Фарабитану мектебінің негізін қалаушы

Әйгілі ғалым және фарабитанушы Ақжан Жақсыбекұлы Машановтың бюстінің ашылу салтанаты өтті

 

 Динара МҰРАТ

Алматыға іс-сапармен келген Қырымбек Елеуұлы ең алдымен Шоқан Уәлихановтың 185 жылдығына орай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы ретінде бірнеше іс-шараларға қатысты. Шараға Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов, академиялық қоғамдастық пен БАҚ өкілдері, университеттің оқытушылары мен студенттері қатысты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Әл-Фараби халықаралық орталығында әлемге Әл-Машани деген атпен танымал әйгілі ғалым және фарабитанушы Ақжан Жақсыбекұлы Машановтың бюстінің ашылу салтанаты өткізілді. Мемлекеттік хатшы салтанатты рәсімдегі құттықтау сөзінде:

«Бүгінгі рәсім – Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150-жылдық мерейтойының мерекелеудің өте маңызды бір сәті деп есептеймін. Адамзаттың ұстазының бай мұрасын зерттеу барысында жаңа ғылыми жұмыстар жарық көрді. Ақжан Жақсыбекұлы Машанов геомеханиканың негізін қалаушыларының бірі бола отырып, қалың жұршылыққа әл-Фараби мұрасын зерттеуші ретінде танымал. Сол үшін араб ғалымдары оны ерекше құрметтеп әл-Машани деп атаған. Терең таным, айрықша ой және араб тілін білу Ақжан Жақсыбекұлына өз өмірінің басты істерін атқаруға – ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің мұрасын әлемге ашуға мүмкіндік берді. Әл-Машани Қазақстан аумағында, атап айтқанда Отырарда бір кездері Фараби деп аталған Қазақстан мен Орталық Азияның ежелгі мәдени орталығында дүниеге келгенін әлемге ғылыми тұрғыдан дәлелдеген қазақстандық фарабитану мектебінің негізін қалаушысының сіңірген орасан еңбегін қазақ халқы ешқашан ұмытпау керек», — деп қазақстандық фарабитану мектебінің негізін қалаушысының ғылым әлеміне қосқан ерекше үлесін атап өтті.

Осыдан жарты ғасыр бұрын 1975 жылы ЮНЕСКО қамқоршылығымен Қазақстанның Алматы қаласында өткен Әл-Фарабидің 1100 жылдығына арналған халықаралық форум өткізу туралы шешімнің қабылдануы қазақстандық ғалымның баға жетпес еңбегінің мойындалуының тағы бір көрінісі болды.

Дөңгелек үстел форматында өткен ғалымдармен кездесу барысында Қырымбек Көшербаев Әл-Фарабидің 1150-жылдық мерейтойының кейбір қорытындыларын шығарып, мерейтойлық жыл ЮНЕСКО-ның қамқорлығымен халықаралық деңгейде бүгінгі індеттің таралуын ескере отырып атап өтілетінін жариялады.

«Біз жыл бойында ізімізден қалмай, іргемізде қатер төндірген індетке де, әлемдік экономикалық дағдарысқа да қарамастан осы тарихи оқиғаларды лайықты өткізуге бар күш-жігерімізді салып отырмыз. Ең бастысы, бұл мерейтойлар далада ат шаптырып, даңғызы думан жасау емес, ертеңгі ұрпақтың санасына салиқалы ой салатын сарабдал істермен өлшеніп отыр. Яғни той тойлауға емес, ой ойлауға бағытталып келеді», — деді Мемлекеттік хатшы.

Мерейтойлық іс-шараларға қатысуға халықаралық қоғамдастық және академиялық орта кең ауқымда тартылды, олардың ішінде БҰҰ мен ЮНЕСКО, ИЫҰ, ТҮРКСОЙ, дипломатиялық миссиялардың өкілдері, сондай-ақ шетелдік жетекші фарабитанушы ғалымдар бар.

«Әл-Фарабидің шығармашылық мұрасын және оның қазіргі әлемдегі өзектілігін талқылау түрлі елдердің ғалымдары мен әлемнің жетекші фарабитанушыларының ірі халықаралық конференцияларда талқыланатын тақырыпқа айналды. Әл-Фарабидің шетелде жаңа орталықтары ашылды», — деп атап өтті Қырымбек Елеуұлы.

Кездесу аясында әлемде тұңғыш рет жарық көрген «Әл-Фараби» энциклопедиясының тұсаукесері өтті. Энциклопедияның мазмұны тарихи деректер, мәліметтер, географиялық нысандар, өмірбаяндық мәліметтер, ойшылдың өмір жолы мен ғылыми мұраларын (трактаттары мен оларға түсіндірмелер), ұғымдар мен терминдер, араб-мұсылман Ренессанс кезеңіндегі белгілі ғалымдардың еңбектерін қамтиды. Онда заманауи зерттеушілер мен қазақстандық фарабитанушылар, сондай-ақ, ислам философиясы, дін, мәдениет, ғылым және білім мәселелерімен айналысатын барша ғалымдар туралы библиографиялық мәліметтер келтірілген.

Сонымен қатар, іс-шараға қатысушылар Әл-Фараби шығармалары және ол туралы жаңа басылымдар көрмесімен, сирек кездесетін кітаптар қорымен және кітапхананың тақырыптық залдарымен, Әл-Фараби мұражайының жаңартылған экспозицияларымен танысты.

Кездесу соңында Қырымбек Елеуұлы қазақстандық ғалымдарға қажымас ғылыми ізденістері үшін алғысын білдіріп, оларға жаңа табыстар мен қазақстандық ғылым мен Қазақстанның игілігі үшін зор жетістіктер тіледі.

«ҚазҰУ мен қазақстандық ғылыми қоғамдастықтың бірегей мықты командасының арқасында әл-Фараби жылы аясындағы ғылыми миссионерлік қағидаттарға негізделген көптеген іс-шаралар жүзеге асырылды», — деді Қ.Елеуұлы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *