«FARABІ SҺAKІRTІ» ӨЗ ОҚЫРМАНДАРЫНА ЖОЛ ТАРТТЫ

Балалар мен жасөспірімдерге арналған басылымдардың қатары тағы бір жаңа «FARABІ SҺAKІRTІ» журналымен толығып, өз оқырмандарына жол тартты. «Ұшқыр ойла, биікке самға, әлемді шарла»  атты   ұранды  басты бағдар етіп алған бұл журнал  іздемпаз, білсем, үйренсем, ғылым жолына түссем дейтін талапты балаларды жетектейтін, соларға бағыт-бағдар беретін әдеби-танымдық, ғылыми басылым болмақ.  Қадамын тәй-тәй басқан перзентінің тұсауын кесу дәстүрімізде бар салт болғандықтан Ахмет Аляз бастаған журналдың шығармашылық ұжымы  Ұлттық кітапханада  «FARABІ SҺAKІRTІ»    журналының тұсауын кесіп,  зиялы аға-апаларының ақ батасын алды. 

Нұржамал БАЙСАҚАЛ

Журналдың тұсаукесеріне қоғам қайраткері Шәмша Беркімбаева, белгілі мате­матик, ғалым Асқар Жұмаділдаев, филология ғылымының докторы, про­фессор  Дандай  Ысқақ, филология ғылы­мының докторы, профессор Айгүл Ісма­қова, «Ана тілі» газетінің Бас редакторы Жанарбек Әшімжан, «Жас қазақ» газетінің Бас редакторы  Срайл Смайыл,  балалар жазушысы Жақсылық Көпжасаров,  Кеңес Оразбекұлы және басқа да қаламгерлер мен журналистер қатысып, жаңа басылымға ақ жол тіледі. Ахмет Аляз  тұсаукесерге жинал­­ғандарды журналдың  ұстанып отыр­ған бағыттары мен шығар­машылық мақ­саттарымен таныстырды.   Журналды «FA­RABІ SҺAKІRTІ»   аталуы­ның себептеріне тоқталды.

Бала біткеннің барлығы смартфонға байланған мына заманда қағаз басылым шығарудың қиындығын айта келіп,  «Модерн медиа Алматы» ЖШС-нің пре­зиденті Ахмет Аляз ұлтымыздың болашағы жас ұрпақтың бетін  газет-журналға қарай бұруға  бетбұрыс жасауды жөн көргендерін жеткізді.  Бұл журналдың жарыққа шы­ғуына бас редактор Жанастан Кучуко­ваның  сіңірген еңбегі зор  екендігін  ЖШС-нің президенті ерекше атап өтті. Жур­налдың тұсаукесеріне келген зиялылар есімі жас оқырмандарға «Мөлдір бұлақ» журналы арқылы  жақсы таныс Жанастан Кучукованың   рухани арнасын кеңейтіп, жаңа бағыттағы, жаңа мазмұндағы «FARABІ SҺAKІRTІ» журналын шыға­руын ерлікке балап, редактордың жұмы­сына шығармашылық табыс тіледі.

Шәмша Беркімбаева, Асқар Жұма­ділдаев және Дандай Ысқақов тұсауке­серге келген  балаларға кітаппен дос болып, газет-журналдарды, әсіресе, таным­дық дүниелерді көбірек оқу   жөнінде кеңес берді.  Біз математик  ретінде білетін Асқар Жұмаділдаев кезінде «Балдырған» журна­лының белсенді тілшісі болғанын және журнал бетінде салған суреттері жария­ланып, «Балдырғанның» арнайы дипломын жеңіп алғандығын  балаларға  мақта­нышпен  әңгімелеп берді. Кеңес дәуіріндегі бала­ларды «Қазақстан пионері», «Пионер» журналы, «Балдырған» журналдары тәрбие­лесе, бүгінгінің балаларында таңдау көп,  дейтұрғанмен,  соның ішінен керектісін, пайдалысын таңдау әр баланың өз еркінде.

Ал  оқырмандарына исі мұсылманның жаңа жылы Наурыз айында  жол тартып, тұсауын кескен «FARABІ SҺAKІRTІ» журналын таңдап оқитын зерек балалар­дың қатары көп екендігін осы басқосуға келген оқушылардың ықыласынан аңға­руға болады. Жолың ашық, жазарың көп болсын «FARABІ SҺAKІRTІ».   Журнал  ұжымы Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын басшылыққа ала отырып, балалар мен жасөспірімдерге арналған «Қойнауы қазына, жері  құт Ұлы далам» атты шығармашылық бәйге  жа­риялауы да жас оқырмандарына шабытты көңіл сыйлағаны анық.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *