ФУТБОЛДА ТАЛАЙ ҚЫЗЫҚ БАР

Бразилияда өтетін ХХ әлемдік доп додасының баста­луына 15-ақ күн қалды. «Алматы ақшамы» ерекше спорт тойының ең тосын, ең оқыс, ең қызық оқиғаларын шолуды әрі қарай жалғастырады. Бүгінгі әңгіме – 1994 және 1998 жылдардағы чемпионаттар туралы.

Сәкен СЫБАНБАЙ

1994 жыл. Өз қақпаңа гол соқсаң – өлесің…

Алдыңғы додада командалар тек қорғанысты ойлап, ойындардың көпшілігі сүреңсіз өткен соң, ФИФА ойынды қызықты ете түсу үшін біраз тың шешім қабылдаған еді (жеңіске 3 ұпай беру, өз қорғаушысы аяқпен берген допты қақпашының қолмен ұстауына тыйым салу, қорғаушы мен шабуылшы бір сызықтың бойында тұрса, оны офсайд деп санамау, дөрекілікке қарсы ымырасыз күрес, т.б.). Соның әсері болар, командалар шабуылға жиі көңіл бөле бастады, қақпаға доп көп соғылды (әр ойынға 2,71 голдан келді), матчтардың көпшілігі өте тартысты өтті. Стадионға жиналған көрермендердің саны жағынан бұл турнир тіпті рекордтық көрсеткішке қол жеткізді: әр кездесуді орта есеппен 68 604 адам тамашалады!

935

1994 жыл. Қос рекордшы: ең қарт мерген Р.Милла және бір ойында 5 гол соққан О.Саленко.

АҚШ – Швейцария (1:1) матчы әлем чем­пионаттары жылнамасында мәңгі қалды. Жо-жоқ, қос команда да тәп-тәуір ойнағанымен, таң қалдырар ештеңе көрсете қойған жоқ, бірақ бұл – финалдық турнирлер тарихындағы жабық стадионда өткен тұңғыш матч еді. Ал таң қалдырғанның көке­сін Колумбия көрсетті. Іріктеу сынында Аргенти­наны сырт алаңда 5:0 есебімен талқандап тастаған оларды Пеленің өзі «алтын кубоктан басты үміткер» деп болжаған болатын. Алайда колумбия­лықтар «футбол королінің» және сан мыңдаған тілеулес­терінің үмітін ақтамай, әуелгі кездесуде ұтылып қалды.

Бұдан соң Колумбияның Медельин шаһарын­дағы лаңкестер бас бапкер Ф.Матурана мен оның көмекшісі Э.Гоместің туысқандарын кепілдікке алып, оларға қысым жасай бастады. Сөйтіп, келесі АҚШ-пен ойынға лаңкестердің талабы бойынша Г.Гоместің орнына Э.Гавирия шықты. Бірақ ол да америкалықтардың жеңісіне қарсы тұра алмады. Колумбиялықтар топта ең соңғы орын алып, елде­ріне ерте қайтуға мәжбүр болды. Әлгі алаң иелерімен ойында өз қақпасына абайсызда гол соғып алған қорғаушы А.Эскобарды елге барған соң біреулер атып өлтіріпті. Бейшараның денесінен дәрігерлер 12 оқ алып шығыпты. Сол уақыттағы баспасөзде жазылғанындай, қылмыскерлер әрбір оқ атқан сайын «гол!», «гол!» деп кіжіне айғайлап тұрыпты…

Бразилия алтын кубоктан басты үміткер екенін бірден байқатты. Ресейді де, Камерунды да олар оп-оңай ұтты. Екінші орынды шведтер алды. Орыстар тек соңғы кездесуде ғана ойламаған жерден осалдық танытқан африкалықтарды 6:1 есебімен ойсырата жеңді. Осы матчта О.Саленко 5 доп соғып, әлемдік рекорд жасады. Бірақ шабуылшының бұл ерлігі құраманың 1/8 финалға шығуы үшін жеткіліксіз еді. Камерун шабуылшысы Р.Милланың Ресей қақпасына енгізген добы да тарихта қалды, өйткені, ол – чемпинаттардағы ең «қарт гол» еді (авторының жасы… 42-де болатын!).

1998 жыл. Блан Бартездің басынан сүйген сайын Франция жеңе берді.

936Чемпионаттың беташар кездесуінде 79-минутта ойынға қосылған боливиялық шабуылшы М.Эче­верри 82-минутта алаңнан қуылды! Неміс Т.Хесслерге қарсы дөрекі ойнаған ол – әлемдік доп додасы тарихындағы алаңға шыға сап, бірден «шырық бұзған» алғашқы футболшы. Оның бұл «рекордын» (3 минут) Швейцариямен ойында румын шабуылшысы Й.Владою, сосын 1998 жылы дат ойыншысы М.Вигхорст қайталады.

Мұндай дүбірлі додаға тұңғыш рет қатысқан Грекия футболшылары үш қарсыласынан да жеңіліп (жалпы есебі 0:10), ең соңғы орында қалды. Ал Нигерия, Болгария және Аргентина бірдей ұпай жинап, турнир кестесінде доп айырмасы арқылы тура осы ретпен орналасты. Аргентиналықтар 1-орын алуға лайық-ақ еді, әрі 34-ке келсе де, Д.Мара­дона өзінің 4-чемпионатын да тамаша бастаған болатын. Әлем баспасөзі «Футбол кемеңгерінің оралуы» деген тақырыптармен таласа мақала жазып, тамсана таң қалысып жатты. Бірақ кезінде наша­қорлығы үшін ұсталып, жазаға тартылған ойыншы тағы да өз командасын қиын жағдайда қалдырды. Нигериямен ойыннан (бұл – даңқты аргентина­лықтың финалдық турнирлердегі 21-матчы еді) соңғы допинг-тестте оның бойынан тыйым салынған медпрепарат – эфедрин табылды. Сөйтіп, Марадона чемпионатқа мүлде қатыстырыл­майтын болды.

«Е» тобында төрт команда да бірдей (4) ұпай жинады. Мұнда қарсыластарды орын-орнына тек доп саны арқылы ғана орналастыру қажет болды. Сөйтіп, үш доп соққан Мексика 1-орынды, екі-екі голдан енгізген Ирландия мен Италия 2-3-орындарды иеленді, ал бар-жоғы бір-ақ доп соққан Норвегия, амал жоқ, аулына қайтты. Айтпақшы, Италия – Норвегия матчында әлем чемпионат­тары тарихында тұңғыш рет қақпашы алаңнан қуылды. Ол – италиялық Джанлука Пальюка еді.

Чемпионаттар тарихында тұңғыш рет қос араб командасы кездесті. Діндес-қандас Марокконы ұтқан Сауд Арабиясы сосын Бельгиядан да басым түсті. Матч тағдырын шешкен жалғыз голды шабуылшы Саид әл-Овайран тура 1986 жылғы Марадонаның стилінде соқты. Допты алаң ортасынан ала сала алға ұмтылған ол аяғына оратылған үш қорғаушыны бірінен соң бірін алдап өтіп, сосын Прюдомды да қапы қалдырды. Тамаша голға таңдай қаққан әлем баспасөзі шабуылшыны «Шөл даланың Марадонасы» деп атады.

Италия – Испания (2:1) ойынында тарих­та тұңғыш рет төрешінің алаңда байқамаған бұзақылығын кейіннен бейнетаспадан көріп, жазалау тәсілі қолданылды. Матч барысында венгр қазысы Ш.Пульдің көзін ала бере Л.Энрикенің мұрнын бет қыла жаздаған итальян қорғаушысы М.Тассоттиді ФИФА 8 ойынға қатыса алмайтын етіп жазалады.

Өкініштісі, өте жақсы өткен чемпионаттың шешуші ойынында гол соғылған жоқ. Әлем чемпионы тұңғыш рет пенальти арқылы анықталды. Шешуші соққыны италиялық Р.Баджо күтпеген жерден аспанға тепті… Бразилия бұл төртінші алтынды 24 жыл күткен болатын…

1998 жыл. «Бартездің басынан енді кім сүйеді?»

ФИФА 1998 жылғы додадан бастап матч барысында үш футболшыны алмастыруға рұқсат берді. Біз үшін айрықша атап өтер жайт – өз тәуелсіздігін алған Қазақстанның ұлттық құрамасы алғаш рет әлем чемпионатының іріктеуіне қатысып, екінші кезеңде ғана Азия мықтыларына жол берді. Финалдық турнирге бұрынғыдай 24 емес, 32 команда қатысты.

Әжептәуір ұйымдастырылған доданың сәнін «жанкүйер» деуге де аузың бармайтын тентектердің бейбастық әрекеттері бұзды. Ағылшын құрамасының ұрда-жық тілеулестері әр ойын сайын бұзақылықтың түр-түрін көрсетті. Олардан неміс фанаттары да қалыспады. Француз полициясының әріптестерінен сәл бөлектеніп қалып қойған екі қызметкерін ортаға алған олар әлгі байғұстарды өлімші етіп сабап, шектен шыққан қатыгездік танытты. Басына темір шыбық оңбай тиген 44 жастағы жандарм Д.Нивель бірнеше күн бойы есінен танып жатты. Адам өмірі үшін күні-түні арпалысқан дәрігерлердің кәсіби шеберлігі арқасында ғана ол ақыры өз-өзіне келді, бірақ мәңгі-бақи орнынан қозғала алмайтын мүгедек болып қалды.

Чемпионат Бразилия – Шотландия кездесуімен ашылды. Бұл матчта беташар кездесулердегі ең тез гол қақпаға енді (4-минут, бразилиялық С.Сампайо) және алғашқы автогол соғылды (шотландтық Т.Бойд). Және бір ерекшелік – бұл жекпе-жекте беташар кездесулер тарихындағы тұңғыш пенальти белгіленді (орындаған шотландтық Дж.Коллинз).

Бұл турнир айдай әлемге Марсело Саластай (Чили) сұрмергенді танытты. 4 ойында 5 рет гол соғуға мүмкіндік алған чилилік шабуылшы соның төртеуін нәтижелі аяқтады! Бірақ Чили құрамасы топтағы барлық ойынында да есепті бірінші болып ашқанымен, бірде-бір рет жеңіске жете алмады. Камерунмен кездесуде африкалықтардың екі футболшысының алаңнан қуылуы да оларға артықшылық әкеле қойған жоқ. Қызыл карточка алған қос камерундықтың бірі – Р.Б.Сонг – финалдық турнирлерде екі рет алаңнан қуылған тұңғыш футболшы. Айтпақшы, осы топта өнер көрсеткен Австрия құрамасы өзінің үш кездесудегі үш добын да… 90-минутта соқты!

Франция алғашқы ойында Оңтүстік Африка командасын 3:0 есебімен ұтты. 77-минутта Ю.Джоркаефтің тепкен добын кері қайтарамын деген қорғаушы П.Исса оны өз қақпасына енгізіп алды. Бұл – финалдық турнирлер тарихындағы 1600-гол және мерейлі доптар тізіміндегі алғашқы автогол еді.

Германия – Югославия ойынында әлемдік чем­пионаттардың бір рекорды құлады. Екінші таймда алаңға 37 жастағы неміс футболшысы Л.Маттеус шықты. Бұл – оның финалдық турнир­лердегі 22-матчы еді. Осыған дейін ол бұл көрсеткіш жөнінен бірінші орынды У.Зеелер (Германия), В.Жмуда (Польша) және Д.Марадо­намен (Ар­гентина) бөлісіп келсе, енді жеке-дара алға шықты. Бұған қоса Маттеус бес чемпионатқа қатысқан әйгілі мексикалық қақпашы А.Карбахалды қуып жетті.

Аргентина – Англия (2:2) матчының бірінші таймы өте керемет өтті. Төрт доп та осы кезеңде қақпаға енді. Үзілістен соң болмашы жерден екінші ескертуін алған Д.Бекхэм алаңнан қуылды да, матчтың тамаша табиғаты бұзылды. Ойыннан соңғы пенальти сериясында Аргентинаның жолы болды.

Франция мен Парагвай да жеңімпазды 90 минутта анықтай алмады. Қосымша уақыттың бітуіне 6 минут қалғанда қорғаушы Л.Блан нысананы дәл көздеді – 1:0. Матч лезде тоқтатылды. Бұл – әлем чемпионаттарындағы тұңғыш «алтын гол» еді. Дания 4:1 есебімен Нигериядан басым түсті. 60-минутта алаңға шыға салып, 16 секундтан соң үшінші допты енгізген дат шабуылшысы Э.Санд – алаңға ойын барысында қосылған қосалқы құрам футболшысы соққан ең жылдам голдың авторы ретінде тарихқа тіркелді.

Франция – Хорватия матчында Шукер өзінің осы турнирдегі 6-добын соғып, бас мерген атанды. Алайда француздардың қатарынан да бір мерген табылды – бұған дейін де, одан кейін де құрама сапында ешқашан гол соқпаған қорғаушы Л.Тюрам қос доптың авторы атанды. Француздар алға шыққан замат олардың қуанышын су сепкендей басқан бір оқиға болды. Зидан сол қапталдан Хор­ватияның айып алаңына доп бағыттамақ боп тұр­ғанда, Блан мен Билич шекісіп қалды. Қайсысы­ның бірінші бастағанын кім білсін, екеуі де бірін-бірі итеріп, әуелетіп берілмек допқа таласып тұрған. Әйтеуір бір кезде француз шыдамсыздық танытып, хорватты сәл нұқып қалды. Анау тап бір Тайсонның жұдырығы тигендей ұзынынан түсті. Оның «мұрттай ұшқанын» көріп, екі көзі тас төбесіне шыққан төреші екі сөзге келмей, Бланды алаңнан қуып шықты. Сөйтіп, ол финалға қатыса алмады.

Бұған бүкіл Франция өкініп, қатты уайымдады десек, артық болмас. Тіпті «финал алдында Бартездің тақыр басынан сүйсініп тұрып кім сүйеді енді?!» деп күңіренгендер де аз болған жоқ. Бұл сөздің жаны бар еді, өйткені, әр матч басталар сәтте Блан үнемі қақпашының күн шағылысар жылтыр басынан сүйіп, өзіндік ырымын жасайтын. Осыған дейінгі ойындардың бәрі француздар үшін сәтті боп келгендіктен, бұл міндетті түрде орындалуға тиіс дәстүр секілді еді. Финалда бұл жоралғыны Бланның орнына шыққан қорғаушы Ф.Лебеф атқарды. Нәтиженің керемет болғанына қарағанда, Бартездің басынан кім сүйсе де бәрібір тәрізді. Әйтеуір біреу сүйсе болды…

Финал осыған дейін мүлде мергендігімен көзге түспеген Зиданның бенефисіне айналды. Бұрыш­тамадан берілген допты екі рет баспен ұрып торға түсірген ол ұлы футболшылардың шешуші сәтте ойын тағдырын шешетінін дәлелдеді. Тек Зидан ғана емес, француз құрамасының барлық мүшесі бұл кеште керемет ойнады. Сөйтіп, әлемдік доп додасы тарихындағы жетінші чемпион Франция болды.

***

Әлемдік доп додаларының қызықтарын әңгімелеу алдағы бейсенбіде жалғасады. «Алматы ақшамын» оқып жүріңіз!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *