ЕСТЕН КЕТПЕС КЕЗДЕСУЛЕР

70немесе Ілия Жақановтың Түркістан әсерінен туған  үш әнін өз үйінде тыңдаған едім…

 

Жалындаған жаспыз. Түркістан  қа­ла­лық партия комитетінің бірінші сек­ретарымын. Таңертеңгі мезгіл. Күнделікті  тірлік, шағын қаланың қым-қуыт жұ­мысының қыза түскен шағы. Кенет есік айқара ашылып, ішке алматы­лық ақын Қасымхан Бегманов кіріп келе жатты. Жанында бір топ жігіттері бар, ол аман­дық-саулық сұрасқан соң: «Қазақстан Жазушылар одағы жанынан құрыл­ған «Саттар» ассоциациясы­ның алғашқы жол сапары еді», – деп мән-жайды түсіндіріп өтті. Келген қонақтармен таныстыра бастады. Делегация басшысы Қытай Халық Республи­касынан келген бауыры­мыз екен. Орталарында халқымызға кең танымал композитор Ілия Жақанов ағамыз да бар екен. Ол кісіні сырттай жақсы білетінбіз, әрине. Әсем әндерін жастық шағымыздың жансерігіндей жалықпай тыңдап, өзін теледидардан көріп жүреміз. Әйтсе де, етене араласып, сырласқан, жүрекжарды пікірлер алма­сып, әңгімелескен кез болған емес-ті. Ат кісінескенше дегендей, Ілекеңмен ыстық ілтипатпен сәлемдесіп, өнер қазынасы, халқымыздың асыл мұрасы – ән-жыры жайлы әңгіме тиегі ағытыла жөнелді. Өнер адам­дары қашанда ақ пейіл, ішкі жан дүниесін қопарып, ақтарыла сыр шертуге іңкәр жандар ғой. Орта бойлы, жарқын жүзді Ілекең де бір көргенде-ақ сондай адам екендігін байқатты. Қонақтармен кең отырып әңгіме-дүкен құрдық. Әңгімеміз олар қаланың  көне мәдениеті, өндіріс орындары, жалпы әлеумет­тік-экономикалық жағдайы туралы аз да болса мағлұматтар алып, сұрақ-жауап негізінде өрбіді. Күздің соңғы айы – қарашаның соңғы күндері болатын. Тіршіліктің қым-қуыт қарбаласымен күздің қысқа күні де шолтаң етіп, дүние қараң­ғылық көрпесіне орана бастады.

Кешкі қонақасыда қызықты әңгіме-дүкен әрі қарай жалғасып:

– Шіркін, осы Сыр бойын аралап, күнгейдің көне мұраларын қағазға түсірер ме еді? – деп Ілекең әңгіме тиегін ағыта түсті. – Баяғыда ұлы Жамбыл өзі үлгі тұтқан Сүйінбай, Майкөт, Құлмамбет­термен бірге күнгейлік қос саңлақ – Майлықожа мен Құлыншақ жайлы:

Майлықожа, Құлыншақ

Пірім еді бас ұрған.

Айтқандары нұсқа еді

Сөзін тергем жасымнан,

– деп жырлап, қадір тұтқан Құлыншақ та атақты жырау болған ғой. Қобызға қосы­лып жыр айтқан. Бұл өлкеде Майлықожа, Молда Мұса, Берекет, Мәделі, Шәді сияқты өнер иелері көп болған.

Домбыраны баяу ғана шертіп отырған Ілекең бір сәт ойға шомды.

– Қай халықта да әнші көп. Соның ішінде қазақтың жөні бөлек. Алқа топта қисынын тауып қиылса, әу демейтініміз жоқ. Әйтсе де, халықтың әріден келе жатқан өнерін бүгінге әнші жеткізеді. Ал, компо­зиторлар өз алдына бөлек тұлға. Жүректі жарып шыққан, табиғи рәуіште дүниеге келген, кейін жаңарған, түрлен­ген, түлеген халық әндері қаншама?! Мысалы, «Ақ кербез», «Ақ дариға», «Ақ бөбек» әндерін алып қаралықшы:

Ақ бөбек едің телім,

Қайғы шерім,

Құдай-ау бұл Қайыпқа бергей елім,

– деп, қоңыр дауыспен дом­быраны шерте жөнелгенде, Ілекең әлгінде «тұмауратып жүр едім» дегенін ұмы­тып, арқаланып шыға келді. Әннің өзінен адам тағдыры, бұл дүниенің бұлаң етіп, түлкінің құйрығындай жалт беретін ал­дамшы екені көрінеді, дүние жалған деген осы да.

– Мысалы, «Балқадиша» әнін ал­айық­­шы, – деді. – Ақан марқұм жас­тық оты кеміп, өмірде көңілі жәй таппай жүр­генде Монтай ауылында талшыбықтай майысқан Балқа­дишаны жолықтырады. Шілдехана үстінде айдай сұлу, талшы­бықтай бұратылған Балқадиша Ақанның жүрегіне сөніп бара жатқан алау сезімді қайта жалындатар дауыл болып жолыға­ды. Жан жүрегі езілген Ақанның көңіл азасын:

Боларсың біздің сөзге зар, Қадиша,

Бұлаңдап асау тайдай жүрген басың,

Боларсың қандай жанға жар, Қадиша…

– деген ән жолдарынан сезініп, сен де мұңаясың, сағынышпен сарғайғандай күй кешесің. Біздің халық өнерпаздары ән салғанда бүкіл қазақ сахарасы жыр­лап жатқандай керемет бір сезімде бола­сың, көңілдің сондай бір шағын тек далалықтар ғана түсінетін болар! Мәди, Біржан сал, үкілі Ыбырай, Ақан сері, Қана­пиялар дауысын естелік әңгімелерден, таспалардан ғана білеміз. Ал, олармен үзеңгілес болған адамдарды, көне деректерді көп іздедім, – деп бір тоқтады.

– Солар жайлы да кеңірек айта оты­рыңызшы, – дедім мен. – Біздің қазақ халқының әндерін, өнерін құлай сүйген А.За­таевичтей жанашыр тұлға «Қазақ халқының жүз әні», «Қа­зақ­тың 500 ән-күйі» атты еңбектер қал­дырған данышпан адам ғой, дәл со­лайша өнер үшін отқа күйіп, суға бату екінің бірінің қолынан келе бермейді, – деп те қойдым (өзімше білгішсініп).

Кеседегі ыстық шайдан бір ұрттап, қар­шығадай қомдана түскен Ілекең де ізінше:

– Әрине, ол кісілердің бітім-бол­мысы бөлек жандар ғой. А.Затае­вич­тің талай жылға созылған ұзақ ізде­нісінің нәтижесінде дүниеге келген ол кітаптары халқымыздың музы­калық фольклорын айдай әлемге танытқан еңбектер. Ән бар да, оның тарихы бар. Ән де көңілден, жүрек қалауы, нәзік сезім, ішкі тебіреністен туады. Мысалы, Мәдидің «Қар­қаралы» әні, – деп Ілекең домбыран қолына алды:

Атыңнан айналайын Қарқаралы,

Сенен бұлт менен қайғы тарқамады.

Саяңнан сайғақ құрлы сая таппай,

Мен бір жан қашып жүрген Арқадағы…

– деп әнге басты.

Иә, біздің де азды-көпті хабарымыз бар, бұл әнді әкесінің туған ағасы  Қақабайдан қорлық көрген Мәди тас түрменің ішінде, таршылықта жүр­генде шығарған ғой. Ілекең осы әнді 1978 жылы жазып алған Қайырбек Сәрсекеев ақсақалдың мына бір сөзін еске алды:

– Мәди мен тәй-тәй басқан кезімде үйге келіпті. Әкеме: «Сәрсеке, қой терісі бар ма, мен балаңа тон тігіп берейін», – дейді. Әкем оған қой терісін беріпті. Сол Мәдидің тігіп берген тонын мен есімді білген кезімде де киіп едім. 1922 жылы Мәдиді қапыда біреулер түрме жанында атып өлтіреді. Ол уақытта біз бала едік», – дегенді-ді Қай­рекең. – Біз кешеге дейін өз тарихымызды бұрмалап келдік. Мәдидің көп әнінің сөзі қате жазылды. Оның «Қаракесек» әнінде «Сұрасаң руымды Қаракесек, момынның обал дейді малын жесек» деп айтылатын жолдарын көп әнші «досымнан дұс­паным көп қылған өсек», деп, тирақ­сына бұзып айтады, – деді Ілекең. Сөйтіп біраз үнсіз отырды да:

– Мен небір асыл әншілерден ғибрат алып өскен жандарды көрдім. Олармен пікір алыстым, дәм-тұздас болдым, – деді сөзін одан әрі сабақ­тап. – Ән бар да, оны орындаушы бар. Мен әнді нәшіне келтіре орын­дайтын ғажап әнші Жүсіпбек ағамен (Елебековты айтамын деп қосып қойды) талай рет сырлас, пікірлес болдым. Мәдидің «Қарқаралысын» бұл кісіден артық ешкім орындай алмайды. Жүсіпбектің үнінде от-жалыны мол, көкірегі лапылдап жат­қан кө­рік пе, әр әнді өз мақамымен, сазымен жа­нын бірде жадыратып, енді бірде шыр­қырата күйдіріп, сенің де жүрегіңді оятып, тербетіп, сезім пернесін шертіп, қиял дүниесіне жетелеп әкететін бір тылсым құдырет бар еді.

Әнмен өрілген сезім, әсем сөзбен сабақталған отырыс қызған сайын біз де ынтығып, Ілекеңе құлақ түріп, әр айтқан сөзін жадымызға түйіп отырдық.

Сәлден соң Ілекең:

– Біз шынында композиторға да, әншіге де, әнге де бай халықпыз – деді. – Бірақ, әрбір халық перзентінің, өнер адамының өз іздеушісі болса, қандай ғанибет болар еді?! Мысалы, Сыр сүлейлері мен Нартай ақынды шама-шарқынша зерттеп, жазып жүрген Мұхамеджан Рүстемов деген заман­дасымыз бар. Ал, кеше бар, бүгін жоқ қа­дір­лі досым, сырласым Шәмшіге шын жан­ашыр іздеуші, зерттеуші табылса, жазса, қатып кетер еді. «Ана туралы жыр», «Арыс жағасында», «Сыр сұлуы», «Қайықта» секілді сұлу әндерін сыйлаған халқының адал перзенті Шәмшідей-ақ болсын. Қазақта баланы үй патшасы дейді. Шәкең сондай таза пейілді, аузын ашса, ар жағындағы бар жан сарайы түгел көрінетін адал адам еді ғой.

Осылай деген жазушы-аудар­машы, публицист, журналист, әнші-композитор Ілия ағам бір сәт қимас көңілмен толғана тебіреніп, алыста қалған қайтып келмес күндерді еске алып, тұнжыраңқырап отырды. Онан соң:

– Шәмші екеуміз арамыздан қыл өтпес дос едік. Ақынға өз жыры қандай ыстық болса, композитор үшін де әні – жан-жүрегін, өзегін жарып шығар асыл дүниесі. Сол асыл дүние­лері «іңгәлап» өмірге келгенде, жөр­гекке орап, кіндігін кесуге мен Шәмшіні іздейтін едім де, ол мені іздейтін-ді. Ала жіпті аттамас, арада кек сақтамас сырласым еді. Марқұм өмірден өтер қар­саңында ауруханада жатты. Барып тұрдым. Екеуміз ұзақ сырла­сатынбыз. Ол қолымнан ұстап, сау­сақтарымды аялай сипап оты­рып:

– Е, Ілия, өмір деген қамшының сабын­дай бір-ақ тұтам екен ғой, фәни жалғаннан өтеріме өкінбеймін. Дү­ниені әніммен тер­бетіп, таңғы ауаны, кең сахараны, тау-тас­ты, сайын да­ламды әніммен аялап, махаб­батты жыр­ладым емес пе? Бірақ, үлкен өкі­нішім, сол сайын даламды кең құша­ғыма сыйдыра алмай кетіп барамын, – деді.

Соңғы барғанымда: – Дүние жал­ған, өлмейді-ақ арман, – деп жымиып, бидай өңі мұңға толып, қолымды ыстық ала­қанымен қатты-қатты қысып, «бара бер» деді деп, Ілекең әңгімесін жанары жасау­рай отырып, әрі қарай жалғады: – Оның әрең ән шырқаған титтей құс көңілі менімен соңғы рет қоштасып жатыр екен ғой, – деп сәл үнсіз қалды да, бір-екі рет терең күрсініп алған соң: – Алайда, біз Шәмшінің әндерін ғана емес, осы асыл азаматтың, ғажайып жанның өз бейнесін де қайта тірілт­уіміз керек. Оның өнердегі жолын, қиясын, бұралаңын, адамдық сезімін, қуаныш-күйінішін, шаттығы мен қайғысын, арман-мұраттарын жан-жақты суреттеген соны да қомақты шығарма жазып, асыл мұрасын жинақтап, халыққа жеткізу қажет, – деп Ілекең бір сәт жа­бырқаған көңілін жайландырғысы келген­дей, домбыраға қол созды:

Самалы жұпар жазғы бір кеште,

Ойласам болды Ыстықкөл жақты.

Айтылған сырлар түседі-ау еске,

Оятқан сонда ақ махаббатты,

деп қоңыр дауыспен өрілген ән әуезі көңілді тербеп, шырматылып, сонау бір жастық шақтың өткен күндеріне жетелеп, қиял тұңғиығына терең батырып бара жатты.

Бір сәтте қиял теңізіне шын батып кеткен сезімімізді сергітіп, шыңыраудан шығаратын да Ілекеңнің өзі сияқ­танды.

– Қай әннің де өз тарихы болады, – деді ол. – «Даниярдың әні» дүниеге жайдан-жай келе салған жоқ. Мен қырғыз хал­қы­ның танымал перзенті – Шыңғыс Айт­матов­тың «Жәмила» повесін сан рет қайталап оқыдым. Шығармадағы Данияр Шыңғыс өскен Шекер ауылымен көршілес Жуалы өңірінің тумасы, қазақ жігіті екені де көңіл тербетті, әрине. Маған оның бей­несі қатты әсер етті. Бір құдыреті, өзге әндер­дей ұзақ толғанып, қиналып емес, бұл ән қайта жерді жарып аққан тұмадай көңіл түкпірінен тез-ақ атыла шығып, жүрекке ұялады.

Тағы бір қызығы, осы ән шыға­рылғанда сәті түсіп Шыңғыс та Ал­матыға келді. Мен көп сызылып түзетілген, әсірелей айтсақ, «жөргек» көйлегін енді киген «сәби» әнімді ұлы жазушыға жеткізуге, сыр бөлісуге асықтым. Бір тәуірі, әнім Шыңғысқа ұна­ды. Қатты тебіреніп, риза пейілмен қолым­ды қысты. Түн ортасы. Қара­шаның бұлт­сыз, айсыз, жұлдыздары жымыңдаған түні еді. Мақпал түн, аяз шытынаған шыңылтыр деп әсірелеуге болмайтын салқындау түн­нің өзі әнмен қызынған, серпін алған, алау­лаған бойдағы ыстық қанды суыта алмады.

Ілекеңмен сырласқан қонақтық мәреге жақындады. Шығыс жақ бозамықтанып, түн пердесі сөгіліп келе жатқанда көзімнің қарасындай Қасымхан інім бастаған кіл сайдың тасындай жігіттер дүркіреп сыртқа шықтық. Әлгінде 4-5 сағатқа созылған әңгіме жанымызды тыңайтып, тәні­мізге қуат бергендей. Түнгі оттары жымыңдаған киелі қала – Түркістан жабырқау халде. Бүгін таңда осында тарихты, сырлы әлемді сыйлаған өнер иелерімен қоштасамыз. Бірақ, жүректе қалған кестелі сөздер жадымыздан шықпас. Жақсы адамның жанында жүрсең осы, жаныңа азық, өлмес, өшпес, өнегелі ғибрат аласың. Иә, бұл бір ерекше кездесу болған-ды.

Біраз күннен соң жол түсіп Ал­ма­тыға бардым. Қасымхан салған жер­ден:

– Ілекеңнің Түркістанға деген мол тартуы бар, – деп телефонға қол созды.

Ол кісі бірден үйге келіңдер деп қолқа салды. Ілекеңнің жұбайы да өзі секілді кеңпейіл, ақыл-парасаты мол жан екен. Ілекеңнің талай ән туғызған сыр сандығы бірден ашылып сала бергендей болды.

Ол маған күлімсірей қарап отырып:

– «Ат аунаған жерде түк қала­ды» демей ме халқымыз. Ал, біз адамбыз. Ақын жүрген жерін суреттеп, жыр жазады. Жазушы табиғатты, сол жер­дің адамдарын келістіре әңгі­мелейді, біздің кәсібіміз ән тудыру.  Мен Түркістан сапарынан олжалы болып оралдым. Бір емес, өмірге үш туынды келді. Тыңдап көр. Ұнаса да, ұнамаса да төрелігіңді айт, – деді.

«Түркістан», «Қарашық», «Арыс» әндерін домбырада ойнай отырып әуелеткенде, тыңдап отырған біз керемет көңіл-күйдің құшағында едік.

Сөздерін жазған Қасымхан Бег­манов екен. Айта кетейін, жара­тылысы бөлек арқалы ақын Қасым­ханның өлеңдерін оқыған соң, үлкен басымен өзі іздеп барып танысқан, табысқан Ілекеңнің кісілігінің жөні басқа. Ол жөнінде кезі келгенде арнайы әңгімелерміз де. Әзірше…

Тегінде Сыр мен Қаратау өңірінде Нұралы, Шәді, Майлы, Мәделі, Құлын­шақ, Ысқақ, Орынбай, Мұса, Айтбай сынды тамаша ақын-жыраулар ғана емес, Әлшекей, Ықы­лас, Сүгір, Жаппас, Төлеген, Генерал, Қасымбек, Файзолла сынды күй­шілер, Сұлтанбек, Шаймерден, Желеу, Құлжабай, Айнабек сынды әнші-жыршы, композиторлар өткен. Шіркін, олардың желге ұшқан жыр-әндерін, құмның қырқасында, Сырдың жотасын­да, таудың қат­парлы беткейінде өшуге, сөнуге айналған іздерін аршып, Ілекең секілді ерінбей-жалықпай іздеп, біртума таланттарды шыңға шыға­рар ұлдар көп болса ғой. Солай ма, Қалдыбек?! Алдағы бір үміт өзіңнен деп қарайық, Құрман­ғалиев інім!

Тегінде Ілекеңнің отбасы ән құдыретімен оянып, ән әуенімен тіршілік етіп, ән ырғағымен өмір сүретін сияқты болып көрінеді маған. Ілекеңнің жұбайы нотаға алғаш түскен әндерінің сыншысы, әрі тыңдаушысы, сарапшысы екен. Ал, ұлы мен келіні де әнді жанымен сүйіп түсінер, сол саланың оқуын түгескен мамандар болып шықты.

«Арындап ән сала ма дарымаған» деп Әсет ақын айтқандай, Ілекең тегінде сондай  тұлғаларға жатса керек. Оның өнер адамы жайлы бұрын-соңды роман-повестері, әңгіме-эсселерін оқығанда жа­зу­шы деп танисың. Әуелетіп ән салғанда әнші деп ұғасың. Ал, тарихта қалған халық композиторларының өмір шежі­релерінен әңгіме қозғағанда, қазақ му­зыка өнерінің терең білгір, тірі энци­клопедиясы деп еріксіз мойындайсың. Жасай бер, Ілия аға! Егер осы жазбалар жарыққа шықса, жоғарыда айтылған нәйәті үш-төрт адам білетін жәй-түйлерді дүйім көпшілік те біліп, мен де бір мақсатқа жеткен болар ма ем, қайтер ем?! Әумин! Аллаһу әкбар!..

Нұридин БАЛҚИЯЕВ,

Түркістанның құрметті азаматы,

профессор.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *