ЕСТІ ҚЫЗ ӘР ЗАТЫН АМАНАТ ДЕП ҚАБЫЛДАЙДЫ

Біз той жасамай тұра алмаймыз. Қазақты өзгелерден ерекшелейтіні де осы тойшылдығы. Сондықтан түрлі себеппен бала-шағамыздың қуаны­шын ағайын-туыс, дос-жаранмен бөліскенді жақсы көреміз.

Қазір той көп. Той көбейген сайын тойхананың да дәуірі жүріп тұр. Тіпті, кейбір тойханаларда екі-үш айға дейін аптаның сенбі-жексенбісі бос емес. Тапсырыс алып қойған. Ал той жасаушы ұзақ күткісі келмейді. Сосын амалсыз жұмыс күндеріне той жасауға көшкен. Баяғыда аптаның ортасында той болады десе, таңқалу­шы едік, бүгінде қалыпты жағдайға айналды. Тіпті, дүйсенбі күні де тойға барған күндеріміз болған.

Жалпы, той қазақтың туыстықты, татулықты, бірлік-ынтымақты бекіте түсуге қызмет ететін керемет дәстүрі ғой. Сондықтан дәстүрімізді дәріп­тейтін, ұлттық құндылықтарымызды қадірлей­тін тойлар көп бола берсін дейік…

Жақында менің бір емес, үш құр­бым той жасағалы отыр. Біреуі ұлын үйлендіреді. Шілде айында тойы болады. Екеуі тамыздың аяғына қарай қыз ұзатпақ. Барлығы тойдың қамы­мен әлек. Ұлын үйлендіретіндер кит алуға қырғыздың «Дордайын» аралап келіп, енді қытай шекарасына «Қорғасқа» барып қайтамыз деп отыр. Ал ұзатылатын қызы бар үйдің анала­ры қыз жасауын дайындауға кірісіп кетті. Қыздарының көрпесін тігіп, аналардың өз қолымен жасап жатқа­нына қуанып отырмын. Әйтпесе, қазір базарларда дайын көрпе де, дайын қыз жасауы да толып тұр. Сондықтан біраз аналар көрпе тігіп, көз майын тауысып отырғылары келмейді. Ал қолынан іс келетін ісмер аналар қыз­дарының көрпелерін өздері жасайды. Менің құрбыларым да солай. Бір бөлмесін босатып алып, бір күні матасын дайындап, екінші күні мақ­тасын салып, үшінші күні көрпесін қабып жатыр. Әңгіме айта отырып, ине сабақтап отырғандарына қарап, көзің сүйсінеді. Арасында қызы да жүгі­ріп келіп, бір шетін ұстап көмек­теседі. Қандай әдемі көрініс.

Құрақ көрпелері құдды бір кілем дерсіз. Жалпы, құрақ көрпе қиық матадан біріктіріліп тігілетіндіктен үй болып жатқан жастарға бір басы екеу, екі басы үшеу болып, бір-бірін жеткі­зіп, үй болып құралып кетсін деген мағынада тігіледі екен. Бұл да бір біздің ерекше көңіл бөлетін салт-дәстүріміз болып саналады. Демек, құрақ көрпе – тегін көрпе емес. Ол отбасындағы береке-бірліктің белгісі. Яғни қыз жасауындағы әрбір дүние­нің өзіндік мағынасы бар. Халқымыз «Шеше көрген тон пішер» деген сөзді осындайда айтқан шығар!

Әйтсе де, «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар». Бір кездері қыздың көрпе-жастығы, ыдыс-аяғы мен киім-кешегі басты дүниелері болып есепте­летін дәстүрдің бүгінде жұрнағы да қалмағандай. Заманына қарай өзге­ріс­ке ұшырады. Қазір ұзатылатын қыз­дың артынан ата-анасы тұрмыс­тық техникалардан бөлек, көлік, бас­пана сыйлайтын болып жүр. Жарай­ды, ол қалталылар үшін түк емес. Жа­қында әлеуметтік желі арқылы қыз­дың артынан келген жасауын көрсет­кен видеоны көрдім. Жасауға басқа дүние-мүлкі былай тұрсын, «мынау қызымның жұмысқа, тойға, көшеге, машина айдағанда киетін шуба­сы» деп құндыз тонның бірне­шеуін салыпты. Бұл не, сонда? Бәсеке ме, мақтан ба? Иә, келісемін, жұрт таңдай қағатындай жасауды кім де болса апарғысы келер. «Байдың асын бай­ғұс қызғаныпты» дей көрмеңіз… Бірақ мұндай жасауды екінің бірі жасайды дегенге өз басым сенбеймін. Қара­па­йым халықтың бұған шамасы кел­мей­тіні де анық. Меніңше, бұл құр кеудемсоқтық, мақтан, дарақылық! Ысырап! Шынымды айтайын, өзіміз бес шуба емес, бір шубаның өзін ұқып­тап, күтіп киіп жүрген жайымыз бар.

Қазақ қызын жасаусыз ұзатпаған. Сондықтан жасау беру – ата-ананың парызы дейміз.Мен тұрмыс құратын қыз баланың артынан не апарса да жарасады деп ойлаймын. Шамаң келсе, барлық қажеттіліктерін әпер. Ал артынан барған дүниені күтіп ұстау қыздардың өзіне байланысты. Есті қыз анасының өзіне арнайы жасаған әрбір затын аманаты деп қабылдайды. Көзінің қарашығындай сақтап, күтіп ұстайды. Егер байқасаңыз, басқа зат­тарға қарағанда қыз жасауымен келген заттар бізге көбірек қызмет етіп жататын сияқты. Мәселен, менің ұзатылып, тұрмыс құрғаныма 25 жыл болды. Үйімде анамның артымнан жасаған кілемі әлі бар. Қызымның бөлмесінде төселіп жатыр. Сол қалпы, жап-жаңа, өңін де берген жоқ. Ал менің анам жасы 70-тен асып, ене, әже атанып отырса да, «анамның көзі» деп, өзінің артынан келген анасының тігін машинасын әлі пайдаланады. Күнде шаңын сүртіп, үстіндегі жабулы ора­ма­лын бір сілкіп қою әдеті. Сағынған кезінде сипап-сипап қоятыны бар. Міне, көрдіңіз бе, ананың аманаты қандай ыстық!

 

Арай ҚАСЫМБАЕВА,

Қаскелең аудандық білім басқармасының қызметкері.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *