«Феодал» немесе ең үздік әуезовтанушы туралы

Мамай АХЕТ, филология ғылымының кандидаты

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары ашылған Алматыдағы киелі орындардың бірі – Төлебаев көшесіндегі №185 музей-үй жарты ғасырдан бері көпшілікке М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы жайлы толассыз сыр шертіп келеді. Мұхаңның жеке тапсырысы бойынша 1951 жылы салдырған үйі, ішіндегі жиһаздары, ауладағы өз қолымен еккен екі жаңғақ ағашы, 1976 жылы қызметкерлерге деп мемлекет салдырған қосымша ғимарат – барлығы да «мемориалдық» деген атына лайық өзгеріссіз қаз-қалпында тұр.

Ұзақ жылдардан бергі бұл жердегі жалғыз өзгешелік – ол осында үнемі келіп-кетіп жүретін орта бойлы, қызылсары адам ғана соңғы жылы көзге түспейді. Күлімсірей, басын изеп қана өтіп бара жататын иманжүзді, сыртқы кейпі Шығыстың ойшылдарындай әсер қалдыратын бұл кісі аға буын зиялы қауымға, көзіқарақты зерделі оқырманға жақсы таныс, аса көрнекті әуезовтанушы Талатбек Әкім болатын. Елу жыл осында еңбек етіп, біздер үшін Талғат аға атанған ол кісінің арамыздан кеткеніне де дәл осы күндері жыл толып отыр.

Дүниеден озған жандарды тірілер түрлі сипатта санада жаңғыртып, естеріне алып жатады. Бәзбіреулер пәлен жылдығына деп ас беріп, ендігі бірі ескерткіш-тақта қойып, кітабын шығарып дегендей. Біреулері тым жақындарының жаны, өлмес рухы жайлы қиялға беріліп, оның рухының қайда жүргенін санасына сыйғыза алмай әрі-сәрі күйге түсіп жатады. Қысқасы, өмірден өздері өтсе де, артына із қалдырған жандардың іс-әрекеті, сөзі, жасаған жақсылығы, тосын мінезі соңында қалғандардың, көзкөргендердің жадында, әңгімелері мен дұғаларында тірлік кешіп, жалғасып жатады екен. Екі дүниені байланыстырып тұратын ондай жандар әдетте, еске алушының туысы, досы, әріптесі немесе ұстазы болып келеді. Сөйткен Талғат ағамыз да бізге әрі ұстаз, әрі әріптес, әрі әкеміздей болған аса аяулы жан еді.

Өмірде өзінің күнделікті қарапайым ғана қызметін асқан адалдықпен атқарып, сол саланың бүкіл жүгін үн-түнсіз, дабыра-дамайсыз-ақ өз мойнына артып алатын адамдар болады. Кейде ондай жандарды «еңбекторы» деп немесе тағы да бір соған ұқсас атаулармен атап жатады. Көбіне-көп ондай жандар марапат-мақтаудан, атақтардан аулақ болады. Мерейтойлары атаусыз қалып, жасаған еңбектерінің жарнамасы да бола бермейді. Бірақ уақыт өте келе сондай еңбек иелерінің ұзақ жылдар бойы тынымсыз атқарған жұмыстары тұтастай халықтың игілігіне айналып, өздері өмірден озса да, есімдері ел жадынан шықпастай болып кетеді. Біздердегі ұрпақтан-ұрпаққа кетер түрлі ұлы жұмыстарды, энциклопедияларды, сөздіктерді, іргелі еңбектерді осындай салиқалы, салмақты жандардың жасағанына көзің жетеді.

1936 жылы Тәшкеннің іргесіндегі Шыршық ауданына қарасты Саранкент ауылында дүниеге келген Тәкең 1955 жылы мектеп бітіріп, ҚазМУ-дің Филология факультетіне құжат тапсырады. Әйтсе де, ол жылы оқуға түсе алмай, шахтада жұмыс істеуге мәжбүр болады. Комсомолдық жолдамамен Жезқазғанға барғанын айтып отырушы еді. «Алматыдан пойызға отырып, сонда тарттық. Жол бойы сұңғақ бойлы, аса келісті бір келіншек бізбен бірге барды. Таңырқай көз тастаймыз. Жезқазғанға жеткенде ол келіншекті бір ұзын жігіт күтіп алды. Өзге жұрт кеудесінен де келмейтін бұл жігіт вокзалдағы ығы-жығы жұрттан ерекше болып көрінді және жанынан өткен адамдар оған бір қарамай өтпейтін. Сыртқы келбеті қазақ. Ертеңіне жатаққа орналасу, жұмыспен танысу үшін Жезқазған геология барлау экспедициясының кеңсесіне келсек, кешегі ұзын бойлы, толқынды бұйра шашты аса сымбатты жігітіміз сол жердің бас инженері Шахмардан Есенов екен. Бар-жоғы отыз жасқа жетер-жетпес Шәкеңнің ұйымдастыру қабілетіне, жастарға қамқорлығына сонда тәнті болатынбыз. Ал күтіп алғаны өзінің апайы екен», – деп еске алар еді Тәкең. Осылайша шахтада жұмыс істеп, тек 1959 жылы ғана оқуға түседі.

1959–1964 жылдары армандаған ҚазГУ-де оқыған Тәкең үш жылдай баспада корректор болып қызмет істейді. Алматыда қалуды көздеген жан үшін көзге көрінбейтін айрықша кедергілер қойылған ол заманда мұндай жұмыс та үлкен олжа. Міне, осыдан кейін өзі: «Мен үшін мектеп қабырғасынан пір тұтып келген адамымның асыл мұрасына емін-еркін үңіліп, емін-еркін ұстаудан артық дәреженің де, мансаптың да керегі жоқ еді», – деп жазғанындай, 1968 жылы Л.Әуезованың қамқорлығымен «Әуезов үйіне» жұмысқа орналасады.

«Осы жұмысқа келсең, бір күнің кетеді!» деп академик З.Ахметов айтыпты дейтін сөз бар. Күндіз-түні не үйінде, не кітапханада ғылыми жұмысымен алаңсыз айналысып жатқанда, сол сүйікті ісінен айырып, жиналысқа не бір той-томалаққа шақыру – нағыз ғалым үшін жазамен тең. Басқасын былай қойып, уақытын күнделікті баспасөзді оқуға қимайтын Ә.Марғұлан да серуенде жүріп кездескендерден «Газетте не жаңалық бар?!» деп сұрайтын көрінеді. Әрбір сәтін ізденуге, оқуға арнағанды жөн санайтын Талғат аға да осы тұрғыдағы ғалым болатын.

Ол кезең «Ұялғандар үй алмайды, үй алғандар ұялмайды» (С.Қасқабасов) дейтін бір ерекше заман. «Маңайымыздағы қарауыл, қарапайым жұмысшы жандардың балдары мектеп бітірер-бітірместен жұмысқа тұрады да, жыл айналмай үйлі болып жатады. Ал бізді жақындатпайды…» деп Тәкең жымиып күлуші еді.

Ондаған жыл бойы ғылыми мекемеде өнімді жұмыс істеп жүрсе де, пәтерге қолы бір жетпей-ақ қойған Тәкеңді бірде Ләйла Мұхтарқызы алдын-ала келісіп, жұбайы, академия Президенті Асқар Меңліахметұлына жібереді. Қабылдауына келген Тәкеңе Асқар Қонаев әдеттегіше: «Қалай жағдай!?», – деп сұраса керек. Өмірі шағымдануды, жағдай айтуды білмейтін Талғат аға: «Шүкір. Жағдайым жақсы!», – депті. «Нендей өтінішің бар?» десе, «Ешқандай өтінішім жоқ!» десе керек. Артынан А.Қонаев Ләйла Мұхтарқызына: «Сен кімді жібергенсің!? Жіберген адамың «Жағдайым жақсы, еш мұқтажым жоқ!» деп отыр ғой!» деген көрінеді. Кейін Ләйла апайдың өзі жағдайды түсіндіріп қана Тәкең екі бөлмелі пәтерге қол жеткізеді.

Иә, пәтер дегеннен шығады. Сол екі бөлмеге қол жеткізгенше ондаған жыл қаланың түкпір-түкпірінде ғұмыр кешкен Талғат аға бірде «Горный Гиганттан» пәтер жалдапты. Академик Ө.Айтбай былайша еске алады: «Қызыққа тоймайтын жас кезіміз. А.Сүлейменов, К.Сыздықов, тағы да біраз жігіттер дуылдасып жиі кездесіп тұрамыз. Бір күні Талғат бәрімізді өзінің жалдаған пәтеріне қонаққа шақырды. Содан баратын күнімізді нақтылап, үйінің адресін сұрай бастадық. Талғатта үн жоқ. Бір нүктеге телміре қарап, аңырып тұрып қалды. Біз де «Өй, айтсаңшы үйіңнің адресін!», – деп бастырмалатып жатырмыз. Әлден уақыт үнсіз ойланып тұрғаннан кейін барып қана Талғат: «Соны білмейді екем, әйтеуір, өзім тауып барамын…» деп қарап тұр!». Сондай бір нұрлы шақтардың белгісіндей Ш.Қалдаяқов, А.Сүлейменов, К.Сыздықов, т.б. замандастарымен бірге болған сәттерін Тәкең ерекше бір сағынышпен еске алып отыратын.

Талғат ағаны Андабек Қалибекұлы «феодал» деуші еді. Терісі жұқа, эмоциясын ешқашан іркуді білмейтін бала мінезді Андекең үшін Талғат ағаның сабырлы қалпы, кез-келген мәселеге қатысты пікірін ашық білдірмейтін ұстамдылығы түсініксіздеу секілді көрінетін болса керек. Бірі қалада, екіншісі ауылдық жерде өскен құрдас екі жанның дүниетанымы, мінез-құлқы да бір-біріне ұқсамайтын. Жары Қалкен апайды аузынан тастамай үнемі айтып отыратын, қолындағы сақиналары мен мойнындағы алқаларды жиі алмастырып, басына әдемі берет киіп жүретін сәнқой қалалық Андекеңе құрдасының өзіне де, жары Мейізгүл апайға да тым талапшыл, қазақы көзқарасы ұнай қоймаса керек. Әйтеуір, әзіл-шыны араластырып, көзін төңкере қарап «феодал» дегенді жиі айтып отырушы еді.

Осы жылдар ішінде Тәкеңнің ашуланып, қабағын шытқанын немесе әлдекімнің сыртынан ғайбат сөз айтқанын көрмеппіз де естімеппіз. Бірқалыпты. Адам болған соң әр түрлі жағдайлар болады, қаншама жанмен араласады. Шығармашылық ұжымда «Мұсақұл соғысы» болмаса да, кейде топ-топқа бөлісіп, өзара тартыстар да орын алатыны белгілі. Солардың бірде-бірінде Тәкең әзелгі қалпынан айнымай, көкейіндегі сөзін ашып айтпастан, бейтарап қалатын. Бұл кейбіреулердің шамына тиіп, өңі жұқалаулары «мұның екіжүзділік қой» демесе де, соны қабағымен ұқтырғанда да Тәкең үнсіз ғана жерге үңіліп қала беретін. Күнделікті күйкі тірліктен биік тұратын. Уақыт өте келе бір сәттік сезімін іркіп қалған Талғат ағаның тап сол жерде дұрыс жасағанына талай көзіміз жетті.

90-жылдары қажылық міндетін өтеп, бес мезгіл намазын қаза қылмайтын Талғат аға шынайы мұсылман еді. Жылда М.Әуезовтің туған не қайтқан күндеріне арналған музейдегі басқосуларда ол кісі өзіне ғана тән ерекше мақаммен естілер-естілмес етіп ұлы ұстазына дұға бағыштар еді. Көп ашыла қоймаса да, жүзі жылы Тәкең тақуа адам болатын. Бірақ тақуалығы біз көріп жүргендердің діндарлығынан біршама бөлектеу болып келеді.

Әдетте, азды-көпті діннен хабары бар жандардың кез-келген ортада сөйлегісі келіп, айналасына заматында тіршіліктің мәнін, ғалам сырын ұқтырғысы келіп тұратын бір әдет бар ғой. Құнанбай, Абай, Мұхаңның өзі мен арғы ата-бабаларының дінге қатысты көзқарастарын ұзақ жылдар бойы мұқият зерттеп, соған қатысты өте терең ғылыми еңбек жазған, «Ислам энциклопедиясының» тұрақты авторы болған Тәкең тілінің ұшына салып дін турасында әңгіме айтпаушы еді. Алда-жалда қажет болып, дінге қатысты сұрақ қойсаң, өзіңе оңашалап немесе өзіміздің үйреншікті ортамызда ғана асықпай сабырмен ғана түсіндірер еді. Онда да атүсті бетінен қалқымай, қасиетті Құраннан, хадистер мен ешкім естіп-білмеген араб авторларынан мысалдар келтіре отырып, тосын пікірлер айтатын.

Кеңес кезеңіндегі ұлттық рухтың, ауызекі сөйлеу дәстүрінің тамаша мектебі ретінде ұзақ жылдар бойы белгілі ғалымдар Р.Бердібай, Б.Сахариев, Т.Әкімдер жүргізген «Халық университетінің» орны ерекше болды. Қазақтың салт-дәстүрін, ғылымын, музыкасын, әдебиеті мен тарихын жаңаша насихаттауға, тануға өлшеусіз үлес қосқан бұл танымдық дәрістер 1964 жылдан 2000 жылдарға дейін М.Әуезовтің музей-үйінде жүйелі жүргізіліп отырды.

Көптің көкейінде жүрген аса өзекті тақырыптарды, ұлттық құндылықтарды талдап-таразылауға С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Марғұлан, С.Қожамқұлов, А.Жұбанов, Б.Сарыбаев, Ж.Кәрменов сынды әйгілі академик, артистерден бастап, әр сала бойынша жетекші ғалымдар мен өнерпаздар өз үлестерін қосты. Осы бір сауапты істің барлық қара жұмысын ұзақ жылдар бойы үн-түнсіз Талғат ағаның атқарғанын көпшілік біле бермейді.

Бізде М.Әуезов туралы, оның тұлғалық, ұстаздық, ғалымдық, жазушылық тағы да басқа қырлары жайлы жазбаған қаламгер жоқтың қасы. Көзін көргендер көргенін, көрмегендер оқығанын, естіп-білгенін жазып жатады. Оның ішінде жүйелі зерттеп, қайта айналып соғып отыратындары да, мерейтой тұсында белсеніп шығатындары да кездеседі. Әйтсе де, ертелі-кеш жарты ғасыр бойы тек қана М.Әуезовті оқумен, зерттеумен болған Тәкеңнің еңбегін тақуаның құдайға құлшылығымен ғана салыстыруға келер, сірә.

Ұлы қаламгердің шығармашылық лабораториясы мен өмірлік деректеріне дәл Талғат ағадай тереңдеп барған ешбір зерттеуші жоқ. Белгілі шығармаларынан бөлек қолжазбаларын, қалтасына салып жүретін қойын дәптерлеріне дейін мұқият әрі ұзақ жылдар бойы саралау, зерделеу нәтижесінде Т.Әкім әуезовтануда тың өріс, соны мектеп қалыптастырды. Араб, латын, кирилл қаріптерімен жазылған қолжазбаларды дәл Тәкеңдей танып-білетін адам жоққа тән. М.Әуезовтің жазғанынан бөлек, оқып шыққан кітаптарының әрбір бетіне дейін парақтап, олардағы ерекше белгілерді зерттеу нәтижесінде өте қызықты тұжырымдар жасайды.

«1959 жыл, октябрь» деп басталатын блокнотта Жорж Санд, Оноре де Бальзак тағы басқаларды оқығандығы, мұнда Бальзакқа көбірек тоқталғандығы көрінеді. Көбінесе сол жазғандарының өзін сызып, белгілеп отырады. Л.Фейхтвангер мен А.Гриннің таңдамалылары, Дж.Олдриждің «Не хочу чтобы он умирал» романы мен М.Ибрагимовтің әзербайжан тіліндегі шығармалары, Сейд Бейлидің «Телефонистка» повесі мен Э.Ремарктың «Три товарища» романы, Уилсон Митчель мен Грем Гриннің «Брат мой, враг мой», «Тихий американец» романдары, Орта ғасырдағы араб жазушысы Әбул-Фарадж бен Э.Хемингуэйдің «Старик и море» повестері оның соңғы жылдарда оқыған шығармалары еді», – деп жазады Т.Әкім «Мұхтар Әуезов кітапханасы» атты мақаласында.

Ол кісінің, «Мұхтар Әуезовтің жазбалары жайында», «Сапар сырлары», «Өскен өркенге» барар жолда», «Шапағат, шапқат өнегесі», «Күн жиылып ай болды…», «Мұталаға» сынды әр жылдары жазылған еңбектері бұл саладағы ең деректі де жаңалығы мол, ешқашан ескірмейтін туындылар. Осыған орай, ең үздік әуезовтанушы деп біз Т.Әкімді есептейміз. М.Әуезовтің 50 томдық академиялық басылымындағы түрлі тақырыптардағы ғылыми түсініктерді оқу арқылы бұған әркімнің-ақ көз жеткізуіне әбден мүмкіндігі бар.

Адамның бір салаға немесе бір адамның өнеріне құлай берілгенімен, уақыт өте келе ол райынан қайтып жататындары болады. Талғамы өзгереді. Тек, Талғат аға ғана сонау «мектеп қабырғасынан пір тұтып келген адамы» туралы балалық шағында қабылдаған шешімінен ғұмыр бойы бір айныған емес. Жазған шығармаларын айтпағанда, өзінің ұлы мен қыздарын – Барлас, Ұлжан, Әйгерім, Тоғжан деп атауды жөн көріпті. Өмір бойы кітап жинады. Біз білетін қаладағы ең үлкен жеке кітапхана да сол кісіге тән. «Шаңырақтан» Мұхаң сынды үй соққан Талғат аға оның ішіндегі кітапхана сөрелерін де тура Әуезовше жасатыпты…

«Жақсы адамдарды жамандардан ажыратудан қалған кезде, қалалар қирайды» депті сақ данышпаны Анахарсис. М.Әуезовтей жақсының ұлылығын түсіндіруге бар ғұмырын сарп еткен Талғат аға соңғы деміне дейін рухани ұстазына, оның шығармашылығына адал болды. Сол адалдығы мен тынымсыз еңбегі арқылы өзі де қазақ мәдениетінің төрінен орын алып, жақсылардың қатарына қосылды.

Жаңа жыл қарсаңында мың айдың жүзін көріп, 83 жасында бақилыққа аттанған Талғат ағаны отбасы, әріптестері мен шәкірттері қимай ақтық сапарға шығарып салды. Оған да жыл айналыпты…

М.Әуезовтің музей-үйі бүгін де көпшілікке ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығы жайлы толассыз сыр шертіп тұр.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *