Фильмдердің арқауы туған жерге арналады

Бүгінгі таңда Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарла­малық мақаласындағы мақсаттарды  жүзеге асыруға барынша белсенді атсалысып келеді. Жастар еліміздің ертеңін жалғасты­ратын болғандықтан, Елбасы жалынды жастардың сапалы білім алуына елімізде жан-жақты жағдай жасап келеді. Осы орайда оқу ордамыздағы ұлағатты ұстаздар ұжымы жастарға заман талабына сай сапалы білім беруге үлкен жауапкерші­лікпен қарайтындарын айта кеткеніміз игі.

«Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдар­ламасы болашаққа қанат қаққан жас ұрпақты ғылым-білімге барынша баулып, жаңадан жол ашады. Бұл бағдарлама жас­тарды өмірдегі биік мұрат-мақсаттарға жете­­лейді, асқақ армандарға ұмтылдыра түседі. Сондай-ақ, аталған мемлекеттік бағ­дарламада көрсетілген «Туған жер» бағ­дарламасы жастардың жұдырықтай жүре­гінде туған жеріне, туған еліне деген сүйіс­пеншілік сезімін асқақтататыны анық.

«Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспен­шіліктен басталады. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбек­теп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жан­ның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпей­тін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен  салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар пер­зент­тері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», – деп Мемлекет басшысы бұл бағдарламада жас ұрпақты туған жерін сүюге, туған еліне қызмет етуге құлшын­дырады.

Туған жер – адамның ыстық ұясы. Бола­шақта ұясынан ұшса да, туып-өскен өлкесі әр адамның жүрегіне ыстық болып мәңгі қала береді. Бүгінгі таңда оқу орда­мызда білім алатын студенттер өздерінің курстық және дипломдық жұмыстарын туған жер тақырыбына арнап, деректі фильмдер түсіруді әдемі дәстүрге айнал­дырған. «Туған жер» бағдарламасымен үндесіп жатқан бұл жұмыстары арқылы жастар өздерінің туған өлкесіне, туған ауылы – алтын бесігіне деген сүйіспеншілік сезімін жеткізеді. Туған өлкесі туралы деректі фильмдерді түсіру барысында жастар кіндік қаны тамған туған жерінің тарихымен, белгілі тұлғалардың тағдырымен жақын таныса алады. Туған жерінің көрікті жерлері мен тамылжыған табиғаты жастар­ды туған топырағына – тарихи алтын тамырына жақындатады. Жалпы, жастарды ұлтжандылыққа тәрбиелеуде бұл бағдар­ламаның маңызы зор.

 

Маргарита СОЛОВЬЕВА,

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы

дыбыс режиссурасы және операторлық өнер кафедрасының меңгерушісі.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *