Еуропа елін тамсандырған өнер ордасы

Балнұр АХМЕТ

 

Алматыда  «Astana Musіcal» теа­трының  («Қазақ­кон­церт» мем­ле­кеттік концерттік ұйы­мы) гас­троль­дері өтті. Астананың 20 жылды­ғы мен «Рухани жаңғыру» бағдарла­масы аясында өткен гастрольдік сапар еліміздің өнер саласындағы үздік жетістіктерін көрсету мақса­тын көздеді. Елордалық театр алматы­лықтарды «Қыз Жібек» (либретто авторы – Ғ.Мүсірепов), «Ромео мен Джульетта», «Жырлай­ды жүрек» «Достар серті» (либрет­то авторы – Бақыт Қайырбеков) атты қойылым­дарымен қуантты. Мюзиклдер М.Әуезов атындағы Қазақ мемле­кеттік академиялық драма теа­трында сахналанды.

Мәдениет және спорт министрлігінің «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы Мемлекет басшысы Н.Ә.Назар­баевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» мақа­ласында көрсетілген «Жаһан­дағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын жүзеге асыру үшін жүйелі жұмыс­тар атқарып, үлкен үлес қосып келеді. Отандық мәдениеттің заманауи бейнесін ашып, оның әлемдік аренаға жол тартуына оң ықпал ету және жоғарыда аталған ірі мәдени жобаны іске асыру мақса­тында, ҚР Мәдениет және спорт министр­лігінің қолдауымен «Қазақконцерт» мемлекет­тік концерттік ұйымы 2017 жылы қараша-желтоқсан айларында Еуропа қалаларында үлкен гастрольдік турне өткізді. «Қазақ­концерт» мемлекеттік концерттік ұйымы­ның «Astana Musіcal» театры еліміздің рухани құндылықтарына айналған халық әндері мен халық композиторларының шығар­малары, ұлттық операмыз бен клас­сикалық музыка­мыздың інжу-маржандары негізінде дала театрының элементтерін пайдалана отырып «Ұлы Дала театры» атты театрландырылған концерт-қойылымды Франция, Германия, Бельгия, Австрия, Ресей мемлекеттерінің назарына  ұсынды.

Ғасырлар қойнауынан сыр шертетін «Қыз Жібек» – қазақтың лиро-эпостық жырының жауһары. Трагедия кейіпкерлері – Жібек пен Төлеген әлемге әйгілі Ромео мен Джульет­тадай қазақ халқы үшін махаббаттың символы іспеттес. Айта кетерлігі, «Қыз Жібек» этно-фольк­лорлық мюзиклі еліміздің рухани құндылықтарына айналған халық әндері мен композиторлар­ының шығармалары, ұлттық операмыз бен классикалық музыкамыздың інжу-мар­жан­дары негізінде сахналанған. Аталған мюзикл «Жаһандағы заманауи қазақстан­дық мәдениет» жобасы аясында 2017 жылы желтоқсан айында Франция, Бельгия, Австрия, Ресей мемлекеттерінде сахнала­нып, шетелдік талғампаз көрерменнің қошеметіне бөленген.

Елордалық театр өнерсүйер қауымға алғаш рет қазақ тілінде үн қатқан әлемге әйгілі мюзикл – «Ромео мен Джульетта» қойылымын тарту етті. Шығарманың негізіне Уильям Шекспирдің классикалық пьесасы бойынша жазылған Жерар Пресгюрвиктің француз мюзиклі арқау болды. Ромео мен Джульетта оқиғасын суреттейтін мюзикл адам бойындағы қанды кек пен қызғанышты, менменшілдік пен пендешілік сынды қасиеттерді жеңген мөлдір махаббат туралы сыр шертеді.

Алматы жұртшылығы өнер ұжымы сахналаған «Достар серті» мюзиклін де ерекше ықыласпен тамашалады. Мюзикл желісі 60–70-жылдар кезеңінде өрбіп, еліміздің әр өңірінен арман қуып консер­ваторияға оқуға келіп, бір қалада тоғысқан төрт абитуриент жігіттің басынан кешкен қызықты оқиғаларын, адал достық пен нағыз махаббат хикаяларын баяндайды. Аталған мюзиклге қазақ музыка­сының «алтын қорына» енген Ш.Қалдаяқов, Е.Ха­санғалиев және «Дос-Мұқасан» тобының әндері, әлемдік музыканың жарық жұл­дыздары «Битлз» тобының репертуа­рындағы шығармалар арқау болған.

Ал ақын Мұқағали Мақатаевтың шығар­маларына негізделген «Жырлайды жүрек» атты музыкалық-поэтикалық спек­таклі көрермен көңілін сұлу сазға, жауһар жырға толтырып, жан-дүниесін нұрлан­дырды. Киелі сахна төріндегі әртістер көрермендердің қошеметінен қуаттанып, ерекше шабыттанып өнер көрсетті.

2016 жылы негізі қаланған «Astana Musіcal» еліміздегі және Орталық Азиядағы тұңғыш мамандандырылған мюзикл театры болып табылады. Бүгінгі таңда шығарма­шылық құра­мында 70-ке жуық актер қызмет ететін елор­далық театр заманауи бағыт­тарға негіз­деліп, отандық және әлем­дік мюзиклдердің біре­гей репертуарының орталығына айналып отыр.

 

Асанәлі ӘШІМҰЛЫ,

КСРО мен Қазақстанның халық әртісі,  Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақ­станның Еңбек Ері:

 

Алматыны рухани

мерекеге бөледі

 

– Тәуелсіз Қазақ елі мәдениетімен және өнерімен әлемдік кеңістікке қанатын кең жайып, дүниежүзілік мәдениеттің қазына­сын толтыруға үлкен үлес  қосып келеді. «Astana Musіcal» театрының ашылуы соның нақты бір дәлелі. Алматы жұртшы­лығы елордалық театр ұжымын қуанышпен қарсы алып, қойылым­дарын қызыға тамашалады. Мыңжылдық тағылымды тарихы бар қасиетті қаламызға гастрольдік сапармен келген «Astana Musіcal» театры ару Алматыны әдемі де әсерлі рухани мерекеге бөледі. Өнерсүйер қауым астана­лық театрға жоғары баға берді, қоғам қайрат­керлері оларға өнерде ақ жол тіледі. Актерлер кескін­деген кейіпкерлердің әрқайсысы көрермен көңілінен шықты. Болашақта театр репертуа­рында жауқазын жастарға тағылымды тәрбие беретін, адам­ның рухани қоржынын байыта­тын, жан шырағын жағатын, адамзаттық құн­ды­лық­тарды қастерлеуге, қадірлеуге баули­тын, ұлтымызды ұлы мұраттарға ұмтылды­ратын құнарлы қойылымдары мен көрер­мендері көбейе берсін деген ақ тілегіміз бар. Өнер әлеміне қанат қаққан талантты жастар­дың қадамына қуаныштымыз. Шығармашы­лық­тың шыңына ұмтылған жастардың қанаттары қатайып, шеберліктері шыңдала берсін деп тілейміз! «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын жүзеге асыруға үлес қосуды мақсат қылған театр ұжымы қазақ өнерін насихаттап, әлемнің әйгілі сахналарынан көріне берсін! Театр – өмір айнасы ғой. Өнерсіз өмірді елестету мүмкін емес. Даналық нәрінен сусында­татын өнер – адамзаттың рухани қазынасы, жер бетіндегі адамзаттың ортақ игілігі. Болашақта бұл театр қазақ руханиятына қызмет ететін өнегелі өнер ордасының біріне айналады деген ойдамын. 

 

Сәбит ОРАЗБАЕВ,

Қазақстанның халық әртісі, Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты:

 

«Қыз Жібек» – қазақтың қазынасы

 

– «Astana Musіcal» театрының ашылуы егемен еліміздің төл тарихындағы маңызды мәдени оқиға болып табылады. Ашылға­нына небәрі екі жыл болған, шығар­машылық құрамы жалынды жастардан құрал­ған өнер ордасының «Қыз Жібек» пен «Ромео мен Джульетта» қойылы­мын тама­шаладым. «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклі – қазақтың қазынасы, дүние жүзіне мақтаныш­пен айта алатын халқы­мыздың інжу-маржаны. Еліміздің бірқатар театрларында бұл шығарма әр алуан түрде сахналанды. Осы уақытқа дейін қаншама рет сахналанса да, өнер­сүйер қауым бұл қойылымнан әрдайым рухани ләззат алып отыратыны сөзсіз. Спектакльдердегі әндерді жастар өздерінің табиғи дауыста­рымен айта­тыны көңіліміз­ден шықты. Шынында, сахна төрінде ән салып тұрып, жүректегі сезімін көрермен көңіліне жеткізе білу өте күрделі іс, оңай шаруа емес. Өйтке­ні, актер дири­жерға қарау керек, әуеннің негізін сақтау қажет, орын­дап тұрған әннің соңына дейін жанын­дағы партнерға деген қарым-қатынасы үзілмеуі керек. Қойы­лымдардағы барлық кейіпкер жұдырықтай жұмылып жанын салып жұмыс істегені, ерен еңбек еткені анық көрініп тұр. Жарай­сыңдар, жастар дейміз! Жалпы, талабы таудай жастар шоғырланған бұл театрдың келешегі зор. Болашақта шеберліктерін шың­­дап, биіктерді бағындырып, нағыз кәсіби сахна шеберіне айналған кезде шет­елдіктерге еліктеп кетпей, қазақ халқының менталите­тіне жат жағымсыз әрі әдепсіз іс-әрекеттер­ден аулақ бол­ғандарың абзал деп жастарға ағалық ақыл-кеңесімізді айттық. Бұл өнер ордасы да еліміз­дің абыройын асқақтата беретін болады деп сенемін.

 

Еркін ЖУАСБЕК,

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемле­кеттік академиялық балалар мен жасөс­пірімдер театрының көркемдік жетекшісі, өнертану кандидаты:

 

Жастардың жанарынан

жалын көрініп тұр

 

– Бүгінгі таңда қазақтың театр кеңісті­гінде жаңа жанрдағы театрдың пайда болғаны баршамыз үшін үлкен қуаныш. Шын мәнінде мюзикл – ХХІ ғасырдағы театр әлемінде өте қажет, қазіргі жастардың талабынан, талғамы­нан туындаған өнердің бір түрі. Күллі әлемге әйгілі «Ромео мен Джульеттаның» мюзикл үлгісін көрсет­кеннің өзі театрдың жаңалығы болды. Негізі, мюзикл жанды дауыста орын­дала­тын музыкалық спектакль екендігі барша­мызға белгілі. Осы тұрғыдан келгенде, театр­дың талантты қыз-жігіттері тамаша спектакль қойғанына өнерсүйер қауым ризашылығын білдірді. Мюзикл жанрының өзіндік талаптары бар. Адамның жан-дүние­­сіндегі тебіренісін, толғанысын, махаббатын, ренішін, өкінішін, астасқан сезімін ән арқылы көрсетудің әрі жеткізудің талаптарын театр ұжымы жақсы игерген. Бұл тек жәй ғана қойыла салатын спек­­такль емес, бұған үлкен дайындық керек. Қа­зақты қанша әнші халық десек те, сахналық орындау, кейіпкердің спектакль­дегі өтіп жат­қан оқиғаны игере отырып, оны көрер­менге жеткізуі нағыз кәсіби шебер­лікті талап етеді. Бұл тұрғыдан алған­да, қыз-жігіттердің шың­далып қалғанын көріп, қуандым. Қазақ актер­ларының осы жанрды да игеріп келе жатқан­дығы көңілге қуаныш ұялатады. Қойылым кезінде жастардың жанарынан жалын көрініп тұрды. Жігерлі жастар көңілінің қалауымен өздері таңдаған кәсібіне шынайы ғашық екендіктері сахнадан сезіліп тұрды. «Astana Musіcal» театрының талантты жастары өнердің асқар шыңынан көріне беруіне шын жүректен тілектеспіз.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close