жоқ (олар Бордоға баруы керек қой), не италиялықтарды ұшқызбады. Поццоның жігіттері финал өтетін шаһарға, амал жоқ, пойызбен кетті. Ал ол кездегі пойыздардың дәл бүгінгідей жайлы еместігін ескерсеңіз, болашақ екі дүркін әлем чемпиондарының жағдайына онша қызыға қоймаған болар едіңіз. Мәселен, 22 футболшы орналасқан вагонда жататын орын… бесеу-ақ екен! Сол «бақытты» бесеуден басқалары Франция астанасына он сағат бойы отырып барған. Олардың араға бір жарым тәулік салып, алаңға қайта шығуға тиіс екенін ойласаңыз, Италия бапкерлері мен ойыншыларының көңіл-күйін көз алдыңызға елестете аласыз.

 * * *

Келесі бейсенбіде ХХ ғасырдың 50-жылдарындағы додалардың қызықтарын әңгімелейміз. «Алматы ақшамын» оқып жүріңіз!

Сәкен СЫБАНБАЙ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *