Футболда талай қызық бар

1014Бразилияда өтетін ХХ әлемдік доп додасының басталуына бір-ақ апта қалды. «Алматы ақшамы» ерекше спорт тойының ең тосын, ең оқыс, ең қызық оқиғаларын шолуды әрі қарай жалғастырады. Бүгінгі әңгіме – 2002 және 2006 жылдардағы чемпионаттар туралы.

Сәкен СЫБАНБАЙ

2002 жыл. Бөксеге тиген доптан… беті «жараланды»

ХХІ ғасырдағы алғашқы әлем біріншілігі туралы сөз қозғағанда, оның басты бес ерекшелігін баса көрсетуге болады. Біріншіден, бұл тұңғыш рет Азияда ұйымдастырылған турнир болды; екіншіден, тұңғыш рет екі бірдей елде өткізілді; үшіншіден, мұнда азиялық құрама (Оңтүстік Корея) тұңғыш рет таңдаулы төрттіктің қатарынан табылды; төртіншіден, тұңғыш рет ислам, оның ішінде түркі елінің командасы (Түркия) жүлдеге ие болды; бесіншіден, чемпионат сұрмергені – бразилиялық Роналдо 8 доп соғып, шабуылшыларды сонау 1978 жылдан бергі «6 голдан аспайтын аурудан» айықтырды.

Беташар матчтың өзі сенсацияға ұласты: дүбірлі додаға алғаш қосылған Сенегал құрамасы Францияны 1:0 есебімен ұтып кетті. Француздар Зидансыз өткізген екінші матчында да гол соға алмады. Соңғы турда Данияны жеңсе, алдыңғы орындардың бірін иеленуден үміті болған олар бұл мүмкіндікті пайдалана алмай, топтан шыға алмаған тұңғыш чемпион болды.

Бразилия – Түркия матчында (2:1) жанжал шықты. 86-минутта төреші «Алпай ойын тәртібін бұзды» деп есептеп, түрік қорғаушысын алаңнан қуды және пенальти белгіледі. Шын мәнінде, ол ойын тәртібін бұзған жоқ еді, тіпті қақтығыс айып алаңының сыртында болған-ды. Яғни, төреші 11 метрлік емес, жәй айып добын белгілесе, әділірек болар еді. Жеңіс добын соққан Ривалдо ақырғы минутта бұрыштама бермек еді, ашуға булыққан Хакан Үнсал допты оған қатты лақтырды. Доп бөксесіне тиген замат… бетін ұстап жата кеткен бразилиялықтың «актерлік шеберлігін» жоғары бағалаған төреші түрік ойыншысына қызыл карточка көрсетті. Кездесуден кейін әлемнің 1999 жылғы үздік футболшысы өз «қылмысын» мойындап, «Мен Хаканды төреші алаңнан қуып жіберсін деп әдейі істедім» деген еді. Чемпионат алдында «мұндай әртістік әрекеттерге қарсы аяусыз күрес ашамыз» деп күшенген футбол шенеуніктері Ривалдоның атақ-даңқын сыйлады ма екен, оған тек айыппұл (10 мың швейцар франкі) төлетуді ғана ұйғарыпты…

Италия күтпеген жерден хорваттардан ұтылып қалды (1:2). Бұл ойында ағылшын төрешісі итальяндықтардың екі голын еш негізсіз есептемей қойды. Дегенмен, сенсацияның көкесін корейлер жасады. Әлемдік доп додасына тұңғыш рет 1954 жылы барған, алтыншы рет финалдық сынға қатысып отырған Оңтүстік Корея құрамасы осыған дейін 14 кездесу өткізіп, бірде-бірінде жеңіс дәмін татпаған-ды. Өздері үшін шын мәнінде «тарихи матч» боп сипатталған Польшамен кездесуде олар 2:0 есебімен жеңіске жетті. 48 миллион корей халқы 48 жылдан бері күткен алғашқы табысты аталмыш ел құрамасы стадионға жиналған 48 мың адамның көз алдында олжалады.

Әрі қарай корей жанкүйерлерінің өңі түгілі, түсіне кірмеген оқиғалар басталды. Тең ойын да қанағаттандырар тұста олар Португалияны жеңіп кетті. Италиядан ұтылып жатып, соңғы минуттарда есепті теңестіріп қана қоймай, қосымша уақытта жеңіс добын соқты. Ширек финалда испандықтардың екі голын есептемей қойған төреші пенальти сериясында корейлердің жеңісін тіркеді. Дегенмен, бас бапкер Гус Хиддинктің кәсіби шеберлігі де, ойыншылардың ерік-жігерінің мықтылығы да, ағзасының төзімділігі де, мінезінің өрлігі және «біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін» деген ауызбіршілігі де аңғарылды. Сериал да бітеді ғой, ақыры «корей ертегісі» де аяқталды. Оның «соңғы тарауын» немістер жазды – 1:0.

Үшінші орын үшін болған матчта чемпионаттың екі ақжолтайы өзара кездесті. Түркия футболшылары «үшінші орын не, төртінші не, бәрібір емес пе?» демей, бұл ойынға да аса қатты маңыз берген екен. Төрешінің ойынды бастауға белгі берген ысқырығы естіле сала алға лап қойған олар небәрі 11-секундта-ақ есеп ашты! Бұл – әлем чемпионаттарындағы ең тез соғылған гол еді. Бұған дейінгі жылдам голдың авторы чех Вацлав Машек болатын. 1962 жылы Мексикамен ойында ол қақпаны матчтың 15-секундында дәл көздеген еді. Өз командасын іріктеу сынынан алып шыққанымен, Корея мен Жапония алаңдарында осы матчқа дейін бірде-бір гол соқпай, өзге әріптестерінің көлеңкесінде қалып келген Хакан Шүкір бәрібір тарихқа енді!

Ал финалда Бразилия құрамасы бесінші рет әлем футболының алтын тәжін иеленді. Команда капитаны Кафу – үш рет финалдық матчқа қатысқан тұңғыш және әзірге жалғыз футболшы атанды.

2006 жыл. Матерацци Зиданға не деді?

2002 жылдың 25 сәуірінде Қазақстан футбол федерациясы УЕФА құрамына өтті. Сөйтіп, XVІІІ чемпионаттан бастап, еліміздің футболшылары іріктеу сынында Еуропа аймағында ойнайтын болды. Командамыздың Қарт құрлықтағы алғашқы қадамы аса сәтті бола қойған жоқ: 12 ойында небәрі бір-ақ ұпай олжалаған бас бапкер Сергей Тимофеевтің жігіттері ең соңғы – 7-орында қалды. Біздің топтан тұңғыш рет әлемдік додаға жолдама алған Украина топ жарды. Бұл – еуропалық іріктеу топтарындағы жалғыз сенсация еді, ал Африкада кіл мықтылардың бәрі сүрініп, нәтижеде Кот-д’Ивуар, Гана, Того және Ангола құрамалары тарихта бірінші рет финалдық сынға қатысты. Тағы бір жаңалық – осы додадан бастап әлем чемпионы финалдық сынға бірден жолдама алмай, өзгелермен бірге іріктеуге қатысатын болды.

Доданың тұсауын кескен Германия және Коста-Рика командалары алты гол соғып, жанкүйер қауымды әбден риза етті (есеп 4:2). Бұл – беташар матчтар үшін нағыз рекорд еді. Бұған дейінгі үздік көрсеткіш – 1998 жылғы үш гол болатын. Сондай-ақ, неміс Клозе мен коста-рикалық Ванчопе қос-қостан доп соғып, тұңғыш кездесулердің мергендеріне айналды.

Бразилия – Жапония кездесуінде Роналдо қос доп соғып, даңқты Герд Мюллерді қуып жетті. Айтпақшы, жапон құрамасын әйгілі бразилиялық маман Зико жаттықтырды. Екінші орын үшін Хорватия мен Австралия айқасты. Тартысты өткен ойынның басты «қаһарманы» – ағылшын төрешісі Грэм Полл болды. Ол хорват Шимуничке… үш сары қарточка көрсетті! 61 және 89-минуттарда тәртіп бұзған хорват қорғаушысына ол екі рет ескерту берді – ал бұл дегеніңіз автоматты түрде алаңнан қуылуға апарып соқпай ма? Расында да, телеэкран Шимуничке берілген екі сары қағаздың бірігіп, қызылға айналғанын көрсетті. Ал Г.Полл… оны мүлде ұмытып кетті. Тек негізгі уақытқа қосылған минуттардың төртіншісіде ғана тағы да дөрекілік танытқан хорватқа және бір ескерту беріп жатып… оның үшінші сары қағаз екенін аңғарды! Сөйтіп, төсқалтасынан салтанатты түрде қызыл қағазды алып шықты… Тең аяқталған ойын Австралия үшін тиімді болды, әйтпегенде «қателіктер комедиясының» соңы жанжалға ұласуы мүмкін еді.

1/8 финал сатысында Бразилия Ганадан айқын басым түсті. Матчтың 5-минутында Кака тамаша пасымен Роналдоны қақпашымен жекпе-жек шығарып еді, шабуылшы оны алдап өтіп, есеп ашты. Бұл – Роналдоның әлем чемпионаттарындағы 15-голы еді! Демек, тағы бір рекорд жаңарды: осыған дейін 14 голмен көш бастап келген Герд Мюллер екінші тұғырға сырғыды.

Португалия – Голландия матчында ресейлік төреші Валентин Ива­нов төрт футболшыны алаңнан қуып шықты! Бұл – бұрын-соңды болып көрмеген «рекорд». Оған қоса ойыншыларға 12 сары карточка көрсетілді. Әсіресе екінші таймды футбол емес, соғыс десе де артық болмас еді.

Швейцария – Украина матчында 120 минут бойы есеп ашылған жоқ. Жалпы 2006 жылғы Швейцария құрамасы – өз қақпасына бірде-бір доп жібермеген тарихтағы жалғыз команда (4 ойында). Дегенмен пенальти сериясында олардың қақпашысы Паскаль Цубербюлердің үш рет тордан доп алуына тура келді. Ал оның украиндық әріптесі Александр Шовковский бұл серияда өз қақпасына бірде-бір гол жіберген жоқ! Ол екі соққыны кері қайтарды, үшіншісі маңдайшаға тиді. Демек, Украина – әлемдік доп додалары тарихында пенальти сериясында ешқандай гол жібермеген бірінші команда. Қалған ширекфиналдық кездесулерде жеңімпаз ойыннан соңғы пенальти ар­қылы анықталды. Португал қақпашысы Рикарду ерледі-ақ: ағыл­шындардың үш соққысын ұстай алған ол әлемдік рекорд жасады!

Финалда ең қорғанысы мығым екі команда ойнады. Деңгейлес ұжымдардың шешуші айқасы аса тартымды бола қойған жоқ. Рас, финал нәтижесіне Марко Матерацциді басымен ұрып құлатқаны үшін қызыл карточка алған Зинедин Зиданның алаңнан қуылуы да әсер етті. Әншейінде жер қозғалса да қозғалмастай көрінетін біртоға жігітті мұндай, сыпайылап айтқанда, тосын әрекетке не итермелегені түсініксіз. Шет ел баспасөзі аталмыш көріністің сан-сапалақ себептерін қырық құбылтып, құйқылжытып жазды. Мәселен, Бразилияның «O Globo» телекомпаниясына тиесілі «Fantastіco» бағдарламасының ерін қимылдарын оқу мамандары «Матерацци Зиданның қарындасын екі рет былапыт сөзбен балағаттаған» деп шешті. Бұған орай «Қарсыласы қандай сай-сүйегін сырқыратар сөз айтса да, ол шыдауы керек еді, енді, міне, командасын да жерге қаратты, дүйім дүние алдында өзі де масқара болды» деушілер де, «Ол дұрыс істеді, кейде намысыңды осылай қара күшпен қорғауға тура келетін жайттар болады» деп алақанын ысқылау­шылар да болды. Қалай десек те, бізге оның не себепті ұстамсыздық танытқаны маңызды емес. Нағыз ойынның нағыз тілеулестері үшін Зиданның футболмен осылай қоштасқаны өкінішті еді. Ол, тіпті, командаларды марапаттау рәсіміне де шыққан жоқ…

* * *

Әлемдік доп додаларының қызықтарын әңгімелеу алдағы бейсенбіде жалғасады. «Алматы ақшамын» оқып жүріңіз!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *