Фронт-офистер қолайлы болмақ

Қала басшысы қаланы адамдарға қолайлы әрі жайлы ету бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда. Енді жайлылық полиция қызметіне де жетті. Алматыда орналасқан қылмыстық-түзету мекемелерінде жатқан туыстарына келген адамдар осыған дейін осы мекемелердегі жайсыздықтар туралы жиі шағымданатын. Ал бұдан былай ондай жөнсіздіктерге жол берілмейтін болады. Өйткені, Алматыдағы қылмыстық-түзету мекемелері мен аудандық полиция басқармалары жанынан сервистік фронт-офистер ашылды.

Қала әкімі Бауыржан Байбек Алматыда алғаш ашылып отырған сол фронт-офистерді аралап көрді. Соның бірі – Красногорск көшесінде орналасқан қылмыстық-түзету мекемесі жанынан ашылған сервистік бағыттағы фронт-офис.  

Бұрындары жазаланушыға келген туыстары мен адвокаттар аталған мекеме алдында сағаттар бойы күтіп тұратын дәретханаға да бара алмайтын, күту залы мен жүк сақтау камералары жоқ болатын. Енді бірыңғай өткізу пункті болып табы­латын фронт-офистердің ашылуы арқа­сында күту уақыты 2-3 сағаттан 20 минут­қа дейін қысқарып, тыйым салынған заттарды алып өту мүмкіндігі барынша азаятын болады. «Қазіргі кезде біз Алматы аумағында инфрақұрылымдық жағдай жасауға күш салудамыз. Мемлекет басшысы айтқандай, әр саланың есеп беру, ашықтық және сервистік бағыты болғаны жөн. Біз жергілікті атқарушы орган ретінде қаржы іздестірудеміз, прокуратура және полициямен бірге цифрландыру бойынша жұмыс істеп, адами фактор мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алудамыз. Мұнда жазасын өтеп жатқандарға дұрыс жағдай­лар жасалуы тиіс. Олармен жақындары мен адвокаттар кездесуге келгенде барлығы ыңғайлы болғаны жөн. Енді келушілер далада көп күтіп тұрмайды, өйткені электронды кезек бар. Мекемеге дейін келетін үш автобус бағыттары ұзартылды, ал көктемде айнала абаттандырылатын болады», – деп атап өтті Бауыржан Байбек.

Жұмыс сапары барысында Алматы қаласының әкімі Түрксіб ауданындағы тәулік бойына жұмыс жасайтын алғашқы фронт-офисті де көрді. Мемлекет басшы­сының бұқарамен жұмыс істеудің жаңа заманауи форматтарын енгізу жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша қаланың барлық аудандарындағы полиция бөлімше­лерінің жанынан фронт-офистер ашу үшін жергілікті бюджеттен қосымша қаржы бөлінді. Полиция департаментінің басшысы Серік Күдебаев өзінің сөзінде жаңадан ашылған фронт-офистер азаматтар үшін өте ыңғайлы екенін, олардың бұрынғыдай көшеде ұзақ тұрмайтынын, бірнеше тексеру пункттері мен кабинеттерден өтпейтінін айтты. Өтініштерді және басқа да құжаттарды қабылдау үшін небәрі 15–20 минут кетеді әрі мұнда процес­суалды прокурор тұрақты болады. Дәл осы күні Бауыржан Байбек «Жетісу-Семиречье» сауда үйі базасында ашылған автомоби­листердің арнайы ХҚКО-ның жаңа бесінші бөлімшесінде болды. Соңғы жылдары Алматының арнайы ХҚКО жүктемелерінің 5 есе артуына орай бұрындары қала әкім­дігі Жетісу және Наурызбай аудандарында қосымша бөлімшелер ашу туралы шешім қабылдаған еді. Айта кетерлігі, осыған дейін Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Қоғамдық кеңестің отырысы бары­сында қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жеті бағытын атап өткен болатын. Олар – полицияны материалдық-техни­калық жабдықтау, цифрландыру, қоғамдық кеңістіктің қауіпсіздігі, «көлеңкелі эконо­микамен» күрес, төтенше жағдайлардың алдын алу, жол қауіпсіздігі, қылмысты болдырмаудың пәрменді шаралары.

Қазіргі таңда қаламызда осы жеті бағыт бойынша тындырымды істер атқарылуда.

«Ақшам-ақпарат».

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *